Үкімет ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған реттеуші шараларды әзірледі. 2025 жылдың мамыр айында тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізілді. Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалады онда өндірушілер туралы нақты деректер жинақталып, оларға мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Сауданы ынталандыру және дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында қазақстандық өндірушілер өнімдері үшін кемінде 50% сөрелік кеңістікті көздейтін бағдарлама іске қосылды.
Сонымен қатар сапасыз әрі қауіпті өнімдердің ішкі нарыққа енуіне шектеу қою бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқаруда. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды», — деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Президенттің тапсырмасы бойынша шикізаттық емес экспортты әртараптандыру және арттыру мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша қаражат құралдарының толық спектрін ұсынатын Экспорттық-кредиттік агенттік құрылды.
Биылғы 7 айда көрсетілген қаржылай қолдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 200 млрд теңгеге артып, 394 млрд теңгені құрады. Қолдау көрсетілетін барлық жобалардың 71%-ын құрайтын шағын және орта бизнеске ерекше назар аударылуда. Бұл ретте орташа және жоғары қайта бөлу өнімдерінің үлесі 83%-ға жетіп отыр.
Қазақстандық тауарларды сыртқы нарықта ілгерілетуді күшейту үшін халықаралық инфрақұрылым қалыптастырылуда. Қытай провинцияларында серіктестік кеңселер, өкілдіктер және ұлттық павильондар іске қосылуда, соның ішінде ондай нысандар Чэнду, Үрімші, Нанкин және Шандун провинцияларында бар. Өзбекстанда «Термез» халықаралық сауда орталығының аумағында қазақстандық өнімдердің сауда павильоны жұмыс істеп тұр. Экспортты ілгерілету бойынша жұмыс БАӘ, Түркия, Үндістан, Иран және Қытайда қарқынды жүргізілуде
Оған қосымша алдағы уақытта экспортқа шығуымыз керек елдерде сауда-экономикалық миссиялар өткізілуде, қазақстандық тауарларды халықаралық электрондық алаңдарда ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде, мысалы олардың арасында jd.com, Doiyin, Alibaba сияқты сауда-саттық алаңдары бар.
Jas Qazaq