«Аға, маған әке болыңызшы…»

10 қараша 2016, 11:50

30usynovlenie

Шымкент қаласына іссапармен барғанбыз. Шаһардағы №3 жетім балалар үйіне баруды ұйғардық. Тым болмаса бір сәт болсын көңіл сыйлау ғой ниетіміз. Жаңадан ашылған Облыстық орталық мешітінің наиб имамы әрі баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміров жол бастап келеді. Жолай жан ауыртар оқиғаны әңгімелеп берді.

Мен мұнда жиі келіп тұрамын, – деп бастады сөзін әріптесім. «Мереке күндері, әсіресе ораза, құрбан айт кездері қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырамыз. Құрбандық етін таратамыз. Өнердегі әншілердің басын қосып, осы жетімдер үйінде рухани кештер өткізіп тұрамыз. Жиі келгеннен бе екен, бүлдіршіндер мені танып алды. Бір күні баяғы әдетіме салып, балалардың көңіл-күйін бір көтеріп кетейін деген ниетпен тағы келдім. Көзі жәутеңдеген жетім жеткіншектер қатты айқайлап: «Алақай, папамыз келе жатыр», – деп жапатармағай есік жаққа жүгіріп келді де аяғыма жармасып, қысып, ұзақ құшақтады. «Аға, неге келмей кеттіңіз?» – деп реніш білдірді кейбір кішкентайлар. «Бұл жерден кетпей-ақ қойыңызшы», – деген өтінішіне не айтарымды білмей, абдырап қалдым. Қазақтың өрімдей бір қызы: «Аға, маған папа болыңызшы, мені бұл жерден алып кетіңізші», – деп өтінгенде, көзімнен жас парлады. Жүрегім езіліп, жаным қиналды. Әкем қайтыс болғанда езіліп жылаған емеспін. Бірақ әлгі жерде ішім күйіп, жанымды қоярға жер таппай кеттім. Мұндай сөзді естимін деп еш ойламаппын», – дейді Мұхамеджан имам.

Осы әңгімеден кейін біздің де көңіліміз босап қоя берді. Сөйтіп, балалар үйіне де жеттік. Тәрбиешілер оларды әдемі киіндіріп, шаштарына бантик тағып қойыпты. Жадырып, жайнап, көңілдері шаттық пен қуанышқа бөленіп отыр. Әрине, мереке ғой. Ән айтты, би биледі, сахнада көрініс қойды. Қонақтарға бар өнерін паш етті. Епті әрі есті. Сүп-сүйкімді, қимыл-қозғалысы да жарасымды. Сый-сияпатын көтере келген қонақтар көз жасына ерік берді.

Қайырымдылық шара барысында жергілікті имамдар насихат-кеңесін айтты. Жетімге қамқор болғандар жәннатқа бірінші кірген пенделердің қатарында болатынын жеткізді. Жетімнің басын сипағандар жәннатта пайғамбарға (с.ғ.с.) көрші болу мәртебесіне ие болатынын сүйіншіледі. Өйткені, хадисте солай делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жетімді өз кепілдігіне алып, қарайласқан адам екеуміз жәннатта мынадаймыз», – деп екі саусағын біріктіріп көрсеткен.

Әп-әдемі, періште пейіл перзенттер, қазақтың қара домалақ балалары ғой. Қамқорлық жасап, тәрбиелеп алғың келеді… Жетімге көңіл бөлу тек белгілі күндермен шектелмесе екен.

Ит жетектеп, оны бағып-қаққаннан гөрі жетім баланы асырап алған теңдессіз сауап емес пе? «Қалайша бауыр етін балалар үйіне тастап кетеді екен осылар. Обалына қаламын-ау деп қалай қорықпайды екен?» – деген ой де қабырғамызды қайыстырды…

Басқосу барасында балалардың көңіл-күйі көтеріліп, бір серпіліп қалғанмен, жанарында жабырқау, алаңдау байқалады. Оны сөзбен жеткізбесе де, көзбен білдіріп тұр… Жетімдердің жүрегі:

«Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды,
Мама кеп бір иіскеші маңдайымды.
Ақ уызға толмаған таңдайымды
Толтырайын айтумен жағдайымды…» деп жырлап, жылап тұрғандай…

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде