Өткен жылы әлеуметтік желілерде жалаңаштанып суретке түсу, сәукеле мен киіз үйді мазақтау сияқты жағымсыз жағдайлар жиі орын алды. Ұлт құндылықтарының қадірін кетіретін бұл көріністер жұрттың шамына тиді десек те болады. Осындай тәсілмен атын шығарғысы келген жастар жыл басталысымен желілерде тағы да жылтыңдай бастады. Тіпті бұл қоғамда індетке айналып келе жатқандай. Мұның астарында не жатқанын біз белгілі саясаттанушы Дос Көшімнен сұрап көрдік.
Jas qazaq: Дос мырза, сіз әлеуметтік желілерде желпініп жүрген жастарды жақсы білетін боларсыз. Намысқа тиетін оқиғалардың төркінінде қандай қитұрқылық жатыр деп ойлайсыз?
Д.Көшім: Ұлттың ұлылығын сақтайтын өзек – оның салт-дәстүрі, тілі мен діні, бір сөзбен айтқанда, ұлттық құндылықтары. Алайда қазақи дәстүрден, қазақи дүниетанымнан айырылып жатқандаймыз. Сөздің, уәденің қадірі кетті. Бұлардың барлығы жас ұрпаққа да үлкен әсерін тигізді. Бір сөзбен айтқанда, дүниеге дүбәра ұрпақ келе бастады.
Jas qazaq: Қазақы құндылықты, салт-дәстүрді, ұлттық мінезді, ұлттық байлық саналатын киім-кешекті масқаралау қазір асқынып кеткендей.
Д.Көшім: Меніңше, жастардың көпшілігі «атымды шығарып, жұртты аузыма қаратсам» деп ойлайды. Талас жоқ, жақсы мақсат. Бірақ Димаштай әнші болу үшін, барлық қызықтарды жинап қойып, алты жастан бастап еңбектену керек; саусақтарың ауырғанша саз құралын меңгеріп, даусыңды түзеу керек. Атақты боксшы, балуан, футболшы болғыңыз келсе де, есепсіз тер төгесіз. Ал еңбексіз атыңды шығарғың келсе, оның да жолы көп. Айталық шетелдерде алысқа түкіру, бір сағатта қанша торт жейтініңді, сыра ішудің жеңімпазын анықтайтын секілді сан түрлі жарыстар бар. Мұндай ақымақ жарыстарға шамаң жетпесе, көшеден жалаңаш жүріп немесе атақты бір адамды атып тастап-ақ танылуға болады. Бұл мәселелер Батыс қоғамында 60-жылдардан бастап пайда болды. Сондықтан болуы керек, олар «халықтың көңілін аударып, шалқасынан түсіреміз» дегендерді ауыздықтайтын заң шығарып қойды. Соған орай жалаңаш жүргендер «қоғамдық орында өздерін ұстай алмағаны» үшін сотталады. Ал «танымал» болу үшін жұлдыздарды атқандардың соты жабық өтіп, аттарын ұмыттыруға бағытталған тәсіл қолданылды. Христиан дәстүрін қатаң ұстаған елдер бұндай «рекордтарға» қызықпайтын болды. Оларға «моральдық тұрғыдан азғындаған адамдар» деген баға беріліп, тек жек көрушілік («презрение» деген сөздің қазақ тілінде нақты аудармасы жоқ деп ойлаймын. «Жек көрушілік» деген аударма бұл ұғымды нақты бере алмайды) сезімі қалыптасты. Бұлардың көпшілігінде тәрбиеден пайда болған психологиялық бір кемшіліктің, жетіспеушіліктің бар екенін де ескеру керек. Сұлу қыздар, тұлғалы бойжеткендер үшін денесін жалаңаштаудың қажеті жоқ. Сұлулық қандай киімнің ішінде болсын көрініп тұрады. Ал түрі не денесі келіспеген ақымақтарға халықтың көзіне түсу үшін сәукеле киіп, денесін жалаңаштаудан басқа жол қалмайды…
Jas qazaq: Ұлттың ұятын сақтауға қауқарсыз, санасы жетілмеген ұрпақты қалай жөнге салуға болады? Қалай да мұның бір шешімін табу керек қой…
Д.Көшім: Арсыздықпен «күрестің» бірнеше тәсілі бар. Біріншісі – заң арқылы жазалау. Кинодағы арсыз көріністер мен журнал беттеріндегі тыр жалаңаш суреттерге мемлекет тарапынан қатаң жаза беріледі. Әлеуметтік желіде араб тіліндегі әнді тыңдаған немесе көк шар алып шыққандарға, алаңға жиналып, аруақтарға құран оқуға ниет қылғандарға жауапкершілік белгіленген. Ал халықты моральдық тұрғыдан мазақ қылғандарға көңіл бөлмеу – таңқаларлық жағдай.
Екіншіден, ең бастысы – бұларға көңіл бөлмеу. Егер оларды теледидарға шақырып, ток-шоудың басты кейіпкері жасасақ, бұл – олар үшін жеңіс болмақ. «Соларды көрсету арқылы, талдау арқылы қоғамды тәрбиелейміз» деген бекер сөз. Бұл – «арсыздық» деп аталатын қадам. Оны талқылаудың да еш қажеті жоқ. Керісінше олардан «герой» жасағаннан басқа ештеңе істей алмаймыз. «Ұрамыз», «соғамыз», «басыңды жарып, қолыңды шығарамыз» деген қорқыту да оларға ешқандай әсер етпейді. Оның орнына қоғам тұрғысынан «үнсіз аластату», қоғамдық жеккөрушілікті көрсетудің тиімділігі күштірек. «Басын жарғаннан» көрі, жұрттың көзінше бетіне былш еткізіп түкірген артық сияқты.
Jas qazaq: Тәрбие – тал бесіктен дейміз. Ал екі отбасының бірі ажырасып жатады. Мектепте ұстаздар баланы ұрып-соғады. Ертегі айтатын аталар мен әжелер WhatsApp-тың «жұлдызы». Бұл неден? Қазақтың табиғаты өзгеріп кеткен жоқ па?
Д.Көшім: Тағы да қайталауға тура келеді. Бұл – қоғамда азғындардың көптігінен туған көрініс. Біз әлі толыққанды қазақ бола алмай келеміз. Сондықтан жастарға жақсы нәрсені насихаттап, керек нәрсені үйрету керек. Тәрбие мен насихат дұрыс болса, жас ұрпақ та жас қайыңдай түзу өседі. Ең бастысы, жоғарыда атап айтқандай, желілердегі желөкпелерге тосқауыл керек. Дүбәра ұрпақ дүниеге келді. Оларға тыйым салмасақ, қоғамды жегі құрттай жейтін, аздыратындар көбейе береді.
Әңгімелескен
Жарас Кемелжан