Жыр болған жол құрылысы

18 ақпан 2022, 11:39

«Атырау – Астрахан» жолы бүгінде күн тәртібінен түспей отыр. Президент пәрменінде «2021 жылға дейін бітіру керек» делінген жол құрылысы былтырдан бері тоқтап тұрғаны мұқым елге мәлім. Ал бұл жағдайға не себеп болды? Миллиардтардың жобасына кім жауапсыздық танытып отыр?! Созбаққа айналған тақырып турасында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен «еліміздің батысындағы автожолдарда іске асырылып жатқан жобалар: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбында тағы бір мәрте талқыланды.

Халықтың шағымы орынды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, атыраулықтардың жолға байланысты айтар арыз-шағымы орынды. «Атырау – Астрахан» жолының бірінші кезеңі жүзеге асқанымен, екіншісі расымен созылып кетті.
«Оның себебі мынада: Семейде жол жобалау институты бар. Сол институт мамандары жобаны жасағанда жергілікті жердің топырағын құрылысқа пайдалануға ұсыныс берген. Соған байланысты ол жобалық-сметалық құжаттамада ескерілді. Ал жұмыс басталғанда топырақ сапасының жол құрылысына жарамайтындығы анықталды. Өйткені оның құрамында тұз бен гипс бар. Мердігер компанияның мамандары жол құрылысына мұндай топырақты пайдалану оның сапасына кері әсер ететінін, тиісті стандартқа сай келмейтінін айтады. Сондықтан бұған жауапты лауазым иелері әкімшілік жазаға тартылып, өз қаражатына қайтадан жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Былтыр ол мемлекеттік сараптамадан өтті. Жол құрылысына қажетті қаражат толығымен қарастырылған. Келесі жылы бұл жұмысты мәресіне жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деді министр.

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев «Атырау – Астрахан» жолының құрылысына қазіргі уақытта Ақтөбе облысынан, Алматыдан қажетті материалдар жеткізіліп жатқанын атап өтті.

«Бұл жол бірінші рет осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, дәлірек айтқанда, 1975 жылы салынып, пайдалануға берілген. Кезінде Қазақстандағы жоғары сапалы жолдардың бірі болатын. Алайда кейінгі кездері көршілес Өзбекстаннан транзиттік жүк көліктерінің көптеп өтуіне байланысты бүлінген. Бүгінде Астраханнан Құрманғазы ауылына дейінгі 60 шақырым жолдың құрылысын аяқтадық. Бұл халықаралық дәліз республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Қалған бөлігіне керекті қаржы Еуропа даму банкінен тартылады», – деді вице-министр.

Қаржы қайдан бөлінеді?

Министр Қайырбек Өскенбаевтың сөзінен «Құлсары – Мұқыр» жолының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленгені белгілі болды. Ол да қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы жылдың наурыз айында бұл іс-шара толық аяқталып, содан кейін қаржыландыру көздері анықталады. Барлық жұмыс біткеннен кейін, 2024 жылы, әрі кеткенде 2025 жылы нақты құрылыс жұмыстары басталады. Министр жалпы ұзындығы 519 шақырымды құрайтын «Атырау – Орал» тас жолының құрылысына қатысты ойымен де бөлісті. Оның 184 шақырымы Атырау облысының аумағы арқылы өтеді.

Биыл бұл жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Осы жолдың Атырау облысына тиесілі бөлігін салудың өзіне 100 млрд теңгеден астам қаражат қажет болады. Қаржының 90 млрд теңгесі басқа жобалардың есебінен, яғни үнемделген ақшадан бөлінеді деген болжам бар. Осы тұста әңгімеге араласқан Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жол құрылысына тартылған мердігер компаниялар келісімшарт жасасқаннан бергі аралықта дизель отыны, құрылыс материалдары бағаларының күрт көтеріліп кеткенін, осыған байланысты Үкімет тарапынан қандай іс-шаралар қабылданатынын сұраған. Соған байланысты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысындағы жол құрылысына қажетті қаражат жеткілікті қамтылғанын, оның 15 пайызы республикалық бюджеттен, 85 пайызы халықаралық қаржы институттарынан тартылатынын баяндады. «Биылға бұл жоба бойынша қаржы бөлінді. Ал алдағы екі жылда игерілетін қаражаттың көлемі республикалық бюджетті қарау барысында ескеріліп, нақтыланады», – деді Қ.Өскенбаев.

Сексен шақырымның сергелдеңі

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» тас жолының 80 шақырымында құрылыс жұмыстарының қаржы тапшылығынан тоқтап қалғанын да жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, мұндағы жұмыстың басталғанына 4-5 жылдың жүзі болды. Әйтсе де, әлі біткен жоқ. Енді «қаржы тапшы» деген сылтаумен тоқтап тұр. Биылға республикалық бюджеттен бөлінуі жоспарланған 8 млрд теңгеден қазірде қолға тиіп отырғаны 2,4 млрд теңге ғана. Сарапшы мамандардың есебінше, басталған құрылысты соңына дейін жеткізу үшін кем дегенде 10 млрд теңге қаржы керек. Ал оның қайдан, қалай табылары әзірге беймәлім. Сонда қалған сексен шақырым жолды сіңірдей созып, он жыл бойына жөндейміз бе, енді қашан бітеді бұл құрылыс? – деп сұрақты төтесінен қойды депутат.

Бұл сауалға министрдің берген жауабы мынадай болды: «Осы көктемде біз сұрап отырған 9,5 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыс әрі қарай жалғасқан жағдайда ғана құрылыстың қашан бітетінін нақты айта аламыз. Ал егер керекті қаржы мезгілінде берілмесе, онда келесі жылға жылжыту жағын қарастырамыз».

Сапасына қарай – санаты

Дөңгелек үстел отырысына қатысқан Мәжіліс депутаты Сағындық Лұқпановтың сауалы пайдаланудағы автокөлік жолдарының санаты мен құрылыс-жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың көлемі төңірегінде өрбіді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің түсіндіруінше, 1 шақырым жолға жұмсалатын қаражат көлемі оның санатына байланысты. Мәселен, 1-санаттағы жолдардың 1 шақырымына бізде 4 млн долларға дейін жұмсалады. Ал 1 шақырымына 1 млн доллар шығындалатын жолдар 3-санатқа жатады. Жолдардың қандай санатта болатындығы, оның өткізгіштік қабілеттілігіне қарай бағаланады. Айталық, ол жолмен тәулігіне 10 мың көлік өтсе, онда мұндай жол 1-санатты және міндетті түрде 4 жолақты болуы шарт. Мысалы, «Атырау –Орал», «Атырау – Доссор» тас жолдарын болашақта бірінші санатқа ауыстыру қажеттілігі туындауы ықтимал. Ал 2-санатты жолдарға кететін шығын 2,5 млн долларға дейін жетеді.

Белгілі болғаны, қазір жол жабындысының қалыңдығына байланысты өзгерту енгізілген. Кезінде Алматыдан Елордаға салынған жолдың қалыңдығы 40 сантиметрді құраған. Қазіргі жолдардың қалыңдығы 80 сантиметрге дейін жетеді.

Сайып келгенде, жолдың мейлінше ұзақ мерзімге жарамды, сапалы әрі сенімді болуы оның талапқа сай төселуіне байланысты екенін әркез естен шығармаған абзал. Вице-министрдің тағы бір айтқаны, «Құлсары – Мұқыр» жолын салуға техникалық-экономикалық негіздеме жасалған. Бүгінде ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Наурыз айында сараптама аяқталады деп жоспарлануда. Содан кейін жобасы бекітіліп, қаржы тетіктерін қарастырып, жұмыс 2024 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Өзекті мәселені талқылауға онлайн режімде қатысқан министрлікке қарасты ведомстволар мен кәсіпорындардың басшылары, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер де күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде ой-пікірлерімен ортақтасты.

Нұргүл Насыр,
Атырау қаласы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?