Жылда судың жыры

20 мамыр 2016, 13:15

Біз неге осы кеш қимылдаймыз? Үй құлап, өрт шалып, көшені су басқан соң қозғала бастаймыз. Алматының «Юбилейный» супермаркетінде болған өрт даңғазасы біразға шапты. Біреу алай деді, біреу былай деді – қалай деген күнде де тағы да қаланың қақ ортасында қып-қызыл өрт болды. Оның себебі мен салдарын әркім әрсаққа жүгіртіп те жатыр. Рас, болжам көп, бірақ өрттің нақты неден шыққанын ешкім білмейді. Қалалық төтенше жағдай мамандарының айтуына жүгінсек, өрттің шығуына электр желісінің кінәраты кінәлі.

Бұған дейін де мәлімдегеніміздей, өрт салдарынан біраз пәтер бүлінген. Оның жетеуі күрделі жөндеуді қажет ететін еді. Қазіргі таңда жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Алғашқыда жөндеу екі апта ішінде толық бітеді деп жоспарланған болатын. Бірақ жұмыс жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының өкілдері жөндеудің айтылып отырған мерзім ішінде біте қоятынына күмәнді. Қазіргі таңда өрт салдарынан әжептәуір бүлінген «Корова бар» кафесі мен мейрамханасы, сонымен бірге «Юбилейныйге» жапсарласа салынған нысандар толықтай сүрілген. Алматы қаласы әкімінің ресми өкілі, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовтің айтуынша, көпқабатты тұрғын үй ғимаратының солтүстік жағына жапсарласа салынған нысандар да толықтай сүріледі екен. Қатты бүлініп, күрделі жөндеуді талап ететін пәтер тұрғындары қазіргі уақытта туған-туыстарын паналауда. Бір отбасы «ҚазЖол» қонақүйіне орналасқан.

1

Үй мүлде сақтандырылмаған

Өрттен кейінгі жөндеу жұмысының даңғаза дауы басыла бастады. Десек те, кешеден бері осынау мәселенің тағы бір кілтипаны мен қисынсыз дақпырты аяқ астынан бұрқ ете қалды. Бұл – өрт кесірінен пәтері бүлінген үй тұрғыны өтемақы алуы мүмкін деген мәселе.
«Жас қазаққа» «Еуразия» сақтандыру компаниясынан мәлім болғаны, жеті қабатты үйдегі бүлінген пәтер иелері өтемақы ала алмайды. Өйткені, осынау зәулім үйдегі бірде-бір пәтер сақтандырылмаған. Сондықтан, өрттен келген шығынды ешкім орнына қойып бермейді. Соңғы жылдары ел азаматтарына төленіп жатқан сақтандыру өтемақысының көбісі табиғат апатынан зардап шеккендерге қатысты, – дейді аталған компанияның атқарушы директоры Шәкір Иминов, – осы жерде тағы бір айта кетерлігі, біздің азаматтарымыз, неге екені белгісіз, апатты жағдайдан келген зиян мен шығын орнын толтыру үшін үнемі мемлекетке аузын ашады. «Мемлекет бірдеңе береді. Мемлекет шығынымыздың орнын толтырып, бұзылған дүниемізді жөндейді» – деп дәмеленеді. Рас, табиғат апатынан келген шығынды мемлекетіміз әзірге өз қалтасынан төлеп жатыр. Ал бұл, өз кезегінде, азаматтарымыздың сақтандыру механизмімен дұрыс жұмыс жасау қабілетін қалыптастыруды белгілі бір дәрежеде кейінге шегереді. Мысалы, айталық, «Юбилейныйда» болған өрт салдарынан бүлінген пәтерлер өз уақытында сақтандырылған болса, онда оларға жалпылама алғанда, шамамен 150-200 миллион теңге көлемінде сақтандыру сомасы төленетін еді.

Сасқалақтап жүріп, бәрін ұмытыпты

Осы аптаның сейсенбісінде «Юбилейный» жаққа тағы барып қайттым. Жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өрт қатты шалған пәтерлерді араладым. Төртінші қабатқа көтерілгенімде алдымнан осы үйдің тұрғыны шықты. Өзін Айжан Құдайбергенова деп таныстырған тұрғын даурығып жүріп, не ақшаны, не құжатты алмағанын айтты. Жуырда ғана жөндеу жұмыстарын жасап, дүние мүлкін ауыстырған екен. «Соның бәрі босқа кетті», – деп отыр. Осы жерден Алматы қаласы бойынша төтенше жағдай департаменті өрт қауіпсіздігі бойынша қадағалау мен профилактикалық қызмет басқармасының басшысы Мұрат Бекбаевты да кездестірдім. Ол әлі тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын айтып, қосымша ақпарат беруден бас тартты.
«Аурудын алдын алу керек» деп жатады. «Қамдансаң – қапы қалмайсың» деп те айтады. «Апат айтпай келеді» деген және бар. Тізе беретін болсақ, тек осындай жағдайдың өзіне байланысты ғана талай-талай ақыл-нақыл сөздер бар екен. Сонда дейміз-ау, Алматы сияқты әсем қаланың жүріс-тұрысы мен күндізгі-түнгі демалысын кірпік қақпай қадағалап отыруға тиісті ресми орган басшыларының осы нақылдың бірін де білмегені ме? Білсе – мұндай жағдай жиі орын алмас еді ғой?! «Юбилейныйдегі» өрттен кейін Алматы басшылығы аздап қозғалайын деген іспетті. Алдағы уақытта тұрғын үйге жапсарлас салынған кез келген кафе, мейрамхана-асхана сияқты қызмет көрсету орындары түгелдей сүрілетін болыпты. Бұл шешімді өртке дейін қабылдауға болмас пе еді?

Ал осы кезде…

0789b1b9f7c9ce0774fc53df319

Алматыда жылда нөсерлетіп жауын жауады. Көшені су басады, тұрғын үй зақымданады. Биылғы жағдай одан да қиын болып тұр. Толассыз жауған жауынның кесірінен кей жерлерде тас жол опырылып, Алатау ауданында 100-ден астам үйді су басты. Ал Өжет ықшамауданында, тіпті бірнеше үй құлап қалды. Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Дәурен Нұрдәулетов арық желісі тек көк шалғынды суаруға арналғанын айтып ақталды. Енді атқамінерлер арық желісін кеңейтуге кіріседі. Себебі осы уақытқа дейін мұндай жағдай орын алған жоқ. Қазірдің өзінде 15 шақырымдық арық арнасын жөндеу мақсатында 400 млн теңге бөлінгені белгілі болды. Ең қызығы, жылда осындай жағдайдың алдын алу мақсатында қаржы бөлінеді. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Биыл мәселен, плотина мен өзен арнасын қалпына келтіру мақсатында қала бюджетінен 2 млрд теңге шамасында қаржы бөлінбек. Бұл қаражат өткен жылы селден зардап шеккен «Қарағайлы», «Құрамыс» және «Тау самалы» шағынауданының кейбір аумағын қайта қалпына келтіру үшін де жұмсалады. Сәрсенбі күні жұмысқа келе жатып, тағы бір қызықты сәтке куә болдым. Абай мен Гагарин көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолына жиналып қалған жаңбыр суын арнайы киімді көше тазалаушылар шелекпен тасып жатты. Қаланың қақ ортасында не бірде-бір техникасы жоқ, не бірде-бір арнайы аспабы жоқ, осынау адамдардың тірлігінен қарап тұрып түңілдім.

Түйін:
Неге екенін кім білсін, әзірге менің білетінім мынау: бізде бір көшеге арық салу үшін сол көшені міндетті түрде су басып, апатты жағдай орын алуға тиісті. Бізде тұрғын үйге заңсыз түрде жапсарласа салынған кафе, мейрамхана, ойын-сауық нысандарын жабу немесе мүлде сүріп тастау үшін міндетті түрде үйлерді өрт шалып, тұрғындар зардап шегуге керек сияқты. Әйтпесе ешкім ештеңе істемейді. Құжатта бар, өмірде жүзеге асырылмаған жобалар. Жоспарлар. Бірдеңе бола қалған күннің өзінде жергілікті әкім-қара немесе соның өкілі: «Әйтеуір адам шығыны жоқ, соған да тәуба» деп БАҚ атаулыға мәлімдеме жасап жатады.

Марат МАМАНБАЙ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде