30 жылда құйылған құт

24 желтоқсан 2021, 11:12

Қазақта «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген нақыл бар. Тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде еңсерілген істер, жеткен жетістік, шыққан биігіміз де біршама. Отыз жылдың ішінде еліміздің демографиялық демі де жақсарды. Өткен ғасырдың 20-жылдары ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы көңіл-күйін кәлимаға келтіріп тұрып «Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз!» деп еді. Содан бері өткен 100 жылдың ішінде осы алты миллион қазақтың басынан өткен нәубетті алты құрлықтағы өзге ұлттардың ешқайсы көрмеген шығар.

Ресей патшалығының жымысқы саясатының сергелдеңге салуы, 30 жылдардағы жойқын ашаршылық, 1937-1938 жылдары қазақ зиялыларын баудай қырған репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс өрті, қала берді, 50-жылдардағы кеңес өкіметінің қолдан ұйымдастырған орыстандыру жүйесі қазақ демографиясының діңіне уытын төкті. Ұлт ұстазының 6 миллионға жеттік деп шүкіршілік айтатын қазақтың саны осындай «тар жол, тайғақ кешулер» мен қанды қасап қырғыннан өткенде 30 пайызға азайды. Саусағыңызды бүгіп, есептер болсаңыз, 6 миллион адамның екі миллионға жуығы қырылды.

Халық санағына сергек қарап, індете зерттеп, ел көбейсін деп өмірден өткен демограф Мақаш Тәтімов бір сөзінде тәуелсіздік алған жылдары Қазақстаннан 3 миллионға жуық өзге ұлт өкілдері көшіп кеткенін айтып еді. Есесіне, Тәуелсіздік жылдарында арғы жақтағы ағайынның шерлі көңілін іркіп қалған шекараның қақпасы айқара ашылып, қандастарымыз елге көшіп келді.
Осыдан он жыл бұрын жүргізілген санақ бойынша Қазақстанда қазақ ұлтының үлесі 65 пайызға жетіпті. Ертеректе 40 пайызға да жетпейтін еді. Марқұм Мақаш Тәтімов он жыл бұрын қазақ халқының үлесі 65 пайызға жеткенін «Тәуелсіздіктің жемісі» деп қуанышпен хабарлаған болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің тасқа қашап тәпсірлеген тәртібі бойынша, кез келген мемлекетті құраушы ұлт сол елде тұратын халықтың үштен екі бөлігіне жетсе, яғни отыз миллион халықтың жиырма миллионы мемлекетті құрушы ұлттың үлесінде болса, ол ел көпұлтты болып саналмайды. Бұдан нені аңғаруға болады? Ахмет Байтұрсынұлы сияқты «Әлхамдулла, 19 миллионнан астық» деп шүкіршілік етер болсақ, Қазақ елін құрушы, тірегі саналатын қазақ ұлтының жан саны 13 миллионға жетті. Қай қисынға салып қидаласаңыз да, қазақ ұлтының саны жалпы халықтың үштен екі бөлігінен әлдеқайда асып тұр.

«Алашорда» көсемі, ұлтына мінезімен қызмет етіп, арынан айнымаған Әлихан Бөкейханов «1908 жылғы губернатор обзорындағы есеп» деп қазақ халқының жан санын былай» тарқатады. «Біздің қазақ баласы орыс патшасының қол астында мынау тоғыз облыс, бір губернияда: 4 миллион 499 мың 664 адам… қазақ баласының өсімі өзге халықтардан артық болмаса кем емес, қазақ жұрты мыңға 15-тен өсіп, 1897-нші жылы орыс қол астындағы қазақ 4 миллион 84 мың деп есеп қылынса, 1913-нші жылда 5 миллион 64 мың болады» деп сүйінші сұрайды «Қазақ» аталатын мақаласында. Араға бір мүшел мерзім салып, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ алты миллионға жетті деп сауын айтады.

Кеңес одағы өзінің қарауындағы бағынышты ұлттардың басынан өткен нәубетті де, қанды қасап қырғынды да мейлінше бүркемелеп, әлемге әшкере болудан сақтанып, жасырып-жауып келді. Тіпті 1960 жылдардың орта тұсына дейін демография ғылымының демін, зерттеушілерді, халық санын зерделеушілерді тұншықтырып, күнделеп ұстап келді.

Ал бүгінгі тәуелсіз мемлекет халық санағын бірнеше мәрте жүргізді. Биылғы санақ былтыр өтуі тиіс еді. Бірақ әлемді бүргенде бөдененің бөтегесіне сиғызып жіберердей пәрмені бар пандемия кесірінен кейінге ысырылған.

Сонымен, биылғы санақтың қорытындысы әлі нақтыланған жоқ. Алдын ала есеп бойынша, 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген санақ Қазақстан халқы 19 миллион 169 мың 550-ге жеткенін көрсетті. Оның ішінде ер адамдардың үлесі 48,71 пайызға көтерілген, әйелдер – 51,29 пайыз. 1999 жылғы жүргізілген санақтан бері қарай еліміздің халқы 4,1 миллионға көбейген.
«Әттеген-ай» дейтін бір тұсы бар. 1989 жылғы санақта халық саны 16 миллион 22 мың 324 адам деп есептелді. Арада он жыл өткенде, яғни 1999 жылғы санақта 16 миллионнан асатын халық саны өсудің орнына кеміп, 14 миллионға төмендеді. Бұған себеп – тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезіндегі үдере көшу. Көңілге медет тұтатынымыз, тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде халқымыздың саны 4,1 миллионға көбейді.

Биылғы халық санағының дерегінше, қазақтардың саны 13 миллион 453 мың 190 адамға жетіп, халықтың 70,18 пайызын қамтыды. Отыз жыл бұрын қазақ ұлтының саны 6 миллионнан асатын еді. Демек екі есеге көбейді деп қуана айтуға болады.

Еуропаны сөз еткенде көбінің тіл ұшына «кәрі құрлық» тіркесі ілінеді. Неліктен? Өйткені осы материктегі мемлекеттердегі халықтың орташа өмір сүру жасы кекселеу. Анау Англияңызды алыңыз, халықтың орта жасы 40-тан асады. Германия тіпті шау тартып барады – 48 жас. Италияда – 43 жас. Ал Қазақ елінде халықтың орташа жасы – 31. Бұл жас мемлекеттің халқы да жасарып тұрғанын аңғартады.

Отыз жылдың ішінде елімізге құйылған ырыс пен құттың бірегейі деп осы халық санының өскенін айтуға болады. Енді он жылда халқымыздың саны 25 миллионға жететін мерейді бұйыртсын, Жаратқан.

Қуаныш Рахмет

30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды