Аға аманаты орындалды

19 мамыр 2017, 11:56

1974-жыл. Көкек айының орта тұсы. Бір топ ақын-жазушы, әдебиет сыншысы: Хасен Әдібаев, Сайын Мұратбеков, Файзолла Оразаев, Сағат Әшімбаев («Лениншіл жас» гәзетінен), мен («Қазақ әдебиеті» гәзетінен) Тбилиси қаласына ұшпақшымыз.Ежелгі Гүржістанның астанасында әдебиет сыншыларының бүкілодақтық мәжілісі болмақ. Біздің топ жетекшіміз — Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымыздың директоры Әди Шәріпов. Ұшақтағы орынымыз ең  алды екен. Кірген беттен оң қол жақтағы бірінші қатарға жайғасып, бізді түгендегендей жымия қарап отырған Әдекең:

-Ғаббас, бері кел! — деді маған, жанындағы бос орынды нұсқап.

-Менің орыным үшінші қатарда сияқты.

-Дәнеңе етпейді, бұл қатарлардың бәрі біздікі, билетке әдейі  осылай заказ бергіздім, бірыңғай болайық деп, кел, отыр.

Институтқа ауыстырылғанына дейін Жазушылар одағымызды төрт жыл басқарған жайсаң ағаның жанына жайғастым. Әңгіме басталды. Бір әредікте Әдекең:
– Мен ағаларымыздың біразымен осындай ұзақ жолда бірге жүрдім. Қазақы әңгіменің туы Сәбең еді ғой, Сәбит Мұқанов, ал Мұхаң, Мұхтар Әуезов, өзіміздің де, басқа жұрттың да арғы-бергі әдебиетінің тірі қоймасы, тұп-тура нағыз энциклопедиясы еді. Марқұм Мұхаң… есіме алған сайын ауруханада ақырғы рет көргенімдегі келбеті көз алдыма келе қалады, – деді Әдекең, мол денесін бір ырғалтып. Арғы жағында ұшқыштар бар сұрғылт қабырғаға қарап, бір сәт үнсіз қалды. Үнінен сағыныш сазын аңғардым. Сәлден соң басын бір изеп, сөзін жалғады:
1961 жылдың осындай көктем кезі болатын. Совминнің ауруханасы. Мұхаң да жатыр екен, бірақ ол кісі мен түскеннен кейін төрт-бес күннен соң шықты. «Мен «Алматы» санаторийіне реабилитацияға кетіп барамын, сонда жолғасармыз, тез сауығуыңа тілектеспін!» деді. Содан арада үш-төрт күн өткен соң, сағат он бір-ау деймін, палатама келді. Ойда жоқта. Сәлем беріп, тұруға ыңғайлана бастап едім:
– Пәлі, Әди, қозғалма, саған әзірше тұруға болмайды екен, – деді.
– Мұха, өзіңіз қалайсыз, санаторийдесіз бе? – дедім. Мұхаң орындықты кереуетіме тақай қойып отырды да:
– Санаторийге бармадым, осында жасаған ем-дом да жетер. Мәскеуге жол жүрмекпін. Профессор Сайым Балмұханов сонда емделуімді мақұл көрді, – деп сәл кідірді де: – Пәлі, Әди, мен саған екі аманат айтқалы келдім. Біріншісі: өзің оқуға түсуіне қол ұшыңды берген Мұрат әлі жас, көз қырыңды сала жүр. Екіншісі: «Қилы заманды» қайтадан бастырып шығаруды мойныңа ал, сенің ғана қолыңнан келеді, – деді, қалайда шапшаңдау сөйлеп. Маңғаздана байыпты сөйлейтін ағамыздың онысы және «саған екі аманат айтқалы келдім» дегені маған ұнамады, іштей қатты тіксініп қалдым, бірақ сыр бермеуге тырмысып:
– Мұха, сапарыңыз оң болып, есен-сау ораласыз, кітапты да шығарамыз, Мұрат та оқуын бітіріп келеді, сөйтіп, өзіңізбен ақылдаса отырып, үш тойды бір-ақ жасаймыз! – дедім.
– Пәлі, Әди, аузыңа – май! Әйтсе де, сен бұл аманаттарымды ұмытпа. Өзің әбден айығып шық, аманшылықпен қауышуға жазсын! – деп еңкейіп бетімнен сүйді де, ай маңдайы жарқырай еңсесін жазып, ақырын бұрылып кете барды. Қайран жүрегі бір сұмдықты сезді ме екен… сол Мәскеу сапарынан оралмады ғой… Операция үстелінен бақиға аттанып кетті…
Әдекеңнің ашық үні құмығыңқырады. Қаумалай қалған қалың ойдан тезірек сергітуді ойлап:
– Әд-аға, ауруханадан шыға «Қилы заманды» қолға алдыңыз ғой? – дедім. Ол маған жалт қарап алып, басын сәл шайқап:
– Жоқ, – деді. – Мен ол тұста совмин председателінің орынбасары болсам да, Мұхаңның аманатын орындау асыл аға аруағы алдындағы парызым еді-ау десем де, кітапты қайтадан бастыра қою қолымнан келмеді. Біздің қазақтар «қызық» қой, Орталық комитеттегі жолдастармен сөйлесіп едім, бәрі де: «Ол кітап партияның саясатына қарсы деп жабылып тасталған. Байқа, қате қадам жасама» десті.


Сонымен, ақырында өзімізге жолды Мәскеу арқылы салмай болмас деп түйіп, романды орыс тілінде шығаруды ойладым. Өзіміз жүндей түте бастаған: Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевты, Ғабит Мүсіреповті, Ахмет Жұбановты қорғап қалған Мәскеу емес пе?! Сол жақтан күш алуым керек деп білдім. «Қилы заман» 1928 жылы Қызылорда қаласында басылып шығып, «феодал-ұлтшыл жазған кітап, өмірдің өңін айналдырған, жоқтан бар жасалған» деп бас салып айыптауға ұшырап, таралуына тыйым салынған болатын. Ал енді шындығында шошынатын ештеңесі жоқ. Белгілі Албан (Қарқара) көтерілісі негіз етілген, яғни тарихи оқиғаға сүйеніп жазған ғой. Сол үшін күстәналап… бәрін істеп жүрген өзіміздің қазақтарымыз, не айтарсың… Сол кезеңде «байдың баласы, қажының тұқымы» деген пәле-жаламен өзім де қуғын көрдім, пединституттан, комсомолдан шығарылып, басыма қатер төнген соң Түркменстанға қашып кетіп, аман қалдым. Менде «Қилы заманның» бір данасы бар еді, соны қалайда ең қымбат мүлкімдей тығып, жұрттан жасырып жүретінмін. Бір кездері шешем тігіп берген кенеп боқшабайымның түбіне жасырып салып, ала кеттім. Қойшы, содан 1966 жылы Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретарлығына жіберіліп, еркінірек қимылдауыма жол ашылды. Кітапты мәшіңкеден өткіздіріп, орыс тіліне жолма-жол аудартып, СССР Жазушылар одағына барған бір сапарымда, 1969 жылы, Мәскеуге ала жүрдім де, кезінде Мұхаңның досы болған Алексей Наумович Пантиелевке апарып көрсетіп, шындықты айтып, әдеби аударма жасауын өтіндім. Мұхаңның аруағын риза қылайық дедім. Ол сөзге келген жоқ, тіпті қуана қабыл алды. Кезінде Мұхаңмен жақсы таныс-біліс болған мәскеулік қаламгерлердің бірі еді. Аударманы бас-аяғы төрт айда бітіріп, Алматыға, маған телефон соқты. Ал мен екі-үш күннен кейін Мәскеуге, Жазушылар одағының кезекті пленумына бармақшы едім, сәті түсіп, тіпті жақсы болды. Бардым. Алексей Пантиелевтің қуанышында шек жоқ: «Ғажап шығарма! Қайран Мұхтар! Қайран Мұхтар!» деп жүрегі елжірейді келіп. Аудармасының қаламақысын есептеп, ала барғанмын, соны ол «алмаймын!» деп әлегімді шығарды. «Мұхтардың аруағына қызмет еттім, онымды пұлдамаймын» дейді. Мен: «Кімнің болсын, қанша болсын еңбегін өтемеу мұсылман қағидасында күнә делінеді, ондайды аруақ кешірмейді», – деп әрең алдырдым. Содан кейін аударманы «Новый мир» журналының Бас редакторы Александр Твардовскийге алып барып, кезінде автор мен кітап тап болған шырғалаңды оған да айтып беріп, жақсы таныстығымызды пайдалана салмақ салып: «Саша, журналыңа тезірек шығар!» дедім. Обалы кәні, ол да Мұхаңмен дос-жолдас болған ғой, бірден: «Мұның жақсы болды, дұрыс істегенсің! Тез шығарамын, бірақ орыс оқырманы үшін алғысөз керек қой, алғысөзсіз болмайды, кәне, ойланайық, кімге жаздырамыз?» деді. Екеуіміз ақылдастық, ананы атадық, мынаны атадық. Біздің жақтан тез жазып бере қояр кісі табылмасын ішім сезеді. 195І-1953-жылдары Мұхаңның соңына түскен, тіл тигізгендердің талайы әлі бар. Олар, бұл оң ісімізді ести қалса, қалшылдап қарсы әрекетті тағы бастаудан тайынбас. Қайсысының ішінде ит өліп, қайсысының ішінде мысық өліп жатқанын қайдан білесің?!. Құрысын, пәледен аулақ!.. Сол жәйтті ойлап отырғанымда есіме Шыңғыс түсе қалды, Шыңғыс Айтматов! Соған жаздырайын! Мұхаңнан бата алған жас пері Шыңғыс тұрғанда басқаның қанжығасына байлап бермейін, онымды Мұхаңның аруағы да жөн көрер деп түйдім де, дереу: «Саша, Мұхтар Омарханұлы әдебиеттегі алғашқы қадамына ерекше қуана батасын берген Шыңғыс Айтматов бар емес пе?! Алғысөзді соған – Шыңғысқа жаздырайық! Одан асқан атақтыны іздеп қайтеміз?! Ол осында жүр деп естідім, тауып алайын да айтайын, оның келісетініне шүбәм жоқ!» дедім.

Твардовский дереу құптап: «Иә, Шыңғыс Төреқұлұлы осында, келгеніне бір апта болды-ау, мен ертең… жоқ, бүгін іздеттіріп, өзім сөйлесейін!» деді. Алайда оның да басы дау-дамайға ілігіп, саясатшылдардан теперіш көріп жүргеніне біраз уақыт болған еді, әңгімемізден кейін көп ұзамай қызметінен босатылды. Журналына өзінің «Бір қиырдан – бір қиыр» деген батыл, шыншыл дастанын жариялағаны үшін. Дастаны хрущевшылдарға жақпай қалыпты. Әйтсе де, Саша жасақтаған журнал коллективі оның бағытын сақтады, «Қилы заманды», үшінші жыл дегенде, Александр Трифонович жаздырып алған Шыңғыстың алғысөзімен, бәрібір шығарды. Мінеки, Ғаббас жолдас, осындай хикаят болған, – деді Әдекең.

– Әд-аға-ау, «Қилы заманды» ортамызға оралту сіздің еңбегіңіз екен ғой?! Орыс тіліне аудартқаныңыз, Мұхаңды ұлы ұстазым деп мақтаныш ететін Шыңғыс Айтматовтың кітаптың орысша нұсқасына алғысөз жазуына себепші болғаныңыз қандай ғанибет! – дедім, қаламгер ағаның сол ерен әрекетіне, шындығында – рухани ерлігіне іштей қуанып та, масаттанып та.
– Мұхаңның сол бір аманатын орындай алғаныма шүкіршілік еттім… Пантиелев «Новый мирде» шықты деп сүйінші сұрап телефон соққанда, несін жасырайын, қуанғаннан көзімнен жас ыршып кетті. Ал «Лихая година» делініп кітап болып, қолыма тигенде кабинетімді ішінен жауып алып, балаша еңкілдедім, – деген Әд-ағаның үні тағы құмықты. Ұмтыла еңкейіңкіреп отырып, қалтасынан қолорамалын алып, көзіне басты. Мен не дерімді, қайтерімді білмей сасып қалдым. Көңілімнің қобалжуы қоюланып, жүрегім тулап кеткен…
– Романды «Жұлдыз» журналынан оқыған боларсың, оған алғысөзді мен жаздым. Кітап күйінде келесі жылы «Жазушы» баспасынан шығады. Орыс тіліндегісі 1972 жылы әуелі Мәскеудің «Новый мир» журналында жарияланды. Былтыр «Художественная литература» баспасынан «Лихая година» деген атпен кітап болып жарық көрді…
…Иә, «Қилы заманның» бұл кітаби тағдыры көпшілікке беймәлім. Кейбір үлкен-кіші қаламдастарым романның қайтадан жарық көруі, орыс тіліне аударылып шығуы – Шыңғыс Айтматовтың еңбегі деседі. Ол – ағаттық. Бергісін айтсам: егер Әдекең Шыңғысты атамаса немесе іздегенде Шықаң табыла қалмаса, А.Твардовский алғысөзді Мұхаңның мәскеулік ежелгі достарының: Л.Соболев пен А.Сурковтың, К.Симонов пен В. Кожевниковтың… біріне жаздыртар еді. Ал арғысын айтсам: егер Әди Шәріпов болмаса, романның, орыс тіліне аударылмақ тұрғай, өзімізде қайтадан қашан басылатынын бір құдай білетін еді. Осы ретте есте болар жәйт: кім, не туралы болсын анық білгенді ғана айту және өзіміздің алтынды басқаның күмісіне айырбастайтын әдеттен арылу жөн болар.
«Қилы заман» хақындағы бұл деректер марқұм Әди ағаның мен құрастырып, «Көргенім, көңілге түйгенім» деп атаған кітабында бар.
Абайдың туғанына 150 жыл толуы ЮНЕСКО аясында атап өтілуімен байланысты 1995 жылдың жазында вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов бастаған делегация Парижге бардық (Иманғалидың екінші күні Президенттің шақыруымен Астанаға қайтып кеткені мен үшін өкінішті болды).


Тойымызға Қырғызстанның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Шыңғыс Айтматов қатысты. Сол күндердің бірінде мейманханада Шықаң екеуіміз бір сағаттан аса әңгімелестік (ол сәт «Адамның кейбір кездері…» жинағымда баяндалған). Сөз ретіне қарай Мұхаңның «Қилы заманын», Әдекеңді ауызға алып, Шықаңа романның орысша нұсқасындағы алғысөзіне тәнті екенімді айттым. Ол кесек мұрынын басбармағымен бір түртіп қойып, жымия бас изеді де: «Әди аға да, Александр Трифонович те… екеуі де шоң қайраткер болды…» деді.
Біз Абай тойына Ұлы ақынымыздың француз тіліне аударылған жинағын ала барғанбыз. Ол жылдары Жазушылар одағы құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас алқасының төрағасы едім. Абай шығармаларын: орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, моңғол тілдеріне аударуды бір жыл бұрын қолға алғанбыз. Өкінішке қарай, үкімет қалайда тарынып, қаражаттан қысып, жоспарымыздың үштен бірі ғана орындалды. Солай болса да, мен Абайдың француз тілінде алғаш «сөйлегеніне» қуандым. Парижде болатын салтанатқа одан артық байғазы табылар ма?! Түпнұсқасынан француз тілінің маманы Ғалымжан Мұқанов аударды. Ғалымжанның кім болғаны осы гәзетте шыққан (06. 01. 2017 ж.), «Француз тілінде сөйлеген «Қилы заман» деген мақаласында жазушы Мұхтар Қазыбек жақсы айтыпты, – Ғалымжанның аруағын сыйлағанына рахмет!
Дарынды Ғалымжанмен біраз жыл таныс-біліс болдым. Әсіресе Абайдан аударма жасаған жылдары. Алты аудармашымыз түпнұсқадағы араб, парсы сөздерінің мағыналарын түсіну қиын тие бастағанын айтқан соң, мен белгілі әдебиетші-ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметке «құда түсіп», ол біздің Алқаға аптасына кейде бір, кейде екі рет келіп, аудармашылармен әңгімелесіп жүрді.
Аударма кітап – «Абай Құнанбаев» шықты. Қарасөздері мен «Масғұт», «Ескендір» дастандары енгізілген жинақ француз әдебиетші-сыншылар Альберт пен Мадлен Фишлерлердің (Мұхтардың мақаласында айтылған) пікірлерімен ашылып, Ғалымжанның алғысөзі берілді. Ғалымжан Фишлермен көптен бері таныс екен. Аударма қолжазбасының көшірмесін соларға жіберіп, олар ойларын тездетіп жазып қайтарыпты. Ғалымжан достарының жауабын ала келіп: «Ғаб-аға, француз сыншылары аудармама риза болыпты, мінеки!» деп балаша қуанғаны ғой! «Бәрекелді! Оларды қуанта түсейік!» деп, кітаптың 10 данасын сатып алдым. Парижге барған күні Альберт Фишлерді іздеп тауып алып, кітаптарды тапсырдым. Ол қуанып, кім-кімдерге сыйлайтынын айтып, сонсоң: «Ғалымжан келді ме?» деді. Еріксіз дайындап барған жалған жауабымды ұсынып: «Емделіп жүр еді, дәрігер жолға шығуына рұхсат бермеді» дедім.
Ғалымжан үкіметке біз тапсырған тізімде бар еді. Абай шығармаларын француз тіліне аударғанын атап жазғанмын. Әуежайда көре алмадым да, үкіметтің біздің делегацияны шығарып салып жүрген өкіліне (аты-жөнін ұмытыппын): «Ғалымжан Мұқанов қайда?» дедім, ол: «Білмеймін, мендегі тізімде жоқ» деді. Фишлерге жалған айтуға мәжбүр болғаным сондықтан. Парижден оралғаннан кейін телефон шалып: «Ғалымжан, хал қалай? Неге қалып қойдың?» десем, наразы үнмен: «Ағатай, сол күні таңертең вахтадағы телефонға шақырып, Парижге ұша алмайтынымды ескертті ғой?» деді. «Кім?» десем: «Ағатай, өтті – кетті, құрысын!» дейді.
Иә, Ғалымжанның қысқа ғұмырында «өтті – кеттілер» аз болған жоқ. Пәтер ала алмай қиналып жүргенінде қалалық атқару комитетіне көмек сұрай хат жазғандардың бірі болдым. Пәтер алды, бірақ қызығын ұзақ көре алмады. Сырқаттанды, ота жасатты. Сөйлесіп тұрдық. Сол сәттерінде қаржылай жәрдемге мұқтаж екенін жасырмай айтты. Өзімде мүмкіндік болмады да, қолы ашығына екі мәрте куә болғанымды пайдаланып, жас бизнесмен ініміз Нұртай Сәбилияновпен (бүгінде парламентте депутат) хабарласып едім, ол үш күннен соң Ғалымжанның үйіне барып, танысып, 100 мың теңге сыйлапты.
Оны-мұны себептер шығып, Ғалымжан пәтерінен айырылып қалды. Қала әкіміне, Жазушылар одағының басшысына дабыл-хат жазып, Ғалымжанға қол ұшын берулерін өтіндім. Жауап келмеді. «Өтті – кетті».
Кейде алтынымызды күміске айырбастайтынымыздай, «қолда барда алтынның қадірі жоғын» біліп те жүре береміз. Өкінішті!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
2016 ж.

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала