Бүгін жатақханада. Ертең?..

09 қыркүйек 2016, 15:12

14247643_626385330854982_1804309237_o

Астананың іргесіндегі жатақханада тұрып жатқан 7 отбасының тағдыры қыл үстінде. Себебі сот орындаушысы мен қалалық «Городская недвижимость» мекемесінің өкілі 7 отбасын күштеп жатақханадан шығаруға тырысып жатыр. Алайда тұрғындар сот орындаушысының талабын орындауға қарсылық білдіріп, пәтерден шықпайтынын айтқан.  Өйткені, жатақхана оларға 2008 жылы қазіргі «Алатау» және «Алау» стадионы аумағындағы жерде болған саяжайлары үшін тұруға берілген. Тұрғындар сол кезде саяжайдағы жер телімі үшін мемлекет меншігіне алынғанда қаржылай өтемақы берілгенін, бірақ ол қаражат баспана сатып алуға тым аз болғанын айтады.

Мәселен, Дәмежан Мұқышова екі үй салынған 7 соттық жеріне не бәрі 2,7 млн теңге алыпты. Ал ол ақшаға пәтер сатып алмақ түгілі, жер телімін алып, үй салудың өзі мүмкін емес. Ол «Біз 2006 жылдан бері баспана мәселесі бойынша дауласып келеміз. Осы үйге «Лайықты баспана үшін» қозғалысының арқасында қол жеткізген болатынбыз. Енді бұл үйден сот орындаушысы қуып шығаруға әрекет етіп жатыр. Бір қызығы, мен ешкімнен қолма-қол ақша алған жоқпын. Олар қызымның банкоматына ақша аударып жіберіпті. Банкоматтың нөмірін қайдан алып, қай кезде ақша аударғанын да білмейміз. Банкоматтағы ақшаның бір жыл бұрын аударылғанын кейін білдік. Себебі ешқандай келісімшарт жасасқан жоқ болатынбыз», – дейді.

14248072_626385070855008_1880718396_o

Ал Еркебай Қолдашев 7 соттық жерге салынған 120 шаршы метрлік 7 бөлмелі үйіне 2,8 млн теңге алғанын айтады. Алайда ол өз үйінің құны аталған қаржыдан әлдеқайда қымбат бағаланғанын тілге тиек етеді. Е.Қолдашев «Бағалау комитеті 7 бөлмелі үй мен 7 соттық жерді 35 мың АҚШ доллары болады деп бағалады. Әйтсе де, әуелде әкімдік 9 мың доллар берді. Біз бұл қаржыға келіспей соттасқаннан кейін аталған қаржыны 12, одан кейін 18 мың долларға дейін көтерді. Бірақ ол кезде бұл ақшаға пәтер тұрмақ, жер телімін сатып алу мүмкін емес болатын. Ең құрмаса, үкімет жер телімін алатын ақша берсе, қаланың сыртынан жер алып, үй салып алар едік. Бізге қаланың қақ ортасынан жер алып үй салудың керегі жоқ», – дейді.

Жатақханадан қуылғалы отырған 7 отбасының қазіргі таңда мұң-мұқтажын түсініп, қарайласатын жан көрінбейді. Бұл аз болғандай олар өздерінің алданып қалғанын айтады. Тағы бір тұрғын Бақыткүл Әбдірәсілованың айтуынша, олар пәтерлер бюросы басшысының сөзіне сеніп қалыпты. Ол «Үкіметте қазір ақша жоқ, қазір стадион салынып жатыр. Қалай үйдің құжаты дайын болады, сендердің аттарыңа аударып береміз. Далада қалмайсыңдар. Сендердің бүкіл жағдайларыңызды жасаймыз» – деп айтты. Соның сөзіне сеніп, қаншама адам алданып қалдық. Егер біз сол кезде пәтерден қуып шығатынын білгенде, соттассақ та бұл мәселені шешіп алар едік. Жуырда Қаржы полициясынан құжат алған едік. Олардың айтуынша, бұл жатақхана сносқа кетіп жатыр екен. Егер үй сносқа кететін болса, бізге бір-бір пәтер беру керек. Алайда соған жеткізбей бізді бұл жерден қуып жатыр», – деді.

Жатақхана тұрғындары кезінде сауатты әрекет етпегенін мойындап отыр. Мәселен, өздері сияқты саяжай тұрғыны үкіметтен 6 миллионға жуық қаржы алып, мәселесін оң шешіп алған. Ал өздері жалдаған адвокат қарсы тараптың позициясын жақтап кеткен көрінеді. Өкінішке қарай, 15 қыркүйекке дейін 7 отбасы жатақханадағы бөлмесін босатып беруі керек. Алайда біз кездескен тұрғындар «жатақханадан басқа барар жер, басар тауымыз жоқ» – деп отыр. Сондықтан да олар аштық жариялап, баспаналары үшін жан алысып, жан берісуге дайын екен.

Нұралы Мыңбаев,

Мемлекеттік сот орындаушы:

 – Өткенде жатақхананың 7 тұрғыны маған 15 қыркүйекке дейін бөлмелерді босатып береміз деп қолхат жазып берген болатын. Егер олар ойларынан бас тартып, жатақхананы босатпайтын болса, заң аясында мәжбүрлі түрде шара қолданамыз. Ал енді олардың іс-әрекетінің дұрыс немесе бұрыс екенін мен шешпеймін. Мен тек қана өз жұмысымды атқарамын. 15-қыркүйек күні менің жанымда құқық қорғау органдарының өкілдері болады, егер сол жерде әкімшілік құқықбұзушылық болса, оған тиісті шара қолданылады. Әрине, азамат ретінде оларға жаным ашиды. Алайда әр адамға жанымыз аши беретін болса, бірталай соттың шешімі орындалмай қалады. Заң бәріне бірдей. Сіз де, мен де жалпы барлық Қазақстан азаматтары заңды орындауға міндетті. Мен өз жұмысымды орындап жатырмын.

 

 

Серік Жолдасбай, Астана

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде