Жат қылықтан арылып келеді

21 қазан 2016, 12:25

Маскүнемдік, нашақорлық дерті – әлем жұртшылығын алаңдатып отырған маңызды мәселенің бірі. Есірткі заттары мен алкогольді сусындарға тәуелді адамның өзі ғана емес, оның отбасы да зиян тартады. Елімізде отандық медицина саласында наркологтар маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу, емдеу жүйесін жетілдіру және оған тәуелді науқастардың отбасына, сүйікті кәсібіне оралуына мүмкіндік беру үшін үздіксіз медициналық, психологиялық әдістерді жетілдіру үстінде.

shutterstock_82385032

Алматы қалалық наркологиялық медициналық әлеуметтік сауықтыру орталығының мәліметінше, қалада психобелсенді, опиоид және есірткінің өзге түрін тұтынып, мінез-құлқы ауытқуына ұшырап, дәрігерлердің көмегіне жүгінген нашақорлар 19 пайызға, ащы суға құмар тұрғындар саны 18,4 пайызға азайған. Биыл Алматыда есірткі заттарына, спирттік ішімдікпен есепке алынған бала жоқ. Ал профилактикалық есепте тұрған жеткіншектер саны екі есе азайған. Былтыр профилактикалық есепте 352 кәмелеттік жасқа толмаған тұрса, биылғы көрсеткіш – 149. Біршама төмендеген. Шаһарда есірткі заттары мен алкоголизмге қарсы атқарылып жатқан шаралар жайында Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменовадан білген едік.

gulsara
– Алматыда жасөспірімдер арасында нашақорлық пен маскүнемдікке тәуелділіктен айықтыруға қандай шаралар көмектесті?
– Алматыда қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығының ең басты міндеті – есірткі заттары мен ішімдікке тәуелділіктен тұрғындарды айықтыру, кеселдің алдын алу шараларын ұйымдастыру, сонымен бірге үгіт-насихат, семинар-тренингтер өткізу. Сонымен бірге үкімет 2012 жылдың 12 сәуірінде «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» бекітті. Осы құжаттың бастапқы мақсаты – елімізде нашақорлықтың алдын алу, емдеу жүйесін жетілдіру, есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін дамыту. Сондай-ақ қоғамдық іс-қимыл жүйесін дамыту да көзделіп, нашақорлыққа қарсы үгіт-насихаттар күшейтілді.
Орталықтың нарколог дәрігерлері аурудың алдын алу, дертті ерте анықтау мақсатында жасөспірімдер арасында осы 9 айда 209 баяндама оқыды. 32 семинар өткізді. Ата-аналар да үгіт-насихат шараларынан тыс қалған жоқ. Бұған қоса, есірткіге қарсы жүргізілетін жиын, басқосулардың үлгісіне тереңірек тоқталамыз. Себебі тыңдаушыларға айтылған есірткінің зардаптары, оларға әсер етуі, олардың санасында ой қалыптастыруы керек. Көп жағдайларда баяндама барысында бейнебаяндар көрсетіліп, тыңдаушылар соңында екі топқа бөлініп, кәдімгі пікірталас ұйымдастырылады. Есірткіге қарсы және қолдаушылар өзінің таңдауын қорғап шығу керек. Әрине, ол үшін бірі пайдасы туралы, бірі зияны жайында айтыс-тартыста нақты дәлел-айғақтар айту керек. Нәтижесінде есірткінің зиянын айтатын топтың әрдайым жеңіске жететіні белгілі. Әрі есірткі заттарының, ішімдіктің зардабы балалардың есінде қалады. Бұдан өзге спорттық ойындар, флешмоб түрінде шаралар және ашық есік күндерін өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Былтыр есірткі заттарын тұтынғаны үшін 1 бала есепте тұрған болса, биыл Алматыда маскүнемдікке салынып немесе нашақорлықпен бірде-бір бала есепте жоқ.
– Қазіргі таңда мынау белсенді психотропты заттарды пайдаланушылар жайлы жиі айтылады? Енді бұл жаңадан шыққан синтетикалық есірткіні адамның тұтынғанын анықтау мүмкін бе?
– Орталықта токсикологиялық зертхана жұмыс істейді. Мамандар RightSing экспресс тест арқылы адам несебінен есірткілер мен метаболиттерін 5 минутта анықтайды. Есірткінің морфин, марихуана, трамадол, метадон метаболиттері ,бензодиазепин және синтетикалық каннабиноидтерді, соның ішінде синтетикалық каннабиноидтердің 31 түрін тұтынған болса жедел анықтай аламыз. Синтетикалық есірткі заттарын тұтынғаннан кейін емделушіні физикалық, психологиялық жағдайын медицина мамандары жанжақты зерттеп, емдейміз. Қала тұрғындары орталықта ақысыз емделеді. Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығында мәжбүрлі түрде емделушілер бар. 2 айдан 3 жылға дейін нашақорлық пен маскүнемдіктен айығу үшін сот шешімімен бізге емделуге келеді. Олар тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
Қағаз, ағаштан құрастырылған және кәдеге жарамайтын бұйымдардан жасалған туындыларды маскүнем немесе нашақордың еңбегі екеніне сену қиын. Орталық психологтарының айтуынша, бұл арт-терапия, яғни сурет терапиясының жетістіктері.
Психологтар қылқаламмен бейнелеу науқастың жандүниесін мазалаған жүрек түкпіріндегі түйткілдерді қағаз бетінде ақтаруға, оның ой-санасын творчестволық бағытқа бұрып, психологиялық -эмоционалды жағдайын сауықтыруға ықпал ететінін түсіндірді. Расында, кез келген шығармаға мұқият үңіліп, әр туындыдан шөлмек немесе шприц пен болашаққа ұмтылу, бақытты болуға құлшынған автордың ішкі жан дүниесінің арпалысын жазбай көресіз.

Тақырыпқа орай

Гүлмира Әбдібаева,
Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік сауықтыру орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

gulmira

– Маскүнем мен есірткіге тәуелді тұлғаларды физикалық тәуелділіктен арылтып қана қоймай психологиялық сауықтыру арқылы емдеудің қазіргі кезде нәтижесі бар. Бізде арт-терапия – бұл емделушінің салған суреті немесе жасаған бұйымдары мен музыка тыңдаудан алған әсері арқылы оның бүкіл психологиялық жағдайын, көңіл-күйін, сырқаттың себебін білуге, соған сәйкес науқасқа қандай ем-шаралар тағайындаймыз деген бірнеше сауалға мәлімет алуға мүмкіндік береді. Мәселен, еңбек терапиясы науқастарды еңбекке баулып қана қоймай, оларға көпшіліктен оқшауланбай ұжымда бір кісідей тіл табысып, еңбек етуге және бейімделуге көмектеседі. Көп жағдайда біздің орталықтан емделіп шыққан науқастарға жұмысқа орналасу, отбасында туысқандарымен тіл табысу қиынға соғады. Ал еңбек терапиясының осы түйткілді шешуге көмегі зор. Сонымен бірге біздің орталықта емделіп, ішімдіктен бас тартқан бұрынғы емделушілеріміздің «Анонимді алкоголиктер» клубы жұмыс істейді. Олар ішімдік пен есірткі тұтынып, отбасына әкелген зардабын және одан бас тартып, қазіргі өзінің өмірдегі жетістіктерін айтып, құпияларын бөліседі.
Орталық бейнекөрініс, музыкалық терапияны жүзеге асыратын аппараттармен жабдықталған. Бұған қоса, олардың арасында әр бөлімнен топ жинап, спорттық жарыстар өткізіледі. Мамандар өз еркімен емделушілерге әрдайым есігіміз ашық деп, ағынан жарылды. Олар адамды денсаулығынан айыратын, өмірін тозаққа айналдыратын жағымсыз әдеттерден арылту үшін тәуелсіз қоғамдық ұйымдармен де тығыз қарым-қатынас жұмыс істейді. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты серік етіңіз деп әңгімесін түйіндеген орталықтың бас дәрігері Гүлсара Сүлейменованың айтуынша, медициналық емдеу үдерісін жетілдіру мақсатында шетелдік әріптестерді шақырып, арнайы кәсіби шеберлік дәрістерін өткізу біріздендірілген.
Нашақорлық пен ішімдіктің зардабын тартқандарды тәуелділік құрығынан құтқаратын орталыққа биыл – 40 жыл . Қазіргі уақытта нарколог дәрігерлер науқастарға орталықтан шыққаннан кейін отбасында, қоғамда өз орнын табу үшін жұмыспен қамту орталықтарымен де тығыз байланыс орнатқан. Бұрынғы нашақорлық пен маскүнемдіктен құтылған қыз-келіншектер орталықта шаштараз,бет әрлеу кәсібіне меңгереді. Ал ер-азаматтар аула сыпырушы, электр жүйесін жөндеуші , дене уқалаушы секілді жұмыстарға орналасуда.
Алматыда ішімдікке құмарлар мен есірткіге тәуелді тұрғындардың азаюы орталықтағы емдеу әдіс-тәсілдерін жетілдірудің айғағы.

Дайындаған
Жазира Бегалы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген