Жұрт газ баллон тасып жүр

10 ақпан 2021, 15:24

Елден келген Есенбай облыс орталығындағы Центральный мөлтекауданынан үш бөлмелі үй алғанда төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғандай қуанған. Олай болмағанда ше? Тіршіліктің барлық түйткілі табан астында шешіліп, жұмақтың төрінде отыратындай күй кешкен. Енді жаратқан ие жар болса, ауылдағы азаптан біржола құтыламын деп ойлаған. Бұл ауылдағы тіршілікті қойсаңшы, отынмен кіріп, күлмен шығасың. Қала тіршілігі ғажап қой деп болжаған. Отын-суы іште, асты тақтай, үсті тақтай, ортасы сылдырмақтай.

Сөйтсе, мұнда да жағаң жайлауға кететін жағдай жоқ екен. Ауыз су ішуге жарамайды. Кранды бұрап қалсаң, ауылдағы томардың суындай, қоқым-соқым араласқан, түсінен адам шошитын әлдене ағады. Әйтеуір, қанжылым жылуы бар. Ең қиыны – газ. Баяғыда аттан құлап, оң жамбасын опырып алғалы ақсап басатын Есенбайға 8-қабатқа газ баллонын көтеріп шығу азаптың азабы. 4-қабатқа жеткен соң баспалдақты санай бастайды. Бір, екі, үш… Оң жақ аяғын сүйретіп басатын Есенбай үшін 8-қабатқа көтерілу деген биік шыңды бағындырғанмен бірдей.

Өткенде оразада ауылға барғанда қара қоныста көше алмай қалған құрдастарына мақтанған. Сол сөзінің жартысы өтірік. Қазір қайтадан ауылға көшкісі келіп жүр. Жер үйде тұрса, дәл мынандай жер болмайды ғой.

Көкшетау қаласындағы орталықтандырылған газ тарату қондырғылары орнатылған 645 көпқабатты тұрғын үйде 37 мың тұтынушы тұрады екен. Солардың тек 14,7 пайызы ғана орталықтандырылған көгілдір отынмен қамтылып отыр. Демек көпшіліктің көрген күні осы. Есенбай сияқты ақсақ емес, аяқ-қолы балғадай адамның өзіне жоғары қабатқа газ баллонын шығару машақат. Бұл қолайсыз жайдың орын алғанына да біраз болып қалды. Қалада көптен тұратындардың айтуына қарағанда, осы түйткіл Тәуелсіздіктің өзімен құрдас. Ал қашан шешілетінін әзірге ешкім білмейді. Түнеукүні Есенбайдың көршісі базарда отыратын сыған кемпірге бал аштырған екен, ол көріпкел жүз жыл депті. Енді жүз жылдан соң, газ үйіме келіп тұрады. Әлгі көршісі өзі түгіл немерелерінің газ баллонын арқалап жүретінін естігенде, сыған кемпіріне қазақшалап «жағыңа жылан жұмыртқаласын» десе керек.

Азапты әбден тартқан Есенбай жаңадан салынып жатқан үйлердің бірінен пәтер алмақшы болған. Сөйтсе, оларда да газ құбыры тартылмаған екен ғой. Қазір ауладағы бұрынғы көгілдір отын тарататын құрылғы қирай қаусап, үйінді болып, үйіліп жатыр. Өтпелі кезеңнің өкпек желі тас-талқанын шығарған. Құрылғы желісін де пәтер иелері жөндеу жұмыстарын жасаған кезде кесіп-кесіп тастапты. Шамасы көгілдір отыннан әбден күдер үзген болуы керек. Өткенде Есенбай етігін қағып-қағып, қала әкімдігінің табалдырығынан аттаған. Ондағы шоқпардай галстук таққан шенеуніктердің айтуына қарағанда, құрдымға кеткен құрылғыларды қайтадан қалпына келтіруге қаражат тапшы көрінеді. Бірнеше мәрте тендер өткізіліпті. Бірақ осы шаруаны тап-тұйнақтай етіп істеп берейінші деп ұмтылып отырған кәсіпкер жоқ.

Біріншіден, осыдан 25-30 жыл бұрын қирап қалған дүниенің иесін іздеп табу керек. Ол енді сонарда аң қаққандай дүние. Тапқан соң әділет басқармасында тіркету қажет. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ермек Төлеуовтың айтуынша, кәсіпкер атаулы көне, қираған құрылғылардың арзандауын тосып отыр. Дәл қазір облыс орталығындағы 240 газ тарату қондырғысының 99-ы жұмыс істемейді. Ел ақылды қала, ақылды үй салып жатқанда Көкшетаудың қарақұрым тұрғындары қарапайым, ешбір жаңалық ойлап табуды қажет етпейтін газ тарату құрылғыларын қайтадан қалпына келтіре алмай қара басып отыр.

Көкшетау тұрғыны Береке Қантаев: «Васильковка шағынауданындағы көпқабатты үйде тұрамын. Газ құрылғысы істен шыққалы табаны күректей жиырма бес жыл өтті. Алғаш осы үй салынып, пайдалануға берілгенде игілігін ел көріп отыр еді. Өтпелі кезеңнің қиын уақытында көгілдір отын беру сап тиылды да, құрылғылар керексіз болып қалды. Алғашқы бетте қала тұрғындары газ баллондарын қапқа салып таситын, қазір оны да қойдық Құдды бомбаның үстінде отырғандай күй кешудеміз, — дейді.

Қауіпті екені рас. Желтоқсан айының соңында Васильковка шағынауданында оқыс оқиға болып, бір пәтерде газ баллоны жарылды. Жарылыстың кесірінен 8 адам жарақат алды. Тағы екі қыз бала өмірден озды. Қауіпті емей немене?!

Ақмола облысы орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 60 пайыздан астамы ереже бұзып, газ баллонын пайдаланып отырғанын екпін түсіріп айтуға тиістіміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, сақтық керек-ақ. Қаладағы көпқабатты үйлердің асты толған дәмхана, сырахана, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету ұжымдары. Солардың барлығы күнделікті тіршілігінде газ баллонын пайдаланады. Әлдекімнің салғырттығынан, не ұмытшақтығынан оқыс оқиға болса қайтеміз? Кінәні кімнен көреміз? Біздің атқамінерлер ши шыққанша, бір пәтер емес, тұтас бір үй жарылып кетпей, саусағын қимылдатпайды.

Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?