Абыройлы тұлға

03 наурыз 2023, 16:42

Әдетте, адамның тұлғалық қасиетінің қалыптасуының сыры неде деген сауалды жиі естимін. Айтатыны жоқ, мың сан шытырман ойларға жетелейтін күрделі сауал. Оған жауап беру үшін әдеттен тыс философия иірімдеріне үңіліп, бұрыңғы адамдардан қалған есті сөздерді, үйреншікті қатып-семіп қалған қағидаларды қайталап жатқым келмейді. Мен бүгін әңгімелегелі отырған қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың білімі мен біліктілігі, адами болмысы, ішкі жан дүниесінің иірімдері, оның ел билігінде ұзақ уақыт отыруының қыр – сыры туралы шын жүректен шыққан алғаусыз пікір пайымымды қағазға түсіру, әлбетте, оңайға соқпағанын атап өткім келеді. Себебі қарама-қайшылығы мол өмір заңдылығы осындай. Дегенмен бір шындық бар. Ол – өмір шындығы. Ал егер оған сүйенсең, Бердібек Мәшбекұлының өз тағдырын өзі жасаған азамат екенін айрықша атағым келеді. Иә, оның есімі әрдайым ел аузында. Демек, Бердібек Мәшбекұлының есімі ел аузында жүруі тегін емес. Бұл аксиома, ешкіммен салыстыруға шындық.

Сыр жағасындағы құмды ауылда 1953 жылы 9 ақпанда дүниеге келген Бердібек Сапарбаев сол кездегі ауыл баласына тән тіршілік кешті. Әйтеуір, ауылдың күйбің тірлігіне жастайынан араласты. Ауыл үйдің азын-аулақ малын бақты, шөбін шапты, кесек құйды, қара жолдың шаңын көтеріп, балаша асыр сала, ойнап өсті. Қазақ баласының басына не күн тумады дейсіз?! Өткен ғасырдың 20-30-жылдарының ашаршылық нәубетінен жан сауғалап, бала Бердібектің ата-анасы және басқа да ағайын-туыстары Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп барып, сол өңірді паналап, әупірімдеп жүріп жан сақтаған еді. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанына қатысады. Алпысыншы жылдары Сырдың сол жағалауындағы Жаңақорған ауданында «Задария» кеңшарының құрылып жатқандығын естіген Мәшбек бастаған жиырма түтін отбасы Мақтаарал ауданындағы қоныстарын қалдырып, өз ата мекендеріне көшіп келіп, табан тірейді. Жаңадан құрылған шаруашылыққа жер мәйегін еміп өскен, бейнетқор Мәшбек сияқты азаматтар ауадай қажет еді. Жаңадан ашылған ауылда мектеп болмағандықтан, 8 сынып оқушысы Бердібек те ауыл балаларымен бірге сегіз шақырым жердегі Жаңарық орта мектебіне қатынап оқиды. Бала Бердібек өзінің зеректігімен, ұқыптылығымен, орнықты мінезқұлқымен көзге түседі. Сыныпқа жаңа келген Бердібек бізбен тез тіл табысып кетті. Алғашқы кезден бастап-ақ өзінің ұйымдастырушылық, жетекшілік қабілетін көрсетті. Сабаққа да, басқа қоғамдық жұмыстарға да алғыр болатын.

Бердібектің спортқа бейімділігі біздің мектепте спорттың жандануына септігін тигізді. Аудандық пәндік олимпиадаға қатысып, орын алған алғашқы оқушы да Бердібек болды. «Оның алға қойған мақсатына жету ұмтылысы мен қайсарлығы, өжеттілігі басқаларға да үлгі болды», – деген сол жылдардағы сыныптасы Бақыт Нұртазаевтың осы бір айтқанынан біраз жайды аңғаруға болар еді. Ауылдың орта мектебін бітіргеннен кейін, яғни 1969 жылы өз өмір жолын кеңшар жұмысшысы болып бастады да, одан кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін атқарып шықты. Жастайынан еңбектің дәмін татумен бірге, әскери борышын да атқара білген жас жігіт Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, оны 1977 жылы экономист мамандығы бойынша бітіреді. Сол институтта алған мамандығы бойынша өзінің өмірдегі орнын іздеп жолға шыққан Бердібек Мәшбекұлының өмір сапары оңынан құрала бастады. Әуелі мемлекеттік еңбек жинақ кассасы республикалық басқармасында экономист, көп ұзамай, Қазақ КСР-і Қаржы министрлігінде экономист, аға экономист, жетекші экономист, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Қаржы министрлігінде 1988 жылға дейін қызмет атқарған ол 1988-1994 жылдар аралығында білім министрлігінің жоспарлау-экономика басқармасының бастығы, білім министрінің орынбасары қызметтерінде болады. 1995 жылдың қыркүйегіне дейін Президент аппараты және Министрлер кабинеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, Министрлер кабинеті іс басқармасының бөлім меңгерушісі, Министрлер кабинеті аппаратының басшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Осы жылдары оның ұйымдастырушылық қарымқабілеті мен экономикалық білімі, нарық экономикасына тез бейімделуі, оны жетік меңгере білгендігі жарқырап көріне бастап еді. Бұл тұста тәуелсіз Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтудің барлық қиыншылықтарын өткеріп жатқан кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жас кадрларға сенім артып, оларды министрлік басшылығы мен аймақ әкімдігіне тағайындай бастаған болатын. Солардың қатарында экономикалық біліктілігі жоғары маман ретінде танылған Бердібек Сапарбаев та бар еді. Президенттің 1995 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл мемлекет басшысының Сапарбаевқа артқан алғашқы сенімі болатын. Бұл кез өңір экономикасының құлдырауы одан әрі жалғасып, Қызылордадағы целлюлоза-картон, тәжірибе жөндеу механикалық зауыттары, аяқкиім, тоқылмайтын материалдар фабрикалары және тағы басқалар жарым-жартылай жұмыс істеді немесе тоқтап тұрды. Кәсіпорындардың жұмысы нарықтың қысымына шыдас бере алмады. Олар шикізаттардың жоқтығынан немесе өз өнімдерін өткізетін рынок таба алмай тоқтады, еңбек ұжымдарының мүшелері ақысыз демалысқа жіберілді. Кезек күттірмейтін мәселелердің бірі облыс ауыл шаруашылығының жағдайы еді.

Өйткені ауыл шаруашылығында да күрделі жағдай қалыптасқан еді. Астық, соның ішінде, Сыр маржаны – күріш те кем жинала бастағандығы алаңдатарлық жағдай болатын. Қалыптасқан аса ауыр қиын жағдайдан шығу үшін облыс әкімі Б.Сапарбаев шұғыл шараларды жүзеге асыруды қолға алды. 1996- 1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі бағдарлама жасалып, қабылданды. Макроэкономикалық салалардағы қол жеткен нәтижелерді тұрақтандыру және құрылымдықинституттық қайта құруларды қамтамасыз ету, өндірістің құлдырауын тоқтатып, одан кейін экономиканы, осының негізінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді қамтамасыз ету міндеттері алға қойылды. Облысты дамытудың орта мерзімді бағдарламасына сәйкес реформаны тереңдету жұмыстары жеделдетілді. Атап айтқанда, меншік қатынастарын жаңарту, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуын тездету, бәсекелестік ортаны құру, нарықтық инфрақұрылымдарды қалыптастыру, тауар өндірушілердің әлемдік нарық жағдайына бейімделуіне жәрдемдесу, басым бағыттағы өндірістің дамуы мен шетел капиталының енуінің жаңа үлгілері мен жолдарын іздестіру қолға алынды. Жасалған іс-шаралар көп ұзамай-ақ өз нәтижелерін бере бастады. 1996 жылы инфляцияның деңгейі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендеді, өнеркәсіп өнімінің көлемі 41,6 пайызға артты. Бұл Сапарбаевтың алғашқы жеңісі болатын! Ел күні бүгінге шейін Бердібек Сапарбаевтың мына бір жеңісін де айтумен келеді. 1997 жылы Семей, Көкшетау, Жезқазған, Талдықорған және Торғай облыстары бірінен соң бірі таратылып жатқан тұста, мұндай күйді Қызылорда облысы да бастан кешуі керек еді. Алайда облыс әкімі Б.Сапарбаевтың Қызылорданың табиғи ресурстары мен басқа да әлеуетін экономикалық талдаудан өткізіп, бұл облыстың қаржы сұрайтын өңірден республикалық бюджетке қаржы құятынын дәлелдей біліп, сақтап қала алады. Өңірді өркендетудің барлық амалдары қарастырылды. Қызылордаға арнайы экономикалық аймақ мәртебесін берумен айналысты. Бұл да тегін емес еді.

Кеңестік заманның экономикасы негізінде білім алған Б.Сапарбаев нарық экономикасына тез бейімделген және едәуір меңгерген мамандардың қатарынан орын алады. Батыстың танымал экономистері Ф.Хайектің, Д.Кейнстің, Л.Эрхардтың және тағы басқаларының еңбектерімен танысқан Б.Сапарбаев олардың ұсынған нұсқаулары мен теорияларын жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға жаңадан өтіп жатқан өзіндік ерекшелігі бар екендігін ұғындырумен болды. Осы батыс экономистерінің тұжырымдарын Қазақстанға абайлап енгізді. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескере отырып қолданды. 1996 жылы жарық көрген «Арнайы экономикалық аймақтар. Құру тәжірибесі». («Специальные экономические зоны. Опыт создания») деген кітабында Б.Сапарбаев арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі уақытта әлемдік шаруашылықтың ажырағысыз элементтерінің біріне айналғандығын айта отырып, «экономикалық аймақ» терминіне түсінік береді. Арнайы экономикалық аймақ, біріншіден, мемлекеттің экономикалық үдеріске араласуының едәуір шектелуінен, екіншіден, арнайы жеңілдіктер мен ынталандыру жүйелерінің қолданылуымен сипатталады.

Сыр елінің географиялық орналасуы мен Оңтүстік Торғай бассейніндегі және Арал маңындағы болжанған мұнай мен газ қорын және Қаратау жотасының аяқталар тұсындағы қорғасын мен мырыштың және уранның мол қорын есепке алған ғалым-әкім Қызылорда облысында арнайы экономикалық аймақ құрудың тиімділігін дәлелдеп, 1996 жылы қарашада Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуына қол жеткізді. Қазақстан Үкіметінің құрамында Б. Сапарбаев Жапонияға ресми сапармен барған кезінде, Арал теңізі аймағындағы мұнай-газ қорын игеру, ауыз су тазалағыштарын орнату, ирригациялық құрылыстар салу және бұрынғыларын қалпына келтіру сияқты күрделі жұмыстар атқарудың алғы шарттары жасалынды. Өңірдегі мұнай-газ саласын дамытудың қауырт істері қолға алынды. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет алдына дәлелді ұсыныстар қойылды. Қазақстан Үкіметі де әкім Сапарбаевтың батыл ойлары мен іскер қадамын мақұлдап, қолдап отырды. Сөйтіп Сапарбаевтың Сыр өңіріндегі әкімдік қызметінің негізгі мақсаты – шетелдік инвесторларды тарту арқылы бірнеше жылдан бергі жинақталып қалған облыс кәсіпорындары ұжымдарының жалақы қарыздарын өтеу, мұнай кәсіпшілігін өз қолына ұстайтын жергілікті мамандарды даярлау, өндіріс өнімін ұлғайтудан облыс бюджетіне түсетін қаржыны көбейту, Қызылорда қаласына ілеспе газ әкелу, оны іске жарату болса, осының біразы ойдағыдай жүзеге асырылды. Әкімнің алдына қойған мақсаты мен құрған есебі дұрыс шықты. Бердібек Сапарбаев 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Сөйтіп Сыр өңірін өрге сүйреп, дәулетін арттырған Бердібекке екінші рет сенім артылды. Бұл кезде Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен аудан орталықтарын электр қуатымен және газбен қамтамасыз етуде күрделі жағдай қалыптасқан еді.

Газдың іркіліспен берілуінен, жарықтың болмауынан қаланың көп қабатты үйлерінің тұрғындары пәтерлерге пеш орнатқан, оған шамасы келмегендер тамақтарын сыртта от жағып дайындауға мәжбүр болған. Аталған қалалардағы өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздық көбейген. Ауыл шаруасының да түйткілді мәселелері халықтың жан бағысына ауыр тие бастаған екен. «Сырттан келген сары бала» не тындырар дейсің дегендер де болмай қалмады. Өзінің кісілігімен де, экономикалық біліктілігімен де танылған Бердібек Сапарбаев билік тарапынан да қандай бір ағаттыққа ұрынбауға, сөйтіп, «күш қолданбау үшін және қарсылық білдіретіндерді жеңу үшін жай ғана күшті екендігіңді білдіріп қой» қағидасын ұстана білді. Елдің сеніміне ие болды. Мемлекет басшысының облыс әкімдігі алдына қойған тапсырмалары толық орындалды. 2002 жылы тамыз айында оңтүстіктің халқы Бердібек Мәшбекұлын жаңа қызметіне алғыс айта отырып, шығарып салды. Бердібек Сапарбаев 2002 жылдың тамыз айынан 2009 жылдың наурыз айына дейін Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, қаржы вице-министрі – Кедендік бақылау комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьерминистрі кеңсесі басшысының орынбасары – Үкіметтің Парламенттегі өкілі, экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымдық қызметтерінде болып, бұл лауазымдық қызметтерде де сенімінен шыға білді. Қай өңірде, қай салада еңбек етсе де ел сенімін ақтай білген Бердібек Сапарбаев енді Шығысқа жіберілді.

Әкім Бердібек Сапарбаевты Шығыс өңірі бұрын-соңды болып көрмеген қаһарлы қысы, қалың қары, көктемгі су тасқынымен қарсы алған еді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен бірге, Алтайдың қатты суығы мен қалың қары да төтенше мәселеге айналды. Дәл мұндай қатты қысты көрмегендер «Арктиканың аязы Алтайға бауыр басып алды» дегенді де айтып жүрді. Үш-төрт ай бойы үзіліссіз жауған қалың қар, үскірік аяз, күре жолдардың қар басып, ұзақ уақыт жабылып қалуы, онан соң күннің күрт жылынуынан және екі тәулік бойы жауған жаңбырдан соң бірнеше елді мекенді су басып кетті. Баспанасыз қалған, дүние-мүлікінен, малынан айрылған халықтың жағдайы әбігерге салды. Бірақ облыс әкімі қамсыз отырмады, қауіптің алдын алу шаралары ұйымдастырылды, қар құрсауындағы аудандарды аралады. Тиісті тапсырмалар берілді, республикадан, басқа өңірлерден қар тазалайтын және тағы басқа да техникалар, ұшақтар жеткізілді. Тасқынға тосқын қойылды. Б.Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан облысындағы әкімдік қызметінің алғашқы жылы төтенше жағдайға дөп келсе де, ол табысты аяқталды. Облыс халқы өздерінің әкімі туралы тек жақсы сөздері мен жақсы лебіздерін ғана айтады. Оны қазақ үшін, елі үшін ұлтқа жаны ашитын тұлға деп таныды. Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Шығыс Қазақстанда өткізілген «Туған ел – алтын бесігім» және «Туған елге тағзым» акциялары да ел жадында қалатын елеулі оқиғалар қатарына енді. Осы өңірден шыққан өнер майталмандары, ақындар мен жазушылар, ғалымдар, оқымыстылар ата мекендеріне келді. Сағынышын басты. Туған ел өздерінен шыққан тұлғалармен дидарласты.

Солармен мақтанды, оларды құрметтеді өзара пікір алмасты. Шығармашылықтарынан нәр алды, қала мен ауылдағылар арасындағы байланыстың жаңа көпірі жасалды. 2015 жылы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалып, осы облысты төрт жылға жуық басқарды. Осы жылдары Ақтөбе облысының әлеуметтікэкономикалық дамуы республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Бұл да Бекеңнің тынымсыз адал еңбегін көрсетеді. 2019 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдары атаулы әлеуметтік көмекке, еңбек дауына байланысты елде үлкен мәселелер туындаған болатын. Осы қордаланған мәселелерді оңтайлы шешудің басы-қасында Бердібек Мәшбекұлы жүрді. 2020 жылы ақпан айында Жамбыл облысындағы Қордай қақтығысы орын алғанда осы облысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Б.Сапарбаевты Жамбыл облысының әкімі етіп жіберді. Жамбыл облысында ел дамуының аса бір күрделі кезеңінде әкім болуы Бекеңнің табиғи дарын қабілетін жаңа бір қырынан ашты деуімізге толық болады. Бердібек Сапарбаев туған елі мен жерінің гүлденіп өсуіне қырық жылға жуық өмірін арнады. Оның ішінде бес облыстың әкімі, министр, Премьер-министрдің орынбасары сияқты үлкен лауазымда. Тәуелсіз Қазақстан тарихында қатарынан бес облысты басқарған әкімдер болған жоқ. Мұндай саяси өміршеңдіктің сыры неде? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын болар.

Бердібек Сапарбаев – қызметке берілген, еңбекқор, қай тапсырманы да аяқсыз қалдырмайтын табанды, қай мәселені де жеті рет ойлап, бір рет кесетін сабырлы, арнамысты жоғары ұстайтын, адал да парасатты азамат. Ол сан салалы шаруашылықтың майлықсулығына жете қанық, арқасына қанша жүк артсаң да, арымайтын аршынды қара нар екенін Тұңғыш Президент те, қазіргі Президентіміз де танып-білді. Сондықтан да ұлттық ауқымда ой толғап, халқына жаны ашитын, қажырлы азамат екеніне көздері жетіп, қызмет бабында өсуіне себепші болды. Үлкенге қызмет, кішіге ізет, жақсылығын көргенге жамандық жасамауға тырысушылық – Б.Сапарбаевтың кісілік болмысы. Сол мінезінен Бекең кешегі бір «тырнақ астынан кір іздеген» жылы да еш айныған жоқ. Ардақты ұстазы, әріптесі жөнінде бір ауыз артық сөз тісінен шыққан емес. Бұл да ел бола білу мен соған лайық ер бола білуді көздейтін адамдар үшін есте тұтар өнеге. Бекең қызметтен кеткен соң да дегдарлық қасиетін жоғалтқан жоқ. Ел үшін еткен ұзақ жылғы жемісті еңбегін бір сәтте ұмытып, көз түрткіге айналдыратын кесапатқа киліккен емес. Мен білетін Бердібек аға ешқашан «мынаны бітірдім … осыны тындырдым» деп мақтанбайды. Ешкімнен атақ, мадақ дәметпейді. Табиғатынан қарапайым, кеңқолтық, көнбіс, қиындықтан бойын тартпайтын, жүрегі таза жан. Өзінен кейінгі әріптестеріне қиындықты жеңе білуді, жеке жүріп шаруа тындыруды үйретті. Бейнеттің нағыз бәйгеторысы бола білді.

Бердібек Сапарбаев әлеуметтік ахуалдың ауыспалы кезеңінде кездеспей қоймайтын ағаттықтарынан арылып, түбегейлі сауығуының жолы мемлекеттілікті нығайтып, тәуелсіздікті орнықтыру, билік пен қоғамның арасын жымдастыру, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін биіктете беру деп ұқты. Осыған орай ұстаным құрып, ұсыныстар жасады. Соның арқасында оның билікке де, қауымға да сөзі бірдей өтті. Президенттен бастап барша отандастарына бірдей беделді. Мұндай азаматтық ахуал Абырой деп аталады. Жетпістің жиегіне шығып жатқан жасыңыз құтты болсын, көрер қызығыңыз бен жақсылығыңыз көбее берсін, Абыройлы, Абзал аға!

Мұрат Бақтиярұлы, саяси ғылымдар докторы, профессор

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?