
Шымкент қаласында инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, ерекше жандар мен жастарды қоғам өміріне белсенді тартуда.
Шырайлы шаһардағы инклюзивті орта қалыптастыру бағындағы жұмыстары жайлы Jas Qazaq тілшісіне Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысы Нұркен Әлімқұлов айтып берді.
-Нұркен мырза, Шымкент қаласында «Қоғамдық келісім» КММ инклюзивті қоғам құру бағытында қандай жобаларды жүзеге асырып келеді?
-Қазақстан халқы Ассамблеясы XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру мақсатында әзірленген 13 жоба аясында мақсатты жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда:
«Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Салауатты сана», Адал азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын», «Тамырлас», «Қазақстан Халқы Ассамблеясының академиясы» жобалары бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу бағытында тиісті, мүдделі мекемелермен, этномәдени бірлестіктермен, оқу орындарымен, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелерімен бірлесіп, жұмыстарды атқарып келеді.
«Достық үйі» тек қалалық ҚХА-ның қызметіне ғана емес қоғамның түрлі өкілдері үшін жұмыс уақытында есігі айқара ашық. Бізбен бірлесіп, елдің бірлігін көздейтін қоғамық-көпшілік, мәдени, мазмұнды іс-шара өткіземіз десе, ұғынықты ұсыныстары мен ұтымды идеялары болса, бірлесе іске асыруға әрдайым дайынбыз. Біз өз кезегінде қала аумағындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың басын бір арнаға тоғыстырған түрлі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жобаларды, мерекелік іс-шараларды іске асыруға, ұйымдастыруға өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз.
— Этномәдени бірлестіктер мен ҮЕҰ-дардың ерекше жандарды қолдауға, масылдық көзқарасына қарсы насихат жүргізуге қосқан үлесі қандай?
-Қалалық этномәдени бірлестіктер ерекше қажеттіліктері бар, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жандарға үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «30 қайырымды іс» акциясы аясында этномәдени бірлестіктердің бастамасымен:
— «ЖИТС-тен балаларды қорғау» (жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы) қорының ғимараты жөнделді;
— 500 жуық аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, оның ішінде инклюзивті балаларға қызықты ойындар ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, бірнеше мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің аналарына қаржылай сертификаттар табысталды;
— әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 50 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды;
— «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу» орталығының қырыққа жуық тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық іс-шара ұйымдастырды;
— 30 балаға сүндет той жасап, бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар (30 велосипед) табыстады;
— Құрбан айт мерекесінде мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 600 отбасыға ет таратты.
— «Мектепке жол» акциясы аясында ерекше қажеттіліктері бар, аз қамтылған әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылардан шыққан 500 астам оқушыға мектепке қажетті құрал жабдықтар табыстады.
Адал еңбек ету, масылдық көзқарастан арылу жөнінде жыл басынан бері этнос өкілдері жинақы қоныстанған шағынаудандар мен тұрғын алаптарда және оқу орындарында өткен 65 кездесуде тұрғындар мен жастарға айрықша айтылып, түсіндірілді. Бұл бағыттағы жүздесулерге 8 мыңнан астам адам қамтылды.
— Қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мәдени, әлеуметтік іс-шараларға тарту үшін қандай нақты бастамалар бар?
-«Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмыс жоспарына сәйкес өнерлі этнос жастары арасында түрлі байқаулар мен жобалар және кездесулер мен пікір алмасулар тұрақты өткізіледі. Ал өнерлі жастар үшін биыл алғаш рет «Достық әуендері» байқауы ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралардың талаптарына сай келсе, кез келген азаматтың қатысуына мүмкіндігі бар. Мәселен, биылғы «Достық әуендері» байқауына белсенеқатысып, «Көрермен көзайымы» жүлдесін мүмкіндігі шектеулі азамат, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Султан Маниапов иеленді. Қазылар алқасы шын талантты мойындап, қолдау көрсетті.
— Жастар арасында еңбекке құлшынысты арттыру және масылдық психологиясын төмендету мақсатында қандай бірлескен шаралар атқарылуда?
-«Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің ұйымдастыруымен жыл басынан бері 30-ға жуық іс-шараұйымдастырылды.
Атап айтқанда: «Достық үйінде» Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбекпен «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері кездесіп, жастарды қазақстандық патриотизмге баулу, отаншылдық құндылықтарын дәріптеу және жас буын арасындағы масылдықпсихологиясынан арылуға қатысты талқылау өткізді.
Ай сайын «Достық үйінде» «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері басқосып, қоғамдағы өзекті мәселер бойынша пікіралмасулар ұйымдастырады. Өз ойларын мемлекеттік тілде жеткізетін жастар бос уақытты тиімді пайдалану, адал еңбек ету, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды мазмұнды талқылауларды тұрақты өткізуде.
24-25 тамыз күндері қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесі «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы мен облыстардағы, қалалардағы филиал жетекшілері мен белсенділерінің басын қосып, «Біз біргеміз» лагерін өткізді. Мұндағы мақсат – әлеуметтік кеселдерден арылуға жастарды жұмылдыру болды. Жастарды еңбекке баулу – масылдықтың алдын алу кепілі. Бұл жиында да адал еңбек дәріптеліп, масылдық психологияның зияндылығы тиянақты түсіндірілді.
— Алдағы уақытта «Қоғамдық келісім» КММ инклюзия, еңбек және азаматтық жауапкершілік саласында қандай бастамаларды қолға алуды жоспарлап отыр?
-«Қоғамдық келісім» мекемесінің негізгі функциясы – мемлекеттік этносаясат аясында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін қамтамасыз ету және қаладағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, этносаралық татулық пен түсіністікті өз тұғырынан түсірмеу бағытында жүйелі жұмыс істеу.
Біз өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың басын бір арнаға тоғыстырған бірлестіктер мен қорлардың нақтылы жобалары болса, бірлесе іске асыруға, қоғамдық-көпшілік іс-шарасын бірлесе ұйымдастыруға дайынбыз. Ал қалалық ҚХА жанындағы қайырымдылық бағытындағы жобаларды іске асыратын «Жомарт жан» орталығы ерекше қажеттіліктер бар балаларға қолдау көрсетуді мақсатты әрі жүйелі жалғастыратын болады.
— Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық