Ақтөбеде мал қырылып жатыр

30 наурыз 2016, 15:46

Ақтөбенің іргесінде, бұрынғы Мағаджан ауылы, Екінші ферма аталып кеткен жерде бір апта бұрын 20 қой аштан өлді. Сол маңдағы шаруа қожалықтарының жылқыларының қабырғалары ырсиып тұр. Бізге қоңырау шалған қожалық иелерінің бірі Мұхит Әлжанов бүгінде Көктоғай деп аталып кеткен жерде мал шаруашылығын қолға ала бастағанын, көршілері қарызға жем-шөп сұрап жатқанын айтып берді.

Жас шаруа негізгі тас жол мен ауылға дейінгі аралықта қалың қардан көлікпен қатынаудың мүмкін еместігін жеткізді. Бұл – санаулы күн бұрын болған әңгіме.

— Жалпы алғанда облыс орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан ауылда мал бағамыз. Тек жеңіл көлікпен тәуекел етіп, ауылға тартып кетеміз. Тығыздалып қалған қардың үстімен ептеп жүріп өтеміз. Ал, жем-шөп жеткізейік десек, үлкен көліктер өте алмайды. Халықтың қолында ақшасы бар, бірақ сол бар ақшаға жем-шөп алу мүмкін болмай тұр. Мал өле бастады, — дейді ол.
Мұхиттың көршісі Әділ есімді шаруаның 20 қойы тұрмай қалды. Қар астында қалған жануарларды иттер талап, олардан ауысқаны шұңқырға көміліпті.

IMG-20160326-WA0024

— Бұл жақта ірі, ұсақ малды қыстыгүні қорада ұстағанымен, жылқы малы қарды теуіп, шөбін тауып жейтін. Биыл олай болмай тұр. Егер жер қарасы он күннің ішінде кеуіп болмаса, малымыз аштан қырылуы мүмкін, — деп дабыл қағады Мұхит есімді шаруа.
Ауылға апаратын жолдың жоқтығы, дұрысы күн райынан көліктердің қатынай алмауы бірнеше қожалықты алаңдатып отырғаны өз алдына, ертең күн тез жылып, қар суы жылғалап аққанда, нағыз қиын сәт туындауы мүмкіндігі мазалайды.
Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдар біресе қатты бораннан, бірде, қар аралас жаңбыр салдарынан, ал осы күндері еріген судан күнде жабылып жатыр.

IMG-20160326-WA0020

Аймақта биыл қар көп болды. Өзге өңірлерде жер аяғы кеңіп жатқанда, Ақтөбенің қары бірден ери қоймады. Тек наурыз айында ғана жауын-шашын әдеттегіден 6 есе көп түскен. Облыстағы жолдардың жабылып жатқандығы туралы күніне бірнеше хабарлама келіп жатты.
Қыс бойы қар қалың түсетін ауылдарға қиын болды. Жақынынан айырылғандарын ақтық сапарға шығарып сала алмағандар бар. Азық-түлігі таусылып, жолда қалып қойғандар қарасы аз болмады.
Биыл табиғаттың тосын сыйы автокөліктер түгілі әуе қатынасына да үлкен кедергі болды. Таяуда Елбасы сапарын ұйымдастыруға Астанадан ат арылтып келген меймандар да Ақтөбе әуежайының бірнеше күн ұшақтарды қабылдамауынан біраз шаруаларынан қалды.
Тіпті жоспармен жүретін өнер адамдары Ақтөбеден Астанаға пойызбен қайтуға мәжбүр болды. Қалың қар олардың да жолын бөгеп, пойыздары жол бойында бірнеше сағатқа тұрып қалған кездер болды.

IMG-20160326-WA0019

Дәл осы күндері қаланың басым бөлігінде коммуналдық мекеме көліктері күндіз-түні су сорып жатыр.
Жауын-шашын былтыр қала көшелеріндегі асфальттың да быт-шытын шығарды. Былтыр күзде жаңартылған көшелер бүгінде адам көргісіз. Үгітіліп жатыр. Жол бойында су ағатын арықтар салынып, былтыр керемет болып, жарнамасын жасап, ақпарат құралдары арқылы айқайлап жатқан жергілікті билік. Сөйтсе, ондағы су орнынан қозғалмай тұрады. Не әрі кетпейді, не бері ақпайды. Пайдасы шамалы.
Көлік жүргізушілері автомобильдерінің қайта-қайта істен шығып жатқандарын айтып, облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына мұң-шағымдарын жаудырып жатыр. Өткен жылдары откатының мөлшері 30-40 пайыз болуы мүмкін шенділерге қарапайым халық «отыздық-қырықтық» деген лақап аттар таңған болатын. 30-40-тың жемісін қазір көріп жатқандаймыз.
Қалада жол төсейтін санаулы мекеме болса, оларға ондаған миллиард теңге бөлінуде. Биыл да миллиардтаған қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр.

12814323_941925992523818_7372358237057888013_n

Асқар Ақтілеу

Ақтөбе

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде