Әу баста Еуразия экономикалық одақ (ЕАЭО) экономикалық тұрғыда құрылып жатқан одақ деп түсіндірілді. Ал апта басында Ресей басшысы Владимир Путин «экономикалық одаққа мүше елдердің бірыңғай ақпараттық кеңістігі болуы керек» деген ой тастады.
Шынын айтқанда, бұрынғы кеңестік елдер қатарында Ресейдің ақпарат ағынына көбірек көңіл бөлетін біз ғана шығар. Қарап отырғанымыз да Ресей үкіметінің мемлекеттік тапсырысы аясында түсірілген сериалдар мен бағдарламалар. Оның да өзіндік себебі болса керек. Осы кезге дейін журналистиканың мүлде басқа салаға қосақталып келгені газетімізде жазылған еді (№20 «Жас қазақ», Ауыл мен газет). Енді, міне, арнайы министрлік құрылды. Алдағы уақытта құзырлы мекеме осы кемшіліктерді ескереді деген сенімдеміз.
Ал әзірге эфирдегі прайм-тайм уақытын кәріс пен үнді сериалдарына беріп қойдық. Ақпарат саласы да жетісіп тұрған жоқ. Газет, телеарна, сайттардағы жаңалықтар легі егіз қозыдай. Арасында өзгенің мүддесін көксейтін жаңалықтарды да көзің шалады. Шыны керек, бүйте берсек, еліміздің ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын түріміз бар.
Пультті басып қалсаңыз, РТР мен НТВ туындылары еліміздің республикалық, өңірлік телеарналарында қаптап жүр. Терістіктегі көршіміз түсірген сериалдар мен бағдарламаларды таңның атысынан, күннің батысына дейін тамашалаймыз.
Алысқа бармай-ақ қояйық, Ақтөбенің өзінде ғана жергілікті радионың қазақ тіліндегі жаңалықтары «Федеративті кеңестің бүгінгі отырысында» деп басталған-ды. «Радио России» дегенің «Рика» медиатобына кіретін «Ақтөбе» радиосының күнделікті бірнеше сағат эфиріндегі жаңалықтар топтамасы осылай беріліп отырды.
Баспасөзге келсек, қазақ тілінде шығатын республикалық қоғамдық басылымдар саусақпен санарлықтай. Екі-үш жылдың ішінде қазақ тілінде елге тарайтын бір емес, төрт басылым жабылып қалды.
Ал бізден басқа бұрынғы кеңестік мемлекеттерде жағдай қалай? Украиндар мен өзбектер, латыштар мен молдавандар орыс телеарналарынан бас тартып жатыр. Дегенмен Қырғызстанның кейбір саясаттанушылары Владимир Путиннің әлгі айтқан сөзіне қосылады. Тоқтоғұл Какчекеев «ортақ ақпараттық кеңістік құру арқылы, діни экстремистердің қадамын қадалауға болады», – деп отыр. Сол елдің тағы бір саясаттанушысы Тұрат Әкімов «ортақ ақпараттық кеңістік болған жағдайда ғана бір-бірімізді түсінетін боламыз», – депті. Осы тұста отандық саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікіріне назар аударсақ. Ол «ЕАЭО – Ресей үшін геосаяси жоба» екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мәскеу осы жоба шеңберінде күн тәртібіне ақпараттық кеңістік мәселесін кіргізу әрекеті арқылы қандай бір дәрежеде құрылымды бақылауда ұстағысы келеді. «Менің ойымша, бұл Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне белгілі бір дәрежеде қауіп төндіреді», — деп ол өз ойын ашық айтты.
Күні кеше емес пе, Ресейдің еліміздегі бөлімшесі, өздерін «Қазақстанның бірінші арнасымыз» деп айдарлаған «Еуразия» телеарнасының елді дүрліктіргені. Қазір аталған телеарнаға қатысты іс қозғалып, сотқа тартылуда.
Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе