Жырға айналған жол

09 қазан 2020, 8:54

Неге біздің жолдардан шикілік шыға береді? Неге бізде «су жаңа жол» бір жылға жетпей ойылып, шұрық-шұрық болып қалады? Кілем сияқты жиналатын асфальт шыққан ба? Тіпті миллиардтаған қаржы бөлінді дейтін республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жылда жөндеу көрсе де, қуанышымыз көпке созылмай жатады. Міне, Түркістан қаласында да жаңадан төселген жолды қайта жөндеуден өткізу керек.

Таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен «Сапалы жол» жобасы бірлесіп, қалада жаңадан төселген жолдың сапасына кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді.
Өңір тұрғындарының арыз-шағымы негізінде жүргізілген мониторинг барысында Түркістан қаласына қарасты Дастанов, Нақыпов,

Жібек жолы – Шекті Тілеу, Майкөтов көшелерінің жол сапасы мен қауіпсіздігі тексеріліп, жаңадан төселген асфальт-бетон жамылғысынан кесінді сынама алынды.
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов: «Бір күндік бақылау жұмыстарының нәтижесінде облыс орталығында орналасқан Жібек жолы – Шекті Тілеу мен Майкөтов көшелерінің асфальт бетон жамылғысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтсақ, жол біртегіс емес, жиектас зақымданған, жаяу жүргіншіге арналған жолдар талапқа сай емес, су ағарлар түсіп кеткен, ойық-шұңқыр көп», – дейді.

Жаңа салынған жолдан біршама ақау байқаған сала мамандары анықталған кемшілік бойынша мердігер мекемелерге акт түзіп, компания басшыларына қайта жөндеуден өткізу бойынша ұсыныс айтты.

Түркістан қаласына қарасты жаңадан салынған 4 бірдей жолдан ақау табылған. Мұның бәрі автокөлік жолының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мен төселген асфальт сапасына қоғамдық бақылауды, сондай-ақ мердігер мекеменің жауапкершілігін күшейту үшін жасалуда. Тиісті мекемелер соны түсініп, қорытынды шығарар ма екен?

Қоқысты «қағаз жүзінде» тазалайды

Түркістан облысында өткен жылы 303 заңсыз қоқыс алаңы анықталыпты. Облыстық экология департаментіне «Барлығы тазаланды» деп мәлімет берілген. Алайда аудандарды аралау барысында олардың бұрынғыдан да көбейгені анықталды. Бейберекет жатқан қоқыс полигондары әр ауылда кездеседі.

Өңірдегі Жетісай, Мақтарал, Шардара, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында да жағдай мәз емес. Экология басқармасының мамандары «Заңсыз қоқыс алаңдарының көбеюіне жергілікті билік те, бұқара да кінәлі», – дейді. Жыл басында облыс әкімдігі мен жауапты сала өкілдері осы түйткілді шешу үшін аудандарға 275 хат жолдапты. Бірақ соның көбі қағаз күйінде ғана орындалған.

Басқарма басшысы Имангелді Түймебаевтың айтуынша, өңірде заңсыз қоқыс алаңының көбеюіне арнайы полигондардың аздығы себеп. 900-ден астам елді мекені бар аймақта небәрі 30-ға жуық қоқыс төгетін орын қарастырылған. Сонымен қатар облыста тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші де өте төмен. Оның тек 9 пайызы ғана қайта кәдеге жаратылады.
Биыл еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ғарыштық фототүсірілімінде Түркістан облысында 265 қоқыс алаңының бар екені анықталыпты. Оның көбі Кентау қаласының аумағында орналасқан. Соның бірі – Қарнақ ауылы тұрғындарының қоқыс төгетін алаңы. Тасжолдан бір шақырым қашықтықта орналасқан. Осы ауылдың Әбдіғали Уалхан есімді тұрғыны ауыл тұрғындарының көбі қоқысты арнайы белгіленген орынға емес, жол-жөнекей сай-салаға төге салатынын айтады.

Кентауға 12 ауыл қарайды. Барлығының өз қоқыс алаңы бар. Бірақ оларда да дәл осындай жағдай қайталануда. Өңірдегі экологияға жауапты мамандардың айтуынша, Кентау мен оған қарасты ауылдарда табиғатты ластайтын 67 заңсыз қоқыс алаңы анықталған. Кенді шаһардағы көпқабатты үйлердің ауласында да бейберекет тасталған қоқыс шашылып жатыр.

Кентау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) бөлімінің сектор меңгерушісі Әбдісамат Исрайылов: «Осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазірдің өзінде 60-70 пайызын орындап қойдық. Расын айту керек, Шорнақ елді мекенінің әкімі ауысып, бұл бағыттағы жұмыстар кешіктірілді. Одан кейін Майдантал ауылында он шақты нүктелеріміз бар. Қазір сонымен айналысып жатырмыз. Жақын арада бітеміз. Ал қала бойынша, шынын айту керек, кешегі жаз айларында шамалы кемшілік болды. Өйткені 9 техника ғана бар. Оның жартысы жөндеуді қажет еткендіктен, тапсырылған жұмысты істей алмадық. Бүгінгі таңда шамалы реттеліп қалды», – дейді.

Осылайша, Түркістан облысында заңсыз қоқыс тастау дерегі тыйылмай тұр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сейітов: «Полигондарды санитарлық- экологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша біршама тапсырма берілген болатын. Алайда бүгінгі күнге дейін аудан, қала әкімдіктерінен басқармаға атқарылған жұмыс туралы мәлімет ұсынылмады», – деді шындықты еш бүкпестен.
Межелі міндет орындалмаған соң, биыл облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы 26 тұлғаны жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде төрт бірдей ауылдық округ әкімі мен Сарыағаш, Шардара аудандарындағы жауапты мекеме басшылары бар. Барлығына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабына сәйкес айыппұл салынған. Қалай десек те, бұл сала «шамалы реттеуді» көтермейді.

Мәриям АЙТБАЙ,
Түркістан облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?