2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 120,1 млрд. теңге бөлінді. Оның 88,3 млрд теңгесі өңірлерге аударылды. 10 айдың қорытындысы бойынша қаржының 79,2 млрд теңгесі игерілген. Бүгінде бұл тиісті соманың 89,7%-ын құрайды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді.
Кредиттік тұрғын үй құрылысын арттыру үшін бұдан бұрын квазимемлекеттік секторының субъектілеріне бөлінген қаражат әкімдіктерге қайта бөлінеді (277 млрд. теңге). Бұл қаражат, 2 жыл сайын «револьверлік қағидаты бойынша» қайта пайдаланатын болады.
Осы бағытты іске асырудың нәтижесінде әкімдіктерде үй кезегінде тұрғандардың санын қысқартуды көздейді. Сонымен қатар, кезекте тұрғандарды қоса алғанда 1 миллионға жетіп қалған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» салымшылары баспанамен қамтамасыз етіледі.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының мәлімдеуінше, бүгінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру еліміздің 15 өңірінде қарқынды жүргізіліп келеді. Көш басында Маңғыстау (464,2 мың ш.м), Алматы (387,3 мыш ш.м), Қызылорда (381,3 мың ш.м) және Атырау (373,6 мың ш.м) облыстары. Аталған аймақтар жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша да алда келеді.