Желтоқсан қаһармандары марапатталды

12 желтоқсан 2016, 15:21

Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Аз да болса, осы уақыт аралығында Қазақстан – экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты елге айналды. Осы атаулы мерекемен қатар келетін Желтоқсан оқиғасына 30 жыл. Алматыда осы мерейлі датаға орай «желтоқсандық» ұйымдардың басшыларымен кездесу өтті. Жиынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, «желтоқсандық» ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындары мен саяси партия өкілдері қатысты.
Bnews.kz хабарлағандай, аталған шарада қала әкімі ел тәуелсіздігінің мерейлі белесімен құттықтап, желтоқсан қатысушыларын «Желтоқсанның 30 жылдығы» медалімен марапаттады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» монументінің ашылуындағы сөзінде: «Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсан – Қазақстан тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұған ұлтшылдық сипат беруге талпыныстар жасалып, ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады» деп атап өткен болатын», — деді Б.Байбек.

Сонымен қатар, қала басшысы желтоқсанның салқынында Тәуелсіздікке талпынған ерлерді елі мәңгі құрметтейтінін атап өтті. Бүгінде Алматыда қазақтың арда ұлы Қайрат Рысқұлбеков пен қайсар қызы Ләззат Асанованың атында көшелер бар. Ал биыл, 1986 жылғы Желтоқсанның 30 жылдығына орай, Елбасының тікелей тапсырмасымен қала орталығындағы көшелердің біріне Ербол Сыпатаевтың есімі берілді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Теңдікті қалаған ұландардың ерлігіне «ұлтшылдық» деп жалған айдар тағылған еді. Тек, Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының бастамасымен ауқымды жұмыстар жүргізіліп, Желтоқсанға жаңаша сипат берілді. Осылайша, ел еңсесін тіктеген Елбасының ерлігі желтоқсан куәгерлерінің әлі жадында.

«Мен жүрген жерімде, жастардың арасында Елбасымен мақтанатынымды, мадақ тұтатынымды айтып жүремін. Өйткені біз 1991 жылы егемендік алдық, 11 желтоқсан күні Мәскеуде Кеңестер Одағының жиыны болып, Тәуелсіз ел болып бөлініп шықтық. 12 желтоқсанда Елбасымыз елімізге келе салысымен 540-шы Жарлықты шығарды. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқан барша азаматтар мен азаматшыларды ақтау туралы болатын. Сол күні бұл хабарды естігеннен кейін төбеміз көкке жетіп, бас киімімізді аспанға лақтырдық. Сондықтан біз өз Елбасымызды Желтоқсандықтар сайладық деп айтуға болады. Айналайын, жастар, осы Тәуелсіздік сіздерге аманат. Кезінде өзіміз сайлаған, өзіміз қалаған қазақта ұл тумады ма деп жылағанбыз, бас киімімізбен көз жасымызды сүрттік. Ал, 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда, сол бас киімімізді аспанға лақтырып қуандық. Сондықтан өзіміздің патшамызды қастерлей білейік. Жастар, күрес сіздер үшін болды, Тәуелсіздік сіздер үшін болды», деді Гүлбаһрам Жүнісова.

Сонымен қатар, желтоқсан куәгерлері тәуелсіздікті қадірлеуге шақырды.

«Тәуелсіздік деген әркімнің ұғымында әр түрлі. Қаншама ата-бабаларымыз армандап кеткен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан Тәуелсіздікті қадірлейік. Біз Елбасымыздың саясатын қолдаймыз да, әрдайым қолдап келеміз де. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», — деді Талғат Рысқұлбеков.

Бүгінде Желтоқсанға қатысқандарға әлеуметтік және материалдық тұрғыда қолдау көрсету шаралары мүмкіндігінше жүргізілуде. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында халықтың әл-ауқаты артып, дамыған елдермен тереземіз тең түсті. 25 жыл ішінде елімізде 1400 мектеп пен 1300 денсаулық нысаны бой көтерген. 100 млн.шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, халықтың орташа өмір сүру жасы 72 жасқа жеткен.

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде