
Шымкент қаласында екі қолға бір күрек іздеген жандарды жұмыспен қамту қарқынды. Бұл бағытта Еңбек мобильділігі орталығы жоспарға сай бірқатар іс-шараны қолға алған. Соның бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жәрмеңке өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Шымкент қаласында аудандық мансап орталықтары қалалық прокуратурамен бірлесе апта сайын шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп келеді. Мұндай іс-шаралар негізінен қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде ұйымдастырылып, тұрғындардың қалаға қатынауына кететін уақыт пен шығынды азайтуға бағытталған.
Сондай кезекті жәрмеңке Абай ауданының мансап орталығының ұйымдастыруымен Қайнарбұлақ елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтті. Бұл жолғы шараға Қайнарбұлақ маңындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысып, жергілікті тұрғындарға 120-дан астам тұрақты бос жұмыс орнын ұсынды.
Жәрмеңке кезінде тұрғындар тек жұмыс берушілермен танысып қана қоймай, прокуратура өкілдерінен құқықтық кеңес те алды.
33 жастағы Достық шағын ауданының тұрғыны Тоғжан Жүзжасарова шара барысында өз мамандығы бойынша жұмыс тапқанына дән риза. Ол: «Әлеуметтік желі арқылы жәрмеңке өтетіні туралы естіп келдім. Көптен бері «эколог» мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрген едім. Бүгін мансап орталығының көмегімен кәріз суын қайта өңдейтін компанияға жұмысқа орналасатын болдым», – деп өз қуанышымен бөлісті.
Ал Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны, көп балалы ана әрі «Алтын алқа» иегері Нұргүл Әбілқасымова тұрақты және жалақысы жоғары жұмыс іздеп келгенін айтты.
«Бос жұмыс орындарының тізімімен танысып шықтым, екі мекеменің ұсынған қызметі көңілімнен шықты. Қазір уақытша жұмыс істеп жүрмін, бірақ тұрақты жұмыс қажет. Сонымен қатар, банк есепшоттарымның бұғатталуына байланысты прокуратура өкілдерінен пайдалы кеңес алдым», – дейді ол.
Жәрмеңкеге 20-ға жуық мекеме қатысып, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, жылыжай шаруашылығы, мәдениет, туризм және басқа да салалардағы жұмыс орындарын ұсынды.
Іс-шара барысында 60-80-ге жуық азаматқа субсидияланатын жұмыс орындары туралы ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар, 12 азаматқа электронды еңбек биржасы – «Enbek.kz» платформасы жүктеліп, онда жұмыссыз ретінде тіркелу, бос жұмыс орындарын қарау және онлайн оқу мүмкіндіктері бойынша нұсқаулық берілді.
Соның нәтижесінде 17 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, олардың жетеуі тұрақты жұмысқа жолданды. Ал екі адам «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарына қатысуға тіркелді.
Мұндай жәрмеңкелер Шымкент қаласындағы жастарға, жұмыссыз азаматтарға, әлеуметтік осал топтарға және кәсіби біліктілігін арттыруға ниетті тұрғындарға жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Жұмыссыз жандарға ұсынылатын тағы бір мүмкіндік – қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашу. Шымкент қаласында 20 қазаннан бастап 3 қарашаға дейін Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады.
Жоспарға сай, Шымшаһарда 93 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.
Грант көлемі – 400 АЕК (1 572 800 теңге);
Мақсаты – жаңа бизнесті бастау немесе дамыту;
Жобаға жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындар, жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
Өтінім беру үшін порталда тіркеліп, грант шарттарына сәйкестікті растап сонымен қатар бизнес-жоспарды толтыру қажет. Ескеретін жәйт: өтінішке электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою керек.
Сондай-ақ мансап орталықтары немесе ХҚКО-лардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы өтініш беруге болады. Комиссия шешімі порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Қолдау тапқан жағдайда, шартқа қол қойылып, қаражаттың жұмсалуы бойынша тоқсан сайын есеп беріледі. Әрі мұның бәрі электронды форматта жүзеге асады.
Жұмыс іздеген жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар да жетерлік.
Бұл бағытта Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бастамалар нәтижесін беруде. Бүгінгі күні қала бойынша 2 мыңнан астам жас түрлі бағдарламаларда алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап жүр.

Солардың бірі – Мәлике Мұсақожаева биыл Шымкент политехникалық колледжін «тоқушы-оператор» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу орнын аяқтағаннан кейін ол Enbek.kz электронды еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, көп ұзамай «Назар Текстиль» кілем фабрикасынан жұмыс ұсынысын алды.
Қазір маман «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында осы кәсіпорында зат белгі операторы болып еңбек етуде. Ол: «Фабрикада мен сияқты жастар көп екен, сондықтан күн сайынғы жұмысымыз көңілді өтеді. Бағдарлама арқылы тәжірибе жинап қана қоймай, еңбегіме жалақы да аламын. Практика мерзімі аяқталған соң осы жерде тұрақты жұмыста қалуды жоспарлап отырмын», – дейді.
Ал «Жастар практикасы» бағдарламасының басты мақсаты да осы – жас түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, тұрақты жұмыс табуына жағдай жасау.
Осылайша Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүруде. Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, биыл мегаполисте 2 251 маманды «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі кезде «Жастар практикасы» жобасымен 1 682 жас маман, ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында 352 маман түрлі мемлекеттік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек етіп жүр. Бағдарламаларға қатысу үшін жастар Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркеліп, аудандық мансап орталықтарынан мәлімет ала алады.
Жастарды еңбекке бейімдеп, кәсіби дамуына жол ашқан мұндай бастамалар еліміздің еңбек нарығында жаңа буын мамандардың қалыптасуына мықты серпін беретіні анық. Сондай-ақ мемлекеттен жәрдем күтіп, алақан жаятын масылдықтың тамырлануына жол бермейді.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығы