Жиенді ел қыла алмайтын әжеден сақтасын

29 желтоқсан 2016, 15:32

 

«Сен туғанда немерем, жаным нұрға бөленген»

«Өміріміздің жалғасы, көңіліміздің жұбанышы жүрегіміздің лүпілі — немерелер». Көпшілігіміз жан жадыратар осы бір сұлу сөздердің маңызына мән беріп көрдік пе екен? Астарына үңілгендер үлкендердің баласының баласына деген мейірімнің асқан шыңына балап жатады.

Бұл жарық дүниенің жолаушысы саналған пенде шіркіннің, жан сүйсінтер жақсылықтардың жарылқағанын қалайтыны белгілі. Иә, дегенмен әркімнің әуес-қалауы да әрқалай.

Қайткенмен де, ең әуелі қауашағымызды қозғап, мәңгі емес санаулы ғұмырдың қалай сый етілгенін ойлайықшы? Әлбетте, ойланған адамға мұның бәрі Жаратушының құлына берген шексіз нығметтерінен болғандығын ұғыну қиын емес.  Сондай сый етіп берілген тіршілік деген нығметте қаншама адам ортақ ауамен тыныстап кең жерде алшаң басып, өмір ағысынан қалыс қалмай жүзіп келеді. Қазақта «өмірдің бір қызығы бала деген» демей ме. Бұл соншама ақыл иелерінің (адамдардың) отау құрып, ұрпақ өсіріп, оларды еміреніп сүйген, бала қызығын сезінген уағын айтса керек. Мейірімі шексіз Жаратушының «бол» деуімен болып, қалауымен жан бітетін шарананың шыр етіп дүниеге келуінің өзі бір бақыт, түсінгенге. Шүкір дейік. Жоқтан, бар жақсы. Ұрпағымыз ұрпақ өрбітіп, сабақтасып жатырса мерей ғой. Үлкендер «балам-балым баламның баласы-жаным» деп жатады. Айтпағымыз «етін жеп, сүйегін берер» немеренің сол сүйегін сорып отыратын ата-әжелері бар ма екен сірә?

Көнекөз қарттарымыз келінінің құрсағында жатқан кезінен бастап немере тәрбиесіне көңіл бөлген. Қазіргі естіп біліп жүргеніміздей, құрсақ той мұның бір дәлелі. Қалды, жерік асына үлкен мән берген. Жақсы нәрселерге қарауды сол арқылы іштегі нәрестені жамандықтан сақтауды талап етіп отырған. Мұнан шығатын қорытынды ата-бабаларымыздың дүниеге келер немеренің жағдайын алдын-ала қамдай білген көрегендігін ұғамыз. Расымен тәрбиенің төресі осы болған екен-ау дейміз кейде. Тіпті қазақтың бас ақыны Абай да, әжесі Зеренің тәрбиесімен түлеп анасы Ұлжанның бой дәретінсіз омырауын ембеген. Бұл әрекеттің өзінен асыл әженің ұрпағының келешегіне деген үлкен жауапкершілігін, алаңдаушылығын сезінеміз. Тән тазалығы мен жан тазалығының үйлесім табар имани өнегенің асқақ үлгісі осы емес пе? Ал қазіргі ұрпақ тәрбиесіне деген осындай ұлылықты айтпағанда көңілдеріне келмесін бүгіндері сол ата-әже атанған ересектердің кейбірін түсінбейсің тіпті. Сондықтан да болар, бүгінде бұл тақырыпта не бір әңгімелерді құлақ шалып, көп жерде көз де көріп жүр. Айталық, бауыр еті баласынан туған немересінің үйдегі еркелігін бір сәтке көтере алмайтын ата-әжелер, келін шіркінге көңілі толмайтын ата-енелер, ал біреулері «балаларымнан жақсылық көрсем де жетер, немере қарық қылмас» деп, асылық сөйлегендерін көргенде еңсең түседі. Иә, айта берсең осы сарында жалғасып кете беретін әңгіме ауылынан арыла қоюымыз екіталай. Мұның себебін жақын да бір жеңгеміз былай деп топшылаған еді: «Бұрындары ата-әженің немереге деген ықыласы ерекше болған, бүгінгі ата-әжелер жасарды келінге, немереге зәру емес демесі бар ма. Сонда деймін-ау, жаста тұрған не бар екен. Перзент Аллаһ тағаланың асыл сыйы десек, сол берілген баға жетпес нығметтің бағасын түсіну сонша қиын болып па? Сол қоғамдағы адамдардың ерекшелігі, ата мен әже дегеннің ақиқатында кім екендігін  толық сезінгендігінен шығар, бәлкім. Әйтеуір, қазақ халқының тарихта сақталған жөн-жоралғылары сол ата мен әжелердің сыр сандықтағы бағалы дәстүрлерінің жалғасы және айғағы еді ғой. Дана халқымыз: «Кәрінің бары игі» «Қарты бар үйдің құты бар» деп бекерге айтпаса керек-ті. Бірі келін, бірі қыз болып, енді бірі аталық-әжелік міндеттерін орнымен сезініп жатырса сән емес пе? Баласының маңдайын сипаған алақанымен немересін аялап, жиенін құшса, бақытқа балап жатамыз. Расында, бала тәрбиесі мен немере тәрбиесі күрделі. Онымен қоса асқан жауапкершілікті талап ететін нәзік дүние. Өзінен туғандар «қарайтын әжесі бар ғой» деп әжелерге иек артып қояды. Сенгендіктен шығар, мүмкін. Дегенмен, бұл жерде адам баласының өмірге деген түсінігі мен адамгершілік қағидаларды қаншалықты сезіне алатындығына да байланысты деп ойласақ артық етпейді. Сондықтан да, бала тәрбиесіне мүдделі әрбір адам аталған жайттарға бейқам қарамауы тиіс болар. Бұрындары аталары атқа отырғызып, әже әлдиін тыңдар әдемі дәурен өтіп кеткен. Сондай-ақ, солар секілді дәстүрлерден қалған сарқыншақтарымыздың замана көшіне әлі де болса толықтай ілесе алмай келе жатырғандығы өкінішті-ақ.

Өзгелерді қайдам, өзімнің жарықтық әжем немерелерінің қай-қайсысын да бөліп жармайтын. Есімде, осыдан тура он тоғыз жыл бұрын, сол жылдары ауыл мектебінде дәстүрге айналған «Әнші балапан» атты өнерпаздар байқауы өтетін-ді. Ауыл мектебінің акт залында «аншлагпен» өтетін сазды байқауға мен де қатыстым. Ыңылдайтыным болғасын шығар, сол байқауда жүлделі орынға үміткерлер қатарынан табылып қалыппын. Байқауға арнап анам тігінші апайға піштіртіп, қазақы оюы безендірілген шапан тіккізді, үкілеп өнер додасына қосты. Сонымен «Ақ сиса» әнін орындап шықтым. Ән сайысы да қорытындыланды. Әділқазылардың шешімімен маған екінші орын бұйырыпты. Демеушілер келіп, сыйлықтар үлестіріп жатыр. Сол жылдары «модаға» айналған үлкен магнитафонды сыйлаған әжемнің тың таңдауына мәз болдым. Менің кішкентай жетістігім әжем үшін үлкен қуаныш болды. Үйге келген соң «тәуелсіз әділқазы» әжем «әлгі музыкант өзінің баласы қатысқан соң, өзгенікін өгейсініп, дұрыс ойнамады. Әйтпегенде менің Әлөшім (мені айтып отыр) бірінші орынды алар еді» дейді, ренжіген күйде. Келесі күні әжем сыйлаған магнитафонымды мектепке апарып, сыныптастарыма көрсетіп бір мақтанған едім. Қайран бала көңілі-ай десеңізші! Әңгіме арқауы әжелерге жайлы болғандықтан, мына бір жайтты да айтпай кетуге болмас.

«Жиен ел болмайды» деген қағиданы ұстанған бәз біреулердің пікірлерімен келіспейтін бір адам болса, ол менің-нағашы әжем. Мен ес білгелі ұл-қызынан көрген қарасирақтарының ешқайсысын мынау немере, мынау жиен деп бөле жармайтын. Сондықтан да шығар әже мейірімінен шет қалғанымыз жоқ. Нағашы әжемнің ендігі арманы менің көргенді жерден қыз әкелгенімді көріп, жиен деген елдің қуанышымен бөлісу. Әжемнің маған арнаған сыйы да әзір. Түйенің жүнінен жасалған қалың жүн көрпені баяғыда-ақ дайындап қойған. Шіркін, немерелер көңілін осылай аялайтын әжелердің болғаны қандай жақсы!

Алмас Қабдолов,

Атырау облысы

shyn.kz

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде