jasqazaq.kz

Агроөнеркәсіпті дамыту – мемлекетті нығайтудың көрінісі

Бүгін, 11:15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті сала басшыларына агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды, ауылшаруашылығы өнімін ұлғайтуды тапсырған болатын. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтарды демеу, кәсібін дөңгелетуде мемлекеттің қолдау шаралары да лайықты жүргізіліп келеді. Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының егін, тұқым шаруашылығы және техникалық бақылау бөлімінің басшысы Ерлан Быдышевпен сұхбатымыз да негізінен күзгі жиын терім, өңірдің аграрлық саладағы жаңашылдығы төңірегінде өрбіді.

Облыстың биылғы күзгі егін орағының нәтижесі қалай? Жиын-терім жоспарлы жүргізіліп жатыр ма?
– Біздің өңірде бүгінде егін жинау науқаны жалғасуда, атап айтсақ аудан, қала әкімдіктерінің жедел ақпараттарына сәйкес дәнді дақылдар 129,0 мың гектары жиналып (81%), 346,2 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділігі гектарына 26,9 центнер. Оның ішінде 35,8 мың гектарға егілген бидайдың 99 пайызы орылып, алынған өнім көлемі 55,2 мың тоннаға жетті, өнімділігі де жоғары, әр гектардан 15,6 центнер өнім алдық. Арпа – 64,2 мың гектарға себіліп, барлығы да орылып бітті, гектарына 17,5 центнерден өнім түсіп, 112,3 мың тонна арпа жиналды. Жүгері 48,7 мың гектарға егіліп, бүгінгі күнге дейін , 20,5 мың гектары орылды (42,1%), алынған өнім – 150,7 мың тонна, өнімділігі гектарына 73,5 центнер. Облыс бойынша 7,7 мың гектарға күріш егіліп, оның 6,1 мың гектары яғни 79,2 пайызы орылды, алынған өнім – 23,7 мың тонна, өнімділігі де жақсы әр гектардан 38,9 центнерден айналды.
Майлы дақылдар егістігі 23,8 мың гектар болса, оның 20,6 мың гектары жиналып (86,3%) 30,2 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділігі гектарына 16,2 центнер.
Сондай-ақ, картоп 9,3 мың гектарға себіліп, 9,0 мың гектарынан өнім (97,2%) 183,2 мың тонна өнім жиналды, орташа шығымы гектарына 203,6 центнер. Көкөніс пен бақшаның егіс алаңы — 15,6 мың гектар, оның 15,5 мың гектары (99,4%) жиналып 408,4 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділігі гектарына 263,5 центнер. Қысқаша айтқанда осылай, біздің өңірде күзгі жиын-терім науқаны жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан жұмыстар уақытылы және жүйелі түрде жүргізілуде.
Облыста ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлерінің көлемі жеткілікті ме?
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген 2024 –2028 жылдарға арналған Жол картасы бар. Осыған сәйкес, ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану жүйесін тауып, ауқымды шаруа қолға алынды. Топырақ құнарлылығын сақтау және өнімділікті арттыру мақсатында егіс алқаптарының құрылымы әртараптандырылып, минералды тыңайтқыштарды қолдану мен су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Егіс алқабы 412,0 мың гектарды, оның ішінде суармалы жерлер – 221,5 мың гектарды құрады.
Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру міндетін қойған болатын. Алматы облысы агробизнесті тұрақты дамытып, азаматтарды қолдап, техникамен қамтамасыз ету қалай жүзеге асуда?
– Алматы облысында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру, ескі жабдықтарды күтіп-ұстау шығындарын азайту және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру басты міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2024-2028 жылдарға екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес машина-трактор паркін жаңарту көрсеткішін 2025 жылы 6,5%-ға, ал 2030 жылға қарай 10%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Облыста 10 220 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның ішінде 4 249 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы (53%) 25 жылдан астам пайдалануда, бұл жоғары деңгейдегі тозуды көрсетеді. Осыған сәйкес алдымызда мынадай негізгі міндеттер тұр. 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының жылдық жаңару көрсеткішін 6,5% — 10 % дейін жеткізу. 2023-2026 жылдар аралығында жалпы 5 641 тракторды, 286 комбайнды есептен шығару жоспарланып отыр.
Биыл жыл соңына дейін 490 жаңа техника сатып алу жоспарланып, жаңару қарқынын жылына 6,5%-ға жеткізу көзделуде. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 5 млрд 666 млн теңгеге 344 бірлік техника алып, жылдық жоспардың 70%-ы орындалды. Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» арқылы 4 млрд 392 млн теңгеге 258 техника, ал шаруалар өз қаражаты есебінен 1 млрд 274 млн теңгеге 86 техника сатып алды. Техникаларды жаңарту бүгінгі таңда жылына 3,4%-ға жетті.
Ауылшаруашылығы өнімдерін арттыруда қандай жаңа технологиялар іске қосылды?
– Мемлекет басшысы 2023 жылы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2030 жылға қарай су үнемдейтін озық технологияларды енгізуді жылына 150 мың гектарға дейін жеделдету керектігін жүктеген болатын.
Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресустары және ирригация министрлігімен бірлесіп, 2021-2030 жылдарға арналған АӨК тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының Декомпозициясын бекітті.
Аталған Декомпозициясына сәйкес, Алматы облысында 2030 жылға дейін су үнемдейтін озық технологияларды енгізу 186,6 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Биыл облыста су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары 50 мың гектарды қамтыды. (АШМ жоспары — 66,6 мың га). Бүгінде су үнемдеу технологиялары 24,4 мың гектарда қолданылып келеді. Оның ішінде тамшылатып суару – 12,8 мың гектар, жаңбырлатып суару – 11,6 мың гектарға жетті. Жыл соңына дейін бұған қосымша 7,2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерге де осы технологияның игілігі жетеді. Атап айтқанда Еңбекшіқазақ ауданында – 2650, Жамбыл ауданында – 2226; Кеген ауданында – 800, Қарасай ауданында – 700, Райымбек ауданында – 400 , Талғар ауданында 417 гектар суармалы жер заманауи технологиямен жарақталады.
Биыл Алматы облысы азық-түлік қорын жеткілікті мөлшердей жинай алды ма?
– Облыс бойынша жалпы сақтау көлемі 136,2 мың тонна болатын 81 жеміс-көкөніс, картоп қоймасы бар, оның ішінде 30 жеміс қоймасы сыйымдылығы – 47,8 мың тонна, 30 көкөніс қоймасы сыйымдылығы – 62,1 мың тонна, 21 картоп қоймасы сыйымдылығы – 26,3 мың тонна. Бүгінде қоймаларға сақтауға 24,0 мың тонна немесе 17,6% көкөніс, жеміс-жидек және картоп өнімдері жеткізілді. Оның ішінде: көкөніс – 11,3 мың тонна (18,2%), жеміс-жидек – 6,9 мың тонна (14,4%), картоп – 5,0 мың тонна (19%).
Мал басын көбейтіп, сыртқа ет өнімдерін экспорттау ісінде ілгерілеушілік бар ма?
– Ең алдымен атап өтетін жайт, экспорт – бұл ең әуелі сыртқы экономикалық сауда, яғни B2B форматына негізделген үдеріс. Мұнда өнімнің бәсекеге қабілеттілігі маңызды. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы өндірушілерді қолдап, олардың өнімдері ішкі нарықта ғана емес, шетелдік нарықтарда да сұранысқа ие болуына жағдай жасап отыр. Мысалы, құс етін өндіру саласында мемлекеттік қолдау шығындардың шамамен 50 пайызын құрайды, бұл қаржылай есептегенде 7–8 млрд теңге көлемінде. Аталған қаражат «Алатау құс», «Алель Агро», «Прима құс», «Отан Грин Фуд» сияқты ірі кәсіпорындардың өндірісін субсидиялауға бағытталады. Осындай қолдаудың арқасында кәсіпорындар сенімді дамып, өндірістерін жаңғыртып, экспортқа бағдарланған деңгейге жетуде. Биылғы сегіз айда өңір кәсіпорындары шамамен 7 мың тонна өнім құс етін сыртқы нарыққа жөнелтті. Сыртқа сатылған сүт өнімдері 800 тоннадан асты. Осылайша, облыстың кәсіпорындары еліміздің және өңірдің ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарығында да тұрақты түрде өз орнын нығайтып келеді. Бүгінде экспорттың негізгі көлемі ТМД елдері, атап айтқанда Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерге бағытталады.

Әңгімеңізге рахмет! 
Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек

Бүгін, 11:15
Агроөнеркәсіпті дамыту – мемлекетті нығайтудың көрінісі
17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды
06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам