«Желтоқсан қасіретін білмеген, Тәуелсіздік қадірін білмейді»

16 желтоқсан 2022, 11:46

Күні бүгінге дейін 16 желтоқсанды – Тәуелсіздік күні деп мерекелеп келдік. Расында солай ма? 16 желтоқсан, шын мәнінде, елдігіміз бен егемендігімізге қауіп төнген сын сағатта ұлттық намысты ту етіп көтеріп алаңға шыққан, кеңестік дәуірдің қасаң тәртібіне қасқая қарсы тұрып, сол ұлттық намыс жолында қыршын жастық шағын құрбандыққа байлаған Желтоқсаншылар күні! Өйткені ұлттық рухтың қуатын, ерлік пен елдіктің мұратын, қайыспайтын қара нардай қайратын танытқан Желтоқсан көтерілісі өз бастауын осы күннен алады. Жыл сайын желтоқсан айы жеткенде біздің толқитын, тәуелсіздік жолындағы тарихымыздың парақтарын күрсіне отырып ақтаратынымыздың себебі – сол. Бүгінгі кейіпкеріміз Желтоқсан ардагері, қазақтың маңдайалды ақыны Болат Шарахымбай сол бір сұрқайлы күндерге сапар шегіп, көтеріліс жайлы өз ойларымен бөліседі.

Желтоқсан – Тәуелсіздік жолындағы көп көтерілістің бірі емес, бірегейі

Иә, сол бір үш күн, үш түн көзден де, көңілден де кетпейді. Бұл – 1986 жылы 16 желтоқсан күні таңертеңгісін болған оқиға. Қазақстан КП Орталық Комитеті шұғыл түрде кезектен тыс пленум шақырып, ол бары-жоғы 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстанды ұзақ жыл басқарып келген Д. Қонаевты пленум бірауыздан қызметінен босатып, орнына Орталық ұсынған, бұрын Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Г. Колбинді сайлады. Міне, отқа май құйған, халықтың ашу-ызасын тудырған, соңы үлкен қайғы-қасіретке душар еткен оқиға дәл осы сәттен басталады. Пленум шешімімен келіспеген студенттер бірден мінез көрсетті, алғашқылардың бірі болып алаңға беттеді. Оларды жұмысшы жастар қолдап, бүкіл Алматы алаңға қарай шұбырды. Оны естіген соң мен шыдап тұра алмадым, оқиға ортасында болғым келді, сөйтіп ереуілшілерге барып қосылдым. Ол кезде КСРО-ны құлату, Одақ құрамынан шығу, тәуелсіз ел құру туралы идея ешкімнің ойына келмейтін, ондай ой өңіміз түгілі түсімізге де кірмейтін. Ол мүмкін емес нәрсе еді. Бірақ қазақтың жас демократиясы Орталықтың кезекті кемсітуіне, әлімжеттігіне, қорлығына, басынуына төзе алмады, ол – рас. Кеудені кернеген намыс оты шыдатпады, ашу-ызаға булықты, ақыр-аяғы ол ақтарылып төгілді.

Қазақ жастарын алаңға алып келген қандай күш дегенде, оларды алаңға ұлттық намыс пен ар-ұят түйсігі алып шықты деп толық сеніммен айтуға дәтім барады. Бұл жөнінде айтылып жүрген қалған жорамалдардың бәрі, меніңше, бос әңгіме.

Әрине, бастапқы кезде көтерілісті ұйымдастырушылардың болғаны анық. Алайда олар істің мұншалық алапат күшке айналып, ақыры үлкен қантөгіспен бітетінін болжай алмаса керек.
Осы тұста маңызды бір нәрсені айтайын. Қашанда сана тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды. Өзгеріс алдымен санада басталады, өмірде жүзеге асады. Басқаша болуы мүмкін емес. Сол себептен 1986 жылғы бас көтеруді тоталитарлық жүйеге қарсы серпілген сана, оянған рух төңкерісі болды десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Мысалы, атақты тәжік кинорежиссері Гүлбохар Миразова 1990 жылы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен жиында сөз сөйлеп, мақтанышпен былай деп мәлімдеді: «Тәубе, Азия жолбарыстары оянып жатыр. 1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі – Орталық Азиядағы ұлттық сана сілкінісінің басы болды». Расында, Желтоқсан құбылысы тек Орталық Азиядағы ғана емес, сонымен бірге бүкіл Кеңестер Одағындағы, тіпті Варшава блогына кіретін барша социалистік қоғамдағы сана сілкінісінің басы болды. Желтоқсанның осынау тарихи-саяси маңызын біртіндеп басқа да елдер мойындағаны мәлім. Өйткені 1986 жылғы Алматы көтерілісінен соң наразылық толқыны Баку, Тбилиси, Вильнюс, Сумгайт, Ферғана, Саха (Якутия), сәл кейінірек Шешен-Ичкерияны шарпыды, ақыр соңында 1991 жыл бұрынғы империя астанасы – Мәскеуде, атақты Қызыл алаңда жалғасын тапты емес пе?! Осылайша Желтоқсан дүрбелеңі – КСРО-ның құрамында болған жасанды 15 одақтас республикаға, империяның ашса алақанында, жұмса жұдырығында ойнаған социалистік лагерь елдеріне еркіндік әкеліп, КСРО мен АҚШ бастаған социалистік (Варшава блогы) пен капиталистік (НАТО) екі түрлі көзқарастағы әлемнің арасындағы 50 жылға созылған қырғиқабақ соғыстарына батпан нүкте қойды десе болады.

Бір сөзбен, Желтоқсан көтерілісі сананы сілкіндірген, әлем картасына өзгерістер мен түзетулер енгізген қозғалыс болды. Содан кейін көп кешікпей әлемнің саяси картасында ондаған тәуелсіз мемлекеттер пайда бола бастады.

Желтоқсан көтерілісі – қазақтың ұлттық рухының қуатын, елдік пен ерліктің мұратын, майысса да қайыспайтын қайратын танытты. Жас қазақ демократиясының бұл бас көтеруі – Тәуелсіздік жолындағы көп қозғалыстардың бірі емес, бірегейі деп аспанға көтеретініміз сол себептен. Оны еске алғанда тебіренетініміз, тебірене отырып толқитын, күрсінетін, күрсіне отырып көзімізге жас алатындығымыздың да себебі – сол!

Бірақ алаңға ұлттық намыс пен ар-ұят алып шыққан жас қазақтар кейін өздеріне «маскүнем», «нашақор», «бұзақы», «ұлтшыл элементтер», «қоғамға жат, қауіпті адамдар» деп сенімсіздік танытып, жала жабылатынын ол кезде білген жоқ еді.

Ұлттық сезім жараланғыш…
әрі қуатты болады екен

Сол бір нақақтан қан төгілген, жазықсыз жаза кесілген қасіретті күндердің куәгері ретінде, бүтін бір халықтың ұлттық сезімін қорлаған тоталитарлық жүйеге қазақ жастарының өз сана-сезімдері мен ерік-жігерге сүйеніп қарсы шыққанын, бар жан-жүрегін салып күрескенін айқайлап айтып, куәлік ете аламын. 16 желтоқсаннан бастап үш күн бойы намысы қор болған, рухы жаншылған халқына қалқан болғысы келіп, жендеттермен жан алысып, жан беріскенін өз көзіммен көрдім. Ұлттық сезім жараланғыш әрі қуатты болады екен. Ұлттық сезімнің шамына тисең, таудың өзін бұйым көрмей қопарып тастайтындай алапат күшке ие екен.

Міне, солдаттар қазақтың ұлттық сезімін қорлап, аузына келгенін құсып, балағаттап, жаныңа тиетін сөздермен келемеждеп жатқанда, шыдау оңай болмады. Өйткені жас қазақтардың ұлттық рухы жоғары еді, намысы бар еді, ұзақ жылдар іштей бұлқынып, бықсып жатты да, бір күнде жарылды. «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, аспан қалай ашылмақ» деп жырлаған ақынның жан айқайын мен сонда түйсінгендей болдым. Түйсінгенім сол – мұзда жанған алауға көзсіз түсіп, лапылдап жанып кеттік.

Білесіз бе, сол дүрбелеңнен кейін біз қазақ жігіттері, көшеге шықпауға, көзге түспеуге тырыстық. Көшеде кездейсоқ кездесіп қалудан жалтарып жүрдік. Бір-біріміздің көзімізге тіке қарауға батылымыз жетпеді. Неге дейсіз ғой? Себебі біздің әрқайсымыздың көзіміз толған жас еді, жүрегімізде запыран еді. Ол ұяттың көз жасы болатын, намыстың запыраны болатын. Сәл болмаса, еңіреп жылап жіберуге шақ тұрдық. Себебі жендеттерден жеңіліс тапқанымызды намыс көрдік, әділетсіздікке күйіндік, қорландық. Іштегі ызадан, қайнаған кектен көзіміз бұлдырап, ештеңе көрмей қалды. Қорлықта өмір сүрудің қандай ауыр азап екенін сонда тұңғыш рет жан-дүниеммен сезінген шығармын. Тағы да қадап айтамын, ұлттық сезім өте нәзік әрі жараланғыш болады екен. Ұлттық сезім бас көтергенде көзің су қараңғы болып, түк көрмей қалады екенсің… Желтоқсан көтерілісі маған осыны үйретті.

Ол кезде мен Алматы шет тілдер институтында оқитын едім. Желтоқсан оқиғасынан соң институтқа жоламай, он күн үйде жатып алдым. Анығы, жалдамалы пәтердің астындағы тесігі сығырайған кішкентай жеркепені мекен еттім, он күн бойы соны паналадым. Көшеге шықсам, ұсталатыным анық еді. Бет-аузы тілім-тілім, күп болып ісіп кеткен адам бірден көзге түседі емес пе! Дәрігерге барған жоқпын, барсам, бір бәлеге жолығып қалам ба деп ойладым. Оның үстіне жұбайым дәрігер болып істейтін, ол да емханаға баруымды қаламады. «Үш әріптің» адамдары жер-жерді ит сияқты тіміскілеп, ереуілге шыққандарды іздеп жүргендерін содан естіп, біліп жаттым.

Жастарға қарсы шоқпар, күрек қолданып, ит шығарады деп кім ойлаған? Сол секілді бір ұлтты екінші бір ұлтқа қарсы қояды деп ешкім күткен жоқ. Бұл дүниеде көңілі даладай дархан, ақ жүрек екі ұлт болса, біреуі – қазақ, екіншісі – орыс еді. «Қаңғып келген шүрегей» Қолбин осы екі ұлттың ортасына от жақты, бір-біріне айдап салды. Бұл енді шовинизмнің барып тұрған шыңы еді. Қазақтарға «антисоветтік көзқарастағы ұлтшылдар» деп айдар тақты, орыс жұмысшыларын «тәртіп жансақшылары» деп атады, шындығында олар «жазалаушы отрядтар» еді. Сөйтіп бірге жүрген қызметтестер, достар бір-ақ күнде «ата жау» болып айбалталарын көтеріп шыға келді. Оны айтасыз, орыс тілді және қазақ тілді болып қақ жарылды. Тіпті қазақ пен қазақ ұрланып, сыбырласып сөйлесетін дәрежеге жеттік. Қазір осы екі ұлттың ортасына оңайлықпен өшпейтін, шірімейтін сына қаққанын нақұрыс Колбиннің өзі білді екен, білмеді ме екен деп ойлаймын…

Мені жаладан құтқарған ұстазым Сәбетқазы Ақатаев

Желтоқсан оқиғасы – менің тағдырыма батпан таңбасын қалдырған, өмірімнің ең шетін әрі қайшылықты парағы. Ол күндерді еске алу мен үшін өте ауыр. Дегенмен өткеннің сабағын айту бізге парыз ғой.

Үйде екі күн жатып, есімді жиғасын 20 желтоқсан күні таңертең институтқа баруға жинадым. Сабаққа бармасам, жұрт көзіне көрінбесем, күдікке ілінетінімді іштей сездім. Бірақ институтқа жетіп үлгермедім. Стадионнан түсіп, жаяулатып Құрманғазы көшесін кесіп өте берген жерде ұстазым Сәбетқазы Ақатаев қарсы жолықты. Әдеттегідей сәлем бердім. Ол менің күйімді көріп, жағдайды бірден түсінді. «Менің тілімді алсаң, бүгін институт жаққа бармай-ақ қой, онда қазір фотосуреттер арқылы алаңға кімдердің барған-бармағанын білу үшін іздеу салып жатыр. КГБ-ның құрығы ұзын ғой, бір бәлеге ұшырап қаларсың. Ең дұрысы, осы келген ізіңмен қайт, ешкімнің көзіне түсуші болма, оқиға туралы жан баласына тіс жарма. Оқуға жаңа жылдан кейін бір-ақ келерсің», – деді. Күштегендей қолтығымнан алды да аялдамаға дейін бірге барып, автобусқа мінгізіп салды. Әлі күнге ойлаймын, егер орта жолда Сәбетқазы ағамыз кездейсоқ жолықпағанда, ақыл-кеңесін беріп кері қайтармағанда, «үш әріптің» құрығына түсіп, босқа күйіп кетер ме едім, кім білсін?! Сонда ұстазымның кеңесімен бой тасалап үлгергенім қандай жақсы болған.
Мұнда «бой тасалау» деген сөзді бекерге қолданып отырған жоқпын. Оның өзіндік себебі бар. Он күн үйқамақта отырғанымды жоғарыда айттым, институтқа жаңа жылдан кейін бір-ақ келдім. Келген бетте топ жетекшіміз Күләйхан апай (тегін ұмытып қалыппын, өзі Қазығұрттан, маған жерлес кісі болатын) өзіне шақырды. Бәрі бітті, аспаннан қара бұлтты төндіретін шығар деп ойлағам, алайда апай ұрыспады, тіпті тіс жармады. Бар айтқаны: «Болат, сенің осы уақытқа дейін қайда жүргеніңді, не себептен сабақта болмағаныңды, не істегеніңді сұрамаймын. Бірақ ішім сезеді… Институтқа тергеушілер келді, олар осында әлі жүр. Тергеушілер «алаңға кімдер барды, кімдер бармады» деп сұрастыра бастағаннан-ақ жағдайдың тым күрделі екенін түсіндім. Алдымызға бір бума фотоальбомды жайып салып: «Мына суреттерді бір-бірлеп қарап шығыңыздар, мұқият қараңыздар, таныстарыңызды кездестірсеңіздер, айтыңыздар», – деді. Неше түрлі суреттерді көз алдымыздан өткіздік, барлығы өзіміздің қазақтың өрімдей қыздары мен жігіттері. Кейбірімен күнде кездесеміз. Олардың «нашақор», «маскүнем», «қоғамға жат адамдар» екеніне сенбейсің. Суреттерді аударып отыр едім, бір таныс бейне сопаң етіп шыға келді. Сурет көзіме оттай басылды. «Астапыралла, мынау Шарахымбаев қой!». Тап өзі. Бірақ сыр білдірмедім. Басыңа орамал ма, шүберек пе, бірдеңе байлап алыпсың, молдалар сияқты. Сурет түнде түсірілгендіктен көмескіленіп шығыпты және бір қырынан түсіп қалыпсың, тану қиын, әрине. Алайда сен екеніңді мен таныдым. Бөлмеде үш-төрт оқытушы бірге отыр едік, солар танып қала ма деп қатты қауіптендім, абырой болғанда байқамады. Бірақ ішімнен қатты қорқып отырдым. Тергеушілер әккі келеді емес пе, әр қимылымды қалт жібермей бағып отырды. «Мынау суреттегі жігіт сіздің студентіңіз емес пе, неге танымай өткізіп жібердіңіз?» десе, бәрі бітті ғой!.. Болар іс болды, енді байқа, арандап қалып жүрме. Ауызыңа ие бол, сені аңдушылар көп», – деп ескертті. Ең қызығы, басыма ақ бөкебай байлап алған осы суретімді курстас досым Серік Қайыпбаев та көріпті. «Тергеушілер бір бума суретті маған да көрсеткен. Таныстарыңды көрсең, айт деген. Өлсем айтам ба?.. Мен қателесуім мүмкін емес, тура сенің суретіңді көрдім. Басыңа неге ақ орамал байлап алғаныңды білмеймін, мен бәрібір таныдым. Алайда тергеушіге танығанымды білдірмедім. Танып тұрып жасырғанымды біліп қойғанда, екеуміз де жазасыз қалмас едік», – деп еске алады Серік дос.

Жасыратыны жоқ, сол суретті кейін көп іздедім. Бірақ таппадым. Орталық архивтен, ІІМ, МҚК мұрағаттарына таныстар арқылы сұрау салдым. Нәтиже болмады. Жер жұтып кеткендей зым-зия. Ол суреттер қайда кетті? Бір кезде Желтоқсанға қатысты көптеген құжаттардың көзі жойылғаны туралы сөз шығып еді, сонда бірге жойып жіберді ме? Әлде Мәскеуден келген чекистер өздерімен бірге алып кетті ме, белгісіз.

Ресми дерек бойынша, Желтоқсанда 99 қазақтың сотталғаны мәлім. Егер деймін де, сол кезде Сәбең жолда кездейсоқ жолығып, кері қайтармағанда немесе суретімді таныған Күләйхан апай мен Серік дос «байқаусызда» айтып қойғанда, мен 100-ші болып сотталып кетуім әбден мүмкін еді. Әрине, тәртіп бойынша алдымен «советтік қоғамға жат көзқарастағы адам» ретінде оқудан шығаратын еді, комсомол жиналысына салып, ит масқарамен ұйымнан аластайтын еді. Әрине, ауыртпалықтың ең ауыры әкем мен шешеме түсер еді, баласын «совет адамына сай тәрбие бермегені» үшін кінәлап, көзге шұқитын еді. Осы ма еді маған керегі?! Соңғы кезде жауырды жаба тоқығысы келетін біреулер «ұсталмағандар мен сотталмағандар желтоқсаншы емес» деген сыңайда сөз шығара бастады. Оттаған сөз, араға от тастау, арандату. Мұндай өресіздікке жол берілмеуі керек. Мысалы, мен сол үш күнде көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, солдаттардың тепкісінің астында қалдым, ұсталдым да, бірақ ретін тауып құтылып кеттім. Құтылып кеткенім үшін мен кінәлі емеспін ғой, мені құтқаруға қатысқан адамдардың да кінәсі жоқ. Қайта ұсталмағаныма, сотталмағаныма шүкіршілік етемін.

Ал өзіне келетін қауіпті біле тұра, біреулер сияқты сынып кетпеген, қорықпаған, өз арының алдында адалдығын сақтаған қос ұстазым мен Серік досыма, қиын жағдайда қалғанда түсіністікпен қарап, орта жолда автобустан түсіріп кеткен тәртіп сақшыларына, жол бойында өлімші болып, әлсіреп жатқанда бір ауыз сөз айтпай үйге жеткізіп салған жүргізушіге және басқа да тілекші болған жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл күнде қай салада, не жұмыс атқарып жүрсе де баршасына рахмет айтып, құрметпен басымды иемін.

Ар жазасы – бар жазадан ауыр

Біз кейде ұлт алдындағы қарызымыз бен парызымызды дұрыс түсінбей жүрген сияқты көрінеді. Кейде оп-оңай ұмыта саламыз, кейде «болар іс болды, бояуы сіңді» деп кешірімпаз болуға даяр тұрамыз, келісімпаздығымыз да жоқ емес, әйтеуір, сиырқұйымшақтатып аяғына дейін жеткізе алмай жататынымыз бар. Мысалы, соңғы кезде маған осы біз Желтоқсанның алдында сатқындық жасап жүрген жоқпыз ба деген ой келетін болды. Мұндай қыжыртпа ой бекерден-бекер келмесе керек.

Алдымен айтатыным, Желтоқсан көтерілісі кімнің кім екенін танытқан оқиға болды. Креслода отырғанда шіреніп, тәкаппарланып, менменсіп жүрген біраз лауазым иелерінің бетпердесі сыпырылып түсті. Әсіресе, қазақ элитасының абыройы мен беделіне сын болды. Сол кездегі ел басындағы қазақ басшылар әділетсіздікті көре-біле тұрып, бұғып қалды, қарсы әрекетке бармады, келісімпаздық танытты. Көпшілігі қысымға шыдамай сынып кетті, оқиғаға жалған куәлік берді, өз қазағын өзі дұшпан қылып көрсетті, өз қазағына өзі жала жауып, бірін-бірі жау көргендей азаптады, ұрып-соқты, соттады, түрмеге тықты.

Алаңда және алаңның сыртында да адам жаны түршігетін оқиғалар көп болды. Қаншама жастың тағдыры тәлкекке ұшырады.

Көтерілістен соң қазақ жастарына қатысты 2117 қылмыстық іс қозғалып, 8500 адам әр түрлі жауапқа тартылды, 2000-нан аса адам солдаттар мен жасақшылардың соққыларынан әр түрлі дене жарақатын алған, олардың көпшілігінің жарақаты аса ауыр еді. Айтыңызшы, осы жайт береуді ойландырды ма? Жоқ. Әркім өз басымен әуре болып кетті.

Желтоқсан қасіретіне байланысты ең күрделі мәселенің бірі – екіжүзді сатқындар, арандатушылар, жалған куәлік еткендер мен ұсталғандарды себепсізден себепсіз ұрып-соққандар мәселесі. Келісімпаздар мен жағымпаздар, бейтарап ұстанымда болғандар мәселесі де күйіп тұр. Мәселен, жазалау шараларын жүргізуге кімдер нұсқау берді? Оны қалайша және кімдер жүзеге асырды? Кімдер жалған ақпарат таратты? Міне, осы сұрақтарға әлі нақты жауап берілген жоқ. Содан бері отыз бес жыл уақыт өтсе де, сол спектакль-шоуды ұйымдастырып, нұсқау бергендер, нұсқауды беті бүлк етпей мүлткісіз орындаған біраз жендеттердің аты-жөндері халық алдында ашық жария етіліп, айыпталса да, талап етілсе де, тиісті жазасын әлі алмай келе жатқаны өкінішті.

Сонда жазалаушылар мен жендеттер неге тиісті жазаға тартылмайды? Оған не кедергі? Әлде заң қауқарсыз ба?!

Меніңше, бұған ең басты себеп, осы сұмдықты істеген, оған жол берген, жүзеге асырған адамдар билік басында қамшысын үйіріп әлі отыр. Олар билік басында отырғанда Желтоқсан шындығы ашылады деп үміттенудің өзі күлкілі.

Бір қызығы, Қонаевқа сатқындық жасағандар, кейін Колбинге де сатқындық жасады. Күлесің бе, жылайсың ба?

Желтоқсан қасіретіне қатысты қоғам назар аударуға тиіс үлкен мәселенің бірі – ар-ождан мәселесі. Осы мәселеге байланысты, Желтоқсан қарсаңында мол мүмкіндік туып отыр. Ол қандай мүмкіндік? 1986 жылы ешбір алаңсыз бейбіт тұрде алаңға шыққан жастарды ұрып-соққандар, қанға бөктіргендер, нұсқау бергендер, арандатқандар, жала жауып жазаға таратқандар, соттағандар, жалған куәлік бергендер, желтоқсаншыларды көрсеткендер, заңсыздыққа итермелегендер, сөйтіп әділетсіздікке жол бергендер халықтың алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрауы керек. Жазалауға қатысқандар алған марапаттарын қайтаруы қажет. Біздің есебімізше, осы уақытқа дейін 42 адам ғана алған марапаттарын қайтарған. Желтоқсанда кім қандай марапатқа ие болды, кім қайтарды, кім қайтармады, ол тізімнің бәрі біздің қолымызда бар. Керек десеңіз, біздің қолымызда Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қырғынға жауапты 5000 адамның аты-жөні жазылған тізім сақтаулы тұр. Кезі келгенде оны да жариялаймыз. Бұл не үшін керек? Бұл кейінгілерге сабақ болу үшін керек, енді мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін керек.

Ар жазасы – бар жазадан ауыр. Қайталап айтамын, біздің алдымызда ақталудың қажеті жоқ, әркім өз арының алдында ақталып, кімге тізесі батты, кімге қасірет шеккізді, қай жерде қателік жіберді, солардың алдында кешірім сұрасын.

Өтер іс өтті, болар іс болды десек те, Желтоқсанның сабағы ащы болғаны анық. Ащы болғаны сондай, сонда алған соққыдан әлі есімізді жинай алмай жатқан жайымыз бар. Бұл, сөз жоқ, өткеннің қатал сабағынан алған негізгі тағлымымыз.

Біреулер Желтоқсанды неге қайта-қайта сөз ете бересіңдер, сондағы мақсаттарың не деп кіжінеді. Өйткені Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын дұрыс түсінбей, кеңес идеологиясымен жүргендер арамызда әлі көп. Көпшілігі – орыстілді тұрғындар. Керек десеңіз, КСРО-ны көксейтіндер бар. Желтоқсанды еске алғанда, жүрегі қан жылайтын азаматтарымыз ол туралы айтып отырмаса, жастардың құлағына құйып отырмаса, біреулер оны ұмыттырып жібергісі келеді. Жас қазақтардың елдік, ерлік істері туралы қайта-қайта еске салып отырсақ, келер ұрпақтың есінде қалары сөзсіз, ол – біздің азаматтық парызымыз. Жаңа Қазақстан жастары Желтоқсан қасіретін білмесе, Тәуелсіздік қадірін қайдан біледі?! Меніңше, жас қазақтар өзінің өткенін білуі керек, содан сабақ алуы тиіс.

Жазып алған Әйгерім Жетіген

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?