Жүрекке терең бойлайтын күн

10 тамыз 2023, 11:37

10 тамыз — Абай күні. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай Үкімет осылай ұйғарып, қаулы қабылдаған.
Дүние жүзі мемлекеттерінде даңқты ұл-қыздарын, біртуар тұлғаларын өз дәстүріне сай, түрлі үлгіде ұлықтау, олардың есімін мәдениет ошақтарына, жер-су, елді мекенге, станция-бекеттерге, лайнерлерге, жолаушы поездарына беру үрдісі де орныққан. Әлбетте, ұлт мақтанышының туған және қайтқан күндерін атап өту — елдің мәртебесін, беделін көтеру, тұлғаның ел, адамзат тарихындағы орнын айшықтау екені түсінікті.

Ал «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өнегелі жыр, өшпес із қалдырған ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының мұрасын ұлықтаймыз, құнды ой-тұжырымына жүгінеміз деген елдік талаптың орындалуы қай деңгейде? Көмбедегі рухани қазынамызды игеруге ұмтылғандардың қарасы көбейді ме? Данышпан ақынның сарқылмас даналығы, бөтен сөзбен былғанбаған көркем сөзі қазіргі ұрпағының санасын қалай жаңғыртып жатыр? Қай салада оңды қадам, қайсы істе ілгерілеу бар? Өзге жұрттан қалып қоймайтындай қандай амал жасап бағудамыз?

Міне, Абай күнін атап өтудегі мұрат-мақсаттың бір парасы осы сұрақтардың жауабында болса керек-ті.
Бүгінде тіл құбылысымен бірге таным да кеңейіп жатыр. Бірақ бұл тек осы күнгі жағдай ма?
Абай шығармаларында кездесетін түрік, араб, парсы, татар, башқұрт, ноғай, орыс, ішнара латын, грек, поляк, қытай, моңғол сөздері мен қадым, ортақ түркі жазуының замана ұғымындағы және ақын мәтініндегі мағынасын аңғара алдық па?
Кейбір зерттеушілер ақын 11 ұлттың тілдік қорын пайдаланған деп дәлел айтады.
Мысалы, «Көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін» дегеніндегі арабтың «ағза» сөзі мүше, ішкі мүшені білдіреді. «Яки жеребемен байлап алып, жүгінсе, сонда дау ұзамай бітім болар еді», мұндағы жеребе — орыстың «жребий сөзі. Сондай-ақ «Аристотель хакімге патша келді» — арабтың «хакім» сөзін ғалым, оқымысты, данышпан деген мағынада қолданған. Парсының «шаһар» сөзін «Шаһардан бір күні Масғұт шықты тысқа» деп қисынға келтірсе, «Електрді аспаннан жайды бұрып алып…»- дегенінде, латынның «электр» сөзін қолданған.

Ақынның жазба мұрасынан жиған білім мен білігін тану қиынға соқпайды. Абайдың өзге тілдерді өз бетінше оқып-ізденіп үйренгені — бүгінгі замандастарымызға өнеге болуы керек.

Ал қазіргі мүмкіндік мол кезеңде біздің ақын-жазушылар, ғалымдар, мемлекет қызметкерлері қанша тілді меңгерді екен? Олар қай шет елдің тілдік қорын қопарып, мағынасын зерделеп, туған тілімізді байытты?
Біздіңше, ойшыл ақынның өлмес-өшпес мұрасы — танымында, зердесінде және білігінде жатыр. Өйткені ұлт ойына қозғау салу — қоғамдық және адамзаттық сананы жаңғыртуға жасалған жауапты қадамнан, батыл іс-әрекеттен. Сондықтан Абай күні Қазақстанның әрбір адамы: «Мен Абай мұрасынан не алдым? Енді еліме, халқыма не беремін?» деп өзінен есеп алса, жүрегінің түбіне терең бойлағаны, ұлт руханияты алдында жауапкершілік жөнінде ойланғаны, әлемдік білім, білік, өнер және еңбек бәсекесіне сайланғаны болар еді.

Дархан МЫҢБАЙ, Мемлекет және қоғам қайраткері

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады