Желідегі маркетинг шаң қаптырмасын

12 қазан 2018, 12:08

Осыдан бірнеше жыл бұрын аялдамадан «Жұмыс! Студенттер, декреттегі әйелдер мен зейнеткерлер үшін таптырмас мүмкіндік! Күніне 2 сағат жұмыс істеп, оңай жолмен байып кететін жұмыс!» деген жарнамаларды кездестіре бастадық. Әлгі жарнаманың ерекшелігі сол – саусағыңызды қимылдатсаңыз болғаны, ақша сауылдап құйыла береді, құйыла береді… Соңғы кездері бұл жарнама әлеуметтік желіге шықты. Әсіресе инстаграмда толып жүр. Екінің бірі тауарын жарнамалап, баюдың даңғыл жолын қос қолдап ұсынып жатады.

Қарапайым жұртты қойшы, қазір ел алдындағы танымал жұлдыздар да осы іспен айналысады. Олар бір-бір компанияның өнімін жарнамалап, қалтасын қампайтып, кейбірі қымбат көлік мініп, шетелге тегін саяхат жасап жүрген көрінеді. Әлеуметтік желінің барлығы «Байығыңыз келе ме? Онда өз бизнесіңізді ашыңыз!» деп басталады. Кімнің байығысы келмесін? Ақша деген соң, кімнің көзі қызбайды?!

Әңгімені нақты оқиғадан бастайық.

2013 жыл болатын. Алматының алтын сары күзі. Жұмыс іздеп жүргенмін. Мамандығым бойынша ыңғайлы жұмыс табылмай, анда-мұнда барамын. Бір күні аялдамадан хабарландыруды көзім шалды. Дереу қоңырау соқтым. Көпшілігінде Абай даңғылындағы бір ғана мекенжай көрсетілген. Бардым. Қыз-келіншектер бір кабинетке жиналып, біреуді күтіп отыр. Қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Бір кезде есіктен күлімсіреген сұп-сұлу келіншек кіріп келе жатыр…
Біздің күткен адамымыз осы әйел болып шықты. Ол өзінің Алматыға қалай келгенін, қала шетіндегі ескі құжырада тұрып, өлместің күнін кешкенін, балаларын жеткізу үшін еден жуып, көше сыпырғанын, қысқасы, қатты қиналғанын көзіне жас алып отырып баяндады. Ар жағы белгілі ғой…
Әрине, ондай кезде тұрмыстың ауыр қамыты мойнын қажап, айлығын шайлығына, тапқанын тамағына жеткізе алмай, пәтер жағалап жүрген жандарға, қызыл сөздің өзі шынымен үміт сыйлағандай еді. Сөйтсек, бізді байытатын компания Тибеттің дәрі-дәрмегін жарнамалайтын компания болып шықты. Неге екенін білмеймін, құр сөзбен қуырдақ қуырғандардың ісіне ішім жылымады. Сондықтан, әлгі жиындарға одан кейін бас сұқпадым. Тауарын өткізуге де аса құлшына кіріспедім. Бұл сөзімді осы салада жүргендер жалқаудың кезекті сылтауы деп қабылдады.
Тағы бір оқиғаны айта кетейін. 5-6 жыл бұрын ауылдасым ұялы маркетингпен айналысатын компанияда жұмыс істейтінін, жағдайының түзеліп, жақында саяхатқа кететінін мақтанышпен айтты.
– Ол қандай компания, немен айналысады? – дедім қызығып. Жерлесім компанияның өкілімен кездестіретінін айтты. Сөйтіп Алматыдағы сауда орталығының бірінде әлгі компания өкілімен кездесу ұйымдастырды. Үстіне қымбат кәстөм киіп, галстук таққан жап-жас жігіт қасымызға жайғасты. Өзін таныстырғаннан кейін, маған бірден 3 сұрақ қойды. Алдымен «Болашақтағы арманыңыз не?» деді. Одан кейін «Өзіңізді 5 жылдан кейін қалай елестетесіз?» деп бетіме кекесінмен қарады. Үшінші сұрағы қарапайым, бірақ қызық естілді. «Қазіргі айлығыңыз қанша?» деді. «Сұрақтарыңыздың бәріне жауап беруім керек пе?» дедім. Ол «Әрине, жауап бересіз. Ал мен сізге одан кейін барлығын түсіндірем» деді ол. Мен арманымды, айлығымды айтып, өзімше тізбектей бастап едім, әлгі тойға баратындай сықайып киініп алған келбетті жігіт сөзімді бөліп, компанияның мүмкіндіктері туралы ұзын-сонар әңгіме бастап кетті.
– Біздің компанияда алтын бұйымдар, суды тазартатын кристалл, компьютерден қорғайтын көз әйнек сатылады. Сіз осы тауардың біреуін сатып алып, әлемнің кез келген еліне саяхатпен бара аласыз» , – деп нешетүрлі мысал келтірді. Барынша қызықтырып жатыр. Оның сөзін бөліп «Ол үшін не істеуім керек?» дедім. Ол алдымен компаниядан 150 мың теңгеге тауарын алатынымды айтты. «Одан кейін, екі танысыңызға осы компания туралы айтып, тағы екі адамның осы өнімді алуына жарнама жасайсыз. Әрі қарай сізден кейінгі екі адам өзінің екі танысына жарнама жасап, өнімді өткізуі керек. Осы адамдардың белгілі бір мөлшердегі пайызы сізге жиналады. Ал сіз шетелге саяхатқа жолдама аласыз!», – деп қызыл сөзбен Еуропаға саяхатқа шығарып салды.
Бұл жерде де сол жүйе: тауар алу, оны сату. Таныстарыңа жарнамалау. – Ойланып көрейін, кейін бір жауабын беремін, – деп әлгілерден әрең құтылдым.
Өткенде әлгі ауылдасыммен бір тойда жолығып қалдым.
– Компанияда әлі жұмыс істеп жатырсың ба, әлемнің қанша еліне саяхат жасадың? – деп баяғыдағы өз сұрағын өзіне қойдым.
– Ол жұмысты қойдым, қазір мамандығыммен жаңа жұмысқа орналастым, қалғанын сұрамашы, – деді ыңғайсызданып.
Мен де оны ары қарай ұялтқым келмеді. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға еді. Кейіннен ақпарат құралдарынан аталған компанияның банкрот болғанын естідім. Ал олардың алтын деп сатқан бұйымдары темір ме, қалайы ма, жалған болып шығыпты. Тіпті ломбардқа да өткізе алмай, көптеген адамдар сан соғып қалған көрінеді.
Желідегі сауданың қазіргі тынысы қалай? Интернеттің дамыған заманы. Енді адамдар бұрынғыдай көзбе-көз емес, виртуалды әлемде араласа бастады. Ал осы дамыған жүйені пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар көп. Осыдан бірнеше ай бұрын инстаграм парақшама бейтаныс әйелден хат келді. Хатта өзінің декретте отырғанына қарамастан, бизнесін дөңгелетіп пайдаға келіп жатқанын айтыпты. Егер мені қызықтырған болса, Уатсап арқылы хабарласып, барлық сұрағыма жауап ала алатынымды жазған. Сонымен не керек, «бұл не қылған батпан құйрық?» деп келіншекке қайтара хат қалдырдым. Сөйтсем, ол бұрыннан естіп жүрген косметика сататын танымал компания болып шықты. Әлбетте, бұл компанияға, оның өкілдеріне тіл тигізуден аулақпыз. Бәлкім, бизнесін ашып, пайдаға кенеліп жатқандар бар шығар. Бірақ ұялы маркетинг арқылы пайдаға кенелу маған бұйырмапты. Өйткені бұл жерде де сол жүйе: компанияның тауарын өткізіп, белгілі дәрежеде балл жинайсың. Онымен қоса, таныстарың да осы компанияға тіркеліп, тауар өткізуі керек. Қысқасы, командалық жұмыс. Егер өзіңнен кейінгі адамдар тіркеліп, олар өз адамдарын тартса, сен де белгілі бір дәрежеге көтерілесің. Содан кейін ай сайын айлық аласың. Сыйақы аласың. Алдымен менеджер сосын директор, алтын директор, тіпті президентіне дейін көтерілесің. Ертегі сияқты әңгіме…
Ал осындай «желі» жағалап жүрген адамдардың кейбіреуі әлі күнге дейін өздері ақшасын төлеп, тапсырыс берген заттарын бірнеше ай өтсе де, ала алмағандарына куә болдық. Оны уайымдап жүрген олар жоқ. Себебі мақсат тауар емес, басқа тіркелген адамдардың есебінен түсетін пайда! Ұялы маркетингте – алдау, арбау, адам санасына түрлі жолдармен әсер ету деген дүниелер бар. Адам психологиясына ықпалы бар түрлі тәсіл мен айла-шарғы әсерінен үйлеріндегі жалғыз сиырын сатып жібергендер, несие алып, қарызға батқандар баршылық. Сондай-ақ маркетингтің бұл түрінде жоғарыға шығып алғандар пайда тауып, төмендегілер ұтылады. Өйткені бұл жүйенің жолы – төмендегі адамдарды ақшасынан қағып, пайда табу.
Әлеуметтік желінің ықпалы соншалық, енді әншілер де түрлі компанияның өнімін жарнамалай бастады. Тіпті өз командасына шақыратын үндеуді естіп, көріп жүрміз. Басқаны білмеймін, өзіме ұялы маркетинг суалған сиырды елестетеді. Қанша саусаң да сүті жоқ. Есесіне, «мөңіреп» жүргендер көп…

Мақпал Ноғайбаева

 

Бүгін, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?