“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті

28 наурыз, 17:40

Технология күн сайын түрленіп жатқан заманда өндірісті жаңартпай, нарықта бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Индустрияландыру – тек жаңа зауыт салу емес, ең алдымен бар өндірісті заманауи талаптарға бейімдеп, инновациялық серпін беру. Бұл жолда Қазақстанда табысты тәжірибелер бар. Соның бірі – Кентау трансформатор зауыты. Ел экономикасының энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосып отырған бұл кәсіпорын бүгінгі күні – отандық өнеркәсіптің ірі тірегі ғана емес, жаңашылдықты серік еткен мекеменің үлгісі. Осы іргелі өндіріс ошағының тұрақты дамуы мен жаңғыруы туралы Jas Qazaq тілшісі «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Басқарма төрағасы Хайрулла Байділдаұлы Қожабаевпен сұхбаттасты.

«Кентау трансформатор зауыты» – Қазақстандағы бірден-бір трансформатор шығаратын кәсіпорын. 1959 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Тұтас бір қаланың қалыптасуына ықпал еткен зауыт алғашқыда небәрі 45 жұмысшымен іске қосылған еді. Кеңестік кезеңнен кейінгі қиын-қыстау 90-шы жылдары өндіріс тоқырауға ұшырап, есік-терезесі жабылған цехтар тозып, тіршілігі сөніп бара жатқандай күй кешті. Бірақ 1997 жылы жаңа басқару мен жаңа көзқарас келіп, зауыт қайта жанданды. Бұл кезең Alageum Electric холдингінің негізін қалаушы, менеджментте мықты мектеп қалыптастырған Қожабаев Сайдулла Ілиясұлының есімімен тығыз байланысты.

– Сол уақытта кәсіпорынның қарызы 59 миллион теңгеден асып кеткен еді. Жалақы да берілмейтін. Осындай қиын кезеңде батыл қадамдар жасалып, нарық талаптарына икемделген жаңа өнімдер шығарыла бастады. Тек бұрынғы номенклатурамен шектелмей, тұтынушының сұранысына сай техника жасалды. Сөйтіп зауыт жаңа тыныс алды, – деп еске алады Хайрулла Байділдаұлы.

Бүгінгі таңда Кентау трансформатор зауыты – заманауи технологиямен жабдықталған, халықаралық стандарттарға толық жауап беретін қуатты өндіріс орны. Жаңғырту жұмыстары 2000 жылдан басталған. Германия, Италия, Австрия, Бельгия, Қытай және ТМД елдерінен 2,1 трлн теңге көлемінде жаңа станоктар мен автоматтандырылған құрылғылар сатып алынған. Қазір зауыт жабдықтарының 83%-ы жаңартылыпты. Бүгінде зауыт Қазақстан экономикасын дамытуда елеулі үлес қосуда. Зауыт бұйымдарының номенклатурасында соңғы жеті жыл ішінде игерілген, жаңа талаптарға сай бес жүзден астам бұйымдар бар. Жаңа технологияларды игеру сапа жүйесі ISA-9001:2000 халықаралық стандарттарына сәйкес сертификаттауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда зауытта 1252 адам жұмыс жасайды. Орташа айлық жалақы 180 мың теңгені құрап отыр. 20-дан аса ұлт өкілдері кәсіпорында бірлесіп жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек, өндірісте қандай инновациялық шешімдер қабылданғаны туралы тың деректерімен бөлісті.


— Біз трансформатор өндіруде жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп жатырмыз. Соның бірі – робот-дәнекерлеушілер. Бұл – инновацияның нақты көрінісі. Бұрын дәнекерлеуші 1 трансформаторды 8 сағатта құрастыратын болса, бүгінгі робот 20 минутта дәнекерлеп береді. Мұндай роботтар Жапония мен Швейцарияда, біздің инженерлердің арнайы тапсырысымен жасалды. Олардың теңдесі әлемде жоқ, – дейді Хайрулла Қожабаев.

Қазіргі таңда кәсіпорын жыл сайын 35-40 жаңа трансформатор түрлерін өндіріске енгізіп отырады. Жаңашылдықтың арқасында өнімнің сапасы артып, экспорт географиясы кеңейіп келеді.
Инновация – тек кәсіпорын ішіндегі бастамалармен шектелмейді. Мемлекет те өндіріс ошақтарын қолдауға ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта Кентау трансформатор зауыты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы нақты көмекке ие болған.
– Біз «Бәйтерек» ұлттық холдингі қолға алған «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатыстық. Бұл – шикізаттық емес сектордағы кәсіпорындарды қолдауға бағытталған жоба. Осы бағдарлама арқылы шетелдік жарнама, зауыт мамандарын оқыту, жаңа құрылғылар сатып алу сынды маңызды қажеттіліктеріміз шешімін тапты. Сонымен қатар «Қазкоммерцбанктен» 1 миллиард теңге несие алдық. 5 жылға 6 пайызбен алынған несиені шикізат пен өндіріске керекті құрал-жабдық, қондырғылар сатып алуға жұмсаған зауыт қазір трансформаторлардың жаңа түрлерін шығарып жатыр, – дейді Қожабаев Хайрулла Байділдаұлы.


Осылайша, мемлекет пен бизнес бірлесе жұмыс істегенде ғана отандық өндіріс өрге басатынына тағы бір дәлел.
Кәсіпорындағы қызметкерлердің 60%-ы – 30 жасқа дейінгі жастар. Жас мамандардың дайындығы мақсатында Түркістандағы ХҚТУ Инженерия факультеті Кентауға көшіріліп, дуальді білім беру жүйесі енгізілген. Студенттер теорияны университетте, практиканы зауытта меңгереді. Тек оқу ғана емес, ынталы, жауапты жастарға арнайы стипендия тағайындалады, әрі болашақта тұрақты жұмыс орны ұсынылып келеді.
– Білім мен өндірісті байланыстыру – біздің басты ұстанымымыз. Біз шет елден маман әкелмейміз. Өзімізден дайындап шығарамыз. Ол үшін Кентау политехникалық қазақ-неміс колледжімен, қалалық №22 мектеппен ұзақ мерзімді әріптестік орнаттық. Оқушыларға мектеп кезінен кәсіпке бағыт беріп, болашақ машина жасаушыларды дайындап келеміз, – дейді төраға.
Сонымен қатар, кәсіпорында «Жас лидерлер» клубы жұмыс істейді. Жастар әлемдік үздік кітаптарды оқып, жобалар әзірлеп, оны ұжым алдында қорғайды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы беріледі. Тимбилдингтер, спартакиадалар ұйымдастырылады. Бұл – кадрлық тұрақтылық пен корпоративтік рухты қалыптастырудың сәтті үлгісі.
Кентауда өндірілген трансформаторлар бүгінде Чехия, Латвия, Украина, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан секілді 12-ден астам елге экспортталады. 2019 жылы зауыт 28 миллиард теңгеден астам өнім өндіріп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл – сапа мен сенімнің нәтижесі.
– Әлемдік нарыққа шығу үшін технология мен менеджмент қатар дамуы тиіс. Бізде трансформатор жасауға қажет мыңдаған бөлшектердің 84%-ы өз зауытымызда қайта өңделеді. Ал жалпы материалдың 60%-ы отандық өнім. Демек, біз өз еліміздің өнеркәсібін өз ресурстарымызбен дамытып отырмыз, – деп түйіндейді Хайрулла Байділдаұлы.


Өндіріс – бұл ертеңгі күннің іргетасы. Ал инновация – сол іргетастың мықты болуының кепілі. Кентау трансформатор зауытының тәжірибесі еліміздегі өзге де кәсіпорындарға үлгі болары сөзсіз.

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс
28 наурыз, 14:21
Шұбат өндірісін жолға қойған кәсіпкер келіншек
27 наурыз, 15:56
Астық экспорты қарқын алып келеді
27 наурыз, 14:36
Бескөлдің табиғи сүті: сапа және сенім
27 наурыз, 13:56
Дарбаза – Мақтарал: өңірді дамытатын мегажоба
26 наурыз, 15:11
Газ өндірісі - нақты сектордың локомотиві