Осы бізде аударма ісімен кәсіби аудармашылардан (және тіл мамандарынан) басқаның бәрі айналысуға көшкен секілді. Қайда қарасаңыз да, қатеге жолығасыз. Әсіресе, жарнама мәтіндеріне көзіңіз түссе-ақ, көңіліңіз қоса түсіп, зығырданыңыз қайнап шыға келеді.
baq.kz хабарлағандай, көшеге ілінетін, қандай да бір заттың, бұйымның, тауардың сыртына жазылатын, ғимарат қабырғаларының іші-сыртына жапсырылатын, сол арқылы айналадағы адамдарға әртүрлі ақпарат беретін жарнама мәтіндерін кім дайындайды екен осы? Әлде әр мекеме, әр фирма, әр өндіруші өз күшіне сүйеніп, өз қалауымен жаза бере ме? Солай болғанның өзінде, сол «жазғышбектердің» шимайын қадағалап, қатесі болса қайта жасатып, түзеп отыратын, жарымжан жарнаманың көшеге шығып кетіп, жұрттың жүйкесіне тимеуін бақылап отыратын орын бар шығар?
«Бақылап» демекші, бұл сөзді басқа сөзбен шатастырып қолданып, «Бейнебақылау» («Видеонаблюдение») дегенді «Бейне байқауы» деп жазып қойғандар да бар. Яғни, ол жерде бейнебақылау жүргізілмейді, тек бейне атаулының байқауы («Видеоконкурс») өтеді деген сөз. Күлу керек пе? Қайдам, күлкіміз кеп тұрған жоқ.
Біреу сұйық астың бірі – «айранды» («кефир») адамның сол сусынды қылқылдата жұтар жері – «аранмен» (орысша сыпайылап «рот» десеңіз де, ашуға беріліп «пасть» десеңіз де болады) ауыстырып, «жаңалық» ашып жатса, енді біреу жаңа ұлт жасаумен әуре боп жүр («Дөнген»). Шамасы, ешқашан айран ішіп отырып, Шәмшінің «Дүңген қызы» әнін тыңдамаған байғұстар болса керек.
Енді мына бір тізімге үңілейік: «ғаламтор» дейді, «басып шығару» дейді, сірә, қағазға болар… «ксерокөшірмесі» де түсінікті… тә-әк… ал «сүзіп шығуы» қалай? Е-е, «сканирование» дегеннің қазақшасы екен ғой. Онда «сканер» не болмақшы? «Сиыр» ма? Халықаралық термин болғасын, «сканерлеу» деп, қолдана берсек болмай ма? («Туптеу», «…кағазбен…», «мөтінді…» деген сөздердегі әріп қателеріне тоқталмай-ақ қоялық, ұсақ-түйекке мойын бұруға мұрша жоқ).
Қосалқы бөлшектерді бәріміз де білеміз ғой, бірақ кім олардың түп-тамырын анықтап, шежіресін таратып көрді дейсіз. Білмесеңіз, біліп алыңыз: оларды KAMAZ туған екен.
Орыс ас мәзірінде «Цыпленок табака» деген тағам бар. Кәдімгі темір табада (орысша «сковорода») тұтастай пісірілетін тауық еті ғой. «Цыпленогы» түсінікті, «табакасы» несі» дейсіз бе? Бұл атауды олар грузиндерден алған екен. Грузин тілінде бұл тағам «цицила тапака» деп аталады, сөзбе-сөз аудармасы – «табадағы балапан». Орыстар мағынасына қарамай шала-шарпы естігені бойынша ала берген сияқты. «Тапака» (Кавказдағы кей халықтарда «тапха») – түп-төркіні түркінің (демек, қазақтың) «таба» немесе «табақ» сөзінен алынған грузинше ыдыс атауы.
Ал осы орыстар «Цыпленок табака» дейтін тағамды біздің тауық етін әзірлейтін «Қызылжар-Құс» мекемесі қазақшаға қалай аударады? «Темекі тауық» дейді! Неге? Өйткені, «табак» деп орыстар темекіні айтады. Болды – одан ары ойлану, іздену, анықтау жоқ. «Апыр-ай, бұ тауығы түскірге темекінің қандай қатысы бар? Бұл өзі темекіден езіп жасалатын тауық еті ме, әлде мына қыт-қыттаған бәле қарап жүрмей, қора артына шығып, темекі тарта ма? Сонда не себепті «табака» деді екен?» деп бас қатырсашы. Жоқ.
Әлде «Темекі тауық» деген біз білмейтін басқа тағам бар ма екен? Бәлкім, соны жеп, артынан «аран» ішкен адамның үстіне қаптап қалың жүн шығатын шығар? Әйтпесе қабырғаға мынадай жарнама жапсырылар ма еді: «Уважаемые клиенты! Вяжем на заказ детские вещи из шерсти родителей!». Дәл астында қазақшасы тұр: «Сатывалушылар! Тапсырыспен әке-шешесі жүнінен балаларға киім тоқимыз!».
Күлу керек пе, жылайсыз ба – өзіңіз біліңіз.