Жастарға керегі – баспана

22 қазан 2021, 16:31

Еліміздегі ең түйіні шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – қолжетімді баспана. Тұрғын үй алуға арналған түрлі бағдарлама жоқ емес, бар. Бірақ оған да кез келген адамның қолы жете бермейді. Тіпті жалдамалы баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламаның өзі біраз жасқа қолжетімсіз. Өйткені оны алудың машақаты көп.

27 жастағы азамат Ерғанат Ерғайыпұлы Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Шаңырақ» ықшамауданында пәтер жалдап тұрады. «Жастарға сатып алу құқығынсыз пәтер беріледі» деген бағдарлама туралы естігенде қатты қуаныпты. Ол: «Біз осыдан бір жыл бұрын арендалық пәтер алуға құжат жинадық. Ең алдымен, қаладағы тұрақты тіркеуіміз 2 жылдан кем болмауы керек екен. Туысымыздың үйінде тұрақты тіркеуде болғанымызбен, өзіміз басқа ауданда тұрамыз. Отбасы мүшелеріміздің атына тұрғын үй, мүліктің тіркелмеу құжаттарын оңай алдық. Өйткені Алматыда үйіміз жоқ қой. Некедегі әрбір жылымыз бен, балаларымызға бөлек балл қосылды. Тек айлығымды растау кезінде қиындыққа тап болдым. Өйткені менің табысым бағдарламадағы көрсеткішке жетпейді екен. Былтыр бір айлық есептік көрсеткіш 2600-ден (1 АЕК – 2651) асқан. Бағдарлама талабына сәйкес 40 АЕК-тен асуы керек. Ол дегеніміз – айлығымыз 110 мың теңгеден сәл асуы керек. Ақырында табысты растау бөлімінен өте алмай қалдым. Өйткені айлығым 100 мың теңгеге жетпейді. Өтініш берген үміткерлердің көбісі табысын растау кезінде қиналды. Оның үстіне былтыр пандемия басталып кетіп, құжат өткізу мерзімі де белгісіз уақытқа шегеріле берді. Бағдарлама биыл да жүзеге асырылады екен. Бірақ тағы да өтініш беруге жүрексініп отырмын. Өйткені 1АЕК жыл сайын көтеріледі. Биыл оның көрсеткіші 2917 теңге, яғни 40АЕК – 116 680 теңге. Сәйкесінше, жалақы мөлшері де осы сомадан асуы керек. Егер табысын растау көрсеткішін азайтса, мен сияқты біраз жас уақытша болса да баспанамен қамтылып, болашақтағы пәтеріне қаржы жинау мүмкіндігіне ие болар еді», – дейді.

Ерғанаттың баспана тауқыметі тек оны ғана емес, көптеген жас отбасыларды толғандырады.
Жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер беру мәселесін жақында Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Біз халық қалаулысына хабарласып, осы мәселені шешу жолын сұрадық.

Өңірлерді аралап, жастармен кездескенде, әрбір жасты мазалайтын басты мәселе тұрғын үй екенін білдік. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер беру бағдарламасын ерекше атап өткім келеді. Өйткені бұл бағдарламаға өтініш берушілердің саны жыл сайын артуда. Бірақ бағдарламаға барлық жастың қатыса алмайтынын білдік. Өйткені «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығына сәйкес, өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын, соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама көрсетуді талап етеді. Егер бағдарламаның басында бұл сомма 101000 теңге болса, 2021 жылдан бастап бұл 116600 теңге болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне де жүгіндік. Елімізде 20-29 жастағы азаматтарымыздың саны 2 537 252-ге жетті. Оның ішінде қалада тұратын жастардың үлесі – 1 510 892. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Табысын бағалау бойынша салыстыратын болсақ, 2021 жылдың 1 тоқсанында Шымкентте – 76 982 теңге, Алматыда – 166 554 теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 179 722 теңге болып отыр. Бағдарлама еліміздің осы ірі үш қаласында жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, жалдамалы пәтер алу конкурсына қатысу үшін тұрғын үйге мұқтаж жас мамандар үшін жалақы мөлшері тым жоғары. Жалға берілетін тұрғын үйді конкурс бойынша алу қиын. Жұмысшы жастар пәтер алу үшін айлық көрсеткішті (40-тан 25 АЕК-ке дейін) төмендету керек. Жас мамандардың табысына қойылатын талаптың жоғары болуы орынсыз. Сондықтан табыс мөлшері туралы талапты қайта қарау керек.

Дайындаған
Мақпал Ноғайбаева

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?