Болашақ ғылым мен білімнің қолында. Оны бүкіл әлем мойындап, ғылымын дамытып жатыр. Ал біздегі ғылымның жағдайы мүшкіл. Бүгінгі кейіпкеріміз ғылым саласындағы кейбір түйткілдерге тоқталып, мәселені шешу жолдарын іздейді.
Jas qazaq: Жексен мырза, сіздің химия саласы бойынша білікті маман, белгілі ғалым екеніңізді білеміз. Осы салада біздің елде игерілмей, қолға алынбай жатқан қандай мүмкіндіктер бар?
Ж.Тоқтарбай: Ондай мүмкіндіктер өте көп. Бірақ бәрі өндіріске барып тіреледі. Өндіріс болмаған соң, мүмкіндік те шектеулі. Қайсыбірін айтайын? Тіпті химия саласы бойынша атқарылмай жатқан мүмкіндік дегеннен гөрі, атқарылып жатқан мүмкіндік бар ма деп сұрағаныңыз дұрыс сияқты. Өйткені бізде ешқандай өндіріс жоқ қой.
Jas qazaq: Бұрын өнертапқыштар мемлекеттен қолдау жоқ, патент бермейді деп жылап жүретін. Сіздің сала бойынша теңдессіз жаңалық ашып, сонысын кәдеге жарата алмай жүрген ғалымдар бар ма?
Ж.Тоқтарбай: Патент деген көп қой. Бізде ғалымдардың бәрінде патент бар. Патенті жоқ ғалым жоқ шығар. Бірақ одан не пайда? Патент өндіріске енбеген соң, оның көк тиындық құны болмайды. Әрине, арасында жақсы патенттер де бар. Өндіріске енсе, кәдімгідей пайда әкелетіндері жоқ емес. Ондай өндіріс біздің елде болмаса, оны қандай өндіріске енгізесің?
Патенттің көбі белгілі бір жұмыс барысын жеңілдетуге немесе жақсартуға бағытталған. Ол патент өндіріске ену үшін оны сынақтан өткізіп көретін өндіріс болу керек, яғни көз жеткізетін. Сондықтан ғылым мен өндіріс егіз нәрсе дейтініміз сол.
Мысалы, өндірісі жақсы дамыған елдерде ғылымды тек мемлекет емес, жеке өндіріс орындары да қаржыландырады. Сол арқылы өздеріне қажетті тауарды ғалымдарға ақша құю арқылы өз ойындағыдай етіп жасап алады. Сондықтан ғылымы дамыған елдің өндірісі дамиды, өндірісі дамыған елдің ғылымы дамиды. Бұл дамыған елдерде жүйелі жолға қойылған.
Jas qazaq: Өз елімізде жұмыс таба алмай шетелге кеткен, сол жақтан жақсы жұмыс тапқан ғалымдардан таныстарыңыз бар ма? Оларды қайтадан шақыруға не кедергі, неге келмейді?
Ж.Тоқтарбай: Мен олардың кеткеніне де, елде қалғанына қарсы емеспін. Әркім өзі біледі. Шыны керек, бізде оларға шетелдегідей жағдай жасап бере алмайды. Егер ондай талантты ғалымдарға шетелдегідей жақсы жағдай жасап берсе, бәрі қайтып келетін еді. Өз елінде, өз жерінде жүргенге, өз Отанына, өз ұлтына қызмет еткенге не жетсін? Оларда еріккенімен, болмаса, өз елін менсінбегенінен кетпейді ғой. Ата-ана, туыс-туғандарын тастап шетелде жүру кім-кімге болса да, қиын. Ондай таныстарым өте көп. Түрлі мамандық бойынша әртүрлі елдерде жүргендер баршылық. Бәрі аман болсын! «Неге келмейсің, не кедергі?» деп ақыл айтуға да хақым жоқ. Жағдай онсыз да түсінікті.
Jas qazaq: Ғылым дегеннен шығады, диплом жұмысын, магистратура немесе PhD-докторлық диссертациялық жұмысын басқа біреуге жаздыратындар отандық ғылымды алға сүйрей ала ма? Ондай «ғалымдар» бар екені жасырын емес қой. Сізге де «заказ» беріп тұратындар болатын шығар?
Ж.Тоқтарбай: Қазір осы PhD-ге соңғы кездері грант көп бөлініп жатыр. Әр университет өздеріне берілген гранттан ажырап қалмау үшін жанталаса PhD қабылдап алады. Әрине, PhD-ге түсу оңай, бірақ оны қорғау қиын. Ол үшін көп еңбектену керек. Ал дайын грантқа қызыққан жастар докторантураға стипендиясы үшін түсіп алады. Себебі докторанттың стипендиясы мұғалімнің бір айлық жалақысымен тең. Тегін ақша, жұмыс істеп бас қатырып жатқан жоқ. Әрине, оған бәрі қызығады. Қызығып түсіп алады да, диссертация қорғаған кезде, өздері ештеңе жаза алмаған соң, басқа біреуге ақшаға жаздырғысы келеді. Ондай білімсіз жастар не білім ала алмайды, жетіскен ғалым да бола алмайды. Олардың пайдасынан зияны көбірек. Маған әзірге ондай «заказ» түспеді. Түспей-ақ қойсын!
Jas qazaq: Магистр немесе PhD-докторлық білімнің талабы бойынша шетелден жетекші таңдап, оған ақша төлеу керек. Шетелдегі ғылыми журналға ақылы түрде мақала шығару қажет. Былай қарап тұрсаңыз, қып-қызыл шығын. Өз ғалымдарымызға жетекші болатын адам өзімізде жоқ па? Шетелдің журналына шықпаса, ғалым – ғалым болмай, білім – білім болмай қала ма? Мәселен, сізге сол шетелдегі белгілі журналдан авторлардың мақаласын оқып-тексеріп беруге тапсырыс түсіпті ғой…
Ж.Тоқтарбай: Негізі, PhD деген ол халықаралық талап (стандарт) қой. Одан біз аттап кете алмаймыз. Сондықтан PhD-ге түсем деген адам сол халықаралық талапқа сай болуы керек. Мысалы, ағылшын тілін жақсы білу керек. Біздегі ғылымның нашар дамып жатқан себебінің бірі осы: көптеген ғалымдарымыз ағылшын тілін білмейді. Кейбіреулері тіпті мұны мойындамайды. Алайда мойындаса да, мойындамаса да, шындық осы. Ағылшын тілі қазір ғылым мен техниканың тілі. Ол тілмен бүкіл әлем ғылымын дамытып, техникасын өрістетіп отыр. Олардың ғылымымен танысу үшін, білу, үйрену үшін ағылшын тілін білген жөн.
Негізі шетелден жетекші табудың еш зияны жоқ. Докторант ағылшын тілін біліп, сол елдің ғылым-білімімен танысады. Сол жерде қажетті іс-тәжірибеден өтеді. Ой-өрісі дамып, көзі ашылып қайтады. Бірақ оның сол шетелдегі жетекшісіне төлейтін ақшаның көлемі өте аз. Оны бергеннен де бермеген артық.
Докторант жұмысын қорғау үшін кем дегенде бір мақаласы импакт-факторлы журналда жарық көруі тиіс. Ол да өте дұрыс нәрсе. PhD дегеніміз – халықаралық стандарт болғандықтан, докторант кез келген шетелдің докторанттарымен, ғалымдарымен бәсекеге түсе алатындай болу керек. Ол бәсеке деген өзіміз айтып отырған журналдарда. Ол импакт-факторлы журналдарға әлемдегі барлық елдің ғалымдары мақала береді. Журналдың редакторлары мақаланы таңдап алып, ішіндегі ең жақсыларын ғана шығарады. Сондықтан ол деген қып-қызыл бәсеке. Сол бәсекеден өтіп, мақалаң баспа бетін көрсе, халықаралық деңгейдегі ғалымсың. Олай болмаса, көптің бірісің.
Әлемдік деңгейдегі, ең мықты журналдарға мақала шығару үшін сіздің мақалаңызды кем дегенде екі мықты маманға тексертеді. Сол мамандардың айтуы бойынша, түзетесің немесе мақалаң қабылданбайды. Шетелдің мықты журналдарына келген мақалаға тексеруші (рецензент) болатын Қазақстан ғалымдары да бар, әрине. Мысалы, менде сондай тексерушімін. Біз де шетелдіктердің мақаласын халықаралық талапқа сай тексереміз.
Жарас КЕМЕЛЖАН