Жауапкершілік күшейеді

28 қазан 2016, 11:24

Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының құрылғаны белгілі. Ол жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсыныстары негізінде жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Мәжілістің қарауына бұл заң жобасы қарашада ұсынылмақшы. Жұмыстың қалай жүріп жатқанын ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжаһан Бимендинадан сұрап білдік.

foto111

Жас қазақ: Әуелі жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қандай мақсатпен құрылғанына тоқталсаңыз?
Гүлжаһан Бимендина: Жұмыс тобы Елбасының жерге қатысты бұған дейінгі тапсырмаларының аясында Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың бұйрығымен құрылды. Ол жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсыныстары бойынша қолданыстағы жер заңнамасын жетілдіру үшін заң жобасы әзірленіп, оны Парламентке енгізеді. Осы мақсатта қазір үлкен жұмыс жүріп жатыр.
Баршаға белгілі, жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жеке және заңды тұлғаға ауыл шаруашылығына арналған жерді жалға беру институтын сақтау туралы шешім қабылданды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына арналған жерді ұтымды пайдалану, оның құнарлылығын сақтау, жерді отандастарымызға жалға беру бойынша конкурсты өткізуде ашықтықты қамтамасыз етіледі. Жалға алушының жауапкершілігін арттыру, бір қолға берілетін алқапқа шектеу қою, ауыл тұрғынын мал жаятын және шөп шабатын жермен қамтамасыз етумен қатар үй салу үшін жер учаскесін қарастыру тәрізді мәселені реттеу бойынша бірқатар ұсыныс пысықталған болатын. Мұның бәрі заң жобасында көрініс табады. Оны әбден салмақтап, жетілдіру жұмысы қазір жүргізілуде. Заң жобасының тұжырымдамасы интернет-порталға жарияланып, көпшіліктің талқысына ұсынылып отыр. Сондай-ақ құқықтық сараптамаға да жолданып үлгерді.
Жас қазақ: Жер дауын шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, оның үш ай бойы жұмыс iстегенi баршаға аян. Осы комиссияның мүшелері жұмыс тобының құрамында бар ма?
Гүлжаһан Бимендина: Жұмыс тобының құрамында 39 адам бар. Олар – мүдделі орталық мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Ғылым академиясының ғалымдары. Жұмыс тобына ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев жетекшілік етеді. Ал қоғам өкілдері тарапынан Мұхтар Тайжан, Дәурен Бабамұратов сияқты бірқатар азаматтар белсенді қатысуда. Жалпы, сол кезде комиссия жұмысына атсалысқан азаматтардың қай-қайсысымен болмасын бүгінде тығыз байланыстамыз.

tabigat
Жас қазақ: Жаз бойы елде жер мәселесі қызу талқыланды. Біраз өзекті мәселенің беті ашылғаны рас. Осы ретте қазір әзірленіп жатқан заң жобасында қандай түйінді түйткілдер қамтылып отыр?
Гүлжаһан Бимендина: Бәрін тізбектеп отырмас үшін, заң жобасының ең басты тұсын ғана атап өтсем. Біріншіден, еліміздің жеке және заңды тұлғалары үшін ауыл шаруашылығы жерін жалға беру институтын сақтау және жетілдіру мәселесі қамтылған. Екіншіден, отандастарымызға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерінің шекті мөлшері белгіленетін болады. Үшіншіден, өңірдің жергілікті ерекшелігіне байланысты мемлекеттік шекарадан қашықтықты айқындай отырып, шекаралас аумақтарда ауыл шаруашылығы жерін берудің талаптары қатаңдатылады. Сондай-ақ елді мекендер маңындағы жайылым мен шабындықтың алаңын айқындау және олардың жеке адамға берілуіне тыйым салу мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысына жер беру бойынша нормалар жетілдірілетіні маңызды.
Жалпы, еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 100,8 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 24,3 миллион гектар – егістік, 2,5 миллион гектар – тыңайған, 2,1 миллион гектар – шабындық, 68,4 миллион гектар жайылым жер. Осы ауыл шаруашылығы жерін тиімді пайдаланудың талаптарын күшейту мақсатында заң жобасында бірқатар норма қарастырылған. Мәселен, тұрақты мониторинг енгізіледі. Яғни жалға алудың алғашқы 5 жылында – жыл сайын, одан кейінгі кезеңде суармалы егістікте әр 3 жыл сайын, қолдан суарылмайтын жерде, әр 5 жыл сайын мониторинг жүргізілетін болады. Қоғамдық кеңестер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тарту арқылы жер пайдалануға қоғамдық бақылау орнату көзделген. Мұнымен қатар, ауыл шаруашылығы жерін жалдау шартын, жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай және күшейте отырып, жерді жалға берудің үлгілік шарты бекітіледі. Егер жалға алушы шарттың маңызды міндеттемелерін орындамаған жағдайда, келісімді біржақты бұзу ұсынылып отыр.
Жас қазақ: Демек, жерге бақылау күшейетінін айтып отырсыз. Бұл, әрине, құптарлық жәйт. Әйтпесе, жерді алуын алып, бірақ оның ары қарай кәдеге аспай жататыны жасырын емес. Жалпы, қазіргі уақытта пайдаланылмай жатқан жерді анықтау және қайтару жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
Гүлжахан Бимендина: Бұрын жерді пайдалану мен қорғауға бақылау жүргізу орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімдерімен атқарылған болатын. Алайда 2014 жылдан бастап мемлекеттік басқарудың аражігін ажырату шарасы қабылданған соң, бұл функция жергілікті органдарға жүктелді. Қазіргі таңда сол өзгеріске сай ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуына әкімдіктердегі жер инспекциясы бақылау жүргізеді. Айталық, әкімдіктердің ағымдағы ақпараттарына сәйкес, биылғы жылдың басынан бері республика бойынша жер инспекциясы 1,1 миллион гектар жерде субъектілердің заңдылықты сақтауы бойынша 3717 тексеру жүргізген. Өкінішке қарай, оның қорытындысы бойынша 2335 заңбұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде 439 заңбұзушылық 0,8 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбау немесе тиімді пайдаланбауға қатысты. Барлық жер иесі мен жер пайдаланушыларға заңда белгіленген тәртіпте тиісті нұсқаулар берілді. 1 жылдың ішінде жер иесі оны пайдалануға кіріспесе, бұл жер мәжбүрлі түрде сот арқылы қайтарылады.
Жас қазақ: Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырыстарында латифундистерге тосқауыл қою мәселесi көп талқыланды. Осы түйткiл қалай шешiледi?
Гүлжаһан Бимендина: Қолданыстағы заңнамада ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің жалға беру мөлшері шектелмеген. Мұндай норманың болмауы үлкен көлемдегі ауыл шаруашылығы жерінің бір адамға тиесілі болуына әкеп соғып, қатерін төндіреді латифундистердің пайда болуына жол ашады. Бірақ латифундистерге тосқауыл қою мақсатында бүгінгі күні әзірленіп жатқан заң жобасында отандастарымызға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерінің шекті мөлшерін белгілеу көзделіп отыр. Мұндай шектеу жайылым мен егістік және шабындық жерге қойылатын болады. Оның нақты тетігін алдағы уақытта Парламентке ұсынылатын заң жобасынан көретін боласыздар. Бұл жұмыс тобы кеңінен талқылап, таразылап жатқан мәселенің бірі.

Сұхбаттасқан
Айымгүл Мұратқызы,
Астана

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?