Соңғы оқиғалар елімізде ақпараттық идеологияны қажет екенін дәлелдеді. Әйтпесе әр азамат әлеуметтік желі арқылы көргенін, естігенін «жұта» береді. Отандық идеология болмаса, сырттан әркім өзінің мүддесін, ықпалын тықпалай береді. Бір жақсысы, біраз уақыт өткізіп барып, Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылды. Бұдан былай ақпарат кеңістігіміз қандай болуы керек? Ол өзгенің идеологиясына қаншалықты төтеп бере алады? Бұл сауалдардың жауабын сарапшылар мен мамандардан білдік.
Балама ақпаратқа мән берейік
Әуесбайдың Қанаты, журналист-публицист:
Қазіргі еліміздің ақпарат кеңістігі етегі түрілген қыздың кейпін елестеді. Астары тым ауыр сөз, білемін. Бірақ әрдайым жұрттың назарында болғасын сыны толастамайтын саланы сөз еткенде шорт кесіп, шұғыл шешім қабылдайтындай-ақ жағдайға жеткеніміз әлдеқашан. Ақпараттық кеңістігіміз дегенде ең алдымен қала тұрғындарының дені кабельді телетаратуға жалғанғаны еске түседі. Қосып қалсаңыз, отызға жетер-жетпес отандық телеарнадан өзгесі тек шетелдік, көпшілігі ресейлік телеарналармен сусындап жатқан көрермен бар. Мұндағы көтерілетін мәселе, өзге елдің масс медиасын шөміштен қысып, «тырқыратып қуып шығуды» сөз етіп отырғанымыз жоқ. Оларды бастапқыда кіргізіп алған соң, шығару, тіпті де қиын екенін іштей аңғарамыз. Әрі ол екі елдің стратегиялық қарым-қатынасына кері ықпал ететін қажетсіз шара екені де айтпаса да түсінікті. Басты мәселе, көрші елдің үгіт-насихатына балама ретінде Батыстың, нақтырағы Американың, Еуропаның ағылшын тіліндегі ақпарат құралдарының негізгілерін кеңістігімізге енгізу. Сонымен Ақпарат және коммуникация министрлігіне менің маман ретіндегі орайы келген ұсынысым мынадай:
Батыстық телеарналарға елімізде ағылшынша таратуға молынан рұқсат беру. Батыстық ақпарат құралдары біздің елімізге көбіне орыс тілінде тәржімаланып беріледі. Бұл өз тарабында ақпараттың көрерменге жеткенше қанша дегенмен, бұрмаланып кетуіне себепкер. Демек, елімізге тарайтын CNN, BBC, AlJazeera, Skynews телеарналарынан бөлек, сала бойынша бөлінген танымдық телеарналарды ағылшын тілінде енгізуді қажет санаймын. Осылайша, біз бір жағынан бүгінде көп айтылатын үш тұғырлы тіл саясатын дамытуға жол ашамыз. Өйткені, ағылшын тіліндегі ақпаратқа құлақ үйреткен жұрт кейінірек оны ептеп түсіне де бастайды, ізінше сөйлей де бастайды. Ал ең бастысы, ағылшын тіліндегі бұл телеарналар елімізге көршілес Ресейдің ақпараттық саясатына бәсекелес, тым жақсы альтернатива болар еді.
Euronews телеарнасының қазақ тіліндегі нұсқасын ашуға күш салу. Әлемнің 14-тен астам елдің тілінде тарайтын Euronews телеарнасының қазақ тіліндегі нұсқасына лицензия алынуы тиіс. Бұл да болсын мейлінше объективті, барынша бейтарап хабар тарататын трансұлттық телеарнаның еліміздегі қазақтілді контентті кеңейтуге себеп болар еді.
Қазақтілді контентті ақпарат құралдарында күшейту, көлемін ұлғайту мәселесі талай жылдан айтыла жем болған түйткіл. Еліміздегі орыстілді ақпарат құралдары қазақтың мәдениетіне, өнеріне, тарихына қатысты мәліметтерді көбірек жарияласа, құба-құп. Көбіне мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын ақпарат құралдарының контенті екі түрлі екенін байқаймыз. Қазақ тіліндегісі көбіне елдің, жердің руханиятына қатысты тым жақсы дүниелерді көп береді. Тиісінше, орыс тіліндегісі де дәл сондай деп айта алмайсыз.
Әлеуметтік желіде елжандылық ауанда қалам тербейтін блогерлер пультін қалыптастыру. Басқасы басқа, бүгінде ақпарат құралдарының ішіндегі ең қауқарлысы – әлеуметтік желіге баса мән берілуі тиіс. Оның маңыздылығы әсіресе жуырда еліміздің бірнеше қаласын шарпып өткен шерулер кезінде айқын аңғарылды. Әлеуметтік желіде бұрмаланған ақпаратқа тоқтау салатын тиімді құралдардың әлсіздігінен айқайға ойбай қосқан арандатуға жол берілгені байқалды. Бұл шараның, тіпті мемлекеттік тапсырыс аясында атқару тетіктері де қарастырылса, артық болмас еді.
Қазақтілді газетсиреп барады
Дос Көшім, саясаттанушы:
Елімізде ақпараттық кеңістікті қорғау мәселесінде екі бағыт бар. Оның біріншісі – ресейлік кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының біздің елдің идеологиясына қарсы жұмысына шектеу. Бұл жердегі жұмыстың басты тәсілі – оның таралуына жол бермеу. Екіншісі – анағұрлым күрделі мәселе. Бұл – еліміздегі отандық медиа өнім. Енді егер жаңа министрлік осы бағытта жұмыс істеуге ниетті болса, неден бастағаны дұрыс дегенге келейік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеп шыға бастаған қазақтілді басылымдар соңғы жылдары сиреп қалды. Біз өзіміздің ақпарат алаңымызды басқаларға «тазалап бердік». Мүмкін бұған сол азаматтардың қаржылық мәселесіне де қатысты болар. Бірақ орыстілді аймақтарда – Шығыс пен Солтүстік облыстарда – әр ауданда қазақ тілі мен мәдениетін, тарихы мен әдебиетін насихаттайтын БАҚ-тың болуы керек. Бұл ресейлік ақпараттың ықпалын тежейтін, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын нақты саясат.
Ешқандай шындыққа жатпайтын, 50/50 деген жалған түсініктен құтылу керек сияқты. Телеарнадағы эфирдің уақыты туралы әңгіме көтерілсе, осыған жауапты мемлекет қызметкерлері «біз заңда көрсетілген, қазақ және орыс тілінің теңдігін, қысқасы, 50/50 пайызды сақтаймыз» деп шыға келеді. Меніңше, заңда қазақ тіліндегі хабарлар 50 пайыздан кем болмау керектігі ғана айтылған. Демек, мемлекеттік тілдегі хабарлардың 100 пайыз болуы да заңды бұзбайды.
«Қосақталған» газеттерді республикалық бюджеттен қаржыландыруды тоқтату керек. Әлі есімде, 2000-жылдардың басында Киев қаласындағы бір мейманханадан «Аргументы и Факты Украина» деген газетті көрдім. Ішін ашып қарап шықсам, барлығы Украина еліндегі мәселе туралы. Ал біздің «АиФ Казахстан» газетіндегі материалдардың 20-30 пайызы Қазақстан туралы да, басқасының барлығы Ресей тақырыбы. Мұндай жағдайды Қытайда тұратын қазақтар «қойдың басын көрсетіп, иттің басын сату» дейді.
Сыртқы істер министрлігінің осы бағыттағы жұмысын жаңа деңгейге көтеру шарт. Ресейдің лауазымды тұлғалары қазақ еліне қарсы айтса, бірден дипломатиялық сауал жолдап, наразылық білдіру керек.