Кілемге орап, ағашпен ұрып, шайтан қуған
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының емделушілері жайлы ел аузында әртүрлі әңгіме тарағаны белгілі. Ақыл-есінің дамуы тежелген, кейде оғаш мінезі , ерсі қылығымен қоғамдық ортада қауіпті саналатын науқастардың жан-дүниесін түсінетін, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмектесіп, денсаулығын жіті бақылайтын мейіргерлердің еңбегі мен қамқорлығы жайлы ешкім білмейді. Себебі, жиі айтылмайды.
Орталықта 300 мейіргер еңбек етеді. Соңғы жылдары орта медицина өкілдерінің қатарына ер азаматтар да қосылды. 12 мамыр Халықаралық мейіргерлер күні қарсаңында мейіргерлермен сұхбаттасып, кәсібін шын сүйген мамандардың ешкім естімеген хикаяларын тыңдадық. Сыртынан ел үркіп, өзгелерден ерекше науқастарға ем-дом жасайтын мамандарға қандай талаптар қойылады? Емделушілердің мейіргерлерге шабуыл жасауы мүмкін бе?
Елена Сүлейманова, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы 6 бөлімнің аға мейіргері
Елена Сүлейменованы емделушілер мейірімділіктің символы Тереза анаға теңейді. Жиырма жылдан астам орталықта еңбек етті. Туберкулезге шалдыққан науқастарды емдейтін ауруханаға жұмысқа ауысып, психикалық сауықтыру орталығына қайта оралады. Тәжірибелі маманның айтуынша ерекше жандардың жан-дүниесін алай-дүлей еткен кеселді жақындары түсінбейді дейді.
«Олардың уәжін тыңдаудан жалықпаймын . Көбінесе ерлер бөліміне науқастардың ауруы қозған кезде жиі әкеледі. Күзде, көктемде кесел асқынады. Жағдайы мүшкіл болады. Бұған қоса, олардың материалдық, баспана мәселесі де психологиялық денсаулығына әсер етеді. Олардың көңілі нәзік, кез-келген ұрыс, жанжал жүрегін жаралайды. Мен әйелдер бөлімінде жұмыс істегенде жас қыз түсті. Он жеті жаста. Үсті-басында сау жері жоқ. Ол босанғаннан кейін күйзеліс жанын жегідей жейді. Қайынжұрты келінін түсінбейді. Ол бірнеше күн нәрестені емізуден бас тартады. Өзін-өзі жоғалтып, тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейді. Сонымен келіншекті бақсыға апарады. Бақсы науқас әйелді кілемге орап, ағашпен ұрады. Солай шайтанды қудым деп , әлгі аурушаң жас ананы сабап тастайды. Күйзеліске ұшырағаны аздай үрей, күтпеген соққыдан ес-түссіз күйге түскені айтпаса да түсінікті шығар», — деп ашынды Елена ханым.
Мейіргердің айтуынша, үш ай емделіп, жас ана отбасына оралады. Дертінен айығып, орталыққа тағы келіп, мейіргерлер мен дәрігерлерге алғысын айтыпты. Өкінішке қарай, ата-анасы емші, тәуіптерді аралап, шайтан, жын қуған оқиғалар әлі күнге азайған жоқ дейді Елена Сүлейменова. Жұртшылыққа психикалық аурулар жайлы кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу қажет деген пікірде.
Дәріні тұрақты қабылдаған науқас мазасыз күй, дегбірсіздіктен құтылады. Өкінішке қарай отбасына барғаннан кейін емделушінің ем-домы бақылаусыз қалады деп қынжылады мамандар. Сонымен бірге елімізде психикалық кеселге шалдығып, ремиссия алған науқастарды ешқандай мекеме жұмысқа қабылдамайды. Динамикалық бақылауға есепке алынған анықтаманы көргенде жұмыс берушілердің ат-тонын ала қашатыны жасырын емес. Емделушілер тұрмыстық түйіткілін, тауқыметін мейіргерлерге айтып, шерін тарқатады екен.
«Мысалы, зағип немесе саңырау жандарды жұмысқа қабылдайды. Науқас қоғамдық өмірге бейімделу үшін біз өз деңгейімізде барлық оңалту шараларын жүзеге асырамыз. Еңбекке баулимыз. Бірақ ол орталықтан емделіп шыққаннан кейін бірде-бір мекеме маңайына жолатпайды. Біздің емделушілеріміз дәрісін тұрақты қабылдаса, олардың ешкімге зияны жоқ. Тиын-тебенсіз қалай өмір сүреді? Амалы таусылғаннан кейін ұрлық жасауға мәжбүр. Бізге оларды қайта әкеледі. Бұл жерде тамағы тоқ, киімі бүтін және үсті -басы таза»,- деп мейіргер пациенттердің қордаланған түйіткілін де айтты.
Ал жедел жәрдем қызметінің фельдшері Нұрғали Мейіржан бала кезден медицина мамандығын армандаған. Бірақ психикалық сауықтыру орталығында жұмыс істеймін деген ой жас жігіттің үш ұйықтаса түсіме кірмеген екен. Ол осы орталықтағы жедел жәрдем стансасының фельдшері. Алғаш шақыртуға барғанда алдынан денесін тыртық қаптаған, балта ұстап, зіңгіттей ер азамат шыққанда қаққан қазықтай қадалып тұрған кезім есімде деп күлді.
Нұрғали Мейіржан, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының фельдшері
«Бала кезден медицина саласында қызмет етуді армандадым. Бірнеше жыл тазалықшы міндетін атқарып, сосын фельдшер мамандығын оқыдым. 19 жасымда осы орталықтың балалар бөліміне жұмысқа орналастым. Көбіне алматылықтар , өзім де ғимараттың сыртынан үркіп, мұнда қорқынышты оқиғалар болады деп ойлағаным рас. Мен студентпін. Оқу ақысын төлеу керек. Бастапқыда мұнда жұмысқа келу оңай болмады. Бірақ жұмыс барысында науқастарды көріп , ойым өзгерді. Мен оларды Құдай жаратқан ерекше балаларға теңедім. Бір жарым жыл жұмыс істедім. Бұл жерде емделетін жандарға қоғамның әрбір мүшесі көзқарасын өзгерту керек. Сосын шұғыл медициналық көмек көрсету бөліміне ауыстым. Алғашқы шақырған қоңырау иесі Шаңырақтың тұрғыны. Түн. Қораның жанында зіңгіттей еркек отыр. Қолында балтасы бар. Денесін тыртық қаптаған. Алыстан түрінен адам шошиды. Біз ара қашықтық сақтап, әңгімені бастадық. Біздің мақсатымыз көмекке мұқтаж адамды сабырға шақыру. Ол кісі түрмеде бірнеше мәрте жазасын өтеген. Тоқсаныншы жылдары қылмыс әлемінің белсендісі болған екен. Өз әлемінде өмір сүреді. Сол күні дүкендегі сатушы әйел намысына тиетін ауыр сөз айтыпты. Ашуға булығып, оны балтамен өлтіруге ұмтылады. Сол сәтте біздің орталық есіне түседі. Ашу, ызасын ауыздықтап, хабарласқан екен. Өте тәжірибелі психолог дәрігер ол кісімен ұзақ сөйлесіп, кеңес берді. Алматы алып қала. Түрлі жағдай, түрлі оқиға, бір-біріне ұқсамайтын шағымдар, уақиғаларды көреміз. Тұрғындар араша сұрайды».
Нұрғали жұмыс барысында науқастардың эмоциясы , қимылы және оның психикалық жағдайына жылдам талдау жасап , ширақ болу керек дейді. Дәрігердің пікірінше , көбінесе есепте тұратын науқастардың денсаулығына ата-анасы , қамқоршысының бей-жай қарауының салдарынан оқыс оқиғалар туындайды. Алматылық 40 жастан асқан науқас өз анасын кепілдікке алып, үйінде шу шығарады. Полиция баспананы қоршауға алады. Дәрігерлер де оқиға орнына барады. Анасының мойнына пышақ кезегін ұлдың қандай қимыл, әрекет жасайтынын ешкім білмейді. Әкесінің кілтімен есікті ашып, психологтар үйге кіріп, эмоциясын тежеуге үгіттеп жатқанда полиция пышағын жұлып алып, науқасты психикалық сауықтыру орталығына әкеледі.
«Біздің әрекетіміз өрт сөндірушілердің қызметі секілді. Тәуекелге бел буамыз. Фельдшер ,психолог қандай қатер күтіп тұрғанын білмейді. Біздің саламызда науқастармен жұмыс істеудің өз ерекшелігі бар. Кейде науқас ешкімді тыңдағысы келмейді, пышақ, шанышқы алып шабуыл жасайды. Біздің жұмысыз қауіпті екенін көпшілік білсе екен. Тіпті менің достарым осында жұмыс істейтінімді естігенде күлген. Басқа салаға ауысу менің ойымда жоқ. Мен өз кәсібімді жақсы көремін. Бұл жерде емделушілермен жұмыс істеу үшін жүректе мейірім болу керек. Бірақ сақтықты да ұмытпаған жөн», -дейді Нұрғали.
Әсел Қожанова, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының аға мейіргері
Әсел Қожанова осы орталықта 26 жыл бойы жұмыс істейді. Алматылық студент медициналық колледж тәмамдап, алғашқы кәсіби еңбек жолын бастайды.
«Әрине, бастапқыда үрей болды. Ерлер бөліміне жұмысқа орналасқанда бойымды билеген қорқынышпен күнде күрестім. Жасым небәрі 18-де. Сол кездегі бас мейірбике, тәжірибелі дәрігерлер ерлердің ауруы қозып, мазасы қашқанда не істеу керектігін айтып, кеңес берді. Көмектесті. Психикалық аурулардың ішінде ең қауіптісі науқас бөтеннің дауысын естиді. Біреу науқастың құлағына сыбырлайды және бұл әртүрлі сипатта болады екен. Кейде бұйырады, қорқытады. Мен олардың шағымын және жағдайын жіті бақылап, оны түгел жазып, дәрігерге жеткіземін. Ол дәрі-дәрмегін тағайындайды. Науқас дәрі ішкеннен кейін мазасыз күйден арылып, тынышталады. Бақылау палатасына көшіріп, үнемі көз алдымызда болады. Сол ерлер бөлімінде 4 жыл жұмыс істедім»,-деп мейіргер ағынан жарылды.
Орталықтың есігін имене ашқан жас маман қазір әйелдер бөлімінің аға мейіргері. Әсел Қожанова осы кәсіпті таңдағанына өкінбейді. 1999 жылы алғаш маңдай термен 5 мың теңге еңбекақы алғанда қуанғанын айтып күлдірді. Өзін-өзі басқаруға дәрменсіз, қайда барып, не істейтінін білмейтін денсаулығы дәмкәс жандарға медициналық, психологиялық көмек көрсету парызым деген мейіргер емделушілердің туысын іздегенін есіне алды.
«Біздің емделушілер көбінесе үйін, есімін ұмытып қалады. Қаңғып кетеді, кейде киімсіз көшеде сенделуі мүмкін. Көбіне көшеден тұрғындар жедел жәрдем шақырып, науқасты бізге әкеледі. Бір оқиға есімнен кетпейді. 20 жастағы Алматы тұрғыны өзінің кім екенін, қайда тұратынын білмейді. Қанша күн қаңғып жүргенін де айтпайды. Жүдеп кеткен.
Ата-анасы қызын уайымдап, іздеп жатқан шығар деп, өзіміз ақпарат жинауға кірістік. Күнде және сағат сайын науқастан өзі жайлы сұраймыз. Анда-санда есіне түсіп, оның аузынан шыққан сөздерді, сандарды жазамыз, тіпті суретін саламыз. Үй жанындағы дүкен есіне түседі. Осылай тергеу нәтижесінде жоғалған қыздың ата-анасын таптық. Олар қаланы шарлап іздеген. Бірақ перзентін психикалық сауықтыру орталығында деп ойламаған. Ата-анасы қызымен қауышып, бізге алғысын айтқанда төбеміз көкке жеткендей болдық»,- дейді аға мейіргер.
Нұрия Киікбаева, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының аға мейіргері
Нұрия Киікбаеваның еңбек өтілі 43 жыл. 1992 жылы сот сараптамалық психиатрия саласына жұмысқа орналасады. Түрлі жағдайда қылмысқа күдікті деп танылғандармен жұмыс істеу мейірбикеге оңай болмайды. Емделушілердің жантүршігерлік қылмыс жасағанын жайлы күнде естігенде жұмыстан бастапқыда безіп кеткім келген дейді.
«Республикалық сот сараптама жүйесіне жүзден аса іс келіп түседі.Ұрлық, тонаушылардан бастап адам өлтіргендерді психологиялық сараптамадан өткізеді. Өз әкесі ұлын , бауыры қарындасын зорлады деген сұмдық оқиғаларды естіп, мен жылап , жұмыстан кетемін деп бас дәрігерге кірдім. Бас дәрігер «бұлар қылмыскер емес, науқас адамдар. Мұнда дені сау адамдарды әкелмейді» деді. Маған олармен жұмыс істеудің әдісін үйренуге кеңес берді. Байқағаным , көптеген қылмыстық іс қасақана емес, қатты ашуға беріліп, адам өзін тежей алмағанда орын алады екен. Олар есін жиғаннан кейін өзінің не істегенін түсіндіре алмайды. Мысалы, Ауғанстанда әскери борышын өтеген алматылық жігіт түсті. Ол тойға барып, арақ ішіп, әйелін машинаның ішіне кіргізіп ұрады. Есігін кілттеп алған ба, сонда тойға барған адамдар тамашалап тұрады. Зіңгіттей жігіт жұбайының бет-аузын адам танымастай етіп езіп, көліктің іші қанға бояды. Ол есікті ашқаннан кейін полиция құрықтап, психиатриялық сот сараптамаға әкелгеннен кейін өзінің мұндай жантүршігерлік қылмысты неліктен істегенін есіне түсіре алмады. Ол мен әйелімді қатты жақсы көрдім деп жылап отыратын. Бірақ кейін оған сот үкім шығарып, жазасын алды. Сот оның психикалық ауытқушылығы жоқ деген қорытынды жасады»,- дейді тәжірибелі мейірбике.
Қырық жылдан астам мейірбике болып, талай жанды дәрімен де, жылы сөзімен, мейірімділікпен баурап алатын маманның пікірінше, егер медицина саласын таңдасаңыз, өз өміріңізден бұрын өзгенің денсаулығына жауапкершілікті мойныңызға алу екенін ұмытпау керек дейді. Осы саладағы менің миссиям адамдарға көмектесу. Мейіргерлер науқас ауруханадан шыққаннан кейін туысқандарына хабарласып, күтімі жайлы, дәріні ішу уақытын ескертіп, жіті бақылау парызымыз дейді.
Бахыт Әлімжанова, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының бас мейіргері
«Балаларды көргенде жүрегім ауырып, ешкімге көрсетпей көз жасымды сығып аламын. Олар бұл ауруды құдайдан сұрап алған жоқ. Өздері таңдап алмады. Кейде өз өмірінің қауіпсіздігіне алаңдаған туыстары науқастан бас тартады. Агрессия пайда болғанда емделуші пышақ алып қуалайды, ұрады. Қарт ата-анасын сабайды. Бізге әкелгенде олар өзгереді. Мүлдем басқа адамға айналады. Бөлімдерді бір аралап шыққанда жүрегім шымырлайды. Сүйкімді жас қыз-жігіттер емделіп жатыр. Жүрегім ауырады. Дегенмен біздің мейіргерлерге қойылатын бірінші талап стрестке төзімді болу керек. Адамгершілік, мейірімділік те болу керек. Медициналық құпияны сақтау, ем-шара бойынша барлық талапты мүдірмей орындау міндеті. Мейіргерлердің жұмысы ауыр. Жас мамандар көбіне тұрақтамайды. Олар еңбекақы аз деп жекеменшік клиникаларға кетіп қалады. «Мен істей алмаймын» деп шындықты айтқан мамандарға риза боламын. Науқастармен жұмыс істейтін маман өзінің жауапкершілігін шын ниетпен атқаруы керек. Орталықтағы мейіргерлердің 60% бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан өз ісінің майталмандары», — дейді Бахыт Әлімжанова.
Мереке қарсаңында Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында 30-35 жыл бойы тынбай еңбек еткен орта медицина өкілдері Алена Ерандаева, Клара Әбдіхалықова, Ирена Шуканова «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатты иеленді. «Медицинаға сіңірген еңбегі үшін» медалі Әділхан Байрамов, Гүлнар Қожахметованың кеудесінде жарқырады. А.Наурызәлиев, Н.Байгөбеков, Д.Нүсіпова, Р.Чердизов, А. Әбдалимова құрмет грамоталарын, алғыс хаттар иеленді.
12 мамырда әлемнің 141 елінде мейірбикелер марапатталып, еңбегі мен жетістігін насихаттайтын жиын, кездесулер ұйымдастырылады.
Бұл күні мейіргер ісінің негізін қалаған, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейл туған. Ол Қырым соғысы кезінде тұңғыш мейірбике қызметін ұйымдастырады.
1974 жылы Халықаралық мейірбикелер кеңесі Флоренс Найтингейлдің еңбегін мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамыр – мейірбикелердің Халықаралық кәсіби мерекесі деп бекітеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде орта медицина қызметкерлерінің мейрамын атап өту ресми түрде тіркелді.
Жазира Бегалы, журналист
арнайы Jas Qazaq үшін