jasqazaq.kz

Нақты іске бағыттайтын бастамалар

23 қазан, 16:20

Табиғат жанашырлары дабыл қағуда. Каспийдің деңгейі соңғы отыз жылда 2,3 метрге төмендепті. Теңіздің таяздануы, әсіресе, терістік бөлігінде анық байқалады. Бұған күннің ысуынан судың булануы және  алып айдынға құятын өзендерде ылғал мөлшерінің азаюы себеп.  Мұның тек қоршаған ортаға ғана емес, экономикаға, соның ішінде, жүк тасымалына да тигізер зардабы зор. Бір мысал. Әдетте, тереңдігі 6 метр болуы тиіс жағалаудағы су тартылып, ауыр танкер мен паромдар оған жете алмай қалды.  Әзірге теңіз табанын үңгіп, тереңдету уақытша амал болып тұр. Ал оның шығыны шаш етектен. Бұған Арал қасіреті, қуаңшылық, мұздықтардың еруі, барған сайын біліне бастаған су тапшылығын қосыңыз.

Қазақстан адамзатты алаңдатқан экологиялық апаттардың алдын алуға бағытталған шұғыл шараларды қабылдау жөнінде бастама көтерді.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Тиянжин қаласында өткен Шаңхай ынтымақтастық ұйымының Саммитінде климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елдері мен өңірлеріне қауіп төндіріп отырғанын тілге тиек етті. Президент нақты қатерлерге, атап айтқанда, шөлейттену, су қоймаларының тартылуы, құрғақшылық және өзге де экологиялық түйткілдерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеудің өзекті міндет екенін атап өтті. Сөйтіп, Қазақстанда аталған ұйымның Су ресурстарын зерттеу орталығын құруды ұсынды.

Аталған бастаманың мән-маңызы айрықша. Өйткені су проблемасы Орталық Азия өңірі мен күллі әлем үшін көкейкесті мәселеге айналып отыр. Оны ортақ күш-жігерді жұмылдыру арқылы ғана шешуге болады. Мемлекет басшысы осы орайда ел Үкіметіне көлемі кеми бастаған Каспий теңізіндегі су ресурстарын сақтауды көздейтін мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Ілкімді іс-қимыл өз жемісін беріп те жатыр. Бұған айдыны 36 пайызға ұлғайып, су мөлшері екі есе көбейген Солтүстік Арал нақты мысал бола алады.

Қоршаған ортаны қорғауда тұрлаулы шешімге алып келетін нақты әрекет қажет. Осындай қағидаға сүйенген еліміздің мұрындық болуымен алдағы жылы Астанада Өңірлік Экологиялық Саммит (Regional Environment Summit 2026) өтеді. БҰҰ-мен серіктестік шеңберінде аймақ елдері және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысатын алқалы жиында табиғатты аялап, сақтауға бағытталған маңызды міндеттер белгіленеді деген сенім мол. Олай дейтініміз, Саммитке дайындық пен талқылайтын тақырыптарды пысықтау тыңғылықты дәрежеде жүріп жатыр. Тамыздың басында  сол Каспий жағасындағы Ақтау қаласында Орталық Азия елдері экология министрлері бас қосты. Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестірушілері мен COP29 (БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конференция) президенті, Әзірбайжан президентінің климат мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Мұхтар Бабаев (Әзірбайжан) қатысқан осы жиында Саммиттің жаңартылған тұжырымдамасы мен күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Олардың арасында биосаналуандықты қорғау, экожүйені қалпына келтіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, жасыл технология мен климаттық инновацияларды дамыту да бар. Кездесуде сөз алған БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Катаржина Вавиерниа климаттың өзгеруінен туындайтын сын-қатерлерді бірлесе еңсерудегі Қазақстанның қадамын жоғары бағалады.

Осы тамыз айында Аваз қаласында (Түрікменстан) Теңізге шыға алмайтын (Landlocked countries) дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның үшінші конференциясы өтті. Қазақстан Президенті осы жиында сөз сөйлеп, теңіздегі сауда жолдарынан жырақта жатқан елдердің экономикалық, логистикалық және климаттық қиындықтарға тап боып отырғанын айта келе, осы мемлекеттердің үні жаһандық деңгейде естіліп, оларды өркендеу мүмкіндігі мол, сенімді серіктес ретінде қарау қажеттігін мәлімдеді. Айта кеткен жөн, 40-тан астам елдің экономикалық және экологиялық түйткілдерін шешуге бағытталған аталған конференция да Қазақ елінің байыпты бастамасымен дүниеге келген болатын.

Талап Тілеген      

 

Бүгін, 14:44
Manish Chand: Kazakhstan’s foreign policy aims to build balanced relations and strengthen partnerships with nations large and small
Бүгін, 14:04
Бітімгерлер – бейбітшілік елшісі
Бүгін, 13:43
Маниш Чанд: Қазақстанның сыртқы саясаты үлкенді-кішілі мемлекеттермен теңгерімді байланыс орнатуға және серіктестікті нығайтуға бағытталған
23 қазан, 16:20
Нақты іске бағыттайтын бастамалар
23 қазан, 12:28
Кәсіпкерлер жеңілдікпен қандай несие алады?
22 қазан, 17:52
Мақсат – бюджет шығынын асырмау
21 қазан, 20:25
Каспийдің қос жағалауын тоғыстырған ырысты ынтымақ
21 қазан, 18:34
Салық саясатындағы өзгерістің күнгей тұсы
21 қазан, 11:15
Агроөнеркәсіпті дамыту – мемлекетті нығайтудың көрінісі