Шымкентте жаз бойы есек ұрлап, байлыққа кенелген қарақшылар масқара болды. Полицейлер сұқ қолдылар қылмыстық топ құрған деген мәлімдеме жасап отыр. Бір қызығы, есек ұрлағандарға жәбірленушілер кешірім берген.
Есек ұрлаған банды тобында 30 және 27 жастағы азаматтар болған. Әккі ұрылар жануарды сойып, олардың терісін өткізіп, ақшасын өз керектеріне жұмсаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі миллион теңгені құрап отыр.
Күдіктілерге Сарыағаш ауданындағы аумақта 20 рет есек ұрлаған деп айып тағылып отыр. Полицияға жергілікті тұрғындар арызданып келіп, 5 есек ұрланғанын көрсеткен. Осы сияқты арыздармен полицияға он шақты жәбірленушілер арызданған. Барымташылар есекті жайылымдардан ұрлап отырыпты.
«Аталған жайт негізінде қылмысты кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша іс қозғалды. Айғақ заттар тәркіленіп алынды.Қазіргі таңда күдіктілер жәбірленушілерге келген шығынды толығымен өтеді. Соттың шешімі бойынша екі тарап келісімге келді», — деп мәлімдеді ОҚО ІІД баспасөз қызметі.