5 қарашада футболдан Қазақстан Республикасының 26-чемпионаты аяқталды. Шымкенттің «Ордабасы» командасы 3 тур бұрын қола жүлдегер атанып қойғандықтан, Көкшетаудың «Оқжетпесіне» қарсы жартылай қосалқы құраммен шықты. Ал, чемпионаттың басты мәселесі Астана мен Алматыда шешілді. «Астана» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдаса, «Қайрат» «Ақтөбемен» күш сынасты. Егер елордалықтар өз алаңында жеңіске жетпесе, алтын медальдан айырылатын еді. Бірақ, Стойловтың шәкірттері бар күштерін сарп етіп, екінші таймада соққан 2 голдың арқасында жеңіске жетті. Сөйтіп, «Астана» командасы қатарынан төртінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Ал, Алматының «Қайратына» күміс жүлде бұйырса, үшінші орынға Шымкенттің «Ордабасы» командасы ие болды.
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадиондағы кездесуге оралсақ, алаң иелері бірінші таймда сүреңсіз ойнады. Тіпті, қақпаларына гол жіберіп алды. Соңғы турда жанкүйерлерін ренжітіп алмау керектігін жете түсінген Петрушин бапкер екінші таймда ойынға Иордановты шығарды. Түйсігі алдамаған екен. Бұл жігіт 51-минутта есепті теңестірді. Алайда көкшетаулықтар 56-минутта Недашковскийдің голынан кейін тағы да алға шықты. Осыдан кейін шабуылды үдеткен «Ордабасы» футболшылары 80 және 87-минуттарда қарсылас қақпасын дәл көздеп, 3:2 есебімен жеңіске жете білді. Үш голды да болгариялық легионер Иорданов салды. Шамасы, бір маусым бойы гол соғуы мұң болған бұл футболшы енді «оянған» сыңайлы. Соңғы турды хет-трикпен түйіндеді.
Тартысқа толы осы кездесуден кейін «Ордабасы» командасын қола медальмен марапаттау шарасы өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков «Бүгін Оңтүстік футболы үшін тарихи күн болып тұр. «Ордабасы» командасы жылдан-жылға жоғары өрлеп, үшінші орынға ие болып отыр. Сол үшін «Ордабасы» командасы мен оның жанкүйерлерін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының атынан шын жүректен құттықтаймын. Өңір басшысы жыл басында футболды дамыту жөнінде келелі кеңестер өткізіп, командаға қолдау білдірген болатын. Міне, бапкерлеріміз бен футболшыларымыз сенімді ақтап отыр. Енді бұл биіктіктен төмендемеуіміз керек. Тиісінше жоғары көтеріліп, екінші орын, одан кейін чемпион болуға ұмтылған жөн. Ол үшін «Ордабасы» командасында мүмкіндік бар. Ең бастысы, футболды айрықша сүйетін жанкүйерлері көп» деді. Қола жүлдегер «Ордабасыны» марапаттау үшін арнайы келген Қазақстан футбол федерациясының басшысы Сейділлә Байшақов та қуанышқа ортақтасып, Оңтүстік футболының тасы өрге домалап тұрғанын айтты. Осы салтанатты шарада «Техас» фанклубының мүшелері өңір жанкүйерлері атынан бірнеше футболшының иығына шапан жапты. Атап айтсақ, Диакате, Нұрғалиев, Әшірбеков, Ирисметов пен клуб президенті Байсейітов пен клубтың белді қызметкері Ұлықбек Асанбаевқа белді құрмет көрсетті. Жанкүйерлер жартылай қорғаушы Еркебұлан Тұңғышбаевты жылдың үздік футболшысы деп танып, арнайы марапаттады. Ал, белгілі ақын-сазгер Әбдіхалық Әбдірайымұлы «Ордабасы» командасына арнаған жыр шумақтарын оқып берді.
Ақ тілектер ақтарылып, футболшылардың мойынында қола медаль жарқыраған күні команда капитаны Азат Нұрғалиев бастаған жігіттер стадионға жиналған жанкүйерлерге алғыстарын айтты. Сабырлы қалпынан таңбаған «Ордабасы» командасының бас бапкері Алексей Петрушин «Ең бастысы, шымкенттік жанкүйерлерге мереке сыйладық» десе, клуб президенті Бақтияр Байсейітов биылғы чемпионатқа қойылған мақсат орындалғанын айтты.
Осы күні «Ордабасы» командасының ізбасарлары да марапатталды. Олар 2001 жылға дейін туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанған болатын. Бұл – Оңтүстікте мықты ізбасарлар бар екенінің дәлелі. Енді осы өрендерді үлкен додаларға қосып, қолдау көрсету, бағын ашу – бапкерлер мен спорт шенеуніктерінің басты міндеті. «Ордабасы» командасының 2017 жылғы чемпионаттағы көрсеткіштері туралы арнайы сараптама алдағы уақытта оқырманға ұсынылады. Ал, қазір Оңтүстіктің барша жанкүйерлеріне қола жүлде құтты болсын дейміз. Алға, «Ордабасы»!
Футболдан ҚР XXVI чемпионатының қорытындысы турнир кестесі
Команда О Ж Т Ұ Д/А Ұ
1 «Астана» 33 25 4 4 74 – 21 79
2 «Қайрат» 33 23 9 1 75 – 28 78
3 «Ордабасы» 33 18 4 11 44 – 37 58
4 «Ертіс» 33 12 12 9 35 – 32 48
5 «Тобыл» 33 12 11 10 36 – 26 47
6 «Қайсар» 33 11 9 13 30 – 36 42
7 «Шахтер» 33 12 4 17 36 — 50 40
8 «Атырау» 33 10 8 15 34 — 54 35
9 «Ақтөбе» 33 8 9 16 38 — 46 33
10 «Ақжайық» 33 7 9 17 29 — 47 30
11 «Тараз» 33 8 8 17 29 — 50 26
12 «Оқжетпес» 33 7 3 23 28 — 61 24
Сабырбек Олжабай