Фото: pixabay.com
Елімізде жайылым тапшылығы соңғы он-он бес жылда қатты білінді. Әкімқаралардың жерді құдды өз меншігіндей оңды-солды «таратуы» қазақтың кең даласында мал бағатын жердің жетіспеуіне әкеп соқтырды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында игерілмей жатқан жерді қайтарып алу мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы: «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», — деген еді. Содан бері «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен» талай жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Sputnik
Өткенде қайтарылған жайылымға қатысты соңғы мәлімет жария етілді. Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутат сауалына берген жауабында 2,7 млн гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын айтты. Серік Жұманғарин: «Үкімет жайылым жерді тиімді пайдалану, жем-шөп базасын тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ жердің азып-тозуына жол бермеу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Ауыл тұрғындарының мал бағуына арнап 1,124 млн гектар жер бөлінді. Елді мекендердің шекарасы маңайындағы жайылым жердің есебінен 79,4 мың гектарға кеңейтілді. Қосымша 916,8 мың жер резервке қойылды», — деді.
Оның айтуынша, аймақтарда жайылым жерді басқару және пайдалану бойынша 89 жоспар жаңадан бекітілген. Бұл жоспарда жайылымды тиімді басқару, инфрақұрылым нысандары туралы ақпарат, маусымдық жайылым жерде бағылатын малдың саны туралы мәлімет және басқа да деректер енді.
«Пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз алынған жерді қайтару бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Осы мақсатта республикалық комиссия құрылған. Жайылым жерді пайдалану нормасын 20 пайыздан 50 пайызға көтергеннен бері тиімсіз пайдаланылған 2,7 млн гектар жер қайтарылды», — деді вице-премьер.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де жайылым жердің тапшылығы азайғанын алға тартады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, мал басының санын қайта қарау есебінен елдегі жайылым тапшылығы екі есе дерлік – 8,4 млн гектардан, 4,3 млн гектарға азайған.
primeminister.kz
Виуе-министр: «Әкімдіктер жайылым жерді оңтайландыру және қайта бөлу бойынша ауқымды жұмыс тындырды. Айталық, 1,1 млн гектар жайылым жер ортақтасып пайдалануға, яғни жұрттың мал бағуы үшін бекітілді. Байқау негізінде 723,1 мың гектар жайылымды пайдалану құқығы берілді. Елді мекендердің шекарасын кеңейту үшін 79,4 мың гектар жер қарасытырылған. 916,8 мың гектар жер резервке қойылды», — дейді. Бүгінде нормативтік-құқықтық база жаңа жағдайға толығымен бейімделген.
Жайылым жерді мемлекетке қайтару мақсатында Республикалық комиссия құрылғаны белгілі. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап комиссия жерді қайта бөлу, топырақтың тозуына және жайылым жердің жетіспеушілігіне жол бермеу міндетін атқарады.
Азат Сұлтанов келтірген деректерге сүйенсек, комиссия жұмысын бастағаннан бері мемлекеттің жер қорына 13,2 млн гектар жер қайтарылған. Соның ішінде 2022 жылы — 5,4 млн гектар, 2023 жылы 4,6 млн гектар, 2024 жылы 2,2 млн гектар, ал биыл 1 млн гектар мемлекетке қайтарылды. Олардың ішінде 11 млн гектар жайылым жер бұрын 14,6 мың шаруашылықтың иелігінде болған. Жайылымға арналған жерде мал бағылмаған, жалпы тиімді пайдаланбаған. Сондықтан 6 млн гектар жер ауыл тұрғындарының пайдасына қайта бөлініпті.
Айта кетейік, 2024 жылдан бері заңнамадағы өзгеріске сай, жайылымды 50 тиімсіз пайдалану 50 пайызға жетсе (бұған дейін 20 пайыз болған), мемлекет меншігіне өтеді. Осы норма күшіне енгелі 2,7 млн гектар жер қайтарылды. Ал 565 мың гектар жерде фермерлер мал жая бастады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісіне жұмысшыларды көптеп тартуға әсер етті. 63,8 мың гектар жер бойынша біраз іс сотта қаралып жатыр.
Әр аймақтағы жағдайға тоқталсақ, биылғы маусым айында Абай облысында тиімсіз пайдаланылып келген 42 мың гектар жер (кадастр құны – 516 млн теңге) мемлекетке қайтарылды.
Ақмола облысы Біржан сал ауданында прркуратура мемлекетке 22 мың гектар (кадастр құны – 323 млн теңге) жер телімін қайтарды.
Маңғыстау облысында 83 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жерді мемлекет меншігіне қайтаруға жайылымды пайдалану нормасының сәйкес болмауы себеп болды.
Әр аймақ бойынша мұндай мысалдар көп. Алдағы уақыттта да игерілмей немесе тиімсіз пайдаланылып келген жайылым жерді мемлекет иелігіне қайтару жұмысы жалғасады.
Наргүл Мырзахмет