ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов елімізде тіркелетін құқықбұзушылықтардың 84 пайызын жұмыссыз жүргендер жасайтынын жасырмай айта бастады. Аңдайтын адам болса, құзырлы орындар да біраз жайды ашық айтады. Әрине, «айқайлаған», «уралаған» мәлімет басымдау. Сол себептен көбіне сондай ұрандардың тасасында шырылдаған шыңдық жатады. Бірақ шындық шықпай ма, өтірік бұқпайтын ба еді?!
Кейде сол шындық шыққанда жай шықпайды, сан соқтырып, қан қақсатып шығады ғой. Соның бір көрінісі – таяуда Ақтөбеде орын алған трагедия. Біз, әрине, оны сақалды сәләфилердің жетегінде кеткендердің, жат ағымға санасы уланғандардың салған ылаңына теңедік те қойдық. Ал оның тасасында жұмыссыздық деген күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселе де бар емес пе?
Әдетте, қоғамда қандай мәселе бар, қайсысы ушығып келеді, дер кезінде айтылады, әңгіме болады. Бірақ соған уақытында жете назар аударылып, шешу жолдары жедел қарастырылмайтыны қиын. Жалпы статистикалық көрсеткішпен алып қарағанда, біздегі жұмыссыздық мәселесі сондай бір күрделі қоғамдық ахуал болып көрінбейтіні рас. Мәселен, статистика жөніндегі комитеттің мәліметіне көз салсақ, биылғы мамыр айының аяғында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болып белгіленген. Жалпы жұмыссыздар саны 436,7 мың адам екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеу. Жақсы ма? Әрине, жақсы! Елімізде жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеп келе жатыр деуге болатындай. Бірақ оған жақынырақ үңіліп, әр санның арғы жағын қозғап көрсек, мүлдем басқа жағдай көрініс береді. Осы ресми түрде тіркелген жұмыссыздың елу пайызға жуығы жастар екен. Соның ішінде дипломымен жұмыс таппай жүргендер көп. Міне, бұл бізді ойландыруы тиіс күрделі мәселе. Ақыл ойы жетіліп, күш-қуаты кемеліне жеткен жас адам жұмыс таппаса, қайда барады? Ең бірінші мақсаты – беймәлім діни топтардың ортасынан табылады, қылмысқа барады. Құзырлы органдар осы мәселеге енді назар аудара бастағандай. Бұл жетіде Ақтөбеге барған үкімет мүшелері жұмыссыз ретінде тіркелген жастардың мәселесін қарастыруда. Ақтөбе қаласында биыл 1 маусымға дейін жұмыспен қамту орталығына 891 адам тіркелсе, соның жартысынан көбі – жастар. Бұл мәліметті баспасөз мәслихатында хабарлаған денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осы өңірде 20 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Жыл басында министрлік тек 2015 жылы 13 мың адамның жұмысынан айырылғанын жария етті. Оның себебі – өндіріс орындарында жұмыс көлемінің қысқаруы. Көңілге жайсыз тиетін көрсеткіш мұнымен бітпейді. Елімізде осы жылдың басында 4 мыңнан астам адам ақысыз еңбек демалысына кеткен. Олардың басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын толықтырғаны белгілі.
Енді осы арада бір парадоксты айтпай кетуге болмайды. Бір жылда 13 мыңнан астам адам жұмыссыз қалса, жыл сайын жарияланатын бос орындарға 17 мың маман табылмай қалады. Неге?
– Иә, жыл сайын 17 мың жұмыс орнына маман табылмайды. Өйткені, арнайы оқу орнын бітірушілер жұмыс берушілердің талабына жауап бере алмайды. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жұмыс берушілердің өзі оқыту үрдісіне қатысуы керек. Қазір оқуын аяқтаған мамандардың білім деңгейін оқу орындарының өздері бағалап жүр. Соған сәйкес диплом береді. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мамандардың білім-білігін жұмыс берушілер немесе арнайы кәсіби ұйым тексереді. Олардың талабынан шыққан оқу орнын бітірушілер далада қалмайды. Біз де болашақта осындай ұйым құру мәселесі қарастырылуда, – деп түсіндірді министр Тамара Дүйсенова.
Көрсеткіш көп жайдан хабар береді. Біріншіден, елде жұмыспен қамтудың нақты бір жүйесі жоқтығын, екіншіден, орта буын маман дайындайтын оқу орны өндірістен алшақ. Сонау бір заманғы бағдарламаларымен ешкімге керексіз маман дайындайды. Егер қаузай түссек, бұл өз алдына үлкен тақырып, өзекті мәселе.
– Қазіргі уақытта елімізде орта буын маман өте тапшы. Себебі біздегі оқу орындары Білім және ғылым министрлігі дайындап берген кәсіби стандарттар мен айқындаған мамандықтар тізімі бойынша оқытып шығарады. Шындығына келсек, оны жұмыс берушілер өздерінің қажеттілігіне байланысты ұсынуы керек қой. Мәселен, Германияда кәсіби мамандарды дайындайтын оқу орындары, кәсіби бағыттағы мектеп өздерінің мамандарын тікелей өндіріс орындарында дайындайды. Оқу үрдісінің 80-90 пайызы өндірісте, арнайы жұмыс орындарында өтеді. Оқуын аяқтағанда сол саланың дап-дайын маманы болып шығатыны да содан. Тіпті оқуын бітірмей жатып, өзіне жұмыс табады. Біз маман дайындауды жан-жақты бірлесіп, бір жүйеге келтіріп алмай, бұрыннан келе жатқан мәселелерді шеше алмаймыз, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев бұл мәселеге қатысты.
Бұл ресми дерек қазір ауылда тұратындардың барлығы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ретінде есепке алынған. Егер оларды да жұмыссыз қатарына қоссақ, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің саны қазіргіден әлдеқайда көп болып шығады. Сондықтан бірнеше үкімет болып, қоғам болып жүйелі жұмыс істегеніміз жөн-ау. Әйтпесе…
Меңдолла ШАМҰРАТОВ,
журналист