Бұл жыл басында «Жусан» операциясымен Сириядан елге оралған Мәдинаның сөзі (есімі өзгертілді). Ол қалай адасты? Атырау – Ыстамбұл – Сирия сапарынан соң қандай ой түйді, не қорытынды жасады. Алты жыл от пен оқтың ортасында өткен өмірі туралы біз Мәдинаның өз аузынан естідік.
лқисса. Әдетте сәләфизм ағымына еріп, Сирия мен Иракқа жиһадқа аттанушылардың жолы бірақ нұсқадан тұрады. Біреудің ықпалымен намаз оқуды бастайды. Тап болған ортасы оған имамнан кеңес сұрамауды, діни білімді интернет арқылы Дарын, Ділмұрат және тағы да басқа «ұстаздардан» үйренуге үгіттейді. Уақыт өте «Намаз оқымаған адам да, мемлекет те кәпір. Кәпір елде өмір сүруге болмайды» деген тәкфірлік теріс сенім олардың санасын мықтап жаулайды. Әрі қарай не істеу керектігі туралы сұрақ туындайды. Міне, осы сәтте олар арғы жағында ешқандай ислам емес, халықаралық лаңкестік ұйымдардың жымысқы пиғылына құрылған қақпанға түседі. Жиһадқа аттану туралы интернеттен оқып, біледі. Жалған халифатты уағыздаған, өтірік түсірілген видеоларға сенеді. Болмаса «Сирияда кәпірлер мұсылмандарды қырып жатыр. Бауырларымызға көмектесуіміз керек. Өлсек, шәһид болып, жәннатқа кіреміз» деп, өмірге әкелген ата-анасын, туған жерін тәрк етеді. Сөйтіп, Сирияға қашады. Арғы жағы біз түгілі, бүкіл әлемге аян…
«Жәннатқа бірге баруды қалаймын»
Бұл – Сирия асып кеткен күйеуі Ерсайынның (есімі өзгертілді) скайп арқылы Мәдинаға жазған хатынан үзінді. 2012 жылдың желтоқсанында «Украинаға жұмысқа кеттім» деп алдап, Сирияға қашып кеткен Ерсайынның артынан 2013 жылдың наурыз айында Мәдина да жолға шығады. Астрахан қаласынан ұшаққа отырған келіншек Ыстамбұл қаласына жетіп, әрі қарай күйеуі екеуі Сирияға өтеді. Мәдина: «Сирияда автомат ұстаған адамдарды көргенде, ойланып қалдым. Мен барғанда күйеуім ДАИШ-тың құрамында соғысып жүр екен», – дейді.
Өзінің айтуынша, Атыраудан жолға шыққан сәтте кері қайтуға билеті бар болса да, Сирияда бақандай алты жылға қаламын деп ойламапты. Ол «Қайтатын уақыт жақындағанда күйеуіме «мен қайтамын, сен не істейсің, қайтасың ба?», – деп сұрадым. «Сен не айтып отырсың? Қайдағы қайту? Мен осы соғысқа қатысуды мақсат етіп келдім. Сен де қайта алмайсың. Себебі сенің Сирияда екеніңді Қазақстан біліп отыр. Барсаң, бірден түрмеге жауып тастайды», – деді.
Алғашында шейх Сүлейман деген қалада тұрдық. Бос тұрған хан сарайындай үйге қоныстандық. Соғыс салдарынан иесі тастап кеткен үй қымбат дүние-мүлкі бар, жанға жайлы баспана болып шықты. ДАИШ алғашқы кезде мал береміз деген. Бірақ бермеді. Ай сайын адам басына 100 доллардан берді. Одан – 50, соңғы кездері 35 долларға түсіп кетті.
Жұбайым соғысқа қатысты, айлап далада болады. Соңына таман бір айға демалыс беретін болды. Көшіп жүрдік. Әйелдер мен балаларды Ракка қаласына көшірді. Ракка барлық лаңкестер жиналған жер болғандықтан, аяусыз талқандалды. Неше түрлі ұлт бар екен. Соның ішінде қытай мен орыс көп болды».
«Өмірім жертөледе өтті»
«Өмірім жертөледе өтті. Әскери ұшақтар жиі ұшады, бомбалайды, танкпен де атқылайды. 2013 жылы туған балам толғақ кезінде аяғымен келіп қалды. Сөйтіп, 8 сағат толғаттым. Жерге түскенде бала жыламады. 1-2 минуттан соң жүрегі тоқтап қалды. 2016 жылы туған екінші балам қазір 3 жаста. Ұшақтың дауысын естісімен баламды көтеріп, 4-қабаттағы пәтерден жертөлеге жүгіріп түсемін. Бірақ жертөле де қорқынышты, бомба түссе, есігі жабылып қалуы мүмкін…
Ол жақта адам төзгісіз ыстық болады. Мамыр айынан қазан айына дейін тамшы тамбайды. Жарық жоқ. Болса да 1-2 сағатқа жанады. Су жоқ. Ауыз судың өзін анда-санда көлікпен әкеліп сатады. Жуынған, кір, еден жуған суды төкпей, шелекке жинап, әжетханаға құюға пайдаланамыз. Тамақ жоқ.
Күніне екі-үш рет бомба тастайды. Тіпті кейде құтырынып жаңбырша жаудырады. Жақындап келе жатқанда ұйқы жоқ. Лаңкестер үйлерге тығылатын болды. Сондықтан үйлерді де жаппай бомбалайды. Аспалы сөмкем болатын, соны асынып алып, қолыма баламды көтеріп, бас сауғалап қашамын… Қорқыныш пен үрейден ауруға шалдықтым. Жүйкем жұқарды. Дәл қасыңа бомба түседі. Контузия аласың, бомбаның екпіні ұшырып жібереді. Құлайсың, жараланбасаң да, залалы көп. Бомбаның дүмпуінен бір жағымнан соққы алғанмын, бір құлағым ауырады. Күйеуімді Сирияға шақырғанда «Шариатпен өмір сүресіңдер, бәрі жақсы» деп уәде берген еді. Бірақ барған сәттен бастап басымыздан жақсы нәрсе өткен жоқ».
«Атып өлтіре салады…»
«Мен кеткім келетінімді күйеуіме қайталап айтқан жоқпын. Себебі біреу естіп қалса, түрмеге қамайды. Әлде өлтіріп тастайды. Әйелдердің көбі күйеуіне ілесіп барды. Барған соң түсінді. Бірақ кері қайтуға жол жоқ. Мен «кетем» дегенімде күйеуім: «Отыр, қозғалмай. Кететін болсаң, баланы тартып алып қаламын», – деді. Кетем деген көп әйел осылай жіпсіз байланып қалды. «Өзің кете бер, баланы тастап кет!», – дейді. Баланы қалай тастап кетесің? Тіпті шынымды айтсам, күйеуінің қайтыс болғанына қуанып, «Құтылдық, енді елге кетеміз» деген әйелдер де болды. Сирияға барған еркекке қайтар жол жоқ. Кетем десе, сол сәтте басынан атып, өлтіре салады…».
«Пайғамбарымыз – Омар»
«Мен үйде отырдым. Жарылған бомбадан басқа түк көрген жоқпын. Күйеуім соңғы кезде ДАИШ-тың қинағанын, түрмеге қамап тастағанын, бұл жолдың дұрыс еместігін айтты. «Айнала түгел әділетсіздік. Бұл жерде ешқандай ислам жоқ. Олар «Біздің пайғамбарымыз – Омар» деп айтады. Ол не дін? Омар деген қайдағы пайғамбар? Не болып жатыр? Мен түк те түсінбей жүрмін. Мені 11 күнге түрмеге отырғызып тастады. Қинады, ұрды-соқты, тамаққа бірдеңе сеуіп берді», – деді. Бұрын кетем десем қарсы болатын еді. Сол күні «Не болса да, сендерді елге жіберуге тырысамын», – деді. Адасқанын өлерінің алдында ғана түсінді. 2017 жылы наурыз айында қайтыс болды».
Мәдина күйеуі өлген соң 2017 жылдың 19 қарашасына дейін ДАИШ лаңкестерінің қол астында болған. Елге қайтуға деген үміті пайда болған ол бұдан әрі басынан қандай жағдайларды өткерді? Ендігі сұхбатымыз сол туралы.
– Мәдина, күйеуіңіздің сүйегін көрдіңіз бе?
– Жоқ, олар соғыста өлген адамды көрсетпейді. Бірге соғысып жүрген досы оның қайтыс болғанын айтты. Ол да көрмеген. Біреулерден естіпті. Өлді ме, жоқ па? Өлсе, денесі қайда жерленді? Оған не істеді? Оны ешкім білмейді. Мүмкін лаңкестер өздері атып тастады ма? Ол жағы бір Аллаға ғана аян.
– Одан әрі не болды?
– Ол жақта күйеусіз тұруға болмайды. Күйеуім қайтыс болғанда біз Эр-Ракка қаласында тұрғанбыз. Мені Эль-Меядин қаласындағы әйелдер махарына апарды. Бір бөлмеде бірнеше әйел балаларымызбен бірге отырдық. Ішетін қара су да болмады. Ай сайын – 50, бала басына 25 доллар береді. Көшеге шығуға болмайды. Шықсаң, таяқ жейсің. Сол жерде Орал қаласының бір қызы отыр екен. Сол екеуміз қашуға жол іздей бастадық.
– Күйеуге шық деп мазалады ма?
– Идданың 4 ай 10 күн мерзімі өткен келесі күні-ақ «күйеуге шық» деп келіп, маза бермейтін болды. Өзбек, тәжіктер толып жатыр. Екі араб келді, біреуімен сөйлестім. Ылғи күйеусіз әйелдер. Ұрыс-керіс, бір-біріне пышақ ала жүгіру, неше түрлі ұлт, неше түрлі бұзылған адам бар. Оның үстіне тамақ, су жағынан қатты қиналдық. Жаңағы тунистік арабқа «Мені мына жерден алып шығып, жағдайымды жасасаң, саған тиемін» деп талап қойдым. Ол Оралдың қызы екеумізді Әл Мұхаррам деген қалаға әкеліп, үй тауып, тамақ беріп, жақсы көмектесті. Оның әйелі бар екен. Бір күні екеуі аяқ астынан жоқ болып кетті.
– «Жусан» операциясымен келуге қалай іліктіңіз?
– Егер қашып бара жатқаныңды білсе, ДАИШ-тың адамдары артыңнан ата салады. Не жолыңа мина қойып, жарып жібереді. Олардың құрамынан шығып кетуге рұқсат жоқ. «Қазақстанға қайтпаңдар, ол ел – кәпірлердің елі, тозақта боласың», – деп үгіт айтады.
Біз қашу үшін жол іздеп жүріп, бір қазақ әйелге кездестік. «Күйеу балам жол тауып береді, бірге қашайық» деді. Күйеу баласы бізді көлікке отырғызып, бір жерге әкелді. Сонда қонып, келесі күні жолға шықтық. Жеті әйел, 15 бала болдық. Біз баратын күрдтердің лагері сол жерден 15 минуттық қашықтықта екен. Жақындағанда олар бізге қарай оқ ата бастады. Біз оларға берілдік. Күрдтердің ережесі бойынша қолға түскен бойда қара киімді шешкізіп тастайды. Қарсыласпай, шешіп тастадық. Олар «Біз ДАИШ сияқты бала мен әйелді өлтірмейміз. Қорықпаңдар», – деді. Алғашында 10 күн Әл Холь деген лагерьде болдым. Одан соң түрмеге жауып тастады. Беретін тамағы – тосап жаққан нан ғана. Бір айдан соң түрмеден шығарып, Роджу лагеріне әкелді. Бұл жердегі жағдай Әл Холь лагерінен жақсы екен. Шатыр құрып берді. Балаларға тамақ, жеміс-жидек беріп тұрды. Елге жеткенше сол жерде 1 жыл 2 ай шатырда тұрдық.
– Сонда күрдтер кез келген адамды тегін тамақтандыра ма?
– Жоқ. «Қызыл жарты ай» ұйымы ай сайын тамақ әкеледі. Қорап толы тамақ береді. Оның жартысын жеп, қалғанын сатып, ет, басқа да тамақ алып, күн көрдік. Мен тауық тазаладым. Торт пісіріп саттым.
– Күрдтер әйелдерге қалай қарады? Ұрған жоқ па?
– Олар бізге жаман қараған жоқ. ДАИШ-тың адамдарымен салыстырғанда тәуір. Оның үстіне біз ДАИШ-тан келген соң, оларға жау саналамыз. Күрдтердің бізді өлтіріп тастауына болатын еді. ДАИШ адамдары бізге «Егер күрдтерге берілсеңдер, қолына түссеңдер, сендерді зорлайды, өлтіріп тастайды. Ал егер Қазақстанға қайтсаңдар, түрмеге қамайды» деп қорқытып тастаған болатын.
– Мәдина, Сирияға барғаныңызға өкінесіз бе?
– Мен күйеуімнің артынан кеттім. Ал кейбір қыздар жиһадқа жеке мақсатпен барған. Бұл идеологияда бәріміз де болдық. Оны жоққа шығармаймын. Яғни уахабизмді ұстандық. «Намаз оқымайтын кәпір адамдары бар елде тұрмау керек» деген үгіт болды. Барғаныма өкінем. Бірақ бір жағынан, өкінбеймін.
– Неге өкінбейсіз?
– Көзім ашылды. Сондықтан өкінбеймін. Менің елде бір қызым қалды. Ол бойжетіп келеді. Ұлым бар. Егер көзім ашылмаса, олардың болашағы қалай болар еді?! «Сирияда не болып жатыр? Соғыс не үшін, кім үшін жүруде?» деген сұрақтарға жауап іздейсің. Сосын алданғаныңды түсінесің.
Қазақстанда жүргенде видео жібереді. «Мұсылмандарды кәпірлер қырып жатыр. Оларға көмекке келіңдер. Мұсылманды қорғап өлсең, жәннатқа түсесің» деген үгіт болды. Намаз оқымаған адамды кәпір деп дәлелдеп береді. Дәлелді қайдан алатынын мен білмеймін. Бұрмалай ма, басқаша аудара ма, қысқасы, соған сендіреді. Ол кезде жаспын. Оның үстіне, күйеуің айтып тұрса, қалай сенбейсің? Бірақ ол жаққа барғанда жүрегім бірдеңені сезген сияқты болды. Сирияда құжатымызды неге тартып алды? Неге баланың көзінше адамдарды өлтіреді? Осы сұрақтар мені бірден күмәнға жетеледі.
– Өлім жазасын орындағанда балаларды қатыстыра ма?
– Иә, жамандықты балалардың көзінше істейді. Жергілікті сириялықтардың да балаларын қатыстырады. Сосын видеоға түсіріп, жариялайды. Бала түгілі, біз – үлкендер ол жердегі неше түрлі сұмдықты көріп, ақылдан адасуға аз қалдық. Ал балалар көзі көргенді қалай көтерді, түсінбеймін?
– Енді сіз үшін жүрек толқытар қуанышты сәттерге қарай ойыссақ. Сіздерді елге әкетуге арнайы ұшақ келгенін алдын ала білдіңіз бе?
– Түк те білген жоқпыз. Бізге «жиналыңдар» деді. «Қайда апарады, өлтіруге апара ма, әлде сатып жіберейін деп жатыр ма?» деп, қатты қорықтық. Жиналып шыққанда америкалықтарды көрдік. Сонда АҚШ-тың лаңкестері отыратын атақты Гуантанамо түрмесіне апара жатыр ма деп, одан сайын қорқып кеттік. Бес сағат автобуспен жүрдік. Одан түсіріп, ұшаққа мінгізді. Ұшақ жерге қонғанда, қасымызға екі әскери адам келді. Қарасам, кәдімгі қазақтар! «Қыздар, қорықпаңдар!» деді қазақша тіл қатып. Ол жерде есіміз кетіп, сене алмай, тұрып қалдық.
– Иә, одан әрі ұшаққа қалай отырғаныңызды, Ақтауға қалай келіп қонғаныңызды бүкіл Қазақстан теледидардан көрді…
– Ұшаққа отырған соң жылы киім, ас-су берді. Біз Қазақстанның ұшағына жеткенше үш күн жолда болдық. Оның үстіне, «Қайда апара жатыр?» деген қорқыныштан ұйықтаған да жоқпыз. Күрдтер бізге жолда тамақ та берген жоқ. Қатты шөлдедік, шәй ішкіміз келді. Быт-шыт болған түрімізді көрген біздің әскерилер «Қыздар, не болды? Елге қайтуға разы емессіңдер ме?» деп сұрап жатыр. Біз не күлерімізді, не жыларымызды білмей, есіміз ауып қалды. Қасымдағы келіншек екеуміз лагерьде отырғанда «Осыдан елге аман-есен жетсек, жерді сүйеміз, сәжде қыламыз» деген едік. Қатты сағынады екенсің елді… Лагерьде кішкентай теледидар болды. «Қазақ ТВ» деген арнадан Қазақстанды көрсетеді. Елді, жерді, суды көріп, жылап отыратын едім…
– Сүйдіңіз бе жерді?
– Жоқ, сүйген жоқпыз. Елге жеткенде жылаймыз дегенмен, жылай алмадық. «Шок» болып, қатып қалдық. Ол жерде басымыздан өткен неше түрлі қорқыныш, қуаныш, басқа да сан түрлі сұрақ жанымызды жеп жатқанда, біз не істеп, не қойғанымызға есеп бере алмай қалдық. Ақтаудағы оңалту орталығына жетіп құладық қой… Балалардың шашы өсіп кеткен, бәрі жұқпалы ауру. Ойыншық көрмеген олар неше түрлі ойыншықпен ойнап, теледидарды қызық көріп, естері кетіп қалды. Тап-таза төсекке жатып, армансыз, алаңсыз ұйықтадық. Дәрігерлік тексеруден өттік. Ауа райына үйрене алмай, алғашқы күндері ауырдық. Орнымыздан тұрмай, «Елдің тамағын сағындық» деп, еркелеп жаттық қыздарға.
– Еркелеп дейсіз бе?
– Иә, еркелеп жаттық. Оңалту орталығындағы қызметкерлер бізді жатсынбай, бірден бауырмалдық көрсетті. Сирияда ешкім маңдайымыздан сипаған жоқ. Ол жақта адамға адамның жаны ашымайды, әркім өз отбасымен, әркім өз өмірі үшін күреседі. Ал біз елге жетіп, ұшақтан түскен сәттен бастап өзімізге деген ерекше қамқорлықты сезіндік. Елбасы бізді кешіріп, Сириядан алып шықты. Елге келгелі бірде-бір адам біздің қателігімізді бетімізге басқан жоқ. Өкінетінімізді, ұялатынымызды түсінді. Оңалту орталығындағы психолог, теолог, дәрігер, жолығуға келген журналистер шын мәнінде, бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Қалай еркелемейсің?
Басыңа қиын күн туғанда қазақтың қазақтан басқа ешкімге керегі жоқтығын түсіндім. Отанынан басқа ешкімге керегі жоғын елдегі адасып жүрген жастар да түсінсе деймін. Мен өз ұлтыммен мақтанамын. Алданған қазақ қыздарын далаға тастамаған Елбасына алғысым шексіз!
– Сирияда 6 жыл болдыңыз ғой?
– Атырауға келгенде не істерімді білмей, абдырадым. Адамдарды көргенде кіммен қалай сөйлесу керек екенін түсіне алмай, алғашында қиын болды. Жақында бірге оқыған сыныптастарым мейрамханаға шақырды. Біртүрлі сезіндім. Өзімді қалай ұстарымды білмеймін. Сөйлей алмай, тамақ жей алмай отырдым. Бейбіт өмірдің, елдің, өз қазағымның қаншалықты қымбат екенін түсіндім сол жерде. Алты жыл өмірімді босқа жоғалттым. Елде болсам, осы алты жылда маман болып көтерілер ме едім. Өкінесің, әрине!
– Болашаққа қандай жоспар құрып жатырсыз?
– Мақсатым – балаларымды тәрбиелеп, аяғынан тұрғызу. Елде қалған қызым бар. Ол да бойжетіп келеді. Оған да қиын болыпты. Мен жоқта үкімет қызыма киім, оқу құралын беріп, көмектесіпті. Рахмет! Атырау облыстық дін істері басқармасының қолдауымен психологиялық жағдайыма, қоғамға бейімделуіме көптеген көмек көрсетіліп жатыр. Дұрысында, мемлекет көмектесуге міндетті емес. «Сириядан әкелдік, қалған жағдайыңды өзің жаса» десе де, қуанамыз ғой. Керісінше, емделуімізге дейін жағдай жасады. Атырау облыстық дін істері басқармасының қолдауымен 1 айлық маникюр курсын бітірдім. Енді құрал-жабдықтарды күтіп отырмыз. Болашақта бизнесімді үлкейтіп, сұлулық салонын ашқым келеді. Балаларымды азамат етіп өсірсем, ақша жинап, үй алсам деген арманым бар.
– Мәдина, еш бүкпесіз айтқан әңгімеңізге рахмет!
Ұлдай САРИЕВА,
Атырау қаласы