Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң…

24 маусым, 11:19

немесе Алматыдағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» қалай жұмыс істейді?

Экстремизм мен терроризмге қарсы үздіксіз күрес жүргізу – бүгінгі заманның талабы. Бұл орайда жат ағымның шырмауына түсіп, адасқан жандарды оңалту жұмысы да шет қалмауы тиіс. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына қарасты «Кеңес беру және оңалту орталығы» дәл осы мақсатта жұмыс істейді. Орталық мамандары экстремистік діни ағымдардың шырмауына түсіп, зардап шеккен жандарға көмек көрсетеді.

«Кеңес беру және оңалту орталығының» басшысы Руслан Қайыргелдінің айтуынша, басты міндет – теріс пиғылды діни ағымға шырмалған әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу, оларды қоғамға бейімдеу.

«Біздегі білікті де білімді мамандардың арқасында теріс пиғылды діни ағымға қарсы күрес жан-жақты жүргізіледі. Қазіргі таңда ақпараттық соғыс өршіп тұрғаны белгілі. Атын айтпай-ақ қояйын, көрші мемлекетте екі діни басқарма бар. Бұл екі басқарма бір-біріне қарама-қарсы әрекет жасайды. Ондай бөлінудің мақсаты — екі топты бір-бірімен араздастыру. Ортақ мәмілеге келтірмеу. Ал бізде дін саясаты бір ізге қойылған. Елімізде исламдық бағыттағы тек бір ғана діни басқарма бар, яғни бізде дін мәселесі дұрыс жолға қойылған», — дейді ол.

Орталық Алматы қаласы бойынша бір жыл ішінде 1000 – 1300-ден астам адаммен жұмыс істепті. Мұндағы теолог мамандар қазақ, орыс тілдерінен бөлек, араб тілін де жетік меңгерген. Олар теріс діни ағымның жетегінде кеткен адамдармен жеке-жеке жұмыс істейді. Әйел адамдармен жұмыс істейтін теолог, психолог мамандар бар. Дәл сол сияқты ерлермен де жеке жұмыс жүргізетін мамандар бар. Оған қоса, түрмедегі сотталушылармен жұмыс істейтін бөлек теологтар бар.

«Мамандарымыз араб тіліне өте сауатты. Араб тілін білмесе, жат ағымның шырмауында жүргендермен сөйлесе алмайды. Жалпы теолог мамандар жан-жақты болуы керек. Қазір мен өзім ислам дінінен бөлек, католик, православ діндеріндегі ағымдарды зерттеп жатырмын. Олардың ішінде де бірнеше ағымдар бар. Зерттеген сайын тереңдей бересің. Жыл басынан бері бірқатар теріс діни ағымның жетегінде кеткендердің бетін бері қайтардық», — деді Руслан Қайыргелді сөзін жалғап.

Руслан Қайыргелдінің айтуынша, теріс діни ағымға арбалған жандармен жүйелі түрде жұмыс істеп, бірнеше рет кездескеннен кейін барып олардың беті бері қарайды екен.

Біз осы орталықта ер адамдармен жұмыс істейтін теолог Бахтияр Нармұхановты сөзге тарттық. Маман өзінің жұмыс барысы жайлы былай деп әңгімеледі:

«Бұл орталықта екі жылдан бері жұмыс істеймін. Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінен діни білім алдым. Біздің негізгі жұмысымыз, аты айтып тұрғандай, кеңес беру және оңалту. Бұл араға дін туралы білгісі келген, немесе экстремистік ағымдардардың арбауына түсіп қалған адамдар келеді. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргіземіз. Кейбіреуіне дәстүрлі дінді түсіндіру керек болса, кейбірін теріс пиғылды діни ағымның арбауынан құтқарып, дұрыс жолға саламыз. Біздің мақсатымыз — азаматтарды оңалтып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру», — деді теолог.

Бахтияр Нармұхановтың айтуынша, ағымға арбалғандардың қай деңгейде екені сұхбаттасу барысында анықталады.
Маман теріс пиғылды ағымға үндейтіндерден барынша сақ болуға шақырады. Бұл ретте ол: «Көбінесе жастарымыз теріс ағымға діни сауатының жоқтығынан кіреді. Ғаламторда экстремистік ағымды насихаттайтын уағызшылардың видеосын көру арқылы арбалып жатқандар бар. Сондықтан әрбір адам тек ресми сайттардағы ұстаздарды тыңдағаны дұрыс», — де\ді.

Ал осы орталықта әйелдермен жұмыс істейтін теолог Назерке Жетпісбайқызы қыз-келіншектерді оңалту ісімен алты жылдан бері айналысып келеді. Теолог өз жұмысындағы негізгі міндеттерге тоқталып өтті:

«Менің жұмысым экстремистік ағымдар ықпалындағы әйелдерге,
қыз-келіншектерге бағытталған. Мұның ішінде әр түрлі санаттағы — ажырасқан, көп балалы, жалғыз басты және «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы террористік белсенді аймақтан оралған әйелдермен тікелей осы орталықта жұмыс жүргіземіз. Біздің міндетіміз — әйелдерді қоғамға бейімдеу және оңалту. Осында жеке кездесулер, әр түрлі психологиялық кеңестер, сондай-ақ заң тұрғысынан көмек беріледі. Әйелдерге қатысты тек қана оңалту емес, қажет болған жағдайда басқа да көмек ұсынып, жан-жақты қолдау көрсетеміз. Теріс ағымға кірген қыз-келіншектерді анықтаудың жолы әр түрлі. Ең алдымен олардың ортасына, діни сеніміне қараймыз. Кейде олардың туыстары, аға-әпкелері, балаларымен қосымша жұмыс істейміз. Ең алдымен жекелеген оңалту жұмыстары, діни бағытта психологиялық жұмыс, міндетті түрде жүргізіледі», — деді Назерке Жетпісбайқызы.

Маманның айтуынша, қыз-келіншектермен жұмыс істеудің бірнеше форматы бар. Ең алдымен жеке кездеседі. Еркін форматта демалыс орны, кафе сынды жерлерге барып әңгімелеседі.

«Еркін форматта кездесетін орынды өзіміз ыңғайластырып, сол аралықта жекелеген кездесулер ұйымдастырып жатамыз. Кездесе алмасақ, бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығамыз. Біз олармен мүмкіндігінше тығыз әрі сенімді байланыс орнатуға тырысамыз. Біз әйелдермеп мейлінше ашық қарым-қатынас ұстаймыз. Соңғы кездері тауда серуендеу, бірге спорттық шаралар ұйымдастыру сынды жұмыстарда ықпалды түрде нәтижесін беруде. Сонымен бірге түрлі шеберлік сабақтарын, оқыту курстарын ұйымдастырдық. Мұндағы мақсат — оларды қоғамдық ортаға бейімдеу», — деді Назерке Жетпісбайқызы.

Маман нәзік жандардың жат ағымға ермеуі үшін не істеу керектігін айтып, кеңесімен бөлісті.

«Ең алдымен адам білімге, сауаттылыққа мән беруі қажет. Өйткені білімсіз, діннің іргетасынсыз адам дін ғана емес, басқа да теріс пиғылды іс-әрекеттерге бой алдыруы мүмкін. Әйелдерге қатысты «олар үйде отыруы керек, күйеуінің разылығын алып, намаз оқыса, жаннатқа барады» деген түсінік бар. Ал мұның астарында қаншама жауапкершілік бар. Әйел адам қаншама сынақтан өтеді. Әйел — үйдің ұйтқысы, шаңырақтың шайқалмауына басты себепкер де әйел. Әйел адамның сауатты болуы, адасқан ерінің соңынан еріп кетпеуі де маңызды рөл ойнайды. Бүгінде дін мен психологияны араластырып, ақыл айтатындар бар. Сондықтан жөн-жосықсыз, керексіз ақпараттарға назар аудармай, нақты өзіне не керегін біліп барып, сол саланың нағыз маманына жүгінсе деймін. Қазір әлеуметтік желілердің барлығында ҚМДБ ресми парақшалары бар. Солар арқылы дінге қатысты сауалдарға жауап алуға болады», — деді Назерке Жетпісбайқызы.

Дін туралы білгісі келетіндерге де орталықтың есігі әрдайым ашық. Кез келген адам өзін қызықтыратын дінге қатысты сауалдарына осы «Кеңес беру және оңалту орталығынан» жауап алуына болады.

Мақпал Махаметқызы,

Алматы қаласы

Суреттерді түсірген автор

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген