Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін өзгертуге бағытталған бірқатар тапсырма берді. Жалпы, мемлекет басшысы халық денсаулығын жақсарту мақсатында үнемі айтып келеді. Міне, осы тапсырмаларды орындау жолында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының ұжымы заманауи медициналық технологияларды қолдана отырып, ілкімді ізденістер жемісін татып келеді. Аурухананы білікті басшы, медицина ғылымының докторы Мәди Бегалиев басқарады. Осы аурухана базасында бүгінге дейін инсульт кезінде бас миы және мойын қан тамырларына 630 жоғары технологиялық ота жасалынған. Бұдан тыс мұнда 90 бүйрек, 13 бауыр алмастыру оталары сәтті жүзеге асты. Қазір бүйрек, бауыр алмастырғандар өзіне екінші өмір сыйлаған ақ халатты абзал жандарға шексіз алғыс айтады.
Жуырда Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанынан үш қабатты қабылдау-диагностикалық, реанимациялық-ота жасау корпусы ашылды. Оның ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты. Облыс басшысы медицина саласының барша қызметкерін айтулы мерекемен құттықтай келіп, бүгінде елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасының артқанын, бұған білікті мамандардың үлес қосқанын, салада әлі де жүйелі жұмыстардың жалғастық табатынын атап көрсетті.
-Аурухана 2013 жылдан бастап инсульт кезінде бас миы және мойын қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауға қол жеткізіп, сол уақыттан бері 630 отаны түгелдей сәтті жасап шықты. Осында сонымен бірге 90 бүйрек, 13 бауыр алмастыру оталары ойдағыдай орындалды. Бүгінгі Тұңғыш Президент күні жедел жәрдем көрсету ауруханасы базасында мынадай заманауи ғимараттың пайдалануға берілуі үлкен оқиға, аутулы жетістік. Ауруханада мыңға жуық дәрігер еңбек етеді. Жаңадан салынған корпус науқастарға сапалы медициналық көмек көрсететіне сенім зор. Өйткені, мұнда жоғары сапалы медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Ал, білікті дәрігерлер осы технологиялармен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы біледі. Елбасы медициналық қызметтің сапасын жақсарту керек деп бізге үнемі нақты тапсырмалар беріп келеді. Елбасы тапсырмасына орай осы мақсатқа төрт миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс тұрғындарының денсаулықтарын жақсартуға жасалынған жағдай,- дей келе өңір басшысы аурухана қызметкерлеріне су жаңа реанимобильдің кілтін табыс етті.
Айта кеткен жөн, аталмыш ғимарат екі жылда салынып біткен. Ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдері, екінші қабатында палаталар мен реанимация бөлімі, үшінші қабатында 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі, сондай-ақбүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған. Бұдан да басқа мұнда емделушілер үшін 450 орындық қосымша стационарлық бөлме бар.
Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы тек қана қала тұрғындарына ғана медициналық көмек көрсетумен шектелмейді. Аурухананың білікті дәрігерлері бүкіл облыс тұрғындарына тәулік бойы хирургиялық, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Көпсалалы стационарда күнделікті 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Солардың 70-90-ы жатып, ем қабылдайды. Толықтай халықаралық талапқа сай етіп салынған ғимаратта қарапайым есіктің өзі автоматты түрді жұмыс істейді. Ал, ота бөлімдерінде барлық түрдегі оталарды жасай беруге болады. Мұнда қойылған құрылғылардың барлығы –отандық.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев медицина саласына әрдайым жіті көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде де өңірдегі салада көптеген оңды өзгерістер бар. Емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістері кеңінен қолданылады.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев та саланы ұтымды ұйымдастырып, дәрігерлердің дәреметті қолдарының шебер болуына ұнайы назар аударының нәтижесінде облыста ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп.
Бұған нақты мысал да айта аламыз. Мәселен, биыл облыс брйынша 38 денсаулық сақтау нысанының құрылысына облыстық бюджеттен 3,8 миллиард теңге қаралып, оның 34-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Адамның саулығы-қоғамның саулығы деп білген оңтүстікқазақстандықтар медицина саласындағы жетістіктерді одан әрі баянды ете түсу жолында күресе бермек.
Ана мен бала денсаулығы басты назарда
Оңтүстік Қазақстан облысында ана мен бала денсаулығы басты назарға алынған. Сондықтан да өңірде соңғы жылдары ана мен бала өлімі күрт азайып отыр. Мәселен, ана өлімі 4,5 есеге, нәресте өлімі 2,8 есеге азайған. Бұған енді еуропалықтар да таңырқасын жасырмады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен келген литва дәрігерлері Қазақстан медицинасынан үйренерлері көп екенін жасырмады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірде ана мен бала өлімін азайту мақсатында медицина мамандарының біліктіліктерін арттыру және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша бірқатар халықаралық жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның біреуіне тоқталсақ. Облыстың перинаталогия қызметі мамандары Литва университетінің перинаталдық клиникаларында білімдерін қосымша толықтырып келеді. Ендігі кезекте олар да бізге келіп, перинаталдық орталықтарда іс-тәжірибе алмасуда. Олар жаңа тиімді технологиялар мен неонаталдық күтім тәжірибелерін біздегілерге енгізуде.
Жуырда литвалық мамандар Шымкент қаласындағы №4 облыстық перинаталдық орталығында, сондай-ақ Түркістан қаласындағы №3 перинаталдық орталықта болып, жергілікті дәрігерлерге «Акушерлік және неонтаталды тиімді көмек көрсету» бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Литваның халықаралық дәрежедегі босандыру және балалар дәрігерлері—акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, акушер, неонатолог, неонаталдық мейірбикеден құрылған бригада Каупас қаласынан арнайы ат басын бұрыпты. Олар облыста бес күн болды. Осы аралықта оңтүстіктің 32 маманы мамандандырылған акушерлік көмек, шұғыл жағдайларда нәрестелерге жедел жәрдем, арнайы реанимациялық көмек, жүкті әйелдер мен нәрестелерге көрсетілер қызмет сапасын жақсарту тақырыбында сабақтар тыңдады. Литвалықтар тәжірибелерін үйретті.
Литвалық қонақтар өз сырларын да бүкпесіз жеткізді.Литва халқы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен шамалас екен. Алайда, Литвада демографиялық өсім өте баяу көрінеді. Оларда жылына үш мың сәби дүниеге келеді екен. Ал, Шымкенттегі перинаталды орталықта бір жылда сегіз мыңға жуық нәресте дүние есігін ашады. Дегенмен, олардың 10 пайызы шала туылады екен. Олардың жартысына жуығының салмағы 1000 грамға да жетпейді. « Осындай жағдай біздегі нәрестелер арасында мүлдем кездеспеді десек, артық айтқандық емес. Әйтсе де медицинасы дамыған біздің де сіздерден үйренеріміз көп екен» дейді литвалық дәрігерлер.
Литвалық дәрігерлер облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевпен кездесті. Олар алғыстарын айта келіп, алдағы кезде де өзара тәжірибе алмасуды жалғастыра беретіндіктерін білдірді. Екі жақты тәжірибе алмасу өз деңгейінде өтті. Қонақтар қазақстандық әріптестеріне өз тәжірибелерін үйретуден қашпақ емес.
Иә, қай елде де ана мен балаға мықтап көңіл бөлінсе, сол мемлекет қарыштап дамиды. Бұған енді талас болмаса керек.
Шағырдағы шаттық
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арнаған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арыс қаласына қарасты Саналы және Шағыр ауылдарында жаңадан салынған 2 фельшерлік-амбулаторлық пункт пайдалануға берілді.
Олардың ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қатысты. Ол елімізде алғашқы медициналық көмек көрсету қызметіне көп көңіл бөлініп отырғанын айта келіп, ел игілігі үшін пайдалануға берілген 2 ФАП—тың ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтады.
Саналы, Шағыр елді мекендерінің тұрғындары екі мыңға жуықтайды. Олар дәрігерге қаралу үшін Арыс қаласына шапқылайтын еді. Енді бұл қиындықтан құтылды.
Сондай-ақ жуырда, дәлірегі Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданындағы Мақталы және Қызылқұм ауылдық округтерінде де жаңа фельдшерлік-амбулаторлық пунктер пайдалануға берілді.
—Халықтық денсаулығы мемлекетіміздің басты байлығы. Дені сау адам еңбектене алады,елдің дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан Елбасы денсаулық сақтау саласына ұдайы назар аударып, әкелік қамқорлық көрсетіп келеді. Қазір елімізде медициналық нысандар көптеп салынуда. Медициналық қызметтердің сапасы күннен күнге жақсарып келеді. Бұның барлығы сайып келгенде Елбасымыздың қазақстандықтарға деген шынайы қамқорлығы. Біз осы қамқорлыққа еселі істерімізбен жауап қайтаруымыз керек,-деді аудан әкімнің орынбасары Алтын Ешенқұлова.
Жоғарыдағы төрт медициналық нышан да облыстық бюджет есебінен салынды. Пунктердің әрқайсысында фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет бар. Кабинеттер мен бөлмелер заманауи жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Білікті дәрігерлер ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетуге сақадай сай тұр. Алдағы кезде дәрігер іздеп аудан, қала орталықтарына шапқыламайтын болған ауыл тұрғындары мемлекет жасап отырған бұл қамқорлыққа дән риза.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облысы