Оның сурет өнеріне келуі де, кәсіпке келуі де қызық. Алғашында Қазақ хандығының 550 жылдығына шашу ретінде 55 футболкаға сурет салып таратқан, кейін онысы жақсы бизнеске айналады. Өзінің әлеуметтік суреттері арқылы танымал Аңсаған Мұстафа қоғамдағы түйткілді мәселелерді үнемі тілге тиек етіп жүреді. Осы орайда өз суреттерін сөйлеткен суретшімен осы күнгі елеулі мәселер жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз. Болған әңгімені боямасыз өздеріңізге ұсынып отырмыз!
— Сіздің суреттеріңіз де, жазбаларыңыз да қоғамның кемшін тұсын үнемі сынап жатады. Жалпы сізді ең жиі толғандыратын мәселе қандай?
— Ең жиі толғандыратын мәселе – балаларымның амандығы. Рас айтамын! Уайымдамау үшін елімізде бәрі жақсы болуы керек! Мысалы педофилдер болмауы керек, ұры-қарылар мен коррупция деген жойылып, еркек әйелге қол көтермеуі тиіс. Ол маған не үшін керек десеңіз, қазір соны көріп өскен бала ертең еркек болады, отбасын құрады. Оның семьясына менің балалаларымның да қатысы болуы мүмкін. Ойлаңызшы, оқуға пара беріп түсіп жатқан ақымақтар ертең менің балаларымды емдейді! Құдай сақтасын, соның бәрі мені қатты мазалайды…
— Әлеуметтің желіде осындай тақырыптарды жиі көтеріп жүрсіз. Оның ішінде қыздардың құқын қорғап жүресіз. Олар туралы жазба жазуға қандай да бір оқиға әсер етті ме?
— Әрине, бір нәрсе әсер етеді ғой. Еркектердің ішінде қызды әйел қылып алған соң «Енді менікі. Не істесем де өзім білем!» — дегенді миларына құйып алатындар бар. Солардан қорлық көріп жүрген, оқу оқып үлгермеген қыздарымыз жетерлік. Мен қыздарға: «Күйеуге тигенің жақсы, бірақ әке-шешең сені оқытты-тоқытты. Үлкен адам болсын деп үміттенді. Күйеуің ұрып жатса шыдап жүре бермей полиция шақыр! Олар келіп оны түрмеге әкетеді, сол жерде басқалары оның сазайын тарттырады»-деп айтып жүремін. Ондай сөздерді еркектер жақтырмайды, сондықтан мені жек көреді. Одан кейін, ең бірінші қыз бала да қоғамның бір мүшесі. Біреудің баласы, енді біреудің анасы, сосын барып оның әйелі. Қыздар осыны ұмытпауы керек. Әйел болған соң да өз мамандығы бойынша дами беру тиіс. Декретте отырған уақытында да сол өзінің саласында кітап оқып, кинолар қарап іздене бергенін қалаймын.
Және қыздарға тағы бір айтарым, баланы тек өздерің үшін туасыңдар! Бір баланы бір әйел асырай алады, оған келісемін. Ал екіншісін аяғыңа нық тұрғанда ту, үшіншісін оның да адам болатынына сенімің жеткенде жоспарла. Еркек тастап кетемін десе, бала санына қарамайды! Көп баламен далада қалып, өздеріне қол жұмсағандар баршылық қой, олардың балалары жетім болып қалып жатыр. Міне, соларға обал ғой.
— Біздің оқырмандарымыздан көбіне әйелдер болғасын олардың хаттарының мазмұны, «үйдегі ұрыс-керіс», «күйеудің жайсыздығы» туралы болып келеді. Ұрыс-керістен жапа шегетін тек бала екенін ескерсек… Ондай отбасын ұстап тұруда мән бар ма?
— Ондай жағдайлар болады. Бәлкім ұрыс-керіс, төбелестің арасында бақытсыз болып жүргенше, әрине бөлек тұрған да жақсы болар. Десе де айырыла салу оңай ғой. Отбасын барынша, қолдан келгенше сақтауға тырысу керек, тіпті болмай жатса жарар…
— Осы тұста өзіңіз «Қыздарға жігіт таңдауда абай болу керек» деп айтып жүрсіз. Өзіңіз жарыңызды қалай таңдаған едіңіз? Танысқан кездеріңіз туралы айта кетсеңіз.
— Шынында қазір қыздарға жігіт таңдау қиынырақ. Себебі сектанттар көбейіп кетті. Біздің кезімізде «наркоман болмасын, алқаш болып шықпасын» деген қорқыныш болатын. Ал қазіргі қыздарға тіптен қиын. Мен үнемі қыздарға жігіттеріңді әкелеріңе көрсетіп, таныстырыңдар! Жақсы жігіт болса айтады деймін.
Өзім жолдасыммен 15 жасымда танысқанмын. Біздің ортақ достарымыз бар, солар менде жігіт жоқ, онда қыз жоқ деп уайымдап таныстырды. Күлкілі, иә? Мен 15-темін ол 19-да. Бәріміз бірге кешкісін Алматыда Атакентте кездесіп өлең айтып, дос болып жүретінбіз. Жақсы жігіт болғасын, ұнатып қалдым, ол да мені жақсы көрді. Бірақ маған: «Сен баласың, өскенде мен сені алам» дейтін. Сонда мен намыстанып жылап қалатынмын. Сөйтіп мені 22 ге келгенімде алды ғой (күліп).
— Қазір байқасаңыз, қыздардың «құлап» ғашық болатыны көбейіп кеткен сияқты. Және олар әзер дегенде қаратқан жігіттерін «ұшырып» алмас үшін бәріне дайын. Әсіресе, пәктік мәселесінде олар сақтық жасамайтыны белгілі жайт. Оның алдын алу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз? Қыздарға кеңесіңізді айта кетсеңіз…
— Кеңес айту оңай ғой, ең бастысы сезім болуы керек! Жақсы жігіт болсын, ақшасына қызығып керек емес деп жүремін. Өйткені бірге тапқан ақша жақсырақ. Барлығы тең болуы керек. Себебі ақыл деңгейі бірдей болмаса қиын. Менің құрдастарымның айырылысып кеткені қаншама?! Біреуі түнгі клубта диджей, екіншісі журналист жұп болды. Оларда махаббат болған болар бірақ ортақ әңгіме болмады. Сондықтан «тең-теңімен, тезек қабымен» деген керемет сөз бар ғой.
— Тағы бір мәселе – қыздардың оң босағада отырып, балалы болуы. Сіздің дін мәселесіне де қатты қарайтыныңызда білемін. Солай ашық- шашық жүріп, бұрыс жолға түскеннен, оранып жүрген қыздар артық сияқты емес пе?
— Иә, маған оранып жүрген қыздар ұнамайды. Қазақ қызын олай ешқашан орамаған. Тәрбиелеген, бірақ қыздар еркін болған емес пе? Дұрыс киіну керек, ашық-шашық емес, адам сияқты қалыпты киінсін. Әрбір қызда мақсат болғаны дұрыс. Қыз егер күйеуге тиместен бұрын таза болса, жолдасы оны ешқашан ренжітпейді деп ойлаймын. Және қыздарды соған сендіріп жүрмін.
— Әлеуметтік жазбаларыңызда ер мен әйелдің құқығы бірдей дегенді жиі айтасыз… Ол бұрыннан келе жатқан «Ер адам бір саты жоғары» деген ұғымға қайшы емес пе? Өзіңіз үйдегі азаматыңызды қалай сыйлайсыз?
— Ер мен әйелдің құқығы, әрине, бірдей. Бір үйде бір қыз, бір ұл болса біреуі артық біреуі кем бе? Қолымнан келгенше сыйлаймын ғой, өзінен сұрасайшы (күліп).
— Жарайды, реті келгенде сұрармын (күліп). Қыздар баланы ойланып, өз жағдайына қарап туу керек деп айтып қалдыңыз. Өзіңіздің неше балаңыз бар? Сізде де қандай да бір стратегия бар ма?
— Иә, әрине, өз күшіне ғана сеніп туу керек! Ақшасы болмаса, білімі болмаса, 5 бала туып алғаннан кейін күйеуі тастап кетсе ше? Ол 5 баланы қалай бағады? Үкіметтің беретін тиыны шынына келгенде памперске де жетпейді. Сондықтан қыздар, білімді, еңбекқор, сергек болыңдар! Былжырамай, балаларыңды елден кем қылмай өсіріңдер! Ол үшін, әрине, мықты болуларың керек. Өзімнің қызым мен екі ұлым бар. Аралары 6 жастан, иә тым алшақ, бірақ дайындығым сол болды (күліп).
— Кешіріңізші, бірақ жазбаларыңызда ер адамдарға деген ыза, ашу жатқан сияқты көрінеді. Неліктен?
— Қазақтың баласы, еліміздің ертеңі туған бойда боқ сияқты туалетке түсіп жатқан жағдайлар болды. Өздерің де естіп жүрсіңдер ғой. Сондай кезде оның әкесі сүттен ақ, судан таза болып интернетте сол қыздарды қаралап комментарий жазып отырады, сол дұрыс па? Осы мәселе қынжылтады.
— Өзіңіздің «Ауру» атты шығармаңызда телефонға шұқшиған бір отбасын бейнелейсіз. Бұл қазір барлық үйде бар жағдай шығар… Әлеуметтік желі, түрлі чаттардан қол босамайды… Сіз балаларыңыздың әлеуметтік желіде отыруына рұқсат бересіз бе? Өзіңіз қанша уақытыңызды ғаламторға жұмсайсыз?
— Енді бәріміз интернетте отырып, баламызға отыруға болмайды деген екіжүзділік қой (күліп). Біз не істесек, олар соны қайталайды. Балаларымның сыныптастарымен интернетте чаттары бар, үй жұмыстарын бірге жасайды, араласады, кино, видеолар қарайды. Дегенмен уақытын шектейміз және бөтен кісілермен сөйлеспе деп ескертіп отырамыз.
— Бала тәрбиесінде неге жіті мән бересіз? Өзіңіз айтқандай қарттар үйіне алып барып тастамас үшін не істеу керек?
— Балаларымды күшті тәрбиеледім деп айта алмаймын ғой. Олар әлі кішкентай. Егер ертең қарттар үйінде отырсам, менікі дұрыс болмағаны. Балаларымыз қасымызда жүр, біздің жұмысымызда, бизнесте де не болып жатқанын көріп жүр. Мәселелердің қалай шешіліп жатқанын көріп, біліп жүр, үйде де әңгіменің бәрі ортақ. Олардан бөлектеп басқа әңгіме айтып, өзіміз басқа бірдеме жасамаймыз дегендей ғой…
— Ұлттық дүниелерді насихаттап, түрлі халықтық нақыштағы киімдер шығарып жүрсіз. Бұл кәсіпке келуіңізге не түрткі болды?
— Сайт аштым www.ansa.kz деген. 500 дей сурет бар, бәрі ұлттық нақышта. Біздің дүкенде сіз Қазақстан бойынша жеткізу арқылы, барлық кездерге арналған футболкалардың түпнұсқасын сатып ала аласыз. Бұған келгенім қызық болды. Фейсбукте досым бар, Benedetto Speranza деген. Мен осыдан екі жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап 55 футболкаға сурет салып едім ғой, сол кісі көріп отырып таң қалған. Осы дизайндарды тегін істеп таратып жатырсың ба? Неге олай жасайсың? Біздің елде ондай ештеме жоқ, бәрі сатулы деп үйретті. Сөйтсем ол кісі футболка шығаратын фирмасы бар екен. Менде ақша жоқ, фирма ашатын, арнайы жабдықтар алатын мүмкін емес нәрсе деп түсіндірдім. Ал бұл салған суреттер осындай ұлы тойға шашуым дедім. Сөйтсем, өзінің дүкенін, футболка жасайтын аппараттарын видеобайланыс жасап көрсетті, бағаларын айтты, жолдарын көрсетіп жіберді. Содан былай ойлап қарасам қиын емес болып көрінді де, кірісіп кеттім. Және бізде ұлттық нақышта жасалған киімдер сататын фирмалар өте аз екенін білемін, біреу шығара бастаса зілдей қылып шапан жасап қарап отырады. Сөйтіп футболкалар жасадық, енді ұзын жең кофталарға да кірісіп жатырмыз.
— Алдағы уақытта тағы қандай істі қолға алу ойыңызда бар? Жоспарларыңыз қандай?
— Жоспарым осы бастаған істі дамыту, 500 емес 5000 дизайн жасау, сапасын арттыра беру, ұлттық нақышта киініп жүрген адамға саусақ шошайтып көрсетіп таң қалмайтындай, қалыпты жағдайға жеткізу.
— Балаларыңыздың ішінде өнерге жақын, ізіңізді жалғастырады-ау дегені бар ма?
— Қызым Күнтай бір кездері суретші болам деп жүр еді, одан кейін журналист боламын деді, видеоблогер болғысы келді, дәл қазір режиссер болғысы кеп жүр. Сұлташ кім болатынымды әзірге шешкен жоқпын деп қояды, бірақ мен ойлаймын ол бір жаңа техника ойлап табатын сияқты, Байжик – кішкентай каратист (күліп).
— Уақытыңызды қалай үнемдейсіз?
— Уақыт деген үнемделмейді ғой, папамның бала кезден үйретіп қойған ритмі бар. «Отдых в перемене занятий» дейді. Бір нәрсе істеп болған соң екіншісіне кіріс, босқа жатпа деп үйреткен. Жарты сағат кітап оқыдың ба, жарты сағат ойна. Жарты сағат үй жинадың ба, жарты сағат сурет сал дейтін. Мен соны басқаларға да айтқым келеді.
-Жарайды, жақсы тәсіл екен! Қайталап көремін! Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.