Еліміздің ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының іріктеу кезеңінің нәтижесін жария етті. Бұл туралы министр Фейсбуктегі парақшасында жазды.
Министр жазбасында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн дауыс беру арқылы жобаның іріктеу кезеңінен өткен 102 жеңімпаз анықталды. Осы орайда, әділдік үшін дауыс саны бойынша алғашқы жүздіктен сәл ғана төмен тұрған екі үміткерді де тізімге қосуды жөн санадық», — делінген.
Оның айтуынша, жобада 340 мыңнан астам отандасымыз өзі таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген. «Осының өзі жобаның қоғам үшін маңызды болғанын көрсетеді. Ендігі жерде үлкен жұмыс басталмақ. Қазіргі уақытта ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан Халқы ассамблеясымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуде», — дейді министр.
Дәурен Абаев жоба жеңімпаздарының есімі ел табыс тарихының жаңа парақтарына айналады деген сенім білдірді. Министр «Осы орайда жобаға атсалысқан барша жұртшылыққа еліміздің жаңа есімдері туралы жан-жақты ақпарат берген журналистерге, бізге қолдау көрсеткен волонтерлер мен қоғамдық ұйым мүшелеріне алғыс білдіремін». деді.
Д.Абаев «Өтінімдерді жинау барысында елімізде мақтан етуге де, өскелең ұрпаққа үлгі етуге де лайықты мыңдаған бірегей жандардың бар екеніне куә болдық. Осынау жаңа есімдер арқылы тұтас Тәуелсіз Еліміздің табыс тарихының жаңа парақтары ашылмақ», — деп жазды.