Жүйрік баққан, бүркіт салған, қасқыр атқан Атбегілік пен саятшылықта із қалдырған әйгілі үш азамат туралы үзік сыр

17 қазан 2022, 11:48

Әрқайсысы әңгіме-дүкеннің әмісе көркіне айнала кететін әспетті кәсіпті иіріп игерген бірегей жандар көп. «Америка ашқандай» болмайын, менің бүгінгі жарияланымыма дейін де ол кісілердің кәсіби болмысын көркемдеп кескіндеген әріптестерім баршылық. Бір сөзбен айтқанда, әйгілі бұл азаматтардың ешқайсысы да БАҚ мергендерінің қырағы көзінен осы күнге дейін тасада қалған емес.

Осыдан жиырма жылдай бұрын бұл үш кейіпкерімді де жерсеріктік телеарна арқылы телеэфирге мен де шығарғанмын… Тіпті құсбегі туралы сюжетім сонда америкалық СNN (Си-Эн-Эн) телеарнасынан көрсетіліп, түсіру тобындағы әрқайсысымыз 100 АҚШ доллары көлемінде қаламақы да алғанбыз.

Айтпағым, журналистің жадынан өшпей жүретін әр кейіпкеріне қатысты қас-қағымдық сәттер, кезінде айтылғанмен жарияланбаған үзік сұхбат-сырлар әр кезде де табылады. Сондай «қоржында сақталған» төмендегі естелік-хикаяттардың бір парасына көңіл аударып көріңіздер…

Атбегі Оңласын Сатыбалдыұлының 61-ші автокөлігі

– Менің астымда жирен қасқа, жапонның мінгені – қара қасқа! Екі қасқаның маңдайын желге төсеп, қатар шауып келеміз. Үшінші күн жолдамыз. Алдағы дамылдайтын жеріміз – Шымкенттің айналасы, жолбастаушы-төрешілердің өздері осында тоқтаймыз демесе, тоқтамай шаба береміз…
Оңласын ағамның, пай-пай, атбегілігі өз алдына, әңгімешілік өнерін айтсаңызшы! Ол кісі әңгімені асықпай шерткенде көз алдыңа бар көрініс бейне кинолентасындай төңкеріліп келіп, зырылдап өтіп жатады. Сондағы жапон шабандозымен «ымдасып» қана түсінісіп, ат үстінде қатарласып шапқандағы әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет.


– Көршімнің арқасында аспан түстес әдемі дорба-рюкзагі бар. Рюкзак емес, тура бір машина арқалап келе жатқан сияқты.
– Неге олай дедіңіз, аға?
– Үйбай-ау… бәрі де аттың шамасына байланысты жарыс қой, қатар шабамыз ба, алыстан одағайлап шабамыз ба, барар жеріміз, мәреміз бір. Сондықтан үзеңгі түйістірмесек те көбінде жақындасып қатар жүреміз. Бәрін көзбен көріп келемін. Арқасындағы әлгі «машинаның» бір түймесін басып қалса, кішкентай есік-қақпақ ашылады, тоңазытқыш-ау деймін, қолын сұғып жіберіп, салқын су алып ішеді. Бутерброд сияқты қағазға оралған бірдеңесін алып жеп қояды. «Кемедегінің жаны бір» маған да ұсынды бір-екі рет. Бас шайқадым. «Тоқпын» дегенім. Тіл білмейміз. Байқауымша, бір-бірімізге жымиып күлгеніміз ұқсайтын сияқты. Өйткені түрлеріміз де келіп тұр, әттең, тіл қысқа.
– Сіздің де нәр татуыңыз керек дегені шығар, – деймін мен.
– Мен бешпетімнің қалтасына құрт салып алғам. Анда-санда шөл қысса, шетінен сындырып, аузыма сап қоямын. Көзінің қиығымен байқап қалыпты. «Оның не?» дегендей таңданыс білдірді. «Құрт» деймін. Көрсеттім де. Бұл қазақтың су да, тамағы да осы домалақ «ақ тас» болды ғой деп таңданған да шығар жапондық. Бірақ өз басым шын мәнінде, қалтамдағы бес-алты түйір құртпен-ақ тоқпын, шөлімді де басып келемін. Ең қызығы, күн ыстық, қалпағым басымда. Жайлы. Ал енді жапоным әлгіндей рюкзагінің тағы бір түймесін басып қалса, телпегінің күнқағарына орнатылған кішкентай қалақша шыр айналып, желдеткіші «уілдеп» береді-ай. Ойпырмай, десеңші!..
Таңырқаған шабандоз досына Оңласын аға дәмін көрсін деп сарымайға шыланып кептірілген бір құртын бөлмей-жармай бүтін берген де ғой. «Тас емес екеніне» көзі жеткен жапондық, жол үстінде «курт, курт…» деп бас бармағын шошайтып, ризашылығын білдірумен болыпты.
Ат жалын тартып ұстаған кезден ер қанатының сынын да, сырын да жақсы біліп өскен Оңласын ағам емес пе, бұл жарыстың жеңімпазы өзі болатынына іштей тәубешілік жасап, төңірегіндегілерге тіс жармаған. Иә, иә… бұл шабандоз әрі атбегі Оңласын Сатыбалдыұлының қырғыздардың жалпақ дүниеге жар салып «Манастың 1000 жылдығына» орай өткізген аламан бәйгесіндегі бастан кешкен хикаяттары. Қырғыздар атты өздері таңдап, жапондық шабандозды ерге үкілеп өздері отырғызған. Ашхабад шаһарынан басталған аламан бәйгенің қатысушысы екі шабандоз – қазақ пен жапон! Мәре сызығы – Бішкекте!
Атбегі ағам көрген жерде менің атымды атамай «Еркетайдың жолдасы» дейтіні бар-ды. Жан досым Еркетайдың немере ағасы. Жүз жыл жылқы баптаған кәдімгі «Дегерес» ауылында туған. Ол кісімен алғаш таныстырған да Ерекең еді. Інісінің де ағасына деген құрметі бөлек. «Жиырма жылдың ішінде Оңласын ағам ат бәйгесінен 60-қа жуық автокөлік ұтып алған» деген «майлы» мәліметті де осы Ерекеңнің аузынан естігенмін. Мынау 1000 шақырымдық Ашхабад – Бішкек жарысында (1995 жыл) Оңласын аға сол алпыстың алғашқыларының бірі – сүттей аппақ «алтылық» «Жигулиді» ұтып алған… Неге бас бәйге емес?! Ағамыз бас жүлдені жеңіп алуға бек сенімді еді ғой?! Ол былай… Шымкенттегі ат ауыстырып мінетін айлаққа жеткенде өз міндетін осы жерге дейін мінсіз орындаған жирен қасқа «КамАЗ»-ға тиеліп, Алматыға жөнелтіледі. Ал екінші көлікпен осында жеткізілген кезектегі кертөбел де бабында екен. «Алла қаласа…» деген Оңласын ағам киімін шешпей, көз шырымын алуға оң жамбасымен жантая кетеді.
– Қызыл іңір түскен кез-ау деймін… «Аға, аға…» деген көмекшімнің жанұшырған даусынан шошып ояндым. Ат үстіндегі шоқалақтан шығар, буын-буынымның бәрі әбден әлсірген, денем дел-сал, көзімді қиналып әрең аштым. «Әне кетті, әне кетті…» деді айғайға басып. Кеш қалған екенбіз. Мен шырт ұйқыға кеткем, көмекшімнің көзінің ілінгені де сол екен… қараңғыға сүңгіген екі жігіттің сұлбасын ғана байқап қалыпты. Кертөбел жүйрігім сол аяғын қайта-қайта сермеп орнынан тұра алмай жатты. Бейкүнә жануардың жамбасына оңдырмай ине салып кетіпті. Көзіме жас тығылды, не істейм?!.

Қалтамнан үш құрт алып, жапонымның «машина-рюкзагіне» салып бердім. «Манас – 1000 жыл» аламанының чемпионымен осылай қоштастым. Марыдан (Түркіменстан) бері шыққаннан «ақсақал, бір гәп бар» деп қыр соңымнан қалмаған екі қырғыз жігітінің «келісімге келейік» дегені есімде. Менің жүйріктерімнің жайын жақсы біле қойған екен, бәтшағарлар, жарты жолда маған осылай аяусыз тосқауыл қойды. Көмекшіме айқайлап, бар ашуымды бастым, қырғыздар берген «Жигулимен» қанағаттандым, – деген атақты атбегінің жадымда қалған ең ақырғы әңгімесі осы екен.

…2021 жылы Талдықорғанда өткен аламан бәйгеден тиесілі жүлдесін (61-ші автокөлік!) алып масаттанған атбегі ағамыз сол ұлы дүрмекте қапияда жазым болып, аттан құлайды. Дүйім жұрт «Ағамыздан айрылдық» деп шу ете түседі. Алайда көп ұзамай көзін ашып, есін жиып, атып тұрған атбегі, ауырсынған соң ертесіне ауруханаға барады… ағайынын жиып, аманатын айтады. Бұл енді Еркетай досымнан естігенім.

Небары 17 жасында Алматы ипподромында (1958 ж.) иісі қазақтың рухын көтеріп, аламан бәйгеден чемпион атанған, небары 25 жылда Қарлығаш, Елік, Шағала, Сүлікқара, Сұңқар, Нарбота, Кербота, Көктай, Сарытай, Басбатыр, Жібек, Геркулес, Ақтанау, Дараторы, Ботакөз, Тасқара, Берікқара сияқты сәйгүліктерін баптаған Сұңқар ауылының (Жамбыл ауданы) атақты атбегі саналы өмірінің Алатаудай асқар биігінде сол күні ақырғы демін алды…

Құсбегі Әбілхақ Тұрлыбекұлы шейхтың марапатынан неге қашты?!

Әбілхақ ағамызбен таныстығымыз менің 2500 теңгеге бес жарым жасар түлкі сатып алуымнан басталған еді. 2000 жылдың ақпаны болатын…

Бұл сауда-саттық туралы автомобиль жүргізуші жігіттен естіген директорым сол күні кешкісін, «қансонардан» оралған бетімізде америкалық кең пішімді күлкісімен езуін жимай жүріп, бухгалтер арқылы 2500 теңгемді… артығымен қайтартып берді, қызық-ай…
Халық аузында қыран бүркітке қатысты:
Аспанға ұшсам, қанатым талады,
Жерге қонсам, Жалайыр Шора алады – деген сөз бар-ды. Алматы облысындағы атақты Жалайыр Шора атындағы құсбегілер қауымдастығының түлкіге бүркіт салғаны туралы қызықты сюжет түсіруіміз керек болды. Нұраның жазығында біз сюжет түсірсін деп түлкі жортып жүрмегені ақиқат!? Құлағдар болғанымыз – әйгілі бүркітші Әбілхақ Тұрлыбайұлы зообақтан ақсақ-тоқсақ, жасы жеткен аң біткенді сатып алып, қарауындағы он-сан бүркітін қоректендіреді екен.
Қауымдастық басшысы, белгілі журналист Бағдат Мүптекеқызы уәдесіне мұндай берік болар ма, біз жеткенде ат үстіндегі төрт бүркітшіні Нұраның иығындағы қарлы қыраттың биігіне шығарып, қырандарының көзінен томағасын алдырмай Алматыдан алып келген түлкімізді ойпаңға жіберумізді күттіртіп, тұрғызып қойыпты! Қызықтың көкесін көрдік қой сол күні! Тізеден қар. Бейнекамерасын оңтайлы жерге үшаяқ тіреуге нықтап қойған операторым іске дайын. Жүргізуші екеуміз автокөліктен көтеріп алып келген қапшығымыздың аузын ашып, қаладан келген түлкіні бостандыққа жібердік. Жібергенімізді қайтейік, 280 шақырым жолда көліктің жүк салғышында, қаптың ішінде тұмшалынып жатқан түлкіміз айнала аппақ жарықтан басы айналып қалды ма, біз ойлағандай орнынан безе жөнелген жоқ. Түлкі қашуы керек, құсбегілер бүркіттің томағасын сыпыруы тиіс… «Уф» дейміз, «фу» дейміз «қаш» дейміз, тіл алатын түлкі жоқ, тұрған орнынан тапжылар емес. Жүргізуші екеуміз кейін шегініп қашып кетуге әрекет жасадық. «Қалалық түлкі» ізімізге түсіп, артымыздан ерді, қап-п…

«Итшілеп» жүріп әрең дегенде, әйтеуір, түлкі мен арамыз алшақтады. Өзінің ата-тегі шыққан табиғаттың тылсымын иіскеп сезді ме, білмеймін, бір кезде тұмсығымен қар көбесін шұқылай сөгіп, қыратқа қарай ұмтыла бет алды да, кідірді. Бүркітшілер де тағатсызданып әрең тұр екен, қыран құстың бірінің томағасын сыпырды…

Құстың тілін білетін, құстың жанын түсінетін таңғажайып бұл кісіге сол күнгі «түлкі саудасынан» кейін де әлденеше рет бардым. Әріптесім Бағдат Мүптекеқызы Әбілхақ ағамыздың құсбегілігі жөнінен мақтауын асыра жеткізген. Сол сол екен, сырласуға ынтықтым да қалдым. Бірақ құсбегінің барлығы осындай бола ма, әйтеуір, сөзге сараң, әңгімеге бейілсіз жан екен. Мінезі де тұйықтау. Бір мәрте тіпті: «Өзің америкалық мекемеде қызмет істейді екенсің, келуіңді жиілеттің, інім, жәйша ма!?» деп сұрақты да төтесінен қойды…

Кейін… шешіліп сөйлей бастағанда ол кісіні мен бейне әдебиет сыншысы ма деп қала жаздағаным да бар-ды. Қазақ жазушыларының, аудармадағы әлем классиктерінің кітабын еміреніп оқыған жан осы кісідей-ақ болар! Айтқандарын, ой-болжамдарын ұйып тыңдай бересің, тыңдай бересің. Сүйсіндім. 60-ыншы жылғы «саяси жылымықтың» соңын ала Қытай-КСРО шекарасын кесіп өткені үшін, Жетіқараның түрмесінде жеті жылын өткізген… Сондай ауыртпалық, сондай қиындықты басынан кешіргенімен, арғы атасынан тәбәрік күйінде қалған құсбегіліктен жады жаңылмаған! Қанмен жеткен қастерлі кәсіп Әбілхақ ағамыздың бойында буырқанып оянған…
Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз нұрланып жатқан тұста Әбілхақ Тұрлыбаевқа Президент Нұрсұлтан Әбішұлынан тапсырма түседі. Елбасы әмірліктер Шейхына сыйлаған сұңқар мен ителгіні жеткізуді құсбегіне сеніп табыстайды. Ерекше қабілетті қазақтың құстың «тілін білетіндігіне» тәнті болып, масайраған шейхтардың Шейхы Әбекең ағамызға үй-жай, мол қаражат, қымбат көлік, бір сөзбен түйіп айтқанда, жанына не керектің бәрін үйіп-төгіп беруге әзір еді… «Шекара мен Жетіқара» санасында мәңгіге өшпестей із қалдырған бүркітші әлгі ертегідегідей «Патша сыйлаған атбасындай алтыннан» бас тартады. Осы әңгіменің өзі сізге, құрметті оқырманым, ертегідей көрінуі де мүмкін-ау! Бірақ ақиқаты солай! «Әруақ қонған ата-бабамның кіндік қаны тамған жер мен үшін – Ұжмақ, Пейіштің төрі!»
… «Қи-ұқ!»

Жан-жағымызға алаңдай қараймыз, бірақ көз ілестіріп үлгере алмаймыз. Құсбегі үшінші рет «Қи-ұқ!..» дегенде де кеш қалдық. Біз емес, бейнекамера иесі кеш қалып жатыр… Жәй адамның сөзін кейде он дубльмен жазатын бейшара операторым оқтай ұшқан құстың шын мазағына айналды! Жұдырықтай жылдам құс Адам-ата аталатын саналы индивидтердің ащы терін осылайша бір сығып алды-ай! Жаны қысылғанда мұрнының ұшы малмандай боп терлейтін Димекем (Дмитрий Юрьевич) көзі шарасынан шыға келіп, құлағыма сыбырлады.

Құсбегі шынтағына дейін жететін қызғылт қайыс қолбағын киіп алған. Сұңқарымыз сонда қонжиып, иесінің бұйрығын тырп етпестен күтіп отыр. Оператордың белгісінен соң құсбегі білегін көтеріп, сұңқарды ұшырып жібереді. Көкті шарлап кеткен еркіндік құсы тек Әбекеңнің «Қи-ұқ!» деген жаңағы ерекше даусын естігенде ғана қайтып оралып, білегіне қонады. Қалай тез оралғанын, қай жақтан құйылып келетінін анықтап алар емеспіз.

– Бүркітші құстың қай жақтан келетінін айта ала ма, мен камераны сол жаққа бағыттап қояйын! – Еңкейіп келіп, құлағыма сыбырлағандағы айтқаны сол шаршаған Димекемнің.
Бұл кезде еркін құс біздің көзімізге түспейтін жерде есіліп самғап жүрді. Мән-жайды түсінген құсбегі операторға сол қолымен солтүстік жақты аңдуға иегімен «ым» жасады. Ғажабы, сұңқарымыз иесі тамағын кенеп, қиқырып әлгіндей өзгеше дауысқа салып шақырмаса келмейді. Қызық үшін біз де бір-екі рет соған ұқсастырып «Қи-ұқ!» деп те көрдік. Жоқ!.. Келмеді!
«Анауың дайын ба?» деді оператор жағын иегімен нұсқаған құсбегі ағам. «Дайын!» дедім. Ерекше дауыспен тағы да «Қи-ұқ!» деді құсбегі.

– Болды, болды, түсірдім! – Оператор Дмитрий Воскобойников қуаныштан қатты айқайлап жіберді.

Әбілхақ Тұрлыбайұлының есімі күллі Еуропа саяткерлері мен белгілі құсбегілерінің арасында құрметпен аталады. Ол – Королдіктегі мәртебелі қауымдастыққа мүше, ол – кеңесші, ол – фестивальдерге құрметті төраға. Париж, Брюссель, Мюнхен… шақыруларынан әсте қалып көрген емес.

Алматыдағы Хайуанаттар паркінің Орманов көшесінен өткендегі иықта үй-жайы, шаруа-малы бар. Бүркіт ұстайды. Қаршыға, ителгі, сұңқар, қырғи… осында. Бірде жолым түсіп барсам, жез тырнағы сынған мұзбалақтың аяғына май жағып, аппақ дәкемен орап, таңып отыр екен.
Ең алғаш танысқан күн есімде… Содан бері де арада қаншама жыл өтті. Тура бүгінгі сурет – онда да мұзбалақтың тарбиған сүңгі-саусақтарының арасын ақ дәкемен асықпай таңып отыр еді…

«Арланды алдымен атсаң – ажал құштым дей бер!..»

Аты-жөніне сырттай қанық болған, бір көруге құмар боп жүрген атақты алматылық аңшы Петр Лисиніміздің кемпірі бір күні кешкісін үйге өзі телефон соқты.

– Қартымыз келді, гаражда мәшинесін оңдап жатыр, түске дейін жетер болсаңдар, кездесіп қаларсыңдар…
Құстай ұштық.
Көзі тұздай, тарамыстай тарылған ақсары қарт кісі ескі «Газ-69» виллис автомобилінің капотын ашып тастапты. Қолы қап-қара май, білегін ұстап сәлемдестік.
– Менімен сапарға бірге шығайық деп, тәуекел жасаған бірінші журналиссіңдер…
Бас-аяғымызды түк қалдырмай түгел шолып бір қарады, езуіне күлкі жиналғандай ма?!
Біз аңшы Лисиннің мал қыстауларындағы шопандар арасындағы оның аңызға айналған, өз құлағымызбен естіген атақ-абыройы туралы айта бастадық. 20 жылда 1370 қасқыр! Тіркелгені. Естіп жүрген мақтаулары шығар, Лисин селт ете қоймады. Нарынқол, Алакөл аймағынан оралыпты. Әдеттегідей тапсырыс орындапты. Ендігі бағыты – Бетпақдала.
– Өмірлеріңде қасқыр көрген, бетпе-бет кездескен сәттерің бар ма?
Петр аңшы сұрақты осылай төтесінен қойды. Операторым Николай Судаков «Хайуанаттар бағынан көргенмін» деді. Мен «Бір қыста «Нивамен» қасқыр қуғанбыз. Сонда көзіме көзі түскен еді…» дедім күмілжіп.
– Қалай екен…
– Несі қалай екен?
– Көзі қалай екен?
– Өңменімнен өтті. Еш ұмытпаймын. Хайуанаттар бағында олар адамға бұлай көз салмайды, – дедім.
Қарт аңшы 1969 жылғы қыста қасқыр жайратқан жорығы үшін Қонаевтың өз қолымен сыйға тапсырған көлігінің май сүзгісін әлі де ұзақ тазалап, ауыстыратын түрі бар. Оның үстіне асықпайтын, сабырлы жан көрінді. Бірақ аз сөйлесе де әңгімені қызықты ғып шертеді екен. Аңшы емес пе?!
– Қасқырды – айласын асырған адам ғана атып ала алады… – деген Лисин аңшының әңгіме арасында сұрақ қойып отырғанды жаны жақсы көретін қасиеті барын байқадық. – Шопандар арасында да құралайды көзге атқан мергендер бар. Қазақ аталары бөріні көбінде мылтықпен атпай, сойылмен ұрып алған ғой, естіген шығарсыңдар. Кең далада қасқырды атып та, сойылмен ұрып та алатын батырлар әлі де көп. Бірақ бәрі жұмыс басты ғой, олардың қасқырдың соңынан түн қатып түсуге уақыттары да жоқ.
– Ал жарайды, үшеуміз Бетпақтың даласында жүрміз делік. Үйірдің жолынан 150-200 метрдей биік жердегі тораңғылдың түбінде жасырынып жатырмыз. Қайсысың шылымшы едіңдер, бұл сапарда темекіні ұмытуға тура келеді. Таңғы сағат төрттер шамасында үйір кәдуілгі соқпағына түсіп алып, жортады. Алдында күжірейген арланы, одан кейін қаншығы, қалғандары жемтігін жайратып жеуге жарап қалған күшіктері, бірақ күшік екенін ажырата алмайсың, сүйекті, жонды келеді.
Коля екеуіміз бейнекамераны жеті қасқырдың керуені жағына бағыттап «қойып» тым-тырыс болып, ары қарай не боларын аңшының аузынан естімекке ынтыға түстік. Тағы да тосын сұрақ.
– Мылтық оқтаулы. Дүрбі дәл. Ал бір ізбен тізіліп бара жатқан қорқаулардың қайсысынан бастайсың?
– Әрине, алдымен арланды жайратып саламыз, – дедім мен құлшынып.
Автолға шыланған тор сүзгіні жайпақ табақтың үстіне тастай салған Лисин:
– Онда шаруамыз бітті, балам! – деді. Түкке түсінсек бұйырмасын. Аңтарылып тұрып қалдық. – Өте әккі, айлакер, желкесінде көзі бар жыртқыш қой бұл қасқыр дегенің. Арланды атқан сәтте оның соңынан ерген алтауы да бірден мылтықтың даусы шыққан жаққа бас-көзге қарамай ұмтылады. Сасқалақтап қалған біздер екінші рет шүріппені басып үлгергенше құстай ұшып келіп, жатқан жерімізде жайпап кетеді.
Ту сыртымыздан қасқырдың үйірі кеп қалғандай-ақ жүрегіміз «дір» етті.
– Ал керек болса, енді не істейміз…
– Не істегені несі, жыртқыштарға тегін жем боламыз.
– Қандай жол бар?
– Аңшылар үйірімен жортқан тағыларға көз салғанда күжірейген жонына қарап арланды атпайды, аңшылар үйірдің ішінен ең алдымен қаншығын көздейді, бөрілердің енесін таңдайды. Қазақ даласында ертеден келе жатқан осындай тәсіл бар. Оқ тиген сәтте қаншық әдеттегідей аунап түседі. Міне, концерт сол кезде басталады. Арланнан бастап күллі үйір қаншықты шыр айналып, «жаны ашып», шапқылап, есі ауып қалады. Осы қарбаласты пайдаланған мерген тағы екі қорқауды омақастырып үлгереді. Қалған төртеуінің бізге қарай ұмтылуға дәті шыдамайды…
Қасқыр аулауға бір аттанса, айлап сапарға шығатын атақты аңшы-қасқыр атушымен сапарға сол жолы бірге шыға алмадық. Бізге редакциядан берілетін іс-сапар күндері ары кетсе он күн, түу Бетпақтың даласын айлап торуылдайтын Лисин аңшы он күннен соң «шаруасын» тастап, бізді қалаға тасып жүрмек пе?
…Атақты алматылық аңшы Лисиннің гаражынан видеооператор серігім Судаков екеуміз осылайша «қасқыр атып, сюжет түсіріп» қайтқанымыз бар.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?