«Журналистика – кәсіп. Бірақ ол – кез келген адам игере алмайтын кәсіп. Яғни Алладан берілетін өнер. «Қол бастаудан сөз бастау қиын» деген сөз бар қазақта. Журналистің аузынан шыққан бір ауыз сөз шартарапқа тарайды. Сондықтан журналистика – жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық».
«Жарты сағат» бағдарламасына қонаққа келген Әбу Насыр Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы, журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлы журфактағы бүгінгі білім беру жүйесі, оқу бағдарламасы, жастар тақырыбын кеңінен қаузады.
Ерлан Әбдірұлы: Сағатбек Медеубекұлы, әңгімеге тереңдемес бұрын көзқарасыңызды білгім келіп отыр. Журналист деген кім, оның басты міндеті қандай?
Сағатбек Медеубекұлы: Журналистиканы кәсіп деп қарастырсақ, журналист – ақпарат таратушы. Ал шығармашылық деп қарастырсақ, ол – адамның жүрегіне жол тауып, санасына әсер етуші өнер иесі. Ұстаздарымыз үнемі «журналист – үгітші, насихатшы ғана емес, сондай-ақ ол – тәрбиеші» деп айтып отыратын. Ал біз қазір журналистиканы жаңалық жеткізу, сенсация жасау үшін де пайдаланып кететін тәріздіміз. Ақпараттың төркінін тексермей, қоғамға жеткен соң қандай қалыпқа түсерін екшемей, есептемей таратудамыз. Кез келген хабарды елге таратпас бұрын ол ақпарат мыңдаған оқырман, миллиондаған көрермен психологиясына қалай әсер етуі мүмкін екенін де ойлау керек.
Ерлан Әбдірұлы: Демек, сіздіңше, журналист «сүзгі» міндетін де атқару керек қой?
Сағатбек Медеубекұлы: Міндетті түрде. Әрине, біздің елде сөз бостандығы бар. Алайда сөз бостандығы дегеніміз – ауызға түскен кез келген сөз емес, қажетті сөз. Кімге қажетті? Ұлтқа, мемлекетке, бұқараға. Яғни бүгінгі журналист – қажетті сөзді тап басып айта білетін қабілетке еге болуы тиіс. Ал сөз дегеніміз – әріптердің жиынтығы емес. Ой мен пікірдің қорытындысы.
Ерлан Әбдірұлы: Қалай ойлайсыз, журналистерді «сендер – төртінші биліксіңдер» деген сияқты тым жоғары бағалап жүрген жоқпыз ба? Журналистика да кәсіп. Оның басқа мамандық иелерінен қандай артықшылығы бар?
Сағатбек Медеубекұлы: Рас, журналистика да кәсіп. Бірақ кез келген адам игере алмайтын кәсіп. Яғни Алладан берілетін өнер. «Қол бастаудан сөз бастау қиын» деген сөз бар қазақта. Журналистің аузынан шыққан бір ауыз сөз шартарапқа тарайды. Сондықтан журналистиканың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық.
Ерлан Әбдірұлы: Сағатбек мырза, еліміздегі журналистерді дайындайтын негізгі факультетті басқарып отырсыз. Бұл қызметтің жауапкершілігі, әлбетте, ауыр. Сол ауырлықты сіз, басқарып отырған ұжым қаншалықты сезінеді?
Сағатбек Медеубекұлы: Сапалы, саналы журналист тәрбиелеп шығару үшін бізге мемлекет тікелей тапсырма берді. Ол – оқу бағдарламасына қатысты тапсырма. Мысалы, мен оқыған кез бен сіз оқыған кездің бағдарламасы ұқсамайды, Ерлан. Ал сіз оқыған уақыт пен қазіргі бағдарламада жер мен көктей айырмашылық бар. Қазір мемлекет Қазақстанды әлемге танытуды журналистердің мойнына артып қойды. Сондықтан біз факультетке тілге шешен, қаламы жүйрік қана емес, сондай-ақ жүрегінде патриоттық сезімі бар баланы қабылдаймыз. Біздің ұжым қарапайым қалам мен қағазды үстелге қалай қоюдан бастап үйретіп, төрт жылдың ішінде тұлға дайындап шығаратын бағдарлама жасауда.
Ерлан Әбдірұлы: Тоқсаныншы жылдары «Ана тілі» атты қоғамдық ойға қозғау сала білген ұлттық газетте еңбек еттіңіз. Арада шамамен жиырма жылдай өтті. Содан бері, сіздіңше, не өзгерді?
Сағатбек Медеубекұлы: Тоталитарлық жүйенің талқаны шығып, «мен –қазақпын» деген әрбір жанның бойында ұлттық рух қайта оянып, үлкен мақсатқа қарай қадам басқан кез болатын. Дәл сол тұста бір рухани басылым керек болды. Сөйтіп, «Ана тілі» газеті жарыққа шықты. Ол газетте Жарылқап Бейсенбай, Аманқос Мектептегі, Ғарифолла Әнес, Ертай Айғали, Байбота Серікбаев сынды ағалармен қатар жұмыс істедім. Бір ғажабы, ұлтқа қажетті дүниені, халық өзі газетке жазып жіберетін. 20 жыл бұрынғы журналистер халыққа рухани демеу болды. Ал қазіргі журналистиканың талабы өзгеше. Әлемдік аренаға шығу үшін тырысудамыз. Біздің факультетке келген студенттер қазақ, орыс тілімен қатар, ағылшын, түрік тілдерін меңгеріп келіп жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Қазір біз – әлемдік ақпаратты қолымыздағы ұялы телефонымыз арқылы алақанымызда ұстап отырған қазақпыз. Әлемге қай ерекшелігімізбен, қандай артықшылығымызбен көрінеміз деген ой үстінде жүрген елміз. Біз – ішкі мәдениеті өзгерген сауатты жұртпыз. Қазір тек журналистер ғана емес, бүкіл қазақ баласы осындай.
Ерлан Әбдірұлы: БАҚ – идеология құралы ма, әлде жай ғана ақпарат таратушы, көңіл көтеруші ме?
Сағатбек Медеубекұлы: Біздің мемлекет үшін БАҚ – идеология құралы болуы қажет. Дамыған елдердің журналистикасы тек қана өзіне қызмет ететін ақпараттарды таратады. Шоу бағдарламалар мен телехикаялардың өзін тәрбие құралы ретінде пайдалана алуымыз керек.
Ерлан Әбдірұлы: Мүмкін бізге салалық журналистиканы, салалық телевизияны дамыту керек шығар?
Сағатбек Медеубекұлы: Бұл – өте күрделі мәселе. Салалық журналистиканы жолға қою үшін жұмыс біздің факультетте басталып та кетті. Мәселен, студент экономика тақырыбына бейімделгісі келсе, экономика факультетінің сабақтарын таңдап, лекцияларына қатыса алады. Бұл әдіс келесі оқу жылынан бастап жүйеге енуі керек.
Ерлан Әбдірұлы: «Марат мектебінің түлегіміз, Шер-ағаңның шекпенінен шықтық, Барманқұловтан көп нәрсе үйрендік, Темкең, Темірбек Қожакеевтің тепкісін көрдік» дейтін буындар бар. Қазіргі журналистикадағы алдыңғы буын туралы да жиырма-отыз жылдан кейін дәл осындай сөздер айтылады деп сене аламыз ба?
Сағатбек Медеубекұлы: Сене аламыз. Сен айтқан теңеулердің барлығы – аға буынға деген ризашылықтан туған құрметті сөз. «Бұрын келген бұрын кететіні» рас болса, біз кеткенде, сендер де осындай жылы сөздерді сағынып айтатын шығарсыңдар деген ойдамын.
Ерлан Әбдірұлы: Аға, жастардың бойындағы қандай қасиеттерге көңіліңіз толмайды?
Сағатбек Медеубекұлы: Эгоизм басым сияқты. Ішкі мені айғайлап тұрады. Жалпының арасында өзінің жалқы екендігін көрсеткісі келеді. Менің ойымша, қазіргі жастар ішкі бірлікке көбірек мән бергені дұрыс.
Ерлан Әбірұлы: Неден қорқасыз?
Сағатбек Медеубекұлы: Шығармашылығымның, еңбегімнің жемісін көре алмай кетемін бе? – деп қорқамын. Көп арманым, мақсатым бар. Сол мақсат жолында күрескенімді келер ұрпақ түсінбей қала ма деп қорқамын.
Ерлан Әбдірұлы: Неге қарап қуанасыз?
Сағатбек Медеубекұлы: Сендерге қарап қуанам. Шын… Өзімнен кейін өсіп келе жатқан талантты, білімді, саналы, сауатты, еркін, қабілетті жастарға қарап қуанамын.
Ерлан Әбдірұлы: Қандай арманыңыз бар?
Сағатбек Медеубекұлы: Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса екен…