Жер жұмыс істеуі керек

20 мамыр 2016, 13:59

bashimov

Өткен аптада Астанада жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. 75 адамнан құралған жиында әрқайсысы сөз алып, ойын жеткізді. Ертең екінші отырысы өтеді деп күтілуде. Осыған орай комиссияның мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқы жөніндегі институттың директоры Марат Башимовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жерді жалға беру, жекеменшіктің пайдалануына беру деген мәселе әлемдік тәжірибеде қалай шешілген?
– Әлемдік тәжірибеде жерді сату немесе жалға беру деген түсінік бар. Бүкіл Еуропа елдері, АҚШ және басқа да дамыған елдердің бәрінде жерді шетелдіктерге де, өз азаматтарына да жалға береді немесе жекеменшікке сатып береді. Еуропа кеңесінің құрамындағы 47 мемлекет, Еуроодаққа кіретін 28 мемлекеттің бәрінде осындай норма бар. Мысалы, Германия мен Фрацияда шаруалардың отбасына 99 жылға дейін жалға береді. Швецияда ауыл шаруашылығы жерлерінің 43%, Италияда 25% жекеменшіктің қолында. Еуропаның өзге елдерінде де жағдай сондай. Олар ең бірінші кезекте жердің қожайынын іздейді. Жер бос жатпауы керек, ол елдің экономикасына жұмыс істеуі керек деп есептейді. Алғашқы отырыста осы уақытқа дейін, қаншама миллиондаған гектар жердің қараусыз қалып, қурай өсіп, тозып бара жатқаны айтылды. Жалпы, осы әңгіменің қозғалуына себеп болып отырған «шетелдіктерге жалға берсек қайтеді?» деген мәселе. Бұған қатысты елдің қаупін де түсінуге болады. Өйткені, расында жер шетелдіктердің меншігіне өтіп кетіп, кейін айырылып қаламыз ба дейді ғой. Бұны мен бір жағынан түсінем. Ол өте керек нәрсе. Бірақ ол жер тектен-текке тозып, ешқандай өңдеу көрмей, иесіз қаңырап жататын болса, оның кімге пайдасы бар? Қайта сол жерді я жалға беру, я меншікке беру арқылы пайдасын көру керек қой. Менің ойымша, иесіз игерілмей тозып жатқан жердің де обалы бар. «Судың да сұрауы бар» деген ғой. Олай болса, жатқан жердің де сұрауы болуы мүмкін. Жалпы, жер босқа жатпауы керек. Ел игілігіне жұмыс істеуі қажет.
– Бірінші отырыста, жерді отандастарымызға белгілі бір мөлшермен тегін таратып беру керек. Сонда ел оның игілігін көреді деген де ұсыныс айтылды. Бұған қалай қарайсыз?
– Иә, көптеген ұсыныстың бірі – бұл. Бізде халық саны аз, жер көп. Оған дау жоқ! Бұл ұсыныстың авторы «жерді тегін таратып берсек, ел өз күнін өзі көреді, жерді игеріп пайда табады», – деп отыр. Солай-ақ болсын. Оған да келісуге болады.Алайда осы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қаншама миллиондаған гектар жердің игерілмей жатқанын айтты. Соңғы 10-15 жылда бірнеше мыңдаған гектар жерді біреулердің алып, оны игермей, құры бос, тоздырып жібергенінен нақты мысалдар келтірді. Олар осы жерді жалға алған. Ал егер ертең бәлен гектар жерді біреуге тегін таратып беретін болсақ, дәл осы күйді кешпесімізге кепілдік бар ма? Жалға алып, ақысын төлеп отырған жерін игермей бекер тастап қойса, тегін берген жерді игере ме? Әлде ол да бекерге тозып кете ме? Тегін келген жерге кім қарағысы келеді дейсің? Бұл да ойлануды қажет етеді. Мейлі, тіпті біздің халық жалқау емес, бәрі бірдей шаруақор деген күннің өзінде жер жеткілікті.
– Жалпы, Жер туралы кодекстегі дау тудырып отырған нормаларға қатысты өзіңіздің заңгер ретіндегі пікіріңіз қандай?
– Менің ойымша, Жер туралы кодексті жалпы қайта талқылауға енгізу керек. Өйткені, даулы мәселе көп бұл жерде. Соның ішінде бүгінде қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған Жерді жалға беруге қатысты айтар болсам… Жаңа бір фермермен біраз сөйлестім. Ол кісінің біраз жері бар. Өзі алма өсірумен айналысады. «Сіз қанша жылда алма өсіресіз, неше уақытта оның жемісін көресіз?» деп сұрадым. «Он жыл өсірем. Содан кейін ғана ол жеміс береді», дейді. Он жыл өсірді, бағып-қақты, дәріледі, қажетті минералдарын берді, енді өнім алады. Тағы бес жылда ол өзінің шыққан шығынын ақтасын делік. Арада 15 жыл кетті. Енді сол жерге төккен тері үшін, ол пайда табуы керек. Сөйтіп, тағы бес жылын өзіне пайда табуға жіберейік. Сонда пайда табу үшін кемінде 20 жыл уақыт керек екен. Бір ескеретін мәселе, біздің жерімізді Еуропа,Украина, Белоруссияның жерімен салыстыруға келмейді. Олардың жері құнарлы, табиғи солай, қара топырақ. Ал біздің жеріміздің көпшілігі тастақ келеді. Көбіне сауармалы емес, жазық дала. Құнарлылығы да аздау. Бұны да ескеру керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде, заңнамадағы кейбір нормаларды қайта қарау керек, қайта талқыға салу керек дегенге мен келісемін.

Сұхбаттасқан
Дәулетхан Жиенқұлов

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?