Қадіріңді кеш білдім-ау, туған жер!

26 қантар 2017, 12:23

-Құрбым-ау, бармай-ақ қойсаң қайтеді? Жырақта жүрсең алаңдаймыз ғой…

-Жоқ, мені осы жолы ештеңе де тоқтата алмасы анық. Нық шешім қабылдап, баруға бел будым. Алаңдайтын ештеңесі жоқ. Жиі хабарласып тұрамыз ғой.

-Жарайды, ендеше жолың ашық болсын! Аман-есен жеткен соң, міндетті түрде хабарын айт. Бізді ұмытпай жазып тұр. Армандарыңа жетіп, биіктерден көрін, құрбым. Қош-сау бол!

Әуежай… Таңғы сағат 6-лар шамасында Әйгерім құрбысымен қимастықпен қоштасып, оны шығарып салды. Осылайша Жадыра «қомақты қаржы тауып, бар арманыма жетемін, мені сол елде бір бақыттың күтіп тұрғанын сеземін» деген ойдың жетегіне еріп, шетелге кете барады. Шешім қабылдауда батылдық танытқан қыздың бұл әрекетін қолдайтындар кем де кем еді. Тек бар қиындықтарды бірге өткерген жақын құрбысы Әйгерім ғана жан дүниесін шынайы түсіне білді.

Жадыра еті тірі, ақылды әрі пысық қыз. Шет елге аман-есен жетіп, орнығып алған соң, жалма-жан жұмыс іздеуге кірісе бастады. Көп кешікпей жалақысы жоғары бір жұмысқа орналасты. Араға біраз уақыт салып, сол жерде шетелдік  азаматпен танысады. Артынша таныстықтары сыршыл сезімге толы махаббатқа ұласып, екеуі отау құрып та үлгерді. Жадыраның армандарының барлығы шетінен орындалып келе жатқандай…

Бүгінде сол жігітпен бірге тұрып жатқанына 6 жылдан асты. Сырттай қарасаң, екеуінде барлығы тамаша, бақытты ғұмыр кешіп жатқан секілді. Басында баспаналары, табысты қызметі, барлығы да бар. Алайда…

Шетелдік азаматқа күйеуге шыққанымен, Жадыра айтарлықтай шынайы бақытты сезіне алмай жүр. Оған көптеген кедергілер түрткі. Жо-жоқ, материалдық жағынан оларда ешқандай қиындық жоқ, барлығы тамаша. Ол жақта Отанымыздағыдай материалдық мәселе көп кезіге бермейтін көрінеді. Жадыраның күйеуі бір ірі банкте жұмыс істейді. Жадыраның да жұмысы жақсы. Бар мәселе басқада…

Ол осы 6 жыл бойы мүлдем туған жеріне келе алмай жүр. Өйткені, күйеуі мен оның туыстары туған жеріне барып қайтуына қарсылық танытқан көрінеді. Сондықтан, туып-өскен Отанын, туған қаласын, көшесін, өз туыстары мен достарын, барлығын қатты сағынып жүр. Тіпті, жылдар бойы сөйлеспеген сыныптастарын да сол жерден көріп қалса, оларды туғанындай құшағына қысып, сүйіп алуға даяр екендігін жасырмады. Күн өткен сайын оның сағынышы үдемесе, кеміген емес. Жадыра тек өзінде қалған аз ғана суреттер мен туған жерден әкелінген заттарға ғана  қарап, сағынышын басқандай болып жүр. Ол Отанына тек түсінде, қиялында ғана бара алады.  «Туған жердей ел болмас» демекші, бұл сағынышының орны тіпті бөлек екендігін сезімге толы хаттары арқылы ғана білдіре алатыны өкінішті-ақ.

Сүйікті шетелдік күйеуімен махаббаттары қаншалықты мықты болса да, олардың екі бөлек әлемде туып-өсіп, өзгеше тәрбие көргендері бәрібір байқалып тұрады. Әрине, Жадыра басында бұл өзгешеліктерге аса мән бермеген. Дегенмен, біраз уақыт өткен соң анық біліне бастайтынын растап отыр. Жадыра өз елінде жақын құрбыларын, туыстарын қонаққа шақырып немесе өзі соларға қыдырып бара алатын еді. Ол жақта мұндай дәстүр жоқ екен. Өйткені, өздері қонаққа сирек барады, қонақтар да өте сирек келеді. Біреумен кездескің келсе, мейрамханаға бар. Оның өзінде көп отыра алмайсың. Барлығы жоспар бойынша орындалуы тиіс. Сонымен қатар, басқалардың саған деген қарым-қатынасын да ұмытпауың керек.

«Сен шетелдіксің, сен басқа әлемненсің, сен бәрібір бөтен болып қала бересің! Мүмкін, олардың жұмыс орындарымен қатар, жігіттерін де жаулап алғанымыз үшін бізді жек көретін шығар. Сондықтан, әйелдері де, ер азаматтары да бізге өзгеше көзқарас танытады.

Біз қонақжай халық болғандықтан, үйімізге қонақтар кез-келген уақытта келе береді ғой. Бұл жақта ол өрескел көрінеді. Алдын-ала ескертіп келмесең, сен сыйлы қонақ болмайсың. Туған үйімізде құрбымызбен таң атқанша сырласып отыра беруші едік… Бұл жақта тек дәмхана, мейрамханаға ғана барып әңгімелесе аласың. Болмаса, өз басыңдағы мәселелердің шешімін өзің табуға тиіссің. Көмекке тек психологқа ғана жүгінуге болады. Сенің қиындықтарың ешкімге де қажет емес»,-деп ағынан жарылып, ақтарыла сыр шертті қаракөз қандасымыз.

Айтпақшы, тағы бір жағдай…

Жадыраның танысы да сол елдегі бір миллионер азаматқа тұрмысқа шыққан. Үйіндегілерге өзінде барлығы тамаша екенін жазып тұратын. Басында әрине, солай да болған шығар. Бірақ, туған жерінде қалған баласы қайтыс болып кеткенде, күйеуі оны қолдаудың орнына, тіпті, баласының жаназасына да жібермей қойған. Бір жылдан соң, жолдасы оны шетелге алғаш келген қалпында қолына бір тиын да ұстатпай қуып жіберген. Үйіне қайтар жолға да ақша бермеген. Ол біреулерден қарызға ақша алып, тыраштанып жүріп әрең дегенде әйтеуір туған жеріне қайтып келген екен. Жолдасы екеуінің ортақ баласы болмағаны да жақсы болған шығар, өйткені туған баласын өзімен бірге еліне алып кете алмасы анық еді. Сол елдің заңына сәйкес, жат елден келген «сен» олар үшін ешкім де емессің. Күйеуің сол жердің азаматы болғандықтан, бар құқық соның еншісінде.

Мінеки, екі кейіпкеріміз де бақыттың өзінің туып өскен өлкесінде екенін тым кеш түсінді. Расында да өз елімізде жүріп, «шетелде қандай керемет, сол жақта өмір сүрсем ғой» деп армандаймыз-ау… Алайда, біз болмаған жердің барлығы ертегідегідей тамаша болып көрінгенімен, арғы жағында қандай қиындықтардың барын біле бермейміз.

Дана халқымызда «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген әдемі сөз бар.  Бастапқыда бұл сөздерге аса мән бермейтініміз де рас. Тек басымызға қиындық түскенде ғана «солай екен ғой», «халқымыз қалай тауып айтқан» деп күрсініп қоямыз.

Сондықтан, құрметті әйелдер, қыз-келіншектер, шетелдік азаматқа тұрмысқа шығар алдында жақсылап ойланыңыздаршы. Махаббат уақыт өте келе жоғалып, сезім де ақырындап сөне бастайды. Ал бөтен жерде, елден жырақта сізге арқа сүйер азамат табыла қоймаса, жағдайыңыздың қиын болатынын ұмытпаңыз. Бақытты өмір сүру үшін шетелге кетудің мүлдем қажеті жоқ. Басқа жерден іздеген бақытымыз дәл қасымызда тұрған болар. Сол себепті, жақсылап ойланып, ыстық Отанымызды ешкімге де, ештеңеге де айырбастамайық!

 

 

Мадина Мұратжанқызы

jasqazaq.kz

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала