Жастарды «ғасыр дертінен» қорғау – маңызды міндет

15 тамыз 2023, 15:35

Нашақорлық – қоғамдағы ең ауыр індет. Есірткінің адам өмірін жалмап, тағдырын тас-талқан ететін қасірет екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, барынша ұғындырып, оған қарсы күрес жүргізу – барлығымыздың міндетіміз. Бүгінде бұл індетпен күресу еліміздің әр өңірінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе, түсіндіру жұмыстарының жастар арасында жүргізілуі өте маңызды. Осы орайда Түркістан облысында нашақорлықтың алдын алу мен оның кесірін түсіндіру бағыттары жастар арасында кеңінен насихатталуда.

Түркістан облысы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өңірде есірткіге қарсы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Жыл басынан бері жастарға арналған түрлі іс-шаралар өтті. Осы шаралардың ішіндегі ең ірісі — Түркістан қаласында өткен «Есірткісіз болашақ» айлығы. Облыс бойынша бір ай бойы жастар арасында нашақорлыққа қарсы күрес пен есірткі бизнесінің алдын алу шаралары қарқынды жүргізілді. Бұл ауқымды шараға облыстық Полиция департаменті, облыстық қоғамдық даму басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, адами әлеуетті дамыту басқармасы, денешынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мен «Жастар ресурстық орталығы» мамандары мен облысымыздың белсенді жастары қатысты.
Кезекті шара биыл бір айға жалғасты. Осы аралықта әр түрлі деңгейде кездесулер мен семинарлар, дөңгелек үстел, түрлі форматта іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырылды. Есірткісіз қоғам құру – еліміздің әрбір азаматының алдындағы міндеті. Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитет және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығы бөлек. Нашақорлық бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіретін індет. Мемлекет басшысы жастарды жан-жақты қолдап, сенім артып отырғанда, жастар бұл дерттің өршуіне жол бермеуі керек. Түркістан қаласы «Жастар ресурстық орталығы» мамандары да жастар арасында таралатын індеттің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізеді. Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы Ақбота Нарымбетова жастармен кездесіп, өз ойын ортаға салды.
«Қаншама тағдырды талқандап, қаншама жасты қыршыннан қиған нашақорлық қоғамның дертіне айналды. Есірткі сатып, пайда көрушілер оны таратудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Ең сорақысы, бұл дерт мектеп оқушыларына да жетті. Оқушылар арасында «однаразка» деп аталатын зат қолжетімді бола бастады. Екі-үш оқушы бірігіп ала беретін «однаразканы» тартқан бала үнемі соны қажет етіп тұрады. Ал бұл — барлық қылмыстың бастауы. Себебі оған еліткен адам ең әуелі адами құндылықты ұмытып, қажетті есірткі дозасын алу үшін ұрлық, кісі өлтіру сияқты кез келген ауыр қылмысқа барады. Есірткіге тәуелділік бір рет дәмін татып көргеннен-ақ қалыптасады. Ал емдеу өте қымбатқа түседі және көбіне нәтижесіз болады. Зерттеу көрсеткендей, нашақорлықтан емделгендер аз уақыттан кейін қайта қолдана бастайды. Емделушілердің тек 3 пайызы ғана тәуелділіктен толық арылады, ал қалған жағдайда бұл дерттің соңы тек өліммен аяқталды. Сондықтан «бір рет байқап көрейін» дегеннен аулақ болған жөн. Қазір бізде нашақорлықпен күрес қарқынды жүруде. Дегенмен әр адам өз басының, отбасының амандығы үшін оның зардабын біліп, әрдайым салауатты өмір салтын ұстанғаны абзал», — деді.

Түркістан қаласындағы «Жастар ресурстық орталығы» мен әр ауданымыздағы осындай орталықтардың психолог мамандары да, жастармен кездесу семинарларын өткізіп, ғасыр дертінің алдын алу шараларына белсенді қатысуда. Жоғарыда атап өткен «Есірткісіз болашақ» акциясы аясында
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ақымбетов есірткісіз қоғам құру – еліміздің әрбір азаматының алдындағы зор міндет екенін атап өтті. Ол: «Нашақорлық індеті тек бізде ғана емес, бүкіл әлемге таралып отырған ең қасіретті індеттердің бірі. Дегенмен оның біздің елімізде оған тосқауыл қою әрбір азаматтың қолында тұрған тірлік деп білемін. Себебі әрбір жас азаматтың жан-дүниесінде өзінің ішкі сүзгісі болуы керек және ол нашақорлықтың қандай қасіретке әкелетінін білуі тиіс. Тек өзі ғана емес, жақындарына, қасындағы жолдасына, сыныптасына, көршісіне ондай індеттің арты неге апаратынын түсіндіре білуі керек. Айта білу керек деп ойлаймын», — деді.
Облысымызда «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен күні бүгінге дейін әр түрлі маңызды іс-шаралар өтті. Түркістан қаласының Жастар алаңында облыс
өнерпаздары жат қылықтардан аулақ болуға шақырып, арнайы концерттер ұйымдастырды. Сондай-ақ Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы мен кинолог мамандары өздерінің жауынгерлік дайындықтарын, кәсіби шеберліктерін көрсетіп, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Есірткімен күресте Түркістан облыстық Полиция департаменті де белсене атсалысады. Полиция мамандары жастармен кездесіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарына да белсене атсалысады. Сонымен қатар колледж, мектеп оқушылары мен облысымыздағы жастармен семинарлар, тақырыптық кездесулер өткісіп, індеттің алдын алу бойынша баяндамалар жасайды.

Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасарыҚұрманбек Сахов: «Әлемнің дертіне айналған есірткіге тәуелділіктің алдын алу, нашақорлықпен күресу барлығымыздың міндетіміз деп санаймын. Еліміз егемендік алғалы бері сан алуан оқиғалар орын алуда. Соның ішінде жаңа заманауи синтетикалық есірткі түрлері пайда болды. Жастарымыз соған елтіп, талай келеңсіз жағдайлар орын алуда. Өскелең ұрпақтың болашағына балта шабылуда. Түркістан облыстық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іс-шаралардың арқасында биылғы жарты жылдық көрсеткіш бойынша 257 дерек есірткіге қарсы қылмыстар анықталып, ашылып отыр. Бұл осыны індетті түбімен тамырымен жою мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар деп білеміз. Облысымыз бойынша есірткінің алдын алу мақсатында жүргізілген іс-шараның барлығына мамандарымыз қатысып, тәжірибесімен бөлісіп, өз үлестерін қосып жатыр», — деді.

Сонымен қатар облыс әкімдігінің қолдауымен, Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастырумен, және басқа да ведомстволар мен Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткізілетін шара барысында балалар мен жастар арасында флешмоб және спорт түрлерінен, сурет салудан жарыстар өткізіледі. Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған балалар мен жастарға түрлі бағалы сыйлықтар табысталды. Жуырда Түркістан облысы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Төлеби ауданындағы «Қуаныш» жазғы сауықтыру лагерінде «Есірткіге жол жоқ» акциясы өтті. Бұл акцияның негізгі мақсаты: өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық сезімді қалыптастыру. Акция аясында жасөспірімдер арасында нашақорлыққа қарсы сурет салудан байқау өтті. Іс-шараның жалғасы командалар арасында патриоттық әндер жарысымен жалғасты.
12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай, «АMANAТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «ТОЛАҒАЙ» спорттық эстафеталық ойыны өтті. Ойынға 7 аудан, қаладан жиналған жастар қатысты. Іс-шара барысында «Есірткіге жол жоқ» акциясы бойынша жастарға салауатты өмір салтын ұстану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түрлі бағыттағы спорттық ойындардың қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталып, белсенділік танытқан командалар марапатталды. Өңірдегі жастармен есіртікінің алдын алу бойынша іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Еркебұлан Мадиярұлы,
Түркістан облысы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады