Ақмырза ишан көтерілісі

31 мамыр 2017, 20:12


1929-1931 жылдардағы көтерілістерге белсене қатысты деген айыппен тұтқындалған, олардың әлеуметтік құрамын көрсеткен жазалау органдарының кейбір мәліметтерінде дін қызметкерлерінің саны көрсетіледі.

Батпаққара, Торғай, Наурызымда 12, Созақта 14, Балқашта 2, Көкпектіде 2, Абыралыда 5 имам мен молдалар жауапқа тартылып, жазаланды.
Көрнекті дін басылары көтеріліс ұйымдастыру мен басқаруда үлкен рөл атқарды. Кеңес үкіметі дінді «апиын» деп жариялауға тырысты. Дін өкілдері мен дін жолымен жүрген қарапайым халықты да қуғынға ұшыратты. Большевиктер партиясы өзінің идеологиясын іске асыруда кедергі болатын басты жау деп есептеді. Өзінің ата діні ислам жолымен жүрген қазақ қоғамы да дінсіздендіру саясатына ұшырады. Әр жердегі мешіт-медіреселер қойма мен кеңсеге, мал қорасына айналдырылды. Қиратылып, құрылыс заттары басқа нысандар салуға пайдаланылды.
1929-1931 жылдары болға көтерілісті жазалау кезінде халық арасындағы дін өкілдерін түгелдей дерлік қамтыды. Оларға «әлеуметтік қауіпті элемент» деп қарап, қоғамнан мүлде аластатуға тырысты. Тұтқындалған бірде-бір дінбасы босатылып, ақталған жоқ. Бостандық, Тақтакөпір, Созақ, Сарысу, Талас, Батпаққара, Балқаш, Шоқпар көтерілістері кезінде 8 имам мен молда ату жазасына кесілді, 12-сі әртүрлі мерзімге сотталып, жер аударылды.
Тәркілеу мен ұжымдастыру саясатына қарсы болған көтерілістің бірі – 1930 жылғы Ақмырза ишан көтерілісі не тоқталып өтейік. Ақмырза ишан 1881 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қуаңдария бойында дүниеге келген. 11 жасынан бастап Бұхара шаһарындағы Көкілташ медресесінде оқыған. Оны үздік бітіргеннен кейін Ыстамбулда оқуын жалғастырып, 16 жылдан кейін елге оралады. Елге келген соң жергілікті халықтың көмегімен мешіт ашып, балалардың сауатын ашумен айналысады. Асыраушысы жоқ панасыз қалған жетім-жесірді жинап, мешітке түскен қаржыны соларға бөліп беріп отырған. Қуаңдарияның бойындағы суармалы жерлерге арпа, бидай, тары, қауын, қарбыз еккізіп, халықты кәсіпке баулиды.
Сыр елінде жаппай тәркілеудің (кәмпеске) арты аштыққа ұласып, халық күйзеліске түскен кезде, шолақ белсенділер ел үстінен күн көргендерімен қоймай, қолда қалған азын-аулақ мал мен жүйектегі қауынды да тартып әкетеді. Қарсыласқандарды ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетеді. Ел басына төнген қайғы-қасіретті көзімен көріп, үнсіз, қимылсыз отыруды өзінің бойына мін санаған Ақмырза ишан «Босқа аштан қырылғанша, наразылық танытайық, өкіметтің назары түсіп, бізді де елеп-ескерер», — деген екен.
1930 жылдың наурызында Цукановтың жазалаушы отряды Қарақ елді мекеніне жақындап қалған кезде көтерілісшілердің қарауылда жүрген тобымен қақтығысып қалады. Арада біршама уақыт өткен соң 300-дей салт атты көтерілісшілер қырқаға шығып, жазалаушы отрядпен бетпе-бет келеді. Ақмырза былай дейді «Біз қаруымызды тастаймыз. Бірақ сіздер де қаруыңызды тастаңыздар. Сонан соң әңгімені мешітке барып жалғастырайық». Ешқандай нәтиже бермеген даладағы бұл әңгіме бір сағатқа созылады. Келісімге келе алмаған екі топтың арасында қақтығыс болады. Ұрыс кезінде көтерілісшілердің біразы оққа ұшқан. Жазалаушы отрядтан төрт жауынгер өліп, бесеуі жарақаттанады. Дегенмен көтерілісшілір олардың мініс аттарын, 3700 оғы бар жүк арбасын, 70-ке тарта винтовка мен 15 күнге жететін азық-түлігін өздерімен бірге әкетті.
Артынша көтерілісшілердің соңына түскен жазалаушылар қолға түскен жаралылардың айтуымен Ақмырза ишанның да оққа ұшқанын естиді. Жазалаушы отрядттың басшылары ОГПУ-дың орталық органдарына жедел түрде хабарлама береді.
Бірақ арада бірнеше күн өткеннен кейін, қолға түскен көтерілісшілердің алдап соққаны белгілі болды. Енді Ақмырзаның соңына Жалудь бастаған жазалаушы ОГПУ отряды түсті. Шолақ белсенділерден қорлық көрген, ет дайындау мен астық өткілу салығынан әбден мезі болған халық көтерілісшілерге күн санап қосылып жатты.
Жазалаушы отрядқа Ақмырза ишан бастаған көтерілісшілер шабуыл бастайды. Көтерілісшілер бірнеше рет ілгері ұмтылса да пулеметтен жаңбырша жауған оқ нашар қаруланған оларды беттетпейді. Екі жарым сағатқа созылған ұрыста көтерілісшілер 107 адамынан айырылған, 150 адам жарақат алған. Олардың бірде-бірін жау қолына қалдырмаған көтерілісшілер кейін шегінеді. Осы шайқаста Ақмырза ишан да мерт болған.
Дегенмен ел аузында жүрген әңгімелерде Ақмырзаның қалай қаза болғаны басқаша әңгімеленеді. Қоршауға түскен Ақмырзаның қолы қашып құтыла алмасын сезіп, жауынгер шәкірттері ұстазын айналсоқтай береді. Сонда Ақмырза шәкірттеріне: «Маған қарайламаңдар, мен шейітпін!» – дейді. Қоршаудан ең соңында өзі сытылып шығып, мешітке жетіп, құбылаға қарап, намаз оқып отырғанда артынан қуғыншылар де келіп жетеді. Бірақ олар батыр имамды ұстауға бата алмай, намаз оқып отырғанда ту сыртынан атады. Онымен қоймай, мешіт-медіреседегі барлық көне діни кітаптарды, заттарды үстіне үйіп өртейдә. Мұнымен тоқтамай, мешітті құлатып кетеді.
Шәкірттері Ақмырзаның денесін түнде ұрлап алып, арулап жер қойнына тапсырған екен. Сондағы таңданарлығы – Ақмырза отта ишанның денесі өртенбепті. Ел арасындағы тағы бір әңгімеде «жазалаушылар ишанның сол жақ білегін қылышпен шауып түскенде қан шықпапты» – деген де аңызға ұқсас деректер айтылады. Бір анығы, Ақмырза ишан кезінде «Түрік иман» деген дүние жазса керек. Бірақ қолжазба осы аласапыран кезінде жоғалып кеткен.
Осы саяси қуғын-сүргінде халықты аясыз жазалаған кеңес өкіметінің құлағанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ел үшін құрбан болған дін өкілдері де 59-баппен жазаланған басқа да азаматтар әлі күнге дейін ақталмай отырғандығы қынжылтады. Осы мәселе тезірек шешімін тапса дейміз.

Ардақ Беркімбай, тарихшы

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала