Қадырия

14 сәуiр 2017, 16:28

Алматының күншығысы… «1-Кеңсай»… «2-Кеңсай»… «Кеңсай» ықпыл-жықпыл сай-саланы, қыр-жотаны біртіндеп иеленіп, кеңіп барады… Қаламен іргелес ауыл сияқты. «Итсіз ауыл». Қазекемнің зиратты осылай дейтіні бар. Жым-жырт жатады ғой.
«1-Кеңсайда» бос жер жоқ. Жабылғалы он шақты жыл.
«2-Кеңсайдың» қала жақ жотасында тұрмыз. 2011-жыл. Қаңтардың 24-күні. Қалаға көз тастадым. Бұрында бұл жерден аламыштанып көрінетін Алматы бүгін сәске түске жетпей-ақ бурыл-қошқыл бұлтты бүркеніп алып, бұғып жатып қалғандай. Арасында саңлау жоқ қою… бұлт емес, қала тірлігін мүлде тұмшалаған құрымкиіздей түтін. Қолқамызды қаптырып, өкпемізді ыстатып, қалайша төзіп жүрміз?..


Қадырдың төзімі таусылған екен. Міне, жербесігіне жатқалы келді. Жүздеген қаламдасы жылаулар халде алып келдік. Балалары, туысқандары, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап келген батысқазақстандық жиырма шақты жерлесі… бәріміздің жүзіміз сынық. Шынайы қимасымыз Қадыр Мырза Әлиді фәниден бақиға аттандырғалы тұрмыз. Алматының ысына емес, «бас-басына би…» көбейген, адамнан автөмәшін қымбат болған берекесіз, жылусыз жалтырақ өмірдің рухани тауқыметі төзімін тауысқан Ақын, Азамат Қадырдың жаназасына жиналдық…
Қазекем: «Құрдастың құдайы бір» деген екен, сол бір құдайға бүгін нали сөйлемеске шарам қалмады. Құрдасым Қадырдан көз жаздырды, міне. Кездесе қалғанда, телефонмен хабарласқанда: «Қадырия, хал жақсы, иә?» дегенімде ол: «Шүкір, Ғаббасия!» деп алып, қашанда дайын қалжыңымен әрлеп, қысқа да нұсқа бір әңгіме айтып жіберуші еді.
Жамбыл көшесіндегі ақ үй мен сары үйде сегіз жыл іргелес болдық. Балаларымыз ержетті, немере сүйдік. Екеуіміздің: «хал жақсы, иә?» мен «Шүкіріміз!» бұрынғыдан да көңілді, әлдеқайда көтеріңкі айтылатын болды.
Тірліктің талабына қарай бұрынғы бір пәтерімізді екіге, үшке бөліп, балаларымыздың отауларын тіктік. Іргеміз алыстады. Қалам құшақтаған күйбеңмен жүріп, кездесуіміз сиреңкіреді. Той-томалақта, анау-мынау жиындарда ғана жүздесетін болдық. Қадыр жылдың біраз уақытын өзі туып-өскен Орал өңірінде өткізіп жүрді. Мен болсам, «Шығысым, қайдасың?!» деп тартып тұрамын.
…Ауруханаға түсіпті дегенді естісімен іздеп бардым. «Қадырия, мұнда да жазып жатырсың, иә?» дегім келді. Оның оқыс әзіл айта жауап беретінін білемін. Әзіліне қарымта қайыра алмаған сәттерім көп еді, бұл жолы ол не дер екен, мен не десем екен деп іштей дайындалған болып бардым. Бірақ кезекші дәрігер келіншек мені есік көзінен қайтарды.
– Бұл реанимация бөлімшесі. Кіруге болмайды, ол кісінің халі ауыр. Инфаркт, обширный. Салтанат апай біледі. Кейін хабарласарсыз, – деді. Илікпеді.
– Палатасында, жанында кім бар?
– Ешкімге онда отыруға рұхсат жоқ.
Қадыр ерекше құрметтеген Оспанхан Әубәкіровтің өзім құрастырған «Анау мен мынау» атты әзіл-сықақ өлеңдер жинағын: «Қадырия, саған дәл бүгін күлкіден артық дәрі аз, иә?» деген қалжың қолтаңбаммен ала барып едім, соны дәрігерге ұсынып:
– Мына кітапты тумбочкасына қойыңызшы, оған керек кітап, басын көтерген соң оқиды, – дедім.
Дәрігер маған сөз ұқпаған баласына қараған шешенің кейпімен қарап сәл-пәл тұрды да, кітапты селқос алып, бұрылып кете барды. Көңілім құйындап, кеңсірігім ашып, көзіммен ұзатып тұра бердім. Ол ұзын дәліздің арғы шеті жақтағы бір палатаға кіріп шықты. Маған қараған сияқтанды. «Неге кетпей тұрсың?» дегені де…

Қадырия…
«Мотордың мәні болыңқырамай жүр» дейтін…
«Бар болғыр жүрек жұлқынуды үйреніп алды» дейтін…
«Кәрі жолдас жүрегіммен тіл табыса алмай жатырмын», – деді бірде, ауруханада…
… «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына қызметке орналасқаныма жарты жылдай болған. 1966 жылдың күзі. Бір күні, сағат 11 шамасында, бөлмеге аласалау бойлы, өзінен мұрны үлкен қараторы жігіт кіріп келіп, табалдырықтан бері бір аттап, тымпиып, жымиып тұра қалды да:
– Әй, ұзын Ғаббас, қысқа Ғаббасың қайда? – деді, төр жақтағы бос тұрған үстелді – жауапты хатшымыз Ғаббас Жұмабаевтың үстелін иегімен нұсқап. Бейтаныстың баса көктегені қитығыма тие қалып:
– Тауып ал да, өзінен сұра, – дедім, оқып отырған материалыма қайта үңіліп.
Бейтанысым әскери кісіше аяғын тақ-тұқ басып қарсы алдыма келіп тұрды да:
– Жолдас құрдас, таныс болайық, менің аты-жөнім Қадыр Мырзалиев, – деп қолын ұсынды. Өзін алғаш көргенім болмаса, мақтау лебізбен аталып жатқан «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптарынан біраз хабардар едім, тұрып қолын алдым. Бітімі шағын болса да, қол қысысы шатақ екен, әлде, «жолдас құрдасына» қыр көрсеткені ме?
– Атымды біліп тұрғаның жетер, арғысын қайтесің, – дедім.
– Сен бұ дүниеге қай айда келгенсің? – деді, жымия түсіп.
– Көкек айының басында.
– Ал мен қаңтар айының басында келіппін. Демек, жолдас Қабышев, сенен бақандай үш ай үлкен ағаңмын! – деді, жорта ежірейіңкірей қарап.
– Үш жаялықты бұрын тоздырғаныңды пұлдап тұрсың ба? – дедім.
– Міне, отыз бесінші жылы туғандар осылай болса керек-ті! – деп рахаттана күлді.
Кейінде сол танысу тәсілімізді еске алғанда Қадыр: «Шыныңды айтшы, сонда сен қатты шошыдың, ә? Түрің сұмдық бұзылып кетті», деді. «Айтпа, әлі оңала алмай жүрмін» дедім. Ол балаша мәз болып күлді.
Қадыр мен Оспанханның жаратылыстарында өзара ұқсастық бар еді. Оспанхан әңгіме жазар алдында рахаттанып күліп алатын. Сондай күлкісіне үйінде бірінші рет куә бола қалып:
– Е, Осеке, күлкің құтты болсын! Себебін айтпайсың ба? – дегенімде ол қырылдақ дауысымен қарқылдап, бет-ауызы түгел қозғалып күліп болып:
– «Мұрын ішіндегі мұрт» деген бір бәле жазбақшы едім, қаламымнан туатын кейіпкерлерім жаңа ғана өзімді бассалып қытықтап, жынды қыла жаздады, – дегені.
Қашанда қапысыз, ұтқыр әзіл-қалжыңдарын айтқан сәтінде Қадырдың да бүкіл бет-ауызы күлетін.
– Өзің айтып, елдің алдына түсіп өзіңнің күлетінің қызық, – дедім бірде. Ол әдетінше оң қолының сұқ саусағын секите қарап:
– Сен сияқты ауыр артиллерияның атылуын тосып отырар уақытым жоқ болған соң сендер үшін күлмегенде қайтем? – деді.
Ол уақытқа ұқыпты болды, уақытты бағалай білді. Жеңіл-желпі жиынға жолаған емес. Мәртебелі жиындарға да құлшынбайтын. Өзінің жазғандары, басқа тілдерден аударғаны бар жиыны қырық шақты томын әзірлеп, баспаға тапсыра бастағаны сол өнегелі әдетінің айшығы-ау!
Халықтың қалауымен республиканың Жоғарғы кеңесіне депутат болғаны, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының себептерін зерттеу жөнінде Жоғарғы Кеңес құрған комиссияның төрағалығына сайланғаны оған көрсетілген зор құрмет, мол сенім болса да, Қадырдың асығы алшысынан түскен жоқ. Сол жәйттерді екеуара әңгімеге арқау еткенімізде ол әдеттегі шапшаң жауапшылдығын тежеп, қабағын сәл шыта ойлана сөйлеп:


– Депутат болу, әлгі комиссияны басқару екінің біріне бұйыра бермейтін «батпан құйрық» қой, ал мен сонда кеткен уақытымның ең кемі жартысын рәсуа деп есептеймін. Бір «қызығы», Ғаббасия, бері қара, өзімді депутаттыққа сайлаған жұрттың мүддесі деп бір мәселені кең қамти қазбалап айтып, мен өзі нені айтсам да қазбалап, түк қалдырмай айтамын ғой, дәлелдеп беремін, онымды біраз депутат бірінен соң бірі қостап, қуаттап сөйлейді. «Әп, бәрекелді! Ондыққа тигіздім!» деп депутат Қадыр Мырзалиев жолдас өзіне өзі өте риза болады. Ал ол мәселенің шешімі дауысқа салынған кейін Қадекеңнің оғы, «ондық» қайда, тіпті нысананы маңайламаған болып шығады. Ол қалай? – деді, «оғын» орта жолда мен ұстап қалғандай-ақ, маған шұқшия қарап.
– Құрметті Қадырия, оны мен қайдан білем? Сенімен бірге депутат болған жоқпын ғой? – дедім, қорғанысқа көше қойып.
– Болмай-ақ қой, қызығатындай дәнеңе жоқ. Мен бір сөйледім, екі сөйледім, үшінші жолы өлеңімді жазуға кірістім, кейіпкерлерім сол залдан табылып жатты, – деп ол мол мұрынын сұқсаусағымен сүйкей күлді.
Өмір дейміз. Заман дейміз. Қоғам дейміз. Қадырдың шығармашылық ізінен көз жазбағандар оның осы үшеуіндегі өзгеріс, жаңалық атаулының бәрін дерлік ой сүзгісінен өткізіп, өлеңімен төрелік айтып отырғанын көрді деп білем. Көне тарих пен жаңа тарих арасы, ауыл мен қала өмірі, орман мен дала дидары, бала мен қарт тірлігі, әдебиет пен ана тіл қадірі, жас ақын-жазушылардың жағдайы… Ол бірде сүйініп, бірде күйініп жазбаған тақырып жоқ-ак, жоқ!
Аталған гәзет редакциясында қызмет істеп жүргенімізде кейде бір салмақты сыни мақалаға, немесе бір мәселені қамтыр топтама, бет берерде соған ортақ тақырып таба алмай қиналғанымызда Бас редакторымыз Сыр-аға – Сырбай Мәуленов – мұқыл басбармағымен добалдай мұрынын бірер сүйкеп алып: «Абекеңнен алмайсыңдар ма? Абекеңнен сөз қалмаған ғой!» дейтін. Абекеңі – Абай бабамыз. Шынында Абайдың сөздерінен, өлең жолдарынан талай тақырып, сан алуан айдар (рубрика) жасадық. Сол Сыр-ағаша айтуыма болса, Қадырдың өлең тармақтарынан қандай мән-мақсатты мақалаға болсын, өлең-дастанға, хикая-романға болсын… тақырып табуға болады! Оның үлкен-кіші туындыларының бәрінде көлеміне орай ой тұнып тұр. Міне, жыр жинағын тағыда шолып отырмын:
…Біз сенеміз,
Сен де бізге сенгейсің.
Дерті барды шипагердей емдейсің.
О, Наурызым!
Біздің Қазақстанға
Біздің тілде таза сөйлеп келгейсің!..
(«Наурызға наз»)

Сен, Аязби, – жемісі даналықтың.
Ойлап тапқан өзіңді Дала мықты.
Кемеңгерлік бейнесін қайдан алмақ,
Өзі сондай болмаса со халықтың?!.
(«Аязби»)

Байтақ дала – өрісім,
Барып тұрам сиретпей.
…Малсыз жайлау –
Мен үшін
Идеясыз суреттей.
(«Төрт түлік»)
Әділетке тас аттық,
Тілсіз қалды мың мықты.
Өтірікті босаттық,
Қамап қойып шындықты.
(«Қолдан жасаған құдай»)

Қару аз ба?!
Бірақ та
Қылышқа тең жоқ дер ем.
Бұғып жатқан қынапта
Қанжарды мен жек көрем!
(«Қылыш пен қанжар»)
Кей өсімдік көк таспен ерегісіп,
Күмбездердің өзінде тұрады өсіп.
Қай бұрышқа қойсаң да,
Қазағыңның
Көктегенін тілейді мұра-бесік!
(«Арпалыс»)

Біледі жердің парқын кім,
Білмегендіктен тозды адам.
Ақымақтығынан әркімнің
Аздың-ау біраз, Боз Далам!
(«Күні кеше»)
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
х х х
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай.
(«Ана тілі»)
Ой дариясы. Ой мұхиты. Жүзе біл. Жүзе бер.
Классик-философ Қадыр Мырза Әлиінің жырын оқудан қазағы ешқашан жалықпас!
Алпыс жылдықтарымыздың алдында Қадырия да, Тұмаш та (Тұманбай Молдағалиев), «Қазақ әдебиеті» гәзетінде шығарған жыр топтамаларына маған арнаған әзіл өлеңдерін қосыпты. Оқыған жолдас-жораларымыз телефон соғып: «Ай, құрдастар-ай, бәрекелді! 100 жасаңдар!» деп риза болысты. Екеуінің де әзіл нысанасы менің жазмыштың бұйрығымен екінші рет үйленгендігім болды. Қадырия: Ғаббас жасарды, енді біздей шалдарға жолай қоймас деп сыпайыласа, Тұмаш: Жас қатын алып, өрге озды, деп төтелепті.
Сол күндері ақын құрдастар бір-біріне де әзіл өлең жазды, бірақ гәзетке ұсынбады. Қадырия маған көшірмесін берді, ал Тұмаш әне-мінелеп, өзі де ұмытты, маған да ұмыттырды. Қадырияның қалжыңы былайша:

ПОРТРЕТ
немесе
Тұманбай Молдағалиев
басынан бақайына дейін

Мен айтсам,
Сен айтсаң да, дұрыс бүгін.
Қарымта қайыруға тиістімін.
Ұқсайсың сыртыңнан да,
Қырыңнан да –
Бар ма еді Винни-пухпен туыстығың?!
Су кешіп қара күзде толарсақтан
Өстік біз,
Жан емеспіз өнер сатқан.
Ақынсың,
Ақынсың ғой,
Дегенменен,
Ұқсайсың байып алған коммерсантқа!
Жыр бақтың,
Өнер бақтың,
Басқа бақпай.
Келесің тура тартып,
Босқа лақпай.
Құдайым аямаған сенен түк те:
Басың да бас емес-ау, —
Асқабақтай.
Қасқырдың тойып алған арланындай
Күржік дос,
Басқаларда бар ма мұндай?!
Көлбемей,
Әжімің де тіп-тік түскен,
Дурдомның темір шыбық шарбағындай.
Тұрады нөсер жырың кілең құйып,
Жасайсың дөңгелентіп өлеңді иіп.
Қалқиған анау екі құлақпенен
Қалайша болмай қалдың Тілендиев?!
Оқуға қай уақытта Ел ерінді?!
Сыйлайды халық әсте өнеріңді.
Құдайым ерінді де берген саған,
Қамтитын бір сүйгенде он ерінді!
Жолықсаң айдай сұлу бір аруға,
Дайынсың көзіңді ұзақ суаруға.
Тақтайдай кластағы жауырының,
Болады бормен есеп шығаруға.
Жазбайсың сен өлеңді ерігіп құр,
Ерігіп.
Әйтпесе не зерігіп бір…
Айтпақшы, айналайын қарыныңнан,
Туғаның доңыз жылы көрініп тұр!
Толықтау болмысыңнан бәйтерегім,
Сен жайлы ұзақ әзіл айтар едім…
Әйтеуір екі аяғың түзу біткен,
Бергенде Бектің бұтын, қайтер едің?
Шүкір де!
Гүлдей бергін, солмағайсың.
Алпыста қызға күлкі болмағайсың.
Қоңыздай «Москвич» ең күні кеше,
Қазірде «ГАЗ-З1» – «Волгадайсың»!
Болмайды сұлу елдің шалы мұндай,
Сыптай ең ол кез, жаздың
сағымындай.
Барасың күннен күнге жұмырланып,
Бүгінгі Сорбұлақтың балығындай.
О, ТҰМАШ! Ерекше бір таңдай қағып,
Өлеңнің ең сұлуын таңдайды уақыт.
Бұралған тал-шыбықтай
жырларыңның
Өзіңе тартпағаны қандай бақыт?!

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ
1995, ақпан

Қадыр атаған Бек – жазушы құрдасымыз Бек Тоғысбаев. Марқұм ортадан пәстеу бойы бар, семізше, қомытаяқтау еді. Аюдың баласына ұқсатып, оны «Қонжықеке» деп қағытып жүретінмін. Жақсы әнші, ақкөңіл азамат еді. Әуелде аты Совхозбек болатын. Кейін «совхозын» алып тастап, «Бек» болып шықты. Алпыс жылдығын ауылында, Бақанаста, тойлап отырғанымызда, аянбай мақтаған құттықтау сөзімді: «Бұл өмірде неше түрлі қызық-шыжық болып жатыр ғой, қайсыбірін айтарсың. Совхоздың бір тышқақ лағын ұрлаған кісі сотталады да, совхоздың өзін тұтастай қылғып қойғандар дәріптеледі» деп аяқтағанымда Мәдениет үйінің залы толы жұрт ду күлді. Бек: «Әй, қысқа жігіт, саған дауа жоқ» деп қосыла күлді. Ол мені «Қысқа жігіт» дейтін еді…
Тұмаш пен Қадырдың маған арнаған әзіл өлеңдеріне, «ескі жынды шақырып» дегендей, өлеңмен қайтарған қарымтам мынау:

Мың тоғыз жүз отыз бес – керемет жыл,
Керемет жыл басында Қадекең тұр.
«Доңызымыз» Тұмашты сылап-сипап,
Шыр бітірмей Қадырға қыдиып жүр.
Ақша күреп Қадекең, ақыл бермек,
Өсиетті ағылтып тәтті, кермек.
Қызыл тілін – біз етіп қылпылдатып,
Салтанатпен жарысып тоқып өрнек.
«Балаусаның», шіркін-ай, үптері аз,
Жыл сайынғы бір жинақ етер ме мәз?!
Стипендия, бар болғыр, ол да біреу,
Бывший нардеп мәзірі – өкпе мен наз.
х х х
Бас – домалақ, бет – анау, көзі – сығыр,
Қарны ерек Тұманбай – ол да бір дүр.
«Жетім болып келіп ем дүниеге
Өтем бе, – деп,– жетім боп?!» опынып жүр.
Шаш ағарды, сұйылды… қайтсін шіркін.
Ақша толып «көрген жоқ» қалта бір күн.
Төрт-ақ мәшін – астында ауысқаны,
Үш-ақ пәтер – алғаны дүркін-дүркін.
Ал жылына шығарып екі-ақ кітап,
«Қорлығына» заманның келед шыдап.
«Кәрі қатын» қасында тәулік бойы…
Қайсы бірін айтсын-ай тілін сылап!
х х х
Қос лауреат, қос Халжаз – «монғол», «ноғай»,
Екеуіңе еліктеп сыздым нобай.
«Бергеніне құдайдың шүкір!» десіп,
Бай пейілмен жүріңдер бұдан былай!
Мұндағы: «доңызымыз» – туған жылымыздың атауы; Салтанат – Қадырияның бәйбішесі; «Балауса» – Қадырия директоры болған баспа; лауреат – екеуінің «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері» және Халжаз – «Халық жазушысы» атақтары. «Бывший нардеп» – Қадырдың Жоғарғы Кеңеске депутат болғаны.
…Қадыр дүниеге 1935 жылы келгендердің түңғышы еді. Біз жасы 76-дан жиырма күн асқан Көшбасымыздан көз жазып, көшіміз тығырыққа тап болып, жүгіміз ауып тұрып қалдық…
Халқы, Ел-жұрты Ақынының аруағын әспеттеп, ол туып-өскен өңірдің кіндік қаласы – Оралда «Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және шығармашылық орталығын» ашып, еңселі ескерткіш орнатты. Ол – Аяулы Ақынның өнегелі өмірін баяндайтын әдеби-ғылыми орда. Қадырдың отбасы: бәйбішесі Салтанат пен балалары – Қуаныш, Қазыбек, Ғазиз ол 57 жыл тұрған Алматыдағы ғажап бай кітапханасын (7 мың кітап) сол Орталыққа тарту етті.

Бұл шапағатты, шарапатты шаралар көргеннің ғана емес, естігеннің де шүкіршщілік сүйінішін еселеген игілікті іс болды!

Ғаббас Қабышұлы

 2016 жыл 

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала