Кітап оқу – кемелдіктің бастауы. Оқуға ұмтылыс, рухани қазынаның кемеліне жетуі әр азаматтың парасатын айқындай түседі. Әрі рухани байлықпен дос болу мамандық таңдап, талғамайды. Тек ақын-жазушы, журналист қана көркем әдебиет оқуы керек деген қасаң қағиданы бұзып жүрген оқырман қауым аз емес.
Бүгін, яғни 10 тамыз — ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күні. Жер-жерде атаулы күнге орайластырып түрлі әдеби-рухани кештер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндай игі істен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де сырт қалмайтыны белгілі. Жыл сайын Түркістан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері де ұлы ақынның рухына тағзым етеді. Әдебиетке жаны құштар қызметкердің бірі Түркістан облысы, Сауран аудандық полиция бөлімінде еңбек етеді. Хәкім Абайдың туған күні қарсаңында ақынның шығармашылығын тереңдей білетін Тойсұлу Мұратқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ішкі істер саласында еңбек ету ең алдымен тәртіпті, жауапкершілікті талап ететіні белгілі.
– Сауран аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс атқарамын. Бұл мамандықты өзім қалап келгендіктен де ешқашан жұмысыма қатысты шағым айтқан емеспін. 2021 жылдан бері ішкі істер органында қызмет атқарып келемін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандыққа барынша адал болуға, елге еңбек етуге күшімді саламын. Полиция қызметкері азаматтардың қай кезде де, қандай жағдайда да қорғаны, панасы. Осы абыройлы қызметімізді зор жауапкершілікпен атқаруға барымызды салып келеміз.
Дұрыс айтасыз, бізде көбіне кеңседегі қызметкерлер секілді таңғы 08:00-де жұмыс орныңнан табылып, кешкі сағат 18:00-де үйіңе қайтатын кесте жоқ. Оқыс оқиға кез келген уақытта орнауы мүмкін. Қандай қиын жағдай болса да, басын қатерге тігіп, антына адалдық танытады. Халыққа алғашқы құқықтық көмекті көрсететін де полиция қызметкерлері екені белгілі. Сондықтан да азаматтардың қорғаны болғанымызды мақтан тұтамыз.
– Әдебиетке құштарлықты сұрамас бұрын, алдымен ішкі істер саласын таңдауыңызға не себеп болғанын білсек?
– Ішкі істер саласының қызметкері болуыма бірден бір себепкер ата-анам десем, қателеспеймін. Өйткені біздің отбасындағы бала тәрбиесінде ата-анамыз әр баласының келешекте қандай мамандық иесі боларын ерте кезден біліп, соған сайы бейімдеп өсірді. Әрине, ең бірінші бізден тек шындықты айтуға, берген уәдеңді жұтпай орындауға, жүктелген тапсырманы да уақытында жүзеге асыруға үйретті. Еркін өсірсе де тәртіпке бағынуды қатаң талап етті. Қандай жағдай болмасын тек ақиқатты айтып, өтірікке үйір болмауға баулыды. Сізге бір қызықты мысал айтайын, менің алғашқы мамандығым педагогика саласы. Тарих пәнінің мұғалімі деген мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдадым. Бірақ бала күнімнен форма киюді, полиция қызметкері болуды қалағандікі ме, бәрібір тартып тұрды. Форма киген әйел затын көрсем бұл мамандыққа деген қызығушылығым одан бетер асқақтай түсетін. Неге мен де осы салада өз мүмкіндігімді сынап көрмеске деген арман жетелеп әкелді.
– Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Сауран ауданында полиция қызметкері болып еңбек етіп келесіз. Халыққа қалтқысыз қызмет етумен қатар, Ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды екенсіз. Әдебиетке қалай құмартып жүрсіз, бала күніңізден кітап оқуға ынтаңыз артты ма?
– Әдебиетке құштарлығым мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жоғары болды. Тарих пәніне қоса, қазақ әдебиетін жақсы оқыдым. Қазақ ақын-жазушыларының еңбектерінен басқа әлем классиктерінің де кітабы қолға тисе, оқып тауысқанша тыным таппайтын едім. Ақын Абайдың өлеңдерін, қарасэ сөздерін мектеп қабырғасынан жаттап өстік. Сенсеңіз, әдебиетке жақындығым маған журналистика саласында да өріс ашты. Университеттің 2-курсында оқып жүргенде облыстық телеарнадан жүргізушілік қызметке шақырды. Екі жылдан аса эфир жүргізгенде де әдеби кітаптарды оқуға көбірек уақыт бөлдім. Өйткені сөз саптауыңа, дұрыс мәтін құрауға, ойыңды нық, анық жеткізуіңе кітап оқудың тигізер пайдасы орасан зор.
– Өлеңді кез келген адам жатқа айтып, мәнерлеп оқу үшін де шеберлік керек қой.
– Ата-анамыздың да сөзді орнымен қолданып, орынсыз жерде килікпейтін қасиеті бізге де дарыған шығар деп пайымдаймын. Өлеңді тек жаттап алу үшін ғана оқығаннан зердеңе ештеңе қонбайды. Оның астарына үңіліп, ақын қаламынан туған отты жырлары нені меңзеп, қандай ой айтқысы келгенін пайымдау маңызды. Әр өлеңнің, әңгіменің, повестің болсын өзіңе ой түйер, сабақ алар мәні, мағынасы болады. Тереңіне бойлай білгенде ғана түйсінесің. Өлеңді тек сұлу сөйлеп, жұрт алдында көсем боп көріну үшін жаттау керек дегенді қолдайтындар да бар. Бірақ менің табиғатым мүлде басқа нәрсені қалайды. Кітап оқығанда мен өзімді дамыту үшін, таным-түсінігімді кеңейту мақсатында уақытымды сарп етемін.
– Ақын шығармашылығымен сырласқанда қандай ой түйесіз?
– Ақынның 45 қарасөзін де, жалынды жырларын, өршіл өлеңдерін де мектеп кезінде оқып, көпшілігін жаттадық, әлі күнге дейін жадымда жаттаулы. Ақынның қай шығармасын оқысаңыз да бүгінгі қоғам бейнесін көз алдыңызға әкеледі. Ол сонысымен де өміршең, осындай шынайылығымен де жасампаз деп білемін. Ұлы ақынның мұралары толыққанды зерттеліп, бірізге түсіп қатталды деп айта алмаймыз. Абайтанушылардың жыл сайын түрлі құнды еңбектері жарыққа шығып, қалың жұртшылыққа таратылып келеді. Ақын өлеңдерін оқығанда ең алдымен адам болып қалыптасу керек екенін, қандай сын сағаты соққанда да адамды ең алдымен өзінің үш-ақ нәрсесі «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі» құтқаратынын пайымдаймын.
– Жұмысыңыздың қауырт, жауапкершілігі жоғары екенін білеміз, шаршағанда ой тынықтыру үшін кітап оқисыз ба? Қазір жастардың кітап оқуға деген құлшынысы аға буынмен салыстырғанда жер мен көктей. Рас, бұған бүгінгі технология дамыған қоғамның заманның ығына қарай икемделгенін де себеп ететіндер бар. Телефонға телміріп, ғаламтордан ажырамайтын жастардың көркем әдебиет оқу ісінде ақсап тұрғаны жасырын емес. Дегенмен де ауызды қу шөппен сүрте берген болмас. Кітапты рухани досына, жан серігіне айналдырған жандар да аз емес.
– Кітап оқуға әр адам уақыт таба алады деп ойлаймын, тек ниет болса болғаны. Оқушы шағымызда Абай оқуларына қатысып, өлеңдерін жатқа айттық, кейін ақын жырларын оқи отырып бейнероликтер түсіріп те әлеуметтік желіде жүктедім. Бертін келе Ішкі істер саласында жұмыс істегенде уақыттың тығыздығы себепті бұдан біраз қол үзіп қалдым. Бірақ ақын шығармашылығына деген құштарлығым артпаса кеміген емес.
– Әдеби, мәдени іс-шараларға да жиі қатысатын шығарсыз?
– Әрине, Түркістан облысы Полиция департаментінің тарапынан өткізілетін түрлі іс-шараларға белсенді түрде қатысып, мәдени, әдеби конкурстарда бағымызды сынаймыз. Түрлі байқаулардан жүлдесіз қайтқан емеспін. Мұның барлығы да сол бала күнімізден әдебиетке, өнерге жақындығымыздың септігі деп білемін. Алдағы күндері де түрлі конкурстарға қатысуға шақырту келсе, міндетті түрде бағымды сынаймын.
Сұхбатты жазып алған Қуан Көшек
Суреттер: Тойсұлу Мұратқызының жеке архивінен