Әлеуметтік «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бақыт Түменова таныстыруды қажет етпейді. Дегенмен айта кетейік:
Отыз жыл дәрігер болып жұмыс істеген.
Кез келген мәселеге қатысты ой-пікірін ашық айтатын қоғам қайраткері.
Әлеуметтік көмекке зәру жандардың қолдаушысы.
Біз қоғам белсендісінің қазіргі ахуалға қатысты пікірін білгіміз келді.
Jas qazaq: Бақыт Ниязбекқызы, әшейінде «Денсаулық – басты байлық» деп ұрандатамыз. Осы сөздің қадірін түсініп жүрміз бе?
Б.Түменова: Әлемді жайлап, жан-жағын жалмаған коронавирустың кеңінен таралуы еліміздегі көп адамның денсаулығына әсерін тигізгені анық. Тіпті бүкіл әлем, қарқынды дамыған мемлекеттердің өзі бұл індеттің алдын алуда әлсіздік танытты. Қаншама мемлекет зардап шекті, қаншама адам осы індеттен көз жұмды, жұқтырғандары қаншама. Әрине, осыдан кейін біз адамның басты байлығы – денсаулық екенін түсіндік. Бастапқыда жасы келген адамдардан айрылсақ, одан кейін елудегі, қырықтағы, одан да жас азаматтарымыздан айрылдық. Шынтуайтына келгенде, 60-70 жастағы адамдардың ешқайсысы өмірімен қоштасқысы келмейді. Керісінше, өмірге деген құштарлығы артады. Өйткені адамның жаны бәрінен тәтті. Әр адам өз денсаулығын сақтауға және ғұмырын ұзартуға жауапты. Осы кезге дейін біз «Денсаулық – зор байлық» екенін терең түсінбедік деп ойлаймын. Өйткені дәрігерлердің жай ғана «бетперде тағыңыз» деген ескертуін де бастапқыда елемегендер бар. Ара қашықтық сақталмады. Індеттің шарықтап тұрған шағында да той жасап, көп адам жинағандар болды. Жерлеуге де көп адам жиналмау керек дегенді ескермедік. Елімізде вирус дендегенде ғана жұрт оқшауланудың маңызын түсінді.
Мұндай пандемия кезінде тек медицина қызметкерлерін айыптай беру дұрыс емес. Белгілі бір тәртіпке бағыну мәдениеті бізде қалыптаспаған. Мұндай мәдениет корей елінде, жапон елінде бар. Ал бізде бұл мәдениет пандемия кезінде болған жоқ. Дәл осы мәдениеттің маңызды екенін халқымыз түсінуі керек. Жоғарыда атап өткенімдей, жасы келгендердің барлығы өмір сүргісі келеді. Егер адам салауатты өмір салтын ұстанса, 120 жасқа дейін өмір сүруге мүмкіндігі бар. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырғанымыз жөн. Өйткені адам денсаулығының 10 пайызы ғана денсаулық сақтау құрылымына байланысты. Әр адам денсаулығына өзі жауапты. Денсаулық – өмір салтына, қоршаған ортаға да байланысты. Өз денсаулығыңа қаншалықты жауаптысың, қандай өмір салтын ұстанасың, осыған байланысты.
Jas qazaq: Сіздіңше, індет өршіген кезде дәрі-дәрмек тапшылығы мен дәріханалардағы ұзын-сонар кезектің туындауына не себеп?
Б.Түменова: Біздің сұхбатымыз Ұлы Абайдың туған күнімен тұспа-тұс келген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай айтқан бес нәрседен әлі де арыла алмадық» деді. Пандемия кезіндегі дәрі-дәрмектің тапшылығын, Абай айтқан бес нәрсемен салыстырар едім. Соның бірі – пайдакүнемдік. Көл-көсір мақтаншақтық. Бір нәрседен пайда тауып қалу. Өзіңді өзгелерге керемет етіп көрсету. Тіпті кейбір дәстүрлеріміздің өзін өзгертіп, заманға қарай бейімдеп жақсартуымыз керек. Біз қонақжай халықпыз деп мақтанамыз. Шынымен де қонақжаймыз. Қонақ десе барымызды аямаймыз. Бірақ дәл қазір біз жаңа ғасырдың адамдарымыз. Әрбір нәрсенің өзінің орны, уақыты бар. Біз ата-баба қалдырған салт-дәстүрден де мықты болуымыз керек. Дәстүрлерді өзгертіп, кейбірінен бас тартуымыз керек. Бастапқыда біз не істедік? Жұқтырғандар саны 3500-ге дейін барады деген болжам жасалды. Ауруханадағы орындар да соған қарай жоспарланды. Біз наурыз айында карантин жарияладық. Жайбарақат жүрдік. Ал карантин алпауыт Қытай елінде қараша-желтоқсан айынан бастап жарияланды. Темірдей тәртіппен олар індетті тоқтата алды. Ал біз ше? Пандемияға жеңіл қараған сияқтымыз. Өз күшімізге жоғары баға беріп қойғандаймыз. Өзіміздің дайындығымызды, мүмкіндіктерімізді жоғары бағаладық. Қарапайым арақашықтық сақтау дәстүрін де есепке алмадық. Бұл жерде билік тарапынан айтылған ескертулерге сенбегендер болды. Сондай-ақ дәрі-дәрмектің шарықтап кетуіне жемқорлықтың да әсері бар. Біз әлем бойынша жемқорлық дендеген елдердің қатарындамыз. Тек қана денсаулық сақтау саласында ғана жемқорлық бар деу қате. Бізде жемқорлық барлық салада бар. Халық дәрі-дәрмекке мұқтаж кезде, қымбатқа сатып, қолдан тапшылық жасауды ең қорқынышты нәрсе дер едім. Әсіресе, халықта ақша жоқ кезде. Бұл аштықтан өліп бара жатқан адамға бір түйір нан бермегенмен тең. Жасырын қойманың табылуы да үлкен мәселе. Мұны жасаған адамдар жазасыз қалмауы тиіс.
Қазір жұқпалы ауруды жеңген сияқтымыз. Өзіңіз білесіз, екпе егуге қарсы шыққандар көбейді. Ал дәл қазір коронавирусқа қарсы вакцинаны күтіп отырғандар қаншама. Екпенің маңызын, алдын алу шараларының тиімділігін қазір адамдар түсінді.
Jas qazaq: Әлемді шарпыған коронавирустан қандай сабақ алуымыз керек?
Б.Түменова: Айналамызда болып жатқан вирустың таралуын соғыспен теңестірер едім. Өйткені бір жағымызда бактерия, бір жағымызда әлем тұр. Біз бұған дейін оба, шешек сияқты індеттерді жеңгенбіз. Ал қазіргі вирус ертеңгі күні алдымыздан тағы да осындай тажалдың таралуы мүмкін екенін көрсетті. Қоршаған ортаға, экологияға жауапты екенімізді айқындады. Бұл індет еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігін ғана емес, басқа да жауапты жүйелеріміздің әлсіздігін көрсетті. Мәселен, әлеуметтік қорғау саласында. Бұл салаға да өзгеріс керек. Біз ауырсақ, оған жауапты денсаулық сақтау саласы дейміз. Егер Алматыда жер сілкінісі болса, оған кім жауапты? Әрине, төтенше жағдайлар қызметі жауапты. Бізде мынадай бір жағдай бар. Пәтер немесе кеңседе архитектура жағынан өзгерту жасалса, айыппұл салынады. Айыппұл салғаннан гөрі неге рақымшылық бермеске. Белгілі бір уақыт аралығында сараптама жүргізілсе. Еліміздегі тағы бір мәселенің бірі – екінші деңгейлі банктің қызметі. Олардағы несие пайызының жоғары болуы. Неге біздің банктер халықтың қалтасына қарай ойластырылмайды? Неге халыққа жақын болмайды? Бізге коронавирус нені көрсетті? Денсаулық сақтау саласының әлсіздігін дедік. Біз тек бұл саланы ғана емес, басқа салаларды да айтуымыз керек. Осындай жағдайға денсаулықтан басқа салалар дайын ба? Дайын болса қаншалықты? Осының барлығы ескерілуі керек. Билік халықпен бірге шешуі керек. Егер де біз Абай айтқан бес нәрсені ескергенімізде, мүмкін басқаша болар ма еді!
Jas qazaq: Өзіңіз басшылық етіп отырған «Аман-саулық» қоғамдық қоры да індетке қарсы күреске өз үлесін қосқан болар?
Б.Түменова: «Аман-саулық» қоры 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шынтуайтына келгенде, біз 13 жылдан бері тек халықаралық жобалармен жұмыс істейміз. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынатын жобалар дәл қазір өзекті емес. Халықаралық Сорос қорының жобасын алғаш ұтып алған біздің қор. Пандемия басталған кезде біз коронавирустың алдын алу жағдайы бойынша халықаралық жобаның грантын ұтып алдық. Сол жоба бойынша арнайы бағыттармен жұмыс істедік. Елімізде азаптауға қарсы коалициямен айналысатын 40-тан астам ұйым бар. Осы ұйымдарда әртүрлі бағыт бойынша жұмыс істейтін заңгерлер бар. Біз еліміз бойынша осы қызметкерлерді қорғаныш заттарымен қамтамасыз еттік. Өзіміз жұмыс істейтін мекемеде де әртүрлі сала бойынша жұмыс істейтін 20-дан астам ұйымдар бар. Олардың да барлығын жеке гигиеналық заттармен қамтыдық.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Мақпал Ноғайбаева