Бір миллион теңгеге «ғажайып қазан» сатып алсаңыз, тамақты майсыз қуырасыз. Бұл – әккі саудагерлердің тауарын өткізу үшін жасап жүрген айласы. Ал сіз сұйық майды үнемдеу үшін бір миллион теңге жұмсауға дайынсыз ба?
Айлакерге алданып қалған отандастарымыз баршылық. Атын, жүзін көрсетпеуді өтінген Талдықорған қаласының тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, енді туыстарына қарайтын беті жоқ. Ол мамыр айында аспаздық шеберлігін шыңдау үшін арнайы шеберлік дәрісіне қатысқан. Бірақ ол жерден ас әзірлеудің қыр-сырын білудің орнына, қарызға белшеден батып шыққан көрінеді.
Ол өзінің қалай алданғанын айтып берді. Бір ай бұрын Евгенияға (аты-жөні өзгертілген) хат келеді. Ішінде екі адамға арналған шақыру билеті бар. Өте әдемі безендірілген. 10 мың теңгелік купон қыстырылған. Сол купонның үстінде қызылмен «төленді» деген мөр тұрады. Сондай-ақ билетте тамақты қалай дұрыс әзірлеу, қалай дұрыс тамақтану керектігі туралы ақпарат та болған. Евгения мұндай шақыртудан бас тартуды жөн көрмепті.
Белгіленген күні аталған шоу Талдықорғандағы ең «күшті» деген мейрамхананың бірінде өтеді. Бас-аяғы 20 шақты адам аспаздардың өнерін көруге жиналыпты. Көбі зейнеткерлер. Бір қызығы, шеберлік дәрісімен басталған жиын кәдімгі қазан жарнамалаумен жалғасты. Аспаздар етті майсыз қуырады. 10 минутта бәліш пісіріп, жиналғандарды таң қалдырған.
Мұндай «ғажайып қазанның» бағасы да арзан емес. Бақандай 980 мың теңге тұрады. Бірақ ауыздыға сөз бермейтін әккі менеджерлер Евгенияның іші-бауырына кіріп, 50 пайыз жеңілдікпен екі қазан сатып алуға көндіріпті. 400 мың теңгеге ыдыс-аяқ сатып алған келіншек үйге келгенде бір-ақ есін жиыпты. Сосын келісімшартта көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, тауарды кері қайтаруға тырысады. Бірақ менеджерлер «басшылар жоқ, он күннен кейін хабарласыңыз» деп тұтқаны тастай салған.
Ғажайып қазан сататын компанияға біз де барып көрдік. Бірақ есікті ашқан азамат «қазан саудасына қатысым жоқ» деп қысқа қайырды. Ол «басқа компанияның қызметкерімін» деп есікті тарс жапты.
Қазан аламын деп қарызға батқан жалғыз Евгения емес екен. Әлгі фирманың кеңсесінде тағы бір келіншекті жолықтырдық. Алматы қаласында тұратын Наталья да несие алып, қымбат ыдыс-аяққа ұрынып қалғанын айтады. Ол «Өте қымбат ыдыс. Мені гипноздап тастағандай болды. 383 000 тенгеге қайдағы ыдыс? Егер де келісімшартты бұзатын болсаңыз, ақшаңызды қайтармаймыз деп қорқытты» дейді. Бірақ тұтынушыларды тақырға отырғызған компания өкілдері бұл іске тілшілердің араласқанын сезіп, сабасына түсе бастапты. Тіпті қос келіншекпен жасасқан келісімшартты бұзып, оларға ақшасын қайтарып берген.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалғандардың бірі – алматылық Наталья әжей. 90 жастағы зейнеткер пластик терезеңізді тым арзанға жөндеп береміз деген жігіттердің сөзіне сеніп, бар ақшасынан айырылған. Әжей де зейнетақысынан жырып жинап жүрген қаржысын танымайтын біреулерге қалай бере салғанын өзі де түсіне алмай отыр. Зейнеткер «Қоңырау соғылды. Дауысы жағымды бір қыз хабарласып, қайырымдылық науқанын өткізіп жатырмыз» деді. Оған тек зейнеткерлер қатыса алады екен. Пластик терезелерді тексеріп, қажет болса, арзанға жасап беруге уәде береді. «Жоқ» деп жауап бергенінше телефон тұтқасын қоя салған. Арада бір сағат өтпестен үйіне екі ер адам келеді. Келген жігіттер терезені қарап «тез арада резеңкесін ауыстыру керек» депті. Бәрін есептей келе, жұмысты 85 мың теңгеге бағалайды. Зейнеткер әрі еңбек ардагері екенін ескеріп, 10 пайыз жеңілдік жасайды. Олардан тезірек құтылу үшін 55 мың теңгесін санап берген. Наталья әжей терезесін жөндеткен фирмаға хабарласыпты. Бірақ ондағылар ешқандай науқанның болмағанын айтқан. Бізге мән-жайды түсіндірген компания өкілдері «Керісінше, бәзбіреулер біздің атымызды жамылып, жұртты алдап жүр» деп жауап береді. Өйткені соңғы кездері қоңырау шалып, шағымданатындар қатары көбейе түскен. Сату бөлімінің менеджері Екатерина Шакированың айтуынша, соңғы кезде шағымданып хабарласатындар көбейген. Басым бөлігі зейнеткерлер. Компания өкілі ешкімге хабарласып, қызмет ұсынбайтындарын айтады.
Тізе берсең, мұндай оқиға көп. Тіпті үй-үйді аралап, су тазалайтын сүзгі мен шаңсорғыш сатып жүргендер де бар. Бағасы тым қымбат. Қолма-қол ақшаң болмаса, несиеге береміз деп қызықтырады. Мамандардың пікірінше, олар көбінесе үй шаруасындағы әйелдер мен зейнеткерлерді жағалайды. Психотерапевт Жібек Жолдасова «Алаяқтардың арбауына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Әсіресе, сенгіш жандар. Зейнет жасындағы кісілер де алданып қалады. Өйткені олардың, қолдары бос, көп нәрсе қызықтырады. Зейнеткерлердің аздап болса да жиған-терген ақшасы бар екенін жақсы біледі», – дейді. Ең қызығы, қалтаңызды қағып кететін күмәнді компаниялардың қызметкерлері ешқашан жауапкершілікке тартылмайды. Өйткені олар тұтынушыларды алдап-арбау арқылы келісімшартқа қол қойғызып алады. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының өкілдері кімнің алаяқ, кімнің таза кәсіппен айналысып жүргенін анықтаудың бірнеше жолы бар дейді. Ол үшін өз тауарын жарнамалап жүргендерден құжат талап ету керек. «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің президенті Артық Сейітқалиева бірінші кезекте кәсіпкерлерден патент, ЖШС болса, әділет департаментінің анықтамасын сұрау керек деген кеңес береді. Ол куәлікте мөр тұру керек. Немесе нотариуста тіркелуі тиіс. Ондай құжаты болмаса, күмәнді қызмет не тауардан бас тартқан абзал.
Түйін
«Науқан жүріп жатыр», «бәрі тегін», «50 пайыз жеңілдік». Ұялы маркетингпен айналысатындар осылай деп арбайды. Өйткені құлаққа жағымды естілетін бұл сөздер арқылы аңғал мен аңқауларды қармаққа тез түсіруге болады. Мұны мамандар «маркетингтік қысым» деп те атайды. Адам психологиясын мықты меңгерген менеджерлер өз өнімдерін өткізу үшін түрлі тәсілдерге барады. Бірақ оған шектеу қоятын бізде заң жоқ. Сондықтан сауда жасаймын деп сан соғып қалмас үшін, үйіңізге кім-көрінгенді кіргізбегеніңіз абзал.
Дана Насырқызы,
журналист